Орыс келін (әңгіме)

Баян БОЛАТХАНОВА

 

Оны алдымен қызы жолық­тыр­ды. Гүлнәр мен Жексен тұратын көп қабатты үйдің дәлізін жуып, тазалайтын. Отыздың ішіндегі сұңғақ келген, таразы денелі, ақсары өңді, биязы мінезді орыс келіншегінің сыртынан қарап-ақ бейәдеп әдеттерден аулақ жан екенін аңғаруға болады. Киімі жұпыны болса да тап-тұйнақтай. Қолына резеңке қолғап киіп, су толы шелегін, еден жуатын шүберегі мен сүйреткішін көтеріп, бес қабат үйдің әр баспалдағын мұқият жуып шығып, дәліздегі терезелерді де айнадай жарқырата сүртіп қоятын, қабырғаларға шаң жуытпайтын еден жуушыға Гүлнәр ойда жоқта «Генерал» келе жатыр деген хабар жеткен соң шарасыздықтан, үйелмелі-сүйелмелі үш кішкене бөпесін қарасып, үйін жинап алуға қол ұшын беруге өтініш жасаған. Мұның алдында да үйіне кіріп-шыққанда ананы-мынаны сөйлесіп, тілдесіп қоятын Гүлнәрдің ұсынысына Нина да қарсы бола қоймады. Өзара келісіп, еңбекақыңды төлеймін дегені тағы бар, екі қолға бір жұмыс, оның үстіне нәзіктігіне қарамай үш баланы қатар-қатар тапқан, қашан көрсең бір қолына бала, бір қолына арба сүйреп, оған қоса қалта-қалта ауқат арқалап жүретін Гуляжанға еден жуушы Нинаның да шын жаны ашитын.
– Жарайды, көмектесейін, – деді ол сөзге келместен. – Тек үйіме телефон шалып, «Сәл кешірек келемін, – деп ескертіп қояйын.
– Біздің үйдегі жай телефоннан хабарласарсың, – деп Гүлнәр Нинаны бесінші қабаттағы пәтеріне ертіп кірді.
– Өз үйіңдей көр, мен де қолымнан келгенінше бір шетінен бітіре беремін ғой, Ниночка. Екеулеп жинап тастайық. Әйтпесе, әлгі қызыл көз «Генерал» келгенде барлық ыдыс-аяқ айнадай жарқырап, үйдің іші тап-тұйнақтай боп тұрмаса, әңгір таяқ ойнатады. Мұндай шыдамсыз адамды тұңғыш көруім. Нені болса да айтқызбай істеп, ашуының алдын алып отырмаса, болмайды. Қайдан, неден жазып қалғанымды білмей қаламын, – деді Гүлнәр.
– Олай болса, терезелерді жуып, тұсқағаз жапсырған қабырғаларды дымқыл шүберекпен сүртіп алайық. Алдымен қонақ бөлмесінен бастайық, – деді Нина мән-жайға қаныққан соң. Осылай деп ол іске кірісіп те кетті.
Гүлнәр қазан, кәстрөл, таба, шәугім, шәйнек, қойшы әйтеуір, ұстап жүрген ыдыс-аяқтарын түгел үлкен астауға желім салып қайнатып, жарқыратып тазартып жатыр. Ертең енесінің таң азаннан пойыздан түсіп, бірден осында келетінін ойласа, қимылын бұрынғыдан да шапшаңдата түседі. Мұздатқышты әлгінде электр желісінен суырып қойған. Ішіндегі тағамдарды ас үйдің ортасында тұрған үстел үстіне иін тірестіре қойды да, мұздатқыш сөрелерін жуып, дымқыл шүберекпен сүртіп алды. Газдың бетін де, шкафтарды да мұқият тазартып шықты. Екі-үш күн бұрын ғана тазалық шараларын бірсыпыра атқарған еді. Соған қарамастан, қолдары қалтырап жүріп, қолына түскен ыдыстың бәрін жуып, тазалап, дүкеннен жаңа әкелгендей жылтыратып қойды.
Іштей: «Тағы да бір нәрсеге ілініспей, «отырсам – опақ, тұрсам – сопақ» болмай, аман-есен тарқасақ екен»  деп бір Аллаға жалбарынды. Қай бала жылап-сықтамай отырушы еді. Балаларға арналған бөлмеден алдымен емшектегі сәбиі Іңкәрдің іңгәлаған даусы естілді. Байғұс бала емшек сүтіне тоймай, қарны ашып жылайды. Гүлнәр енді бәрін қойып, бөпесін уатып әлек.
– Айналайын, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама
Жылағаның бола ма?
Торсық шеке бүлдіршін өлең тыңдайтын емес. Анасының көкірегіне басын қойып, әлденені іздеп, кішкене еріндері бұртиып кетіпті. «Ойпырым-ай, не істесем екен? Қоспасына бүгін тойдыруын тойдырамын-ау, ертең қайтемін? Енем, Іңкәрді қолдан тамақтандырып жүргенімді көрсе, Әлихан мен Айқаракөзді де емізіп жарытпаған едің, енді Іңкәрға да соны жасап жатырсың ба?» деп айқайға басады-ау, – деп қамықты. Экологияның әсері ме, міне, үш бөпесінде де сүті мардымсыз ғана, жоқтан бар боп шықты.
