Елегайдың өрігі (әңгіме)

Берік Шаханұлы

Тамылжыған тамыздың аяқталып, сарша күздің сәніне кірген жайма-шуақ даланың жылы қоңыр ауасында пісікшіліктің исі бұрқыраған мамыражай мезгіл болатын. Күн жексенбі еді. Түскі шайын ішіп алып, сәл мызғыған соң, қағаздарын аударыс­тыруға отырған атасына әжесі келіп:
– Әй, Елегай звондап болмай жатыр, – деді.
– Не дейді?
– «Бесағашқа» барамын, апа­рыңдар» дейді.
– Кеше ғана барып келген жоқ па еді олар?
– Енді апарыңдар деп үздігіп отыр. Баланың көңілін қалдырмайық. Жүр. Барып қайтайық. Өзіміз де таза ауаға шығып, бой жазайық.
– Е-е өзіңнің де қыдырғың кеп отыр екен ғой, – деп атасы машина шақыруға ыңғайланды.
Елегай – атасы мен әжесінің сүйікті немересі. Биыл беске толған. Айналасына өткір, зерделі, қарақат жанарын тіктей, пайыммен қарайтын саналы бүлдіршін. Атасы мен әжесінен бас­тап бұлар оны жақсы көріп, өбектеп тұрады. Сол артықшылығын сезгендей төңірегіндегілердің үлкен-кішісін өзімен тең ұстауға бейім. Бәріне айт­қанын өткізуге пейіл.
Үлкен қаланың іргесіндегі «Беса­ғаш» ауылында Елегайдың әпкесі тұрады. Оның балаларының бұған деген ықылас, құрметі айрықша. Әсіресе, кішісі Әминамен екеуінің «ағайыншылығы» өзгеше. Араларын­дағы он жас ­Елегай үшін елеулі асу емес. Әмина оған құрдасы да, сырласы да, керек тұсында қызметшісі де.
Ал Елегай болса осы «Бесағашқа» қыдыруға құмартып тұрады. Жұмыстағы әке-шешесінің оның барамын деген кезінде апара беруге мүмкіндігі жоқ, әрине. Әрі барған соң үйіне қайтпай, «осында қаламын» деп қиғылық салатын әдеті тағы бар. Онан соң келесіде әке-шешесі апармай қойса, әжесіне не атасына телефон шалады. Бұл жолы да әдеттегідей үшеуі «Бесағашқа» қарай бет алған.
Елегаймен бірге осылай сапар­ла­ғанда бұл екеуі де жайлауға шыққандай сергіп қалады. Далада туып-өскен бұлардікі жөн. Ал бүлдіршінге мына кеңістік соншалықты ұнап, ұшатын құстай қанаттанатынын қайтесің. Тордан шыққан торғайдай масай­райды.
Өркеш-өркеш барқыт жондары күннің шығысынан батысына дейін созылып, аспанмен астасқан  Алатаудың биік шыңдарын бауырлай, көгілдір көктемнің көркіне көрік қосатын; жаздың жайсаңдығына, күздің мәуесіне, қыстың ақ мамық ажарына өз әрін, өз үйлесімін жарастыра көсіле керілген «Бесағаштың» табиғаты қандай! Қала­ның түтінді ыбылыс, қарбаласынан шыға келгендегі ауасы қандай. Осы тазалықты, төңіректегі осы жанға жайлы үйлесімді сәби көңілі сезе ме екен?! Сонан соң да шығар «Бесағаш» ауылына құштарлығы.
Бұлар келгенде «бесағаштықтар» да жадырай қарсы алып қуанып қалады.
Балалар далада ойнап жүрген. Атасы мен әжесі шай ішіп, аулаға шықса Елегай мен Әмина әлдене шаруаның қамымен қапылып жүр. Қолдарында кішкене күрекше, ойыншық шелек.
– Әй, не істеп жатырсыңдар? – деген әжесіне:
– Біз өрік егеміз. Кейін ол үлкен болып шығады, – дейді Елегай тершіген танауының ұшы желп-желп етіп, көздері от шаша күлімдей.
Оны қайдан алғаны белгісіз. Әлде жеген өріктерінікі ме екен, қолында қой­дың құмалағындай қарақошқыл дәнек. Тереңдігі бір қарыстай, қол шай­­нектің көлеміндей етіп тап-тұй­нақтай шұңқыр қазып қойыпты екеуі. Кішкентай немерелерінің мына тірлігіне қошуақ көңілмен әжесі де «қолғабыс» жасауға «белсене» кірісіп кетті. Тапа бір баламен бала болғандай шат көңілде.
– Әй, өріктің дәнін қалай жатқыз­дыңдар?.. Шелекпен су әкеліңдер! – деп ынты-шынымен араласып жүр.
– О! Әжем де жәрдемдесіп жатыр,– деп балалар мәз.
Олардың осы шат-шадыман қал­пы­на атасы да сүйсініп қарап тұрған. Осы бір сәт мынау сарышуақ күздің та­мыл­жыған табиғатымен үндескен тіршіліктің аясында кісінің мәз-мейрам қуанышқа бөленген кезінің жарқын көрінісі тәрізді еді…
Келесі көктемде, көк шыға бастаған шақта Елегай өзінің жаңалығын айтып, хабарласты:
– Ата, әже! Менің өрігім шығыпты. Кеше «Бесағашқа» барғанда көрдім. Папам «енді бір-екі жылда өсіп, жеміс береді» дейді. Көріңіздерші. Мен де бірге барайын.
– Жарайды, көрейік, – десті бұлар.
