Досы көп ел – мәңгілік

Оразақын Асқар

Ел аузынан жинап екі том кітап етіп шығарған қазақтың халықтық қара өлеңіне серік болсын деп, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің де халықтық өлеңдерін көптен бері қазақ тіліне аударып жүр едім. Соның «Досы көп ел – мәңгілік» деген атпен 30 баспа табаққа жуық қолжазбасын баспаға әзірлегем. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты төменде сол аударманың біраз үзінділерін «Ана тілі» газетінің оқырмандарына ұсынып отырмын .

Автор

Тәжік халық рубайлары

Жолда келем, жым-жырт дала, аспаным,
Баяулатып бiр қоңыр ән бастадым.
Ұнай ма елге, ұнамай ма, бiлмедiм,
Бiлерiм: жан сырымды айқын ашқаным.
* * *
Бұлбұл емен жырлап таңы ататын,
Дүлдүл емен озып ләззат тататын.
Ұқсаймын мен жарық берер май шамға,
Үнсiз жанып бiтiп бара жататын.
* * *
Елiк болсам – шалғын кешiп тiзеден,
Балық болсам – суда тегiн жүзер ем.
Адам болдым – бәрiне ақы төлейтiн,
Жарығам жоқ жазсам да әр күн жүз өлең
* * *
Өмiр, тұрмыс – бейне ыдыс, жас досым,
Ащы-тұщы толар оған ас, досым.
Кездесер кез, айрылысар сәт те бар,
Тұщыны iшсең, ащыны да тат, досым!
* * *
Менiң әнiм – әнi тектес бұлбұлдың,
Ол жыласа, мен де жылап үлгердiм.
Күйiп-жанып жас төксек те бiз қанша,
Селт етпеуi-ай гүл менен қыз құрғырдың.
* * *
Жүргенiмдi көрген жандар күлiп тым,
– Тағдыр қатал, – дейдi, – одан биiк кiм?
– Тағдыр қатал болса мейлi мен үшiн
Мейiрiмдi болса болды сүйіктім.
* * *
Гүлдеген кез жерден де өтiп кетедi,
Күмбiрлетiп керуен де өтiп кетедi.
Қамшы саптай қысқа қайран бұл өмiр,
Ел деп туған ерден де өтiп кетедi.
* * *
Бәрi өмiрде өзгередi, ағайын,
Өмiр соңы тез келедi, ағайын!
Не тындырдың, не қалдырдың соңғыға?
Жауап берер кез келедi, ағайын!
* * *
Неке түнiн кiм бередi сауғаға,
Қайда жүрсек, тауда, бақша-бауда ма?
Бiздi бөлсе ажал ғана бөледi,
Берiлмеймiз өсек, өтiрiк, жауға да.
* * *
Келедi әйел ойы толған кем-кетiк,
Жүз жұмыс бар ол орындар тездетiп.
Жүз бiрiншi жұмыс болып мен тұрмын,
Өзге iсi жоқтай оның емге түк.
* * *
Қашанғы ендi бiз ойнаймыз бұғынбақ,
Мен шешпеген бар ма сен де бiр жұмбақ.
Ернiң тәттi, тiлiң тәттi оданда,
Шашың – қара, бетiң – қызыл, тiсiң – ақ.
* * *
Келдi көктем, сәулем, қашан келесiң?
Күтем көптен, сәулем, қашан келесiң?
Келем деп сен айтып-ең қар жауғанда,
Қыс та өткен, сәулем, қашан келесiң?
* * *
Қасың – садақ, кiрпiгiң – оқ тартылған,
Сен көрiнсең танам ғалым қалпымнан.
Ақын жырдан жаңылып, ал молданың
Қалар түсiп қолындағы һәм құран.
* * *
Көзiң сенiң қара түннен қап-қара,
Жүзiң сенiң аппақ айдан ақ, дара.
Жетi қат жер, сегiз қабат аспанда
Теңiң жоқ дей аласың сен мақтана.
* * *
Өр жағында жүрсем сенiң үйiңнiң,
Өсетiнi менiң көңiл күйiмнiң.
Түтiнiне сенiң жаққан отыңның
Шала мас боп толқыры бар миымның.
* * *
Жүрегiмдi тұтқындаса бұрымың,
Ал сүюiң құтқарады, сұлуым.
Аттың басын сен өзгеге бұрмасаң,
Менiң әсте мүмкiн емес бұруым.
* * *
Басымды иiп Ләйлiден мен сұрадым,
– Айтшы, Ләйлi, неге сонша жыладың?
Дедi өксiп: – бiлгiң келсе шынымен,
Жылап жүрген Мәжнүннен де сұрағын.
* * *
Сәулем, саған ескертемiн күнде мен,
Өткендi айтпа, мен де ол жайлы үндемен.
Ол ошаққа отын дайын тұрғанда,
Күлдi қайта жағам деумен бiр дер ем.
* * *
Келедi екеу бетке бетiн тақап ап,
Көзде ұшқын, кеуде толы махаббат.
Өткен өттi, өтер шаттық бүгiнгi,
Күтер алдан ендi қандай атақ, ат.
* * *
Өзге үйде мен жүрмiн жан тасалап,
Елге – шарап, у ма маған махаббат?
– Тәкаппарды таптың қайдан, – дейдi дос,
Ғашық кезде кiм ақылды iс жасамақ?!
* * *
– Бетiңдi әкел берi, сүйiп, тiстейiн,
Сен ұмытпау үшiн белгi iстейiн.
– Бетiмдi анам көредi ғой, не деймiн?
Бiлегiмдi тiсте, жеңдi шешпейiн.
* * *
Бiрiмiзге-бiрiмiз боп зор пана,
Алармыз ба жүректерге жол сала.
«Иә» десең, мен дайынмын күтуге,
Елу түгiл, екi жүз жыл болса да.
* * *
Маған дүние керек емес, гүл де әсем,
Маған күллi дүние де сен, гүл де сен.
Ғажаптарға әлем толы болса да,
Сенсiз оның бiр де бiрiн бiлмес ем.
* * *
Сенсiз маған еш заттың жоқ керегi,
Сен бар болсаң бәрi түгелденедi.
Керегi жоқ шекердiң де, балдың да,
Сен жоқ жерде тәттi де ащы себебi.
* * *
Алыс болса сүйгенi, көп алаңы,
Жақын болса тағы да бар жаманы.
Алыс болса сағыныштан сарғайып,
Жақын болса «шық» деп алар мазаны.
* * *
Мен туа сап, анам өлiп қалыпты,
Менi баққан адам өлiп қалыпты.
Маған сүтiн сауып берген бiр сиыр,
Ертесiне арам өлiп қалыпты!
* * *
Қалам айтты: – көп пайда бар менен, – деп,
Керегiңнiң бәрiн жазып берем, – деп.
Шылым айтты: – Күштi бар ма өзiмнен?
Шеккендердi тамұққа айдап келем, – деп.

