Үш тілді еркін меңгерген

Қазақта «көңіл – көңілден су ішеді» деген сөз бар. Оны әркім өзінше түсінеді. Біріншіден, адамның жан жүрегі таза айна сияқты, әуелден мөлдір болмақ. Екінші мағынасы, пікірлескен екі адам жарасымды да мәнді әңгімеден кейін рухани дүниесі байып, кісінің жаны семіріп, көңілі толады. Осы кейінгі мағына ұстаз бен шәкірт арасын жалғайтын білім деген дарияны меңзеп тұрғандай. Жылдар бойы сандаған шәкірт сусындау үшін ол дарияның арнасы кең, тереңдігі тұңғиық болуы тиіс.

Ұстаз қашан да шәкіртіне жаңа мәліметтер беріп, оның пәнге деген қызығушылығын арттырып, оны үнемі алға тарта білуі шарт. Демек, шалқар дарияға баланатын білім атты теңіздің қашан да ортаймай толыға беруі Ұстаз деген ұлы есімге тікелей байланысты болмақ! Осы тұста ХХ ғасырдың басындағы ұлт көсемдерінің бірі – Әлихан Бөкейхановтың «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі ойға түседі. «Жақсы мінез – адамның қорғаны» деген халық даналығының да орынды айтылғандығын Қазақстан ғылымы мен білім саласында өзіндік ерекше орны бар талантты ұстаз Таңат Тәңірбердіқызының жүріс-тұрысына, болмыс-бітіміне қарап мойындаймыз. Себебі бастауын бала күннен алатын талапшылдық пен адамдарға деген құрмет және ғылымға адалдық Таңат Тәңірбердіқызының өмірлік кредосына айналғандай. Шәкірт болып ұстазын құрметтей білген, перзент болып ата-анасын қадірлей білген, адал жар болып жұбайын қастерлей білген Таңат апайдың айналасында әлі күнге ортасын толтырып, көңілін марқайтып жүретін армандас құрдастары мен жасының үлкен-кішілігіне қарамай достықты жоғары қоятын сыйлас-замандастары – бүгінгі мерейтой иесінің дарқан көңілі мен таза жүрегіне шын іңкәр адамдар.
Бүгінде 70-80-нен асып, 90-ға толып жатқан аға-апаларымыздың том-том еңбектеріне қарап шын мәнінде тәнті боламыз. Олардың жеке өмірі мен ғылым-білім саласында бірдей жетістіктерге жетуі бір жағынан, тектілік деген ұғымға, екінші жағынан, үздіксіз, тынымсыз еңбекке байланысты болса керек. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғылым-білім саласында жемісті еңбек етіп, әріптестері мен шәкірттерінің ілтипатына бөленіп жүрген Таңат Тәңірбердіқызы – бірнеше тілді қатар меңгерген, өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя білетін талантты ұстаз. Ғалымның еңбектері елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де жоғары бағаланып, тіл үйрету тәжірибесінде кеңінен қолданылып келеді. 300-ге жуық ғылыми еңбек жазып, ол еңбектері халық игілігіне айналып үлгерген әдіскер маманға шәкірттерінің де алғысы шексіз.
Ана тілі арқылы он сегіз мың ғалам жөніндегі алғашқы ұғым-түсініктері қалыптасса, орыс тілін білу арқылы ол негіз нығайтылып, жаңаша деректермен толыға түсті. Ал ағылшын тілі арқылы зерттеуші әлемдік өркениет көшіне ілесті. Демек, ғалым-ұстаздың бүгінгі биікке көтерілуіне ең алдымен, оның көптілді тұлға екендігі негіз болды. Яғни тіл шын мәнінде дүниені танудың, білім алудың алтын тұғыры болып отыр. Бұл жерде бүкіл тіршілік иелерінің ішінен адам баласына ғана тарту етілген тілдің аса киелі дүние екендігіне тағы да бір көз жеткіземіз.
