Ән мен Кек (Әлия Молдағұлованың рухына)

Көк тілген оқты көрмедім,
Көңілден мұңды өткіздім.
Қиял мен ойдың өрмегін
Майдан мен Елге жеткіздім.

Жүйкемді жұлған елесте
Қар басқан шуақ жаз қалды.
Мұнары жүрген белесте,
Мұнартып майдан қозғалды.

Құмартып қайтем қырғынды,
Ажалдың ерні жүзді өпкен.
Мезгілсіз солған бір гүлді
Жырыммен кеттім іздеп мен.

Сынса да, сөнбей тілегі –
Кейде ән,
кейде дерт еміп,
Алқызыл гүлдей жүрегі
Алаулап жанған өртеніп,

Аруын,
қызын,
ардағын
Аза тұт, шабыт,
дауыс қыл.
Аялап асқақ арманын
Халқымен қайта қауыштыр!

***
…Әлгінде тұрған мөлдіреп,
Қос шырақ қалқан жамылды.
Аспанды көк от тілгілеп,
Көтерді әлем дабылды.
«Жасыл ғой белгі,
жап-жасыл!
Рота, ілес соңымнан!
Тастайық жауға көк жасын
Шабуыл осы сағынған».

Әттең-ай, үзді-ау өлеңді!
Басқанда нәзік пернені
Аспан мен жерді,
Әлемді
Ура мен ұран кернеді.

Автомат даусы шақылдап,
Жаңғырық таста тірілді.
Пулемет тынбай тақылдап,
Ой-бойдан қуды дірілді.

Ұңғылар дүрк-дүрк шоқ бүркіп,
Түтіннен перде тұтылды.
Ауада зу-зу оқ кілкіп,
Ақ қайың жүндей түтілді.

Дедектеп төмен жүгірді
Әлия да бірге дүрмекпен.
Ловатьқа!1 жетіп кідірді,
Таба алсын қайдан түнде өткел.
__________
1) Ловать – өзен аты

Өзенде баған өріліп,
Тамшылар көкке секірді.
Оқ бұршақ тырс-тырс төгіліп.
Зеңбірек зірк-зірк өкірді.

«Қарындас!» қандай жылы еді.
Ән салған көрді жігітті.
Дір ете қалып жүрегі,
Сұсты өңін сәл-сәл жылытты.

«Қарындас, бері жақында,
Қолың соз, түктен қорықпа.
Әрине, үрей тақымдар,
Осындай түнгі жорықта.

Асықпа бекер, қарындас,
Бұйырған бізден кетпейді.
Сүйен де маған, арын бас,
Ұялма ештеңе етпейді.

Қадірле, мерген, қаруды!
Жұлқынып алға ұмтылма.
Бала мен ана,
аруды
Дайын ғой иттер құртуға».

«Өзің де, аға, сақтаншы!..
Оқ пенен оттан өтші аман…
Кеудеме сіңді ақ тамшы,
Айтуға бәрін…
Жоқ шамам».

«Қарындас, қалқам, Әлиям!
Қорғасын сені От-Анаң!
Жалғанға жаяр жариям:
Жаныңнан жанға от алам,
Мен бүгін тауды қопарам!».

«Қарындас!» қандай мейірлі –
Бір сөзге сыйған күллі әлем.
Секемі бойдан сейілді,
Жымиып Әлия күлді әрең.

Саусаққа саусақ жанасып,
Жетелеп салға мінгізді.
Өмір мен өлім таласып,
Өрт болып,
Оқ боп түн жүзді.

Уілдеп,
Сарнап,
Ысқырып,
Ажал боп қарсы ағады.
Ескегі толғай ышқынып,
Сал жетті-ау сүзіп жағаны.

Түйгендей алып келіні
«Ураға» бәрі басқанда,
Ел үні,
ыза, кек үні
Шаншылды барып аспанға.

Елемей тарсыл-гүрсілді,
Сіркіреп ажал бүріккен.
Әлия кенет күрсінді,
Көз жазып қалып жігіттен.

Соғыстың заңы өзгеше,
Жоғалар ол кез басқа ұғым.
Сен – жауды,
Сені ол көздесе,
Шешеді бәрін қас қағым.

Дірілдеп кетті айнала,
Дүрілдеп кетті Жер мен Көк.
Нысана болып байлана,
Фашистер шықты ербеңдеп.

Әлияның кекті қолында,
Винтовка үкім шығарды.
Айналды қырат қорымға,
Бөктерді қанмен суарды.

«Қарындас, қалқаш, мергенім!
Тасалап тасты жамылғын».
«Апырмай, аға, бар ма едің,
Даусыңды сондай сағындым!».

