Таңдау технологиясы (Эссе)

Бетон ішіндегі бөтен

КазХТИ-ға бір түсті.
КазГУ-ге де бір түсті.
Бір жыл оқып, зерттеді,
Кәдуілгі кірпішті…
(Журналистік фольклордан)

Екеуміздің туып-өскен жеріміздің арасы онша алыс емес еді. Бірақ соған қарамастан бізді студент кезімізде айдаладағы Мұратбек Тоқтағазин таныс­тырды. Сол жылдарда бұл Тоқтағазинге күн сайын ағылып қонақ келетін де жататын. Бір күні ол 5-ші жатақханадағы бөлмесіне шашы қалың, қасы одан да қалың, көзілдірікті бір жігітті ертіп келді. Сол заманда әбден көзіміз үйренген Брежневтің қасынан кейін қалың қас көріп тұрғанымыз осы. Бұл тегін қас болмады. Шымкенттегі әйгілі Қазақ химия-технология институтының студенті екен. Өзі құрылысшының, жоқ, құрылыс материалдарын әзірлейтін технологтың оқуын оқып жатқан көрінеді. Яғни болашақ бетонтанушы немесе келешек кірпіштанушы. Біздің Тоқтағазиннің де таппайтыны жоқ, әйтеуір. Мынау да тынымсыз Тоқтағазин сияқты тыпыршыған біреу шығар.
Жоқ, бұл бала ондайға ұқсамайды. Көзі тым ойлы екен. Сол кітап суырып таста­ған ойлы көзді дәрігерге көрсетіп алуға келгенін кейінірек білдік. Жаңа таны­сымыз салғаннан әдебиет туралы салмақты да салиқалы пікірлер айтты. Өзі өлең жазатын көрінеді. Өлең өретін бала­ның кірпіш өретіндердің арасында неғып жүргеніне онша түсініңкіремей отырмыз. Соны өзі де түсінбейді-ау деймін. Ал, не десең, о де, мынау тегін бала емес. Жур­фак­тың жырынды студенттерінің ортасына келдім ғой деп қымсынатын түрі жоқ. Ешкімнен ықпайды, кез келгенімізді сөзден сүрін­діреді. Бірақ аздап, аздап емес, едәуір қияли сияқты. Сәлден кейін болашақ ЖБИ-дің маманының сөзіне шетімізден жіби бастадық.
Шымкенттің ширақ жігітіне шынымен таңғалдық. Бірақ шымкенттікі бола тұра, сөздің «шырайын» шығаратын «шешеңге…» шешендігі жоқ екен. Омыраулап ортаға ұмтылмайды, ойланып отырып орнықты ой айтады. Ол тіпті шуақты Шымқаланың тумасы да болмай шықты. Сыр бойының бота тірсек бозбаласы көрінеді. Керек десеңіз, жатақханаға біздің Тоқтағазинді емес, жерлесі Әміржан Қосановты іздеп келіпті. Екеуі бір мектепте оқыпты. Бұл журфакты аузына қаратқан әбжіл Әміржанның қолды-аяққа тұрмайтын кезі. Бір жаққа шығып кетсе керек. 5-ші жатақхананың вахтасында, Тетя Настяның жанында соны сарылып күтіп отырғанда Мұратбек кездесіп қалып, жөн сұрасқан. Сөйтсе бұлардың екеуі де әйгілі «Қазақстан пионерінің» тілшілері екен. Ол кездегі «Қазақстан пионерінің» тілшілері осы күнгі жас артис­тер сияқты аса танымал. Қайда барса да еркін жүреді. Өздері бірін-бірі жақсы біледі. Бұл екеуі де сол тар жерде тарихи тұлғалар секілді табыса кеткен.
