Тарихсыз болашақ жоқ

Қазақта тарихыңды білмесең келешегіңді болжай алмайсың деген нақыл сөз бар. Сондықтан та­рихты шыққан тегімізден таратқан дұрыс болар.
Академик, ғалым-антрополог Оразақ Смағұлов­тың айтуы бойынша, біздің дәуірімізге дейін екі мың жыл бұрын Қазақстан аумағында Каспий теңізі мен Қара теңіз далаларын қоса бүгінгі қазақтың рулары мен тайпаларының ата тектері өмір сүрген дейді.

Тарихтың атасы Геродоттың айтуынша, жер бетін түгел бағындырмақ болған Кир патшасы теңізден өтіп, Скиф тауларын (Ұлытау) бетке алып жол тартқанда сол кезде осы сары даланы мекен еткен скифтердің ержүрек батыр қызы Томирис (Тұмар қыз) көшпенділердің әскерін бастап, Кирдің құмырсқадай қалың қолымен шайқасқа түсіп, ақырында қан құмар Кирдің басын алған екен. Скиф көшпенділері Х-ІІғ б.э.д. мал шаруашылығымен қоса сол кездің өзінде-ақ мыс қорытуды үйреніп, тарихта тұңғыш металлургияны меңгергенін сол Геродоттың жазбаларында ашық та айқын айтылған. Бұған қоса дүниеде тектің ДНК арқылы анықтау мәселесі қазір қолға алынып жатқан кезде осыдан бес жыл бұрын жапондықтар біз қазақпен қандаспыз десе, өткен жылы Америкада дүниежүзілік медиктер форумында Американың бұрынғы тұрғылықты халқы да қазақпен қандас деп ашып айтты. Тіптен жақында қазақтың белгілі архео­логы Арман Умарходжиев Будда – Сақ тайпасынан шыққан, оны ДНК арқылы дәлелдедік деп дүниеге жар салды.
Осыған қарағанда, тарихтың қай сатысын алмайық, қазақ рулары скифтерді, сақтарды, ғұндарды, қыпшақтарды, түріктерді, моңғолдардың бірліктерін шығарып, ал олар әр кезеңдерде жойылғанымен, тұрақты орындарында қалып отырған. Осы теорияны ары қарай ғылым докторы Қ.Зәкіриянов толықтыра түседі. Ол қазақ рулары  төрт мың жылдан әрі пайда болған дегенді айтады.
Тарихты айтқанда Ұлытауды ауызға ала алмай кете алмаймыз. Қандай өтпелі кезең болғанда да қазақ халқының тағдыры Ұлытауға соқпай өтпейді. Солардың анықтары ретінде ақындардың:
«Ұлытауда өткен талай ұлылар,
Әр тасында ұлы тарих ізі бар» деп айтуына қарасақ, тау басындағы Заратустра тұрған үңгірден, Ақмешіт әулиеден бастап барлық жер, су, тастарына дейін тарих куәсі екенін түсінгеніміз жөн.
Зыңғыртау, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл бастаған бірнеше тарихи кесенелер, Ордабазар, Басқамыр, Аяққамыр бастаған қалалармен, Таңбалы тас, Жібек жолы, тіпті біздің дәуірімізге дейін мыс балқытқан, темір қортқан пештері бар 700-ге тарта та­рихи орындар әр заманнан қазақ тарихынан сыр шертеді.
Орта ғасырдағы ұлттық дараланулар, этностенудің (этнизатсия) шыңдалуы жалпы адамзаттың дамуы­мен байланысты болғандықтан, бұл үдеріс қазақ халқының ел болып іргесін айырып, ұлт болып шаңырақ көтеруіне тікелей әсер етті. ХV ғасырдан жеткен «Түркі шежіресі» («Шаджарат ал – атыраг») атты еңбекте Шыңғыс ханның қазақ тілінде еркін сөйлегендігі айтылады. Шыңғыс хан қазаққа әрі жиен, әрі күйеу болса, дүниеге Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле сияқты төрт үл келтірген бәйбішесі Бөрте қоңыраттың қызы болса, Шыңғыс ханның әулеті қазақ даласына үстемдік құрғаннан кейін бірер ұрпақ алмаспай жатып-ақ жергілікті халықтың тілі мен дініне бойұсынып үлгеріп, осы Шыңғыс хан әулетінен тараған төрелер қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, басқаны былай қойғанда, жоңғар-қалмақтармен соғысып, сол жолда қанын төгіп, жанын берді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Ұлытау төріндегі сұхбатында еліміздің тарихи және географиялық кіндігі, халқымыздың асыл бесігі саналған киелі жер жөнінде шешіле әңгіме етті. «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар» деген болатын.