«Аспан бар, Ай бар, жұлдыз бар!
Бақытқа бөккен бармыз біз.
Жанымнан артық бір қыз бар,
Мендей боп күлсін әрбір жүз!».

«Иә, аға! Ай бар, Аспан бар!
Ақ сүттей Айдың нұры бар.
Жүректе ән бар, дастан бар,
Нәп-нәзік жұмбақ сыры бар».

Тілегі неткен ізгі еді –
Сол шығар үні жүректің?!
Алаулап шыққан қыз демі
Жеткізді сырын тілектің.

Қас пенен қабақ ұғысты,
Сезімге қанша сәт керек.
Көпсініп сол бір тынысты
Шайқалып қалды көк терек.

Шайқалды терек, құлады.
Дүмпуге дүмпу жалғасты.
Көлбеңдеп ажал мұнары
Өңешке шеңгел жармасты.

Жанармен шарпып соңғы рет
Ұмтылып жігіт жөнелді.
Әлия көзі мөлдіреп,
Шырқады іштей өлеңді.
Оқ пенен отты сыналап,
Барады жігіт сұс тіге.
…Боздап бір келіп снаряд
Боздақтың түсті үстіне.

Боздап бір келіп снаряд
Боз тоңды бір-ақ қопарды…
Бозарған көздер сығалап,
Боздақсыз көрді апанды.

Боз тоңнан боздақ көрінбей,
Бозданып түтін бықсыды.
Боздақтың апан – көріндей!
Кеудеден өксік лықсыды.

«Ойпырмай!
Ойбай, не көрдім?!
Жұтты ма ажал боздақты-ай!
Тағдырға мынау не дермін?
Жанымды зармен боздатты-ай!

Аспан жоқ, Ай жоқ, Жұлдыз жоқ.
Ол өлсе, неге өлмеймін.
Меңіреу жетті, күндіз жоқ
Түн болып неге сөнбеймін».

Шыңғырған жаны кептер боп,
Шырқырап ұшып қаңғырды.
Күркіреп аспан кек тербеп,
Азалы шермен жаңғырды.

Шүрппеге саусақ қадалды.
Үш тартты –
Үш жау оққа ұшты.
Аялай іздеп адамды
Әлияның даусы көк құшты:

«Жерінем, соғыс!
Безінем!
Қыршынды жұтқан көмейлей.
Жүрердей мәңгі сезіп ем,
Ол өлмей
және мен өлмей.

Сыйдырып жалғыз қауызға,
Өмірді дертпен ластаған,
Лағынет болсын жауызға
Соғысты мынау бастаған!».

Еңбектеп жетті апанға,
Еңкейіп төмен үңілді.
Көз жасын төкті апанға
Жалмаған боздақ ғұмырды.

Аспан тұр аспан күрсініп,
Бұлттарды түйдек өркештеп.
Әлия жатыр тұншығып,
Қолымен жерді төмпештеп.

«Қайдасың, жаным, боздағым,
Шынымен тастап кеттің бе?..
Өксідім,
зарлап боздадым,
Жас дәурен, бізден өттің бе?

Іздесем көктен табам ба,
Қара жер, кімді жұттың сен?
Ай, жұлдыз! Кектен маған да
Тірліктен мынау тіксінсем».

Сырғанап түсіп жиектен,
Саусақпен құмды тырнады.
Табылар деген ниетпен
Денесі…
дене жұрнағы…

Саусақта сәтке дамыл жоқ.
Жігіттен титтей жоқ белгі.
Алаулы жүрек жалын боп
Күл болып ұшып кеткен-ді…

Ұрандап тұрған үн қырда
«Уралап» барып тыйылды…
…Қылт еткен Күннен шұңқырға
Қып-қызыл бояу құйылды.

Шұңқырға шуақ құйылды,
Қып-қызыл қанның түсіндей.
Бір уыс боп қыз түйілді!
Орната салған мүсіндей.

«Мынау не – қан ба,
шуақ па?
Азамат қайда?
Тән қайда?
Тіршілік атты бұлаққа
Ән болып нәрі тамбай ма?

Боз таңда боз шық тұнғанда,
Жарқ етіп енді келмей ме?
Боздақтар көзін жұмғанда,
Жарық Күн қоса сөнбей ме?

Бозарып атқан таң мынау
Боздақтың ұрлап елесін.
Арман-ай, зарлап қалдым-ау,
Қолымнан қоймай денесін».

Ып-ыстық жастар домалап,
Қап-қара жерді суарды.
Кеудесін шері қамалап,
Жалындап кекті шығарды.

