Шеге (әңгіме)

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 

– Әкесіне не деп естіртеміз. Өзі сабақты беске оқып, алтын медальмен бітірейін деп отырған қыз екен…
– Қайдам, – деді әкесінің інісі.
– Өзі сол күні көңілді жүріпті. Алтын медальға бітіретін жалғыз үміткер де сол екен.
– Не де болса естіртеміз…
Қызы асылып өлген күні жамағайын жиылып барып әке-шешесін жаманатпен хабардар етті. Әкесі түк болмағандай, бәрін алдын ала біліп жүргендей жайбарақаттық танытты. Қызын жуып, қара жердің қойнына берерде ғана ше­шесі есеңгіреп: «қызымды ешқайда бер­мей­мін» деп өз-өзінен сөйлей бастады. Сон­да ғана ауылдың үлкен-кішісі «бұл да Ал­ланың пешенеге жазғаны, жазмыштан оз­мыш жоқ, мұнан басқа Құдай берген тоғыз перзентің бар, солар аман болсын» деп елудің бел ортасындағы жігітті жел сөз айтып жұбатқанмен, тұңғышынан айы­рылған әкенің алабұртып тұрғаны ай­дан анық болды. Ағайыны басу айтып, ың­­ғайға көнсе ырқына көндіргісі келді. Бірақ өлімді ешкімнің басына салмасын, сөз айту оңай, соның орнында өздері болса қайтер еді деп, Байқоңырда жүріп басалқы айтуға тырысты бәрі де.
Ауыл шетіндегі тама-тарақтының оқшаулау моласына қарай жол шеккенде де әкесі ештеңе сездірмей жырақ жүрді. Елден шыққан айтары бар атышулы жалғыз қожа құран бағыштап, қызын қара жердің қойнына тапсырып келе жатқанда тұңғиық ойға шомып:
– Осы біз Самалды қайда тастап бара жатырмыз, – деді қожаға қарап.
Қожекең жалт қарады да, тезірек көзден таса болуға тырысты. Молдекең  әкесіне қарап мегзеп еді, өйткені тоқ етер сөзді айтатын да әкесі ғой.
– Үйдің қабырғасына бір шеге қа­ғайық. Босаға мұнан былай берік бол­сын…
Әкесі мәнзүр қылмады.  Ештеңе­ге қарамай есеңгіреп тұр. Өлімнің осындай заңы бар екен. Арты берік болсын деп, өлімнің иесі ғой деп, әкесіне зіл тастай қарап еді, сөйтсе ол да дел-сал күй кешіп, өз-өзінен алабұртып жүр. Інілері бұл сөздің мән-мағынасын түсінбеді. Ағайын бол­са, не болғанын білмей астан-­кес­тен. Өйткені Байқоңыр түгел Мәскеуге ба­ғынған, таңертең Мәскеудің Әнұраның айтып оянып, балалар тізіліп тұрып ән шырқағанына мәз, ішінара Мәскеуде оқып, сол жаққа табан тірегені олар үшін жетістік. Өзі болса Мәскеудің Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, баласын сонда да Мәскеу маңына жолатқан жоқ. Енді, Байқоңыр түгел сол аймақта, Гагариннен кейін шетелдіктер де Көкке самғап жатыр, о жақта тек қазаққа ғана ешқандай еркіндік жоқ секілді. Әке-шешесінің асау көңілі мен терең тұңғиық сезімін Кеулімжай қарындасы топырақ жамылғалы бері жан дүниесімен сезініп жүр. Әкесі болса біртүрлі делқұлы күйде, тіпті анау елдегі ағайындар да түгел келген жоқ, олар келу үшін бұл жерге кіретін арнайы құжат керек екен; қарындасы өлмек түгілі Гагарин сұлу күлкісімен қайтып келіпті десе де, бұлардың ешкімді елге жіберетін ыңғайы жоқ секілді.