Ол мұнда жай келмепті. Есіл-дерті – КазГУ-ге ауысу екен. Онда да жалаулатқан журфакқа емес, бағдарламасы байсалды, ғылымы ғибратты филфакқа барғысы келеді. Е, ана бетоны құрғырдың бет-әлпеті ұнамай, сабағын үлгере алмай жүрген қуаяқ болды ғой деп ойлап үлгергеніміз рас. Мүлде олай емес екен. Сабақты өте жақсы оқиды. Қиыннан қиыстырған күрделі сабақтардың емтихандарын түгел «беске» тапсырыпты. Өзі сол оқу орнына танылып қалған әжептәуір белсенді көрінеді. Ендеше, жылы орнын суытып, не жын қуып жүр десейші?! Журфак пен филфакқа техникалық мамандыққа аса қыры жоқ, тілі мен жағына сүйенгендер ғана келуші еді. Ал техниканы тіліп, жұрт білмегенді біліп тұрған мына әулиеге не жорық?
Кейіпкеріміз о баста химия-технология институтына ата-анасының қалауымен түсіпті. Мұның филолог болам деген ұйғарымын ол кісілер онша құп көре қоймайды. Сол жылы институт құрылыс бұйымдары мен конструкциялар өндірісі мамандығын таңдаған талапкерлерді экспериментті түрде қабылдайды. Мектепті алтын медальмен бітіргендер тек қана әңгімелесуден өтіп, емтихансыз алынады. Сабақ бірыңғай орыс тілінде жүреді. О бастан орысшаға жүйрік бұл мүлде қиналған жоқ. Орысшаға бейім болатын реті бар еді. Қазалыдағы білімі іргелі, көші ілгері теміржолдың мектебінде оқыды. Оның іргесіне орыс мектебі тиіп тұр. Сонда оқитын балалармен араласып-құраласып тұрды. Оның үстіне жасынан кітап кемірді.
Сөйтіп, оқуға түскен кілең медалист сабаққа құлшына кірісті. Медальсіз түскендердің өздері де бұлардан қалыса қоймады. Орыс тілі сабағында топ екіге бөлінді. Орыс мектебін бітіргендер басқа тілді оқитын болды. Ал қазақ мектебін бітіргендердің шамасын байқау үшін оқытушы бұларды сөйлетіп көрді. Содан бұл армансыз сайрады. Сұрақтың бәріне мінсіз жауап берді. Оны айтасың, ­орайын келтіріп, Блоктың, Евтушенконың, Воз­не­сенскийдің өлеңдерін жатқа оқыды. Оқы­тушының көзі шарасынан шықты. «Сабақтан боссың, тек сынақ тапсыруға келе ғой» деді.
«Құрылыс материалдары» пәнінен сабақ беретін Комарова деген апайы сол замандағы «физик лирик болуы керек» деген қағиданы берік ұстанатын еді. Сабақтың соңынан руханият туралы пікір алмасу үшін он минут уақыт қалдырады. Дәрістің әдепкі бөлігінде құрылыс материалының суыққа төзімділігі, басқа да сыртқы факторларға шыдамдылығы жөнінде мәлімет алып, қолындағы кірпіштен жиіркеніп отырған бұл соңғы он минутта оттай жанады. Сөйлейді, өлең оқиды, пікір таластырады. Қабілет-қарымын көрген «КПСС тарихы», «Сызба геометрия» пәндерінің оқытушылары да бұған өзгеше қарайтын болды. Сабағын үздік игеретін әрі әдебиетке бейім студентті кім жатсынатын еді?!
Бұл үнемі көштің алдында жүрді. Ара-тұра жазу-сызуға бейім екені есіне түсіп, институттың «За инженерные кадры» атты көптиражды газетіне мақала жазып қояды. «Біздің оқу тобымыз сынаққа социалистік жарысқа барғандай барады» деген сыңайдағы жігерлі мақала. Жазу оған таңсық емес. Мектепте оқып жүргенде аудандық «Ленин туы» және республикалық «Қазақстан пионері» газетіне талай мақаласы шыққан. «Балдырғанға» жаңылтпаш жолдап қоятын. Тіпті ет қызуымен «Мәдениет және тұрмыс» журналына кроссворд жіберіп, жазушы Марат Мәжитовтен «Іздене түс!» деген хат алған. Бірде сол Әміржанның газетте жарияланған галстук тақпайтын берекесіздерді сынап-мінеген мақаласына үн қосты. Ондайларға өзінің де көзқарасын сездіріп, «Түсіне алмадым» деген пікір жазды. Соны неге жазғанын әлі күнге дейін түсіне алмай жүр. Бірақ сонда да журналист болғысы жоқ. Кілең кірпіштің арасынан шыға қашып, филологияға кеткенді жаны қалайды.