«Жо-жо-жоқ!
Жүрек бұлқынып,
Дабылын кектің қағады!
Зіркілдеп таулар сілкініп,
Өзендер теріс ағады!

Оқ сеуіп қайың, талымен
Шулайды Тверь орманы!
Кеудемде қалған әнімен
Жүреді алда арманы!

Қанымда қыз-қыз шоқ-қайғы.
Қатаям,
қайта сілкінем!
Отаны, елі жоқтайды
Ұрланған сәби күлкімен.

Азасын алам ананың,
Өртенген қала село мен.
Назасын тау мен даланың
Оқ қылып атам санамен.

Жайнасын тағы кең Әлем,
Тіршілік үшін атшы Таң!
Бұлқынтып Ловать,
Нева мен
Қобданың суын шапшытам!

Ол күткен бейбіт бақ күнді
Әкеліп байтақ еліме,
Шашу ғып шашып ақ нұрды,
Ұшырам Әнін көгіне.

Жо-жо-жоқ! Жігер, жасыма!
Масайрап фашист кетпесін.
Кек пенен отқа қосыла,
Жасын боп тілем Көк төсін!

Қазағым, халқым,
ел – анам,
Қызым деп сүйсе мені шын.
Қырғи боп тиіп кек алам,
Боздағым, жаным,
Сен үшін!

Дабылдың үні келмейді.
Аттан мен айқас тынған ба?..
…Жарық Күн неге сөнбейді?..
Боздақтар көзін жұмғанда…».

***
Тағы да мұз жамылды көлде, міне
Ызғырық араласты жел деміне.
Ақ қардан перде тұтып айналаға
Он бес күн жаңа жылдың енгеніне.

Жел тұрып, ұйытқып, шарпып, боран үдеп,
Окопты құйынымен орады кеп.
Теректер шарт-шұрт сынып сарнағанда,
Қап-қара бұлтыменен қонады көк.

Қап-қара түнегімен орнады аспан,
Боранның кантатасы – хорға ұласқан.
Жел зулап, орман шулап Әлияның
Жүрегі шайлықты ма қарбаластан.

Сөз бе екен табиғаттың дүрліккені,
Бәрібір үзілмейді тірлік демі.
Қара аспан қара жерге құласа да,
Көңілінің жаба алмайды түңліктерін.

Бұл боран – досы шығар құйындаған.
Жан бар ма туған жерге сыйынбаған.
Тер бар ма кекке сыйып жиылмаған,
Шер бар ма көкірекке құйылмаған?

Бұл боран – тілектесі, шын тілегі,
Жарқ етіп aшылады түн түнегі.
Елінің дүлейімен,
дауылымен
Дүрсілдеп соғып тұрар бір жүрегі.

Апырай!
Дала! Боран! – Егіз бе еді…
Жүрегі сол дауылды неге іздеді?
Жас ғұмыр от пен оқтың ортасында
Қайықтай емес пе еді теңіздегі.

Аялап қорғаштамаc жас ғұмырды,
Кек болып алқымыңа жас тығылды.
Еткенше жермен жексен зұлым жауды
Ойламаc жас отауды,
басқа ұғымды…

Софы Сматаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Кәмила

    Иә, Әлиядай қас батыр қыз қайда. Жынысқа, тапқа, руға бөлу ақымақтың ісі. Арлы, ер жүрек қыздар болған. Сондықтан ғой көпке топырақ шашпа дейтініміз.Өлең жақсы жазылған.Рас уылжыған жас, ер мінезді қыз баланың егде, ақыл тоқтатқан адамдарша ойлауы енді суреткер еңбегі болар. Әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі өрімдей қыздың даусы нәзік болмысына сай келмегені болмаса мінсіз шыққан-тын. Әрбір шебер осыны ескергені дұрыс.Кино өнерінде болсын, өлеңде болсын.Қайткен күнде де Отан қорғаған қыз қас батыр, мерген болып шықты-елін қорғады.Қазақ қыздарының жақсы атағын шығарып, оларға өшпес үлгі болды.Тым көрікті, жас, бекзат болмысты қыз еді.Қанша жерден батыр болғанымен жаны нәзік осыған сәйкес, әлгінде ғана шайқасып жүрген жақсы жігітті қолдан қою үшін жерден іздеуі қисынсыз.Алдағы уақытта ескерерсіздер. Сосын бұл батыр қызымыз жан досы-жайсаң жігіт үшін емес, Отан деген қастерлі ұғым үшін ел қорғауға белді бекем буып, жас жүрегін кек кернеп аттанды. Осыған екпін қойған лазым, шырақтарым.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.