Қарақалпақ
халық өлеңдері

Айналайын аға, жеңге, анажан,
Шырқ үйiрiп қол бұлғасаң қараман.
Ғашықтықтан от боп күйiп-жанамын,
Жiберiңдер, сүйгенiме барамын.
* * *
Арба айдасам отырар ма ең жанымда,
Өн бойымды шарпытып от жалынға.
Кездескенде жеке Маңғыт маңында
Айтқан сөзiң жаңғыруда жадымда.
* * *
Ай туыпты арқа беттен айналып,
Аттанайын апыл-ғұпыл сайланып.
Аз ғана күн аймаласқан ғашығым
Абақтыда жатыр жiпсiз байланып.
* * *
Жолыңа мен қараймын көп жан жарым,
Айтшы маған көңiлiңнiң бар арманын.
Ендi сенсiз көңiлiм жарым қашанда
Тез келiп бiл ғашықтықтың мұң-зарын.
* * *
Шашбау шолпы сыңғыр қағып белiнде,
Ғашық жарым қалды туған елiмде.
Менсiз жүр ме сағыныштан сарғайып,
Онсыз күнiм күн емес қой менiң де.
* * *
Қолыңдағы бiлезiгiң қола ма?
Күтсең-дағы қола алтындай бола ма?
Алтындай өз сүйген жарың тұрғанда,
Кiсi жары өкiндiрер, жолама.
* * *
Гүлiм, гүлiм, гүл тұмарым сен ғана,
Көздi тартып құлпырарым сен ғана.
Бiр ұйықтасам үш енетiн түсiме
Қырғи көздi ынтызарым сен ғана.
* * *
Махаббат бiр шексiз жатқан көк теңiз
Жүзе бiлмей оған сапар шекпеңiз.
Түпсiз терең тұңғиыққа гүмп берiп,
Сүңгимiн деп су түбiне кетпеңiз.
* * *
Дос қадiрiн айырылмастан бұрын бiл,
Қанат қадiрiн қайырылмастан бұрын бiл.
Өзiңдi де, орныңды да қадiрлеп,
Достарыңды қайғырмастан бұрын бiл.
* * *
Гүл дегенiң қызыл қырман емес пе?!
Дос дегенiң қуат-дәрмен емес пе?!
Оқуда өткен, қайран, жастық шақтарың
Бiтiрген соң аңсар, арман емес пе?!
* * *
Нан қадiрiн бейнет еткен бiледi,
Гүл қадiрiн баптап еккен бiледi.
Жан қадiрiн азап шеккен бiледi,
Ер қадiрiн ер боп өткен бiледi.
* * *
Қансонарда келме жарым iз қалар,
Iздi көрiп ел арасы сөз болар.
Қарлы боран аязда кел, батырым,
Қапа көңiл қосылғанда жаз болар.
* * *
Шәйi көйлек шаң болды деп қағамын,
Өңiрiме өрнек түйме тағамын.
Естiрмiн деп жарымның бiр хабарын
Ертелi-кеш жолыңды ылғи бағамын.
* * *
Ат байласаң гүлден болсын қазығың,
Үйге енсең жемiс болсын азығың.
Ендi келсең шәйi көйлек ала кел,
Көптен берi келмеген ол жазығың.
* * *
Алуан гүлдi еккемiн жоқ мен текке,
Ашылғанда келшi бiрге термекке.
Белбеуiңнен бiр қиықша кесiп бер
Сағынғанда қолыма алып көрмекке.
* * *
Қара бешпент киiп келдiң қасыма,
Қасық салдың қайнамаған асыма.
Ештеңенi бiлмейтiн жас қыз едiм,
Қапелiмде қайғы салдың басыма.
* * *
Шай iшемiн шыны кесе сынғанша,
Асығамын лай сулар тұнғанша.
Сенiң көңілiң, менiң көңілiм бiр болса
Қосылармыз көздi ашып-жұмғанша.
* * *
Ине ұстасам қалтырайды қолдарым,
Әлден бүйтсем сонда мен не болғаным.
Iшiмдi өртеп бара жатыр от-жалын
Өзгеге көз салып жүр ме жан жарым?!