Бүгінгі белгілі әдебиеттанушы ғалым, танымал журналист, филология ғылым­ының докторы, профессор Амантай Шәріптің студент кездегі әлеуметтік портреті осындай еді…

Бағланованың
батасы

«Техта» оқыған текті ғой,
Мұратына жетті ғой.
Құрылысты журфакқа,
Айырбастап кетті ғой…
(Журналистік фольклордан)

Ол сөйтіп журфактың тыныс-тіршілігін байқап көрді де, өзінің күн сәулелі, көк майсалы Шымкентіне қайтып кетті. Бірақ онда көп тұрақтаған жоқ. Өз еркімен оқуынан шығып, ала жаздай терлеп-тепшіп емтихан тапсырып, КазГУ-ге түсті.
Шырайлы Шымкент оны оңайлықпен жібере қоймапты. Қалай жіберсін?! Кілең күрделі пәннен бірде-бір «төрттік» алмаған үздік студент. Кеше ғана институттың қырық жылдығына арналған салтанатты кеште «Құрыш қалай шынықтыны» жұртқа үлгі етіп, жалынды өлең оқыған жас шайыр. Оқу ордасының үкілеген үміті. Болашақ талантты технолог. Сондай сайыпқыран студент әйгілі «техты» тәрк етіп, өзге оқу орнына кетіп барады. Құрылыс-технология факультетінің деканы Николай Сузев те, проректор Василий Кирилин де «сені оқудан шығаруға ешқандай негіз жоқ» деп біразға дейін жібермеді. Әсіресе, әуесқой сазгер Кирилин мұны райынан қайтаруға ты­рысты. «Мен де осы оқу орнының қабыр­ға­сында ән жазып жүрмін ғой, сен де сөйтсеңші». «Жоқ, мен тәуір нәрсе жазғым келеді!».
Бұл алған бетінен қайтпады. Сол жылы Фариза Оңғарсынова басқаратын «Пионер» журналының тұтас бір бетін алып өлеңдері шыққан. Соны көрсетеді оларға. «Алатаудың бөктерінде, Көктөбенің етегінде отырып өлең жазбасам болмайды» деп тепсінеді.
Алматыға барып келіп, оқуды тастаймын дегенін ата-анасы жақтыра қоймады. Оларға айтар уәжі дайын: «Болды, айтқан оқуларыңа түстім. Сабақты өте жақсы оқыдым. Енді өз оқуыма барам!». Әке-шеше, жақын-жуық жұрттан ұят болатынын, бастаған істі аяқтау керек екенін айтып, барынша үгіттеп бақты. Бірақ ол ерін бауырына алып тулай берді. Сөйтіп жүргенде мұның жан дүниесін түсінетін бір адам табылды-ау, әйтеуір! Және қандай адам десеңізші!
Сол жылы Қазалыға әйгілі әнші Роза Бағланова келіп, жерлестерінің алдында өнер көрсетті. Осы өңірдің тумасы әрі бұларға ептеген туыстығы бар Роза апай бөгелместен Шәріповтердің шаңырағына тартты. Каникул кезінде үй-ішімен мәмілеге келе алмай, әбден қыстығып жүрген студент мәртебелі мейманның қасынан шықпады. Алты алашқа танымал апасымен армансыз әңгімелесті. Өлеңдерін оқиды. Сырын ақтарды. Айтпайын десе, ішіне сыймайды. Жазғаны жарық көрген газет-журналдарды көрсетті… Ақкөңіл апасы қасы қалың қара баланы ертелі-кеш тыңдаудан жалықпады. Ақыры ол кісіге өзі қаламаған оқуды тастап, басқа оқуға кетпек ниетін аңғартты.