О, Жарықтық! Таулардың – тауы, ақбас шыңдардың – шыңы, биіктердің – биігі қасиетті, Алатау-ай! Оның бөктерінің құнарлы, құндыз то­пы­ра­ғы-ай десеңші! Қадаған шыбық, тас­таған дән түгілі ұрық, тамырын, та­биғатын ­тауып ексең адам да өсіп шығатын шығар бұл топыраққа. Ғажап! Балалардың күзде ойнап жүріп, түртіп көме салған жерінен – ауладағы көк майса төселген алаңның бір шетінен бойы қарыс-сүйем, нәзік, талдырмаш көк шыбық өсіп келеді. Сол көк шыбық жаз аяғына қарай кісі бойы көтерілді. Келесі көктемде екі-үш дән байлап, күзде бармақ басындай торсиған сол екі-үш сары өрікті Меккеден келген тәбәрік дәмдей әспеттеп, ауыз тиген еді барлығы.
Сонан бері арада үш жыл уақыт өтіпті. Бұл кезеңде Елегайдың өрігі мәуелі ағашқа айнала бастаған.
Қарлы-қыстың аяғы созылың­қырап, көктем кешігіп шыққан сәуір айының басы еді. Атасы «Бесағаштағы» балаларының үйіне келген. Ауладағы жалғыз түп өрік ағашы бүршік жарып келеді екен. Жақында гүл ашып, жапырақ жаяды. Шілдеде жемісін береді. О, киелі, жомарт табиғат! Алмасып, ауысып, ескіріп, жаңарып, өзгеріп, түрленіп, бірін жөнелтіп, бірін қарсы алып тұру сенің айнымас, бұлжымас заңдылығың болар. Сол бір күздің жайдары күнінде бір түйір дәнекті күрекшелерімен әдемілеп қазған шұқыршаққа жайластырып жатқан бүлдіршіндеріне көмегін жасап, кеңесін беріп, мәз болып тұрған әжесі қазір жоқ. «Біреу ерте, біреу кеш». «Талқаны таусылып» жақында дүниеден озған.
«Өткен күнде белгі жоқ» дейді, солай да шығар, бәлкім?! Ал бірақ атасының санасында, көз алдында сол бір көңілді сәттің қимас елесі, жан жылытар әсерлі суреттері тайға таңба басқандай сайрап тұр қазір. Біреу соларға тапсырғандай, міндеттегендей «өрік егеміз» деп құнжыңдап тірлік жасап жүрген екі кішкене немерелерінің әрекетіне мейірлене қараған атасы мен әжесі осы сәттің өздерінің бастарындағы бақытты кезеңдерінің бірі екенін сол замат аңдай қойды дейсің бе?!
Бейнеті мен машақаты көп, өкпе-назы мен өсек-аяңы, абың-күбің әңгімесі таусылмайтын алаң дүниенің күнделікті тауқыметінен бас ала алмай жүретін пенде, шіркін, осындай-осындай талай қуанышты сәттерімен қызық күндерінің бағасын білмей, мән бермей басынан елеусіз кешкен де шығар.
Өлшемі белгісіз Бақыт деген бір қастерлі ұғым бар. Адам баласының бәрі соған ұмтылады. Соған жетсем дейді. Жетті ме, жетпеді ме, оны да зерделей бермейді. Орыстың ұлы шәйірі Пушкин де мынадай жолдар бар болатын:
Махаббаттың бақыт құсын
Ешкім ұстап тұра алмас.
Қайтып келмес өткен ісің,
Жан жоқ кезек қуанбас…
Шынында да, Бақыт деген әспеттеп, аялап, қолыңда ұстайтын немесе қан­жығаңа байлап, меншігіңе балайтын байлық пен баққа да сәйкеспейтін, басыңа қай кезде келіп қонып, қай кезде ұшып кеткенін де байқатпайтын, сағынышты елес, мөлдір сағым іспетті киелі құбылыс болса керек. Пенде­нің бақытты сәттерін, оның парқын кезінде аңғара, бағалай бермейтіні сонан болар.
Бірақ өткенді, өткен жанды, немерелерінің әжесін бір жола жоққа саюға болар ма екен?! Оның ақ жарқын болмысы, аңқылдаған тура би мінезі артта қалған сыйластарының, жақын-жуықтарының есінде жүрер. Өздерін жан жылуымен ораған аяулы бейнесі, бәріне өзі ат қойып, ең үлкендері Құралайды өзіме тартқан деп жанынан тастамай ілестіріп; онан кейінгі Сержанды ақылды, білімпаз, зерек, әзілқой деп мақтаныш етіп; Айшасын періштедей таза көңіл, қайырымды; Әлкейін жі­гер­лі, алғыр, намысшыл; Әймерейін тә­­каппар, текті деп, әрқайсысына сипат­тама беріп, сүйсініп, толайым болып отыратын әжелік мейірімі, дарқан даладай ықылас-пейілі немерелерінің жүрегінде сақталатын шығар.
«Бесағаш» барамын» деп, қуана жетіп, тымпылдап жүріп, мына өрікті отырғызған Елегай қазір екінші сыныпта оқып жүр. Астанада тұрады. Тәуелсіз Елінің жаңа Елордасының жас тұрғындарының бірі.
Кішкентай бүлдіршіннің, кіш­кентай еңбегінің нәтижесіндей мына өрік ағашына қарап тұрып, атасы тындырымпаз, елгезек Елегайын ойына алып, толғанады: «Бүгінгі жаңа, жас тұрғыны, Алла қаласа, ертең сол Астананың еліне еңбегінің жемісін таттыратын, халқын сүйген зиялы кісілерінің бірі болар, әлі. Тек амандық, саулық, ынтымақ, Тәуелсіз Қа­зақ­станына нұрлы болашақ болғай».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.