Жалпы дүниежүзінде көшбасшы рөлін атқарып отырған ағылшын тіліне мыңдаған ғалым өз зерттеулерін арнауда. Ал әлемдік озық тәжірибеден іріктеліп алынған, жаңаша сапада жазылған оқулықтардың ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қанат жаюы үшін қажеттілігі даусыз. Осындай заманауи қажеттілікке сай еңбектер жазып, төл тіліміздің игілігіне қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Үш тілді қатар меңгерген дарын иесі Таңат Тәңірбердіқызы аталмыш міндетті абыроймен атқарып жүрген санаулы ғалымдардың бірі және бірегейі. Бұлай дейтініміз, Таңат Тәңірбердіқызы – «жеті жұрттың тілін білген» адамның өзгелерден оқ бойы озық тұратынын ісімен дәлелдеген білім иесі. Оның шетелге шығып, халықаралық деңгейде танылғандығы еліміз үшін үлкен мақтаныш. Мәселен, 1991 жылы Аризона университетінің студенттеріне қазақ тілінен сабақ беріп, сол университеттің филолог студенттеріне «Ағылшын тілі тарихынан» профессор Айснермен бірге корпоративті дәріс оқуының нәтижесі ретінде «Learn Kazakh through 200 sentence Models» (Қазақ тілі, 1993), «Kazakh Textbook»  (2002) атты деңгейлік оқулығы Конгрестер кітапханасында тіркеліп басылып шықты. Бүгінде бұл оқулық әлемнің 70 елінің білім беру саласында қолданылады. Бұл оқулықтар – қазақ тілін алғаш рет әлемдік деңгейге көтерген, қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін дүниежүзіне танытқан, тіл үйренуші талапкерді қазақша сөйлететін құнды еңбектер.
Адам баласы ғұмырының жартысынан көп бөлігін жұмыс орнында өткізеді десек, Таңат Тәңірберді­қызының ғылыми ортада да, өзі еңбек ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымында да орны ерекше. Себебі, әріптестерінің бірін құрбысындай сыйласа, бірін сіңлісіндей жақын тартатын бауырмал мінезі Таңат апайдың айрықша кісілік бейнесін айқындай түседі. Ал білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап әрбір шәкіртті туған баласындай тәрбиелейтін жанашыр ұстаздың қамқорлығы оның студенттер арасында да ерекше сый-құрметке бөленуінің бір кепілі болғандай. Әр дәрісінде шәкірттерінің санасына сәуле түсіріп, білімін еселей түсуге өзіндік үлесін қосуға тырысатын ізденімпаздық пен жаңашылдық қасиеттері Таңат апайдың бойында әлі күнге дейін кәсібіне деген қызығушылықтың ортаймағанын көрсетеді.
Бүгінгі мақала кейіпкеріне қарап ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мынадай өлең жолдары еске түседі:
Жүгенсіз асау өмірдің
Жалына мықтап жабысып,
Жарысар жерде жарысып,
Жұртыңның қорғап намысын,
Халқыңмен бірге қауышып,
He жетсін өмір сүргенге!..
Осы сөздердің астарына үңілсек, біздің жағдайымызда ұстаздық қызмет жүгенсіз асау іспеттес. Әсіресе, тіл майданына қарусыз кірген жауынгердің халі мүшкіл екені аян. Оған тәуекел еткен адамның бес қаруы сай болуы тиіс. Батырдың бес қаруы: найза, қылыш, семсер, қанжар, айбалта болса, педагогтің бес қаруы – ұстамды мінез бен ашуды жеңер ақыл, жанға жылы мейірім мен талапшылдық және терең білім болмақ. Таңат Тәңірбердіқызы – осы бес қаруын сайлап алған ұлағатты ұстаз. Оның еңбекқорлығы мен іскерлігіне күн сайын куә болып жүрген біз апайды терең білім мен парасат иесі ретінде танимыз. Ал талай жылғы ұстаздық тәжірибесінің нәтижесі жүзге жуық оқу құралы мен оқулықтары, бірнеше монографиясы мен ғылыми мақалалары түрінде оқу үрдісінде үздіксіз қолданылып келеді. Ана тілінің намысын ту етіп желбірете білген Таңат Тәңірбердіқызына әрдайым қасиетті тіліміздің киесі қорған болсын демекпіз!

Қалбике Есенова,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Жалпы тіл білімі кафедрасының
меңгерушісі филология ғылымының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.