Сол сәтте атақты әнші бұған мейірлене қарап отырды да, «Қайтесің, оқығың келмесе, тастай сал!»  деді ғой… Бұл оған үлкен рух берді. Өзі қашайын деп тұрған қоянға баршаға белгілі Бағланованың өзі жел берген соң не тұрыс?! Баланың айтқанынан қайтпайтынын білген әкесі де ақыры бітімге келді. «Барсаң бар, бірақ филфакқа емес, журфакқа тарт. Жазам деген адамға сол дұрыс болар».
Есеп-қисапты шемішкідей шағатын Амантайға журфак дегенің бұйым боп па, сабақты ойнап жүріп оқыды. Өлеңдері мен мақалалары жиі жариялана бастады. Жазған дүниелері түрлі жинақтарға енді. Сөз өнеріне сыпайылықпен келді. Әдебиеттің табалдырығын әдеппен аттады. Танымы мол, түйсігі терең, талғамы жоғары екенін бірден байқатты.
«Жас алашта» қызмет істеп жүргенімізде редакциямызға КазГУ-дің студенттері тәжірибеден өтуге жиі келетін. Күні кеше ғана солардың ортасынан шыққан соң ба, әйтеуір бізді көбірек жағалайтын. Шетінен қасқыр еді менің практиканттарым! Срайыл Смайыл, Әміржан Қосанов, Махат Садық, Амантай Шәріп, Қадыржан Забих, Нұрлан Нұрғазин… Аспандап ұшқан алты қаз сияқты алтауы да биік белестерді бетке алды. Соның ішінде, әрине, Амантайдың жөні бөлек.
Оқу бітірген жылы профессор Тау­ман Амандосов оны өз кафедрасына қызметке алып қалды. Журфакты қызыл дипломмен тәмамдаған, екі тілде сабақ беретін жас оқытушы бірден елдің назарын аударды. Түбіт мұрт бозбала кезінен ұстаз атанды. КазГУ-дің тарихындағы рекордтардың бірі де Амантайға бұйырды. Ол 29 жасында университеттің кафедра меңгерушілігіне тағайындалды. Жастай әкім болу, министр болу таңсық емес. Ал басшылар білім мен ғылымның қарашаңырағы – кафедраны бесіктен белі шықпаған балаға сеніп тапсыра бермейді. Сол кездегі ректор, зиялылардың зиялысы Көпжасар Нәрібаев журфактағы ұлағатты ұстаздардың ұсынысын қолдап, жас жігітке зор сенім артты. Әуелі журналистика тарихы, кейіннен халықаралық журналистика кафедрасының тізгінін ұстатты. Осы тұста оның қарамағында қызмет істедім. Ол менің өмірімдегі аса жайлы ақкөңіл бастықтардың бірі болды.
Осыдан жиырма жыл бұрын Америка Құрама Штаттарындағы Оклахома мемлекеттік университетіне тәжірибеден өтуге бірге бардық. Сол жолы үндістердің «Пау-вау» деген мерекесіне қатыстық. Сонда көңілденіп алған үндістердің бірі мұны өз қандасы екен деп ойлап қалып, түсініксіз тілде біраз әңгіме айтты. Соған қарамастан екеуі кәдімгідей ұғысты. Әйтеуір, анау риза болып кетті. Амантай жазғы семинар кезіндегі пікірталасқа да қызу араласты. Америкалықтар жас жігіттің біліктілігіне тәнті болды. Ағылшын тілін сол кездің өзінде тәуір білетін. Қазір аузы-аузына жұқпайды.
Шынында, ол кез келген мәселенің мәнісін тез ұғады, айтар ойын жылдам жұптайды. Оның ғылыми логикасына тек қана қызығу керек. Өмірде де, ғылымда да қиыннан қиыстырып, батыл болжам жасайды. Осы уақытқа дейін онысының қалт кеткенін көргенім жоқ. Тіпті көпіріп сөйлеп отырып, айдалаға лаққан пікірінің өзі ғылыми болып шығады.