Жетісін бергесін Кеулімжай әкесіне: «Қырқын адам сияқты жөндеп өткізейік, ел-жұрттың алдында еңсеміз биік болсын» деді. Ар жағында қарындасының алдындағы өтелмеген парызы тұрды. Оның ар жағында жүз күндігі. Қазақ үшін бұның бәрі күңкілі көп пенделік парыз. Ал бұл аймақта түн баласына мұнай мен уран тасып арлы-берлі ағылған машинаға бір тыным жоқ. Оның зиянын ешкім айтпайды, келіп жатқан пайдасы шаш етектен, – дейді. Байқоңырдың есігі әманда ашық, әсіресе, түн баласына дамыл жоқ. Бірақ өз қалауы бар есіктің өздерінше ашылар нүктесі бар, басып қалсаң ашылып, басып қалсаң жабылып, сұлу Сырдың бойындағы сырбаз нүктелер адамды емес, темірді тауып, тілді өзгенің ырқына көндіріп, ақшасы төленген аймақтың айтқаны болып жатыр. Осының бәрі қарындасы о дүниелік болғалы Кеулімжайды қиялдың тұңғиығына салды. Анасы төрт бүктеліп, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген қызын жер қойнына бергелі тілден қалды. Әкесі төрт-бес адамға ас берді, оның да үш-төртеуі орыс. Енді қалған он-он бір айда дұрыстап зейнетке шығуды  ойлағаннан басқа әкесінде бөтен ой да жоқ, Кәулімжай болса қалған өміріміз осылай созылып кете берер ме екен деп, аңтарылып көк аспанға көз тіге бір қарады. Ғарышқа осы жерден Гагарин ұшты, ұзамай Терешкова әйел басымен әлемді таңғалдырды, арасында шетелден қосылып, қазақтың жан дүниесін аулағандары қаншама. Кеулімжай осы жерде қалалық атқару комитетінде нұсқаушы, тілден де, ділден де алдына жан салмайды, тек қарындасы жер қойнына кеткелі көңілі босап, жан-дүниесі шәу тартып жүр. Жеңілдігі бар аймақ дегенде алдына жан салмайды, осыны алға тартып шал мен кемпірді елден шақырып, Құран оқыту керек қой деп ойлаған сайын алпыс екі тамыры зуылдап, жан дүниесі алабұртып кетеді. Анасы қызының күйігін көтере алмай еңсесі түссе, әкесі еркектікке салып, енді ғана өз-өзіне келе жатқан сыңайы бар, артында қалған құрсақтан шыққан тоғыз перзенттің қамы оларды ойландырып, қиял күйігін қоздырмайды дейсің бе?
Қарындасы дәрігер болам дейтін. Сөйтіп жүріп, қалай өз-өзіне қол салғаны түсініксіз. Кеулімжай осыны еске алғанда «енді жақсының артын ойлайықшы» дейді дел-сал күйге түсіп.
– Сол, Шиелідегі ағамның үйіне ба­рып оқимын дегенде, сіз ғой жібермеген…
Әкесі жалт қарады.
– Байқоңырдың жеңілдігі жетеді ғой…
– Не жеңілдік жасап отыр?..
– Сөзді көбейтпе…
Әкенің сөзі балаға заң.
Өкімет нұсқауы халыққа уәж.
Қыздың қырқын берер тұста тағы бір ғарышкер ұшып, бұл аймаққа бөгде ешкімді  кіргізбейтін болыпты. «Қайтсем де өткіземін» деді Кеулімжай.
– Топырақ сала алмаған ағайын-тума бар емес пе? Солар келмей ме екен? – деп серт бергендей болды тетелес інісі.
Ең кіші інісі болса тамылжытып Әнұран айтқанына  мәз. Әпкелерінің өмірден озып кеткеніне жандары түршігер емес. Осылар бардың кадірін біле бермейді, тек Гагариннің қола мүсінін күніне бір айналып өтсе болғаны. Мектептері де соның атында. Тарих та, топырақ та, елдегі ежіктеп үйренер әріп те түгел солардың атында.
Кеулімжайда қыжыл бар. Қарын­да­сының қырқын өткізіп, Құран бағыштау мой­нындағы міндет секілді. Елден келген ағайын-туманы басына апару – парыз. Басына барғанда солар көз жасын тия алар ма екен. Ең алдында тұрған еңсесі биік еркек кіндік те өзі. Әкесінен қайран жоқ, бар-жоғы белгісіз, бір қарап қояды да, еңсесі түсіп, ертеңгі күнін ойлайды. Перзентіңнен айырылуды Құдай пешенеңе жазбасын. Кеулімжай жас та болса осыны бір еске алды. Ар жақтағы қыжыл сауатты жігітті ширықтырып, айналасына көз салдырып, сақтандыра түскендей.

***

Дәл қырқын берген күні көңілді жүрді. Көз алдына қарындасының бейнесі арлы-берлі көлеңдей берді. Ақ бантик таққан бейнесі жалт-жұлт етіп қол бұлғап келді де: «Ой, ол маған риза ғой, амандық болса әлі жақсылап өткізесіңдер ғой» дейді күлімсіреп. Бір апта қалғанда қалалық атқару  комитетінің төрағасы – өзінің тікелей басшысы біраз нәрсе бөлмекші болды; пәлен келі күріш, ірімшік, кәмпит, орыстың ақ арағы дегендей; өзі соның қарауында істегесін айтқанын екі етпей көне берді. Арағын ішпесе де ішкендей көңілді жүрді. Шешесі де: «Риза болсын, қызымның қарны тоқ жатсын, бәріміздің барар жеріміз сол ғой» деді.