ПАРСЫ ХАЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ

Қараймын өз бағымнан көршi баққа,
Бақта қыз, әсiресе, жүрген шақта.
Жақын боп көршiден де кетер едiк,
Гүл болып ауысса қыз бiздiң жаққа.
* * *
Сұраймын ата-анамнан күнде дейсiң,
Десем мен: – бердi ме рұқсат? – үндемейсiң.
Ал егер бермесе олар келiсiмiн,
Алдымен айтшы өзiң сен не дейсiң?!
* * *
Берiптi саған көрiк аямай-ақ,
Өзiңе соны бiлiп жүрмiн таяп.
Түп-түгел төрт құбылаң перiштесiң,
Бетiң ақ, көзiң қара, түзу аяқ.
* * *
Күтумен өттi көктем, жазым мүлде,
Сүюден, айтшы, басқа жазығым не?
Тартпаған шығар бәлкiм осынша азап,
Ләйлiсiн күткен тiптi Мәжнүн де.
* * *
Келмеске кеттi жастық мен не дермiн,
Иесiмiн сирек ақ шаш, бүкiр белдiң.
Аузыммен тiстеймiн тек бармағымды,
Бiр кезде сұлулардың сүйген ернiн.
* * *
Жартыдан жас ауды ауыр болса-дағы,
Ыдысы өмiрiмнiң орта әлi.
Кейде ащы, кейде тұщы шығар мейлi,
Лүпiлдеп ернеуiнен толса кәні.
* * *
Мен кәрi, айналамда әлi көктем,
Тiлеймiн жастың жансын бағы деп мен.
Естiсем жiгiт назын, қыз күлкiсiн,
Есiме түсер жастық шағым өткен.
* * *
Бақытты, кiм жастықтан күш алады,
Кiм күлiп қолтыққа қыз қыса алады.
Бiлдiм ғой қадiрiңдi қайран жастық,
Қарттық кеп аяғымды тұсағалы.
* * *
Киелi махаббаттың қолыменен,
Жатады астан-кестен болып әлем.
Сезiм ол – арыстанды алып ұшып,
Аңшының түсiретiн орына кең.
* * *
Жауласпай алды-артқа қарамай кеп,
Кей iстi кешiрейiк санамай кек.
Жарандар қастық қылма бiр-бiрiңе,
Ашу – тас, бiле бiлсең, адам – әйнек.
* * *
Сұқ көзден сұлуларды сақта Құдай,
Жар тапсын жанын ұғып баптағыдай.
Түсiп жүр бiрiне оның менiң көзiм,
Ол бiздiң гүл атса екен бақта ұдай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.