Сөйтіп, бір кезде Бағланованың батасын алған бала бүгінде ғибратты ғалымға, ұлағатты ұстазға, жүйрік журналиске айналды.

Үй, көлік және шаңсорғыш…

БАҚ-қа туы тігілген,
Ғылымда орны білінген.
Абай атам сияқты,
«Екі жаққа үңілген…»
 (Журналистік фольклордан)

Журфактың бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген оқыту­шыларының студенттер алдындағы беделі биік болады. Оқытушылар өндірістен журфакқа, журфактан өндіріске үздіксіз ауысып жатады. Амантай да бір күні дип­ломында жазылған мамандығының ауылына қарай ат басын бұрды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қызылорда облыстық филиалын басқарды. Аймақтық тележурналистикаға біраз жаңалық әкелді. Талантты әрі тегеурінді жастарға өріс ашты. Одан соң корпорация басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Қазақ телеөнімдерінің ұлттық бояуын қалыңдатып, рухын арттырған Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай сынды талғамы биік, толғамы терең ағаларымен бірлесе жұмыс істеп, шығармашылық шеберлігін шыңдады. Кейінірек «Астана ақшамы» газетіне басшылыққа келді. Басылымның әлеуетін арттырды, журналистерді жинақылыққа баулыды. Бас редактор едім деп шіреніп отырмай, газетті бастан-аяқ өзі оқыды. Қате көрсе, ит қосып қуалайды. Бір әріп қисайып тұрса, бір тыныс белгі қойылмай кетсе, ішкені ас болмайды. Біз айтамыз: «Қайтесің, сол қатесі құрғырды қуалап? Қате деген газеттің көркі емес пе?!». Жоқ, ол көнбейді. Өзі басқаратын басылымның әр саны сауатты болып шыққанын қалайды. Бұл тұрғыдан алғанда біздің Амантайдың категориясы – нағыз «қатегория»!
Айтпақшы, оның БАҚ-тағы бағы мұнымен де шектелмейді. Аз ғана уақыт еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Ха­­лықара­лық ақпарат комитеті төраға­сының орынбасары болып қызмет істегені бар. Бұл да баспасөзден алыстығы жоқ лауазым.
Осы уақытқа дейін негізінен баспасөз бен ғылымның айналасында тер төгіп келеді. Қай нәрсені де талдап-талғап жүретін дағдысымен «екі жаққа үңіліп», екеуінен де көп нәрсе тапты. Өмір жолында теория мен тәжірибені үнемі ұштастырады. Журфакта журналистиканың теориясын игеріп, кейін БАҚ-қа бет түзеді. Өзі қызмет істеген оқу орындарында ғылымның теориясына көбірек көңіл бөлсе, ғылым ордаларында іргелі зерттеумен айналыс­ты. КазГУ-дің аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Қызылорда мемлекеттік университетінің про­ректоры, Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің проректоры, кафед­ра мең­ге­рушісі, институт директорының орынбасары, факультет деканы ретінде білім саласының қыр-сырына әбден қанықты. Оқу жүйесі мен әдістеме мәсе­ле­сіне терең бойлады. Ал Каз ГУ-дің докторанты, «Алаш» мәдениет және рухани даму инсти­тутының директоры, Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы ретінде ғылым әлеміне алаңсыз кірді. Зерттеуші ретінде оны әдебиеттің тарихы мен теориясы, түркология, этнолингвистика, журналистиканың тарихы мен теориясы көбірек қызықтырады. Ғылыми еңбектерінің дені осы тақырыптарға арналған. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын баяғы одақтың беделді архив­те­рінің біразын армансыз сүзіп шыққан. Сол қазынасы әлі де ортая қойған жоқ.