Әкесі болса: «Ғарышкер ұшатын кездері қалалық аймаққа ешкімді кіргізбейді екен» деді үрейленіп. Оттамасын! – деді Кеулімжай ызаланып. – Осы топырақта өлген қазақ атаусыз қалмайды. Бұл – ата салты, біз осы жердің иесіміз».
– Сол жерді жалға алып отырмыз ғой, – деді әкесі. – Сол жерден зейнетке шығайын деп отырмыз, – деп тағы да нықтап қосып қойды.
– Қызың сол жерде дарға асылып отыр ғой…
– Не дедің?..
– Не есіттіңіз?..
Әкесі де, баласы да қатты кетті.
Әкесінің бұрынғыдай емес, көңілі пәс, салы суға кетіп жүр.
Баласы есікті теуіп ашып, ілгері кетті.
Әкесі кері шықты.
Кеулімжай қалалық атқару коми­тетінің төрағасына именбей тура кірді. Төраға құс тұмсықты, орысшаға мықты болғанмен қазақша сөйлегісі кеп алабұртып тұратын қазақ жігіттің қызарып кеткен көзіне, шұғыл құжаты болмаса да рұқсат қағазсыз кіріп келген кейпіне таңғала қарап:
– Жай ма? – деді.
– Сіз менің қарындасымның өмірден қалай қайтқанын білесіз ғой? – деді қайтара сауал қойып.
– Қалада ешқандай да абыр-дабырға жол жоқ. Ғарышкер ұшып болғанша…
– Біз жерімізді жалдап отырған жоқ­пыз ба? Мен жердің астындағы қа­рындасыма «қырқың өтетін күні ғарыш­кер ұшатын еді» деп молда жіберейін бе?
– Кімді жіберсең, оны жібер…
– Не дедің?
– Не естідің?
Мәскеудің Денешынықтыру инс­титутын бітіріп, қарауында нұс­қау­шы боп жүрген қазақ жігітінің сұңғақ денесі  серпіліп, өзіне қарай ұмтыл­ғанын анық байқады, басқасы есінде жоқ. Сол кезде жұмсақ крес­ло­дағы шенеунік жерге  сылқ түсіп, қалы кілем қып-қызыл қанға  боялды.
Кеулімжай жайбарақат  бөлме­ден шығып жүре берді…
Тергеуші жауап алғанда қабыл­дау бөлмесіндегі хатшы қыз: «Нұсқаушы бөлмеден көңілді шық­ты» деп жауап берді.
Ертең ғарышкер ұшады.
Қалы кілемнің үстінде есінен танған төрағаны етпеттеп жатқан күйі тергеуші шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп алды.
Хатшы қыз берген жауабынан танбады. «Ол көңілді шықты» дегенмен, «Сол күні кешке нұсқаушы сәмбі талға кендір жіп байлап асылып қалды» деген тағы бір суық хабар Байқоңыр теледидарын тосын жаңалықпен толықтырды.
Бұның жаназасын да айтары бар айтулы жалғыз Қожа шығарды. Жуар кезде:
– Әкесі сіз ғой, – деді жан-жағына жалтақтай қарап.
– Иә, мен…
– Өткенде де шеге қақ деп базына айтып ем. Айту парыз, орындау өз еркіңізде. Ер-азамат қой, берік болсын деп едім. Өзіңіз білесіз… – деп, жаназашыға тиесілі мұнтаздай таза киім-кешекке қиыла көз салды.
Осы сәт қырық күнде екі бірдей перзентінен айырылып, ішін басып бүктүсіп қалған құмды аймақтағы кейуана атылып барып, көне жиһаздың ішін арлы-берлі ақтарып, бір сойдиған жүздік шегені тауып ап, нән балғаны қолға алған күйі өз үйінің қақ маңдайшасына тарсылдатып қаға бастады. Жүздік шегені сіңіріп қағып, артына жалт бұрылып қарағанда, қағанағын жарып шыққан сегіз перзенті еңіреп жылап:
– Апа-ау, Кеулімжайды да көмеміз бе? – деді бетіне тура қарап.
Оны әкеңнен сұра, – деді анасы есеңгіреп.
«Қазақтар сол маңға тағы біреуді көмгелі жатыр. Бүгін емес, ертең – бесін ауғасын…». Бұл маңда қауесет жатпайды. Адам ұшып болғасын Адам көму де дәстүрге айналған. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Мәтелдің де мәні кете бас­тады. Шеге қаққан шешенің ырымынан не шығар екен? Ол қайбір жетіскеннен шеге қағып жүр дейсің…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.