Ертеден келе жатқан аңыз дүниені топан су бас­қанда жер бетінде үш таудың басына су шықпаға­нын, соның бірі Ұлытау екенін, басқа екі тау өте биік ұшар ба­сында қар-мұз жатуына байланысты адам баласы шыға алмайтындықтан, Ұлытаудың басында ғана адам қалғандығын айтады.
Ұлытаудың қасиетті болатындығына мына мысалды да келтіруге болады. Дәл осы жерде хандарды ақ киізге көтеріп, хан сайлап, олар болса туған халқына, еліне адал қызмет етуге ант берген. Абылайдың хан тағына отыру рәсімі де бабалар дәстүрімен Ұлытаудың етегіндегі «Хан ордасында» өткен. Қазақтың соңғы ханы Кенесары да Ұлытауда ақ киізге көтеріліп, қазақтың ханы атанды.
1993 жылдың қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға арнайы келіп, мемлекет тұтастығы мен халық бірлігінің монументі қойылатын орынды белгіледі. Осы сапарда Ұлытау баурайында хан шатыры тігілді. Елбасын ақ киіз үстіндегі «хан тағына» отырғыздық, хан шапанын кигіздік. Осының бәрі өзімізше бабалар дәстүрін қайталағандық еді. Хан көтерілген жердің шапағаты жұғысты болсын деген ниет болатын.
Осы ниетіміз ақталды да. Қазір Елбасы ел ішінде ғана емес, сырт жерлерде де қадірлі. Бір сөзбен айтқан­да, әлем мойындаған тұлға болды. Осындай мәрте­беге көтерілуге ұлы жердің де қасиеті себепші болуы мүмкін ғой.
Ұлытау, Ұлытауды ұлықтау жөнінде «Ана тілі» газетінде орынды мәселелер көтеріліп жүр. Ұлытау – ұлттың ұясы, бар қазақтың басын қосқан, ел, халық болуға ұрандаған жер дейтін болсақ, осында ұлы жердің, ұлттың өткенінен сыр шертетін, қазақ хандарының, қазақ батырларының даналығын, қайрат-жігерін ержүректігін көрсететін ауқымды ескерткіш-кешеннің салынуы өте қажет. Сонда Ұлытау туристік, демалыс аймағы болумен қатар, ұлы бабаларымызға тағзым ету орталығы да болар еді.
Елбасының өзі арнайы көңіл бөліп отырғаннан кейін Ұлытаудың бүгіні мен ертеңі мемлекет назарында болуы тиіс. Үкіметіміз бұл жөнінде кешенді бағдарлама қабылдаса да еш артықтығы болмайды.
Мемлекет басшысы атап өткеніндей, расында да, біздің ұлттық тарихымыз – теңдессіз тарих. Ол Еуразия құрлығының ұлы өркениетінің жылнамасына өшпес, өшірілмес мәңгі қолтаңбасын қалдырды. Біздің өткенді қабылдауымыз түсіністік жағдайында, оң ниетте болуы тиіс. Ол отандастарымыздың арасына жік салуды емес, бірігуді, топтасуды көздейді.
Кезінде қазіргі Ұлы Далада  төңірегіне билігі мен үстемдігін жүргізген алып мемлекеттер болған. Бұл жерде өмір сүрген халық та осал болмаған. Олар қаһармандығы мен айбарлығы арқасында Ұлы даланы еркін жайлаған. Қазіргі қазақ сол бабалардың мұрагері.
Жоғарыда тілге тиек етіп кеткендей, біздің түп тамырымыз Көк түріктерден, Алтын Ордадан басталады. Ал Қазақ хандығы бұл нағыз Отан, ел бастауы. Бүгінгі Қазақ елі тәуелсіздікке жетіп, арманын жүзеге асырды. Жарқын болашағы бар халқымыз шын мәнінде ұлы халық.
Тәуелсіздікке жету бар. Алайда оны баянды ету де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан табысқа тоқмейілсімей, алға ұмтылып, биік белестерді бағындыру басты мақсат.

Серік Тілеубаев,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.