Жалпы, ол ауқатты отбасынан шықты. Әкесі совхоз директоры, аудандық ауыл­шаруашылығы басқармасының бастығы, аупартко­мның бірінші хатшысы, аудан әкімі, кезінде еліміздің астанасы атанған қаланың әкімі болды. Ал енді соның біразын біз көпке дейін білген жоқпыз. Өйткені ол өзі сияқты ішіп-жемі мол, бай-бағыланның балаларымен емес, біз секілді өңкей ашқұрсақ, кедей-кепшіктің перзенттерімен бірге жүрді. Әдепкіде баяғы Харун ар-Рашид құсап қарапайым ел-жұрттың өмірін әбден зерттеп алып, дөкейлердің дүрдей ұлдарының ортасына қайта кететін шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, ол кетпеді. Кетпек түгілі әлі күнге дейін бірге келе жатыр.
Жарылқасын ағам оны ешқашан еркелеткен жоқ. Бұл да әкімнің ұлымын деп дандайсыған емес, көрпе-төсегін арқалап, пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрді. Бір күні оған Жарылқасын аға үй алып берді. Қайдан дейсіз ғой? Ит өлген жерден. Алматыға жиырма-отыз шақырым жердегі КИЗ деген ауыл. Кәдімгі пешке от жағатын, дұрыстап жанбаса, шатырға шығып, мұржасын тазалайтын шағын ғана жер үй. Содан таңертеңгі сағат 8-де басталатын университеттегі сабағына жаяу-жалпылап әзер жетеді. Өзге әкімнің төрт-бес перзенті шетінен аузынан ақ май, көк май ағып, қаладағы жылы пәтерінде жымың-жымың етіп жүргенде, жалғыз ұл қала сыртында қар күреп, пеш жөндеп жатады. Сосын біз қалжыңдап мынадай өлең шығардық: «Айтуға мен жүр едім ғой ұялып, Біліп едім ақырында өстерін, Жалғыз ұлға жер түбінен үй алып, Жарылқасын Шәріпұлы, не істедің?».
Өзіміз айтып, өзіміз күлеміз. Бір күні ағамыз Амантайға қаладан үш бөлмелі пәтер алып берді. Тура біздің әлгі өлеңімізді оқып қойған сияқты. Сөйтіп жүргенде Амантайға ескілеу бір машина бітті. Тек аты ғана машина. Сиқы қаша бастаған сары «Жигули». Жүруінен тұруы көп. Есігін жұлқып ашып, жұлқып жабасың. Түнімен такси болып қатынап, жолаушы тасыған кезде сол есіктің азабын әбден тартасың. Тоқтатқан адам кіре алмайды, кірген адам шыға алмайды. Қой болмас деп, Жарылқасын ағама арнап тағы бір өлең шығардық: «Балаңыздың мұрты қандай қияқты, Жаңа көлік әпермесең ұят-ты. Кафедра басқарғанын қайтейін, Машинасы көтерем ат сияқты».
О құданың құдіреті, бұл өлең де ағамның құлағына жеткен бе дерсің. Қалаға бір келгенде Амантайға су жаңа көлік сатып алып беріп кетті. Сөйтсек, ол баласын жайлы тұрмысқа біртіндеп бейімдеген екен ғой. Бұлар жолы құтты өлең жазғанға әбден бой үйретіп алыпты. Бір күні Мира келін келіп қиылып тұр: «Шаңсорғышым ескіріп, мазамды алып жүргені. Бір өлең жазып берші…». Шаңсорғышқа өлең шы­ғара қоймадық. Анадай әсем үй мен әдемі ма­ши­надан кейін күн сайын қоқыс жұтатын шаң­сорғыштың деңгейіне түскіміз келмеді…

Кетігін тапқан
кірпіш

Қолына ұстап қаламды,
Өз өрнегін сала алды.
Көркем сөздің аулына,
Кірпіш болып қаланды.
(Журналистік фольклордан)

Бір басында бірнеше өнер тоғысқан. Соның ішінде ғылымы алғашқы орында тұрады. Профессор Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен Сұлтанбек Қожановтың әдеби-публицистикалық мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Докторлық еңбегі қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяға арналды. Ғылымдағы жетістіктері үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықты иеленді. Амантайдың ғылымның өз өкілі екеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Бұған оның «Қазақ поэ­зиясы және ұлттық идея», «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші», «Қайраткердің қаламгерлігі», «Сөз өнері және ұлттық рух», «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік», «Рух пен рәміз: ментальдік модельдері» атты монографиялық еңбектерін оқыған адамның көзі әбден жетеді.
Тіл игеруге өте бейім. Ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Басқа тілдерді де меңгеру тетігін жақсы біледі. Әзербайжанның әйгілі ақындары Хусейін Жәбид пен Бақтияр Вахабзаденің өлеңдерін қазақшаға түпнұсқадан аударды.
Мектепті алтын медальмен, универси­тет­ті қызыл дипломмен бітірген біздің кейіпкеріміз өмірінде бір-ақ рет «4» алды. Миыңды су қылатын жоғары математиканы, күрделі техникалық пәндерді сөктей «5-пен» оқып еді. Сөйте тұра, өзі жақсы көретін әдебиет теориясынан «үздік» баға бұйырмады. Бірақ сол «төрттіктің» өзі кейін төрге шығарды.
Үнемі үздік оқыған Амантайды «төрт­тағандатқан» басқа емес, өзінің жақсы көретін Жанғара ағасы еді. Кәдімгі әйгілі әдебиетші, парасатты профессор Жанғара Дәдебаев. Ол кезде жап-жас оқытушы. Лекцияны жан-тәнімен беріліп оқиды. Бірақ тым пысық, сөзуар студент оған салғаннан ұнай қоймаған сияқты. Оның үстіне бұл әдебиет теориясынан академик Зейнолла Қабдолов дәріс беретін шығар деп сонша күтіп, көңілі қоңылтақсып жүр еді. Зекеңнің «Сөз өнерін» Шымкентте жүргенде сатып алып, жата-жастана оқыған. Әдебиет әлеміне жетелеген де осы кітап болатын. Математика теориясын, сызба геометрияны, геологияны жілікше шағатын зерек студент «төрттікті» сабақ білмегені үшін емес, жыбырлап тыныш отырмағаны үшін алды.
Содан филфакқа академик Қабдо­лов­­ты іздеп барды. «Осылай да осылай. «Сөз өнерін» қолымнан тастамай оқы­ған елгезек бала едім. Емтиханды қайта тапсыруға бола ма?». Зекең студентті асықпай тыңдап, «Деканаттан жолдама алып келе ғой, айналайын, емтиханды өзім қабылдаймын» деді. Кейін каникул бас­талды, қол тимеді, басқа себептер килікті, әйтеуір реті келген жоқ. Көп ұзамай ұмытып та кетті. Өзі біреудің жалғыз ұлы болған соң, сынақ кітапшасындағы жалғыз «төртті» жойып жіберуге қолы бармаған шығар. Есесіне «Жетектеген жетекшіңнен айналдым, жетекке жүрген сенен айналдым» деп Жанғара Дәдебаевтың анасы айтқандай, Жәкеңнің жетекшісі – академик Қабдоловқа кейін бұл да шәкірт болды. Елге белгілі екі ағасының да талай жақсылығын көрді. Амантай Шәріп – Қабдоловтың докторанттар галереясындағы талантты ғалымдардың бірі. «Ғалымдығы ақындығын өңгеріп, ақындығы ұстаз­дыққа жол бергені» (Ж.Әбдірәшев) болмаса, журналистігі осы қыр­ларының ешқай­сысынан кем түспейді. Бұқаралық ақпарат саласында да өзін­дік қолтаңбасын қал­дырды.
Кейін өлеңді көп жазбай кетті демесең, өз оқырманына талантты ақын екенін таныта алды. «Құбыла» деген жалғыз жыр жинағы – өлеңге аса талғаммен қа­райтындығының куәсі. Ақындық қуаты жет­кілікті бола тұра, биттің қабығындай жұқа кітаппен шектелді. Ал енді осы не кітап екені, не дәптер екені белгісіз көзге қораштау біртүрлі баспасөз өнімі жарнамашыл ақындардың жалпақ жинақтарының көбісін он орап алады. Ойлылығы­мен, тереңдігімен, көр­кемдігімен…
Оны айтасың, студент кезінде ақындар айтысына қатысып, бәйге алғаны бар. Ол сол жылдардағы журфактың жезтаңдайы, сөз сүлейі, бүгінгі сыршыл суретші Ерсайын Жапақпен айтысты. Қашанда айтыс үстіндегі қайтпас қайсарлығымен ерекшеленетін Ерекең алдыма Амантай келді екен деп айылын жия қойған жоқ. Жас баланы жасқап алғысы келгендей ұзағынан бір қайырып, кезегін ұсынып еді, төменгі курстың ақыны төмен қарап отырып:
Ассалаумағалейкүм, ақын ағам,
Айтысыңды талай мен бақылағам.
Барлығында жеңіліп қалсаң-дағы,
Ыржалақтап кетуші ең сахнадан, – деп қойып қалды. Ерсайын ұтымды жау­ап берген інісіне сүйсініп, кеңпейілділік көр­сетті. Айтыс одан әрі қарай достық рәуіште жалғасты.
Ал енді Амантайдың ән салғанын көрген адам оның өнер жолын қумағанына қапа болар еді. Даусы ерекше сазды. Тыңдаған адам еріксіз ұйиды. Гитарада тәуір ойнайды. Музыканың мән-жайын терең түсінетіндер оның қабілет-қарымын өте жоғары бағалайды. Бірақ ешқашан елдің алдына шықпайды, концерт қоймайды, кеш өткізбейді. Айтпақшы, Сыр бойының тегеурінді телемагнаты, арқалы ақын Шаһизада Әбдікәрімов түсіріп берген жалғыз клипі бар. Оны да жұрт назарына ұсынуға құлықты емес. Бірақ анда-санда әнші Әбенің рахатын біз көреміз. Шағын той-тоймалақта «Ән салшы, бір бала-ай…» деп қол шапалақтап, дем беріп отырамыз. Оған Әбе деген атты талантты ғалым інісі Ақеділ Тойшан қойды. Тек ана әлемге әйгілі әйдік Әбемен шатастырып алмау үшін үлкенін «Әлемнің Әбесі», кішісін «Әлімнің Әбесі» дейміз.
Осыдан екі-үш жыл бұрын бар жұ­мы­сын жинап қойып, Отан соғысында қаза бол­ғандардың деректерін іздеумен айналысты. Компьютердің құлағында ойнап, интернеттің иіріміне сүңгіп, талай жолдас-жорасының баяғыда хабарсыз кеткен аталарын тауып берді. Сол үшін техника тілін жетік білетін ол мың тәсіл қолданған шығар. Бәріміз аталарымыздың рухымен қауышып, жырғап қалдық. Жігіттердің алды көрші елдердегі бауырластар бейітіне барып қайтты. Содан соң оған жүдә риза болып, «Ата тапқыш Амантай» деген өлең шығардық.
Мінез-құлқына адам түсініп ­болмайды. Көңіл-қошы келмей тұрса, трактормен сүй­ресең де жетегіңе жүрмейді. Әңгімені бе­ріліп отырып айтсаң да, құлағына қыстырмайды. Ал өзі ықыластанып әңгіме айтқысы келсе, тыңдап отырсың ба, жоқ па, онда шаруасы болмайды. Амантай қажы секілді өршелене сөйлеп, назарыңды еріксіз аудару оның әдетінде жоқ. Тыңдасаң тыңда, тыңдамасаң қой…

* * *

Технологтың оқуын оқыған ол қай істің де тиімді тетігін тапқанды қалап тұрады. Сондықтан оның өмір жолын таңдау технологиясы дұрыс болған сияқты. Біз әрине, досымыздың өз ортамызда жүргеніне қуанамыз. Алайда осы күні кейбір ғимараттың айдың-күннің аманында опырылып түскенін көргенде бір­түрлі күй кешеміз. Сол салаға бір Амантай жетпей тұрған секілденеді.
Егер ол әзірлесе, кірпішің де, бетоның да ешқашан сетінемес еді…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.