Тұңғышы Әлиханды босанғаннан кейін анарына ана сүті бірден келе қоймады. Оның үстіне анарының ұшы доғалдау екен. Тұмса келіншектің бала емізуге ебі болмайды ғой. Қарны ашып, сүт іздеп жылаған нәрестемен бірге «Генералдың» жан даусы қосыла шығады.
– Кім сүтті қызын береді дейсің, ойбай. Міне, көрген күніміз осы енді, бір шарананы шырылдатып қойып, дым білмегендей отырғанымызды қарашы. Балама қиын болатын болды ғой, Құдайдың тегін сүтін жұтатып, енді дүкеннен сүт тасытатын болды. Оны да қып-қызыл ақшаға сатып алмай ма? Өзі «безотцовщина» болғанымен қоймай, қарашы енді жұрттың келіндері ғұрлы ағыл-тегіл, егін-тегін сүті де жоқ.
Енесі қайдағы-жайдағының бәрін жиып-теріп, әй, біраз сапырды дейсің. Жаңа түскен жас келін, «енесінің айтуынша өзі сүтсіз келін», өзі әкесі шешесін тастап, басқа қатын алып кеткен «тірі жетім келін» талдырмаш денесі иіліп, бір-ақ шөкім боп шөгіп, бөпесін құшақтап, жөргегіне орап жүріп, мұның туған жанұясын жерден алып, жерге салып жәбірлеген, өзін адам еткісіз еткен сөздерге шыдай алмай, тұншығып жылайды. Әкесі қатын алып кетсе, анасы бар емес пе?! Шешесі сіңлісі екеуін ешкімнен кем қылмай өсірді. Бір кісідей жоғары оқу орындарын тәмамдады. Кімнен кем бұлар? Қаланың қақ ортасында үйлері бар. Менің көргенімді көрмесін деп анасы тентіреп жүріп, сауда жасап, баласының үлкені бұған екі бөлмелі үй алып берген. Шынын айтқанда, бұларда ешқандай дау-дамай шығатындай мәселе жоқ еді. Жастардың бақытсыз болатындай еш себебі жоқ-тын. Жақсылықтан жамандық табайын десе, табыла береді екен. Көре алмастың көзінен, ұзын тілдің сөзінен шыққан небір сыпсың сөздерді қоса бұрқыратып, сұп-сұр қатын, әй бір тулады дейсің.
«Мен баланы бүйтіп тапқан жоқпын, – дей ме? Сүтім ағыл-тегіл болды, балпанақтай боп ұйықтап жататын. Мына жағы қарысқыр неге жылайды. Кімді жұтайын? – деп жылайды? Көрдік қой әнеугүні, артыңнан әкелген киімдеріңнің ішінде қытайдың киім-кешегі қаптап жүр. Ұялғаным-ай елден. Шешең білдей бір кәсіпкермін, – деп шіренгенде мірдің оғындай, онысы несі, қытайдың тауарын қосып…». Қойшы, әйтеуір, сапырынды сөздердің арасында талай нәрсе айтылды.
Мұндай у-шуда қайдағы сүт, баласын еміреніп сүюді, июді үйрене қоймаған жас келін денесін бос салып, мейірімін төгіп, бөбегін емірене емізудің орнына, өз атына қарша бораған әділетсіз лағынеттерден берекесі ұшып, әбігерге түседі. Көмекейіне ащы жас кептеліп, «бүйтіп үй болғаны, бала тапқаны бар болсын, қандай ортаға тап болдым» деп көзі алақандай.
Тағдырына наразы боп егіл-тегілі шығып жылайды. Әрине, ол көз жасын есірік айқайға басқан енесіне көрсетпей, балаға деп бөлінген ішкергі бөлмеде, сәбиін құндақтап жүріп, ернін тістелеп, дыбысын шығармай, іштей егіліп барып, өксігін әзер басады.
Перзентханадан шыға салысымен шарананы бесікке салмай жатып, осындай айқайға басқан адуын енесі енді құдағиына, мұның анасына телефон шалды.
– Құдағи, бұл не сұмдық? Мына қызыңда сүт жоқ, понимаешь ли? Бос. Бір балаға ие бола алмай, жылатып… Мұның кесірінен енді қыруар ақша шығарып, менің балам сүт сатып әперетін болды мына жағы сембегірге.
– Құдай сақтасын. Сізге не болды сонша ренжіп, – деген анасының жайбарақат даусы естіледі тұтқаның ар жағынан, – Қазір келемін.
Іле-шала анасы жеткен аңқалаңдап, «Қайсы, кім ол, бәріңді әбігерге түсіріп жатқан? Әлихан ба? Хан болған соң қаһарлы болар. Соны да сөз дейсіздер ме? О не, айналайын, апасының аппағы-ау, неге жылайсың? – Әлди, бөпем, әлди-ай, әлди, әлди, әлди…».
«Іңгә, іңгә» деген дыбыс сап тыйылды. Сәби мұрны пышылдап, ұйқыға кеткен.
Бұны құдағи екен деп сыйлап, елеп-ескеріп жатпаған адуын әйелге, оның не айтып, не қойғанына көңіл аудармастан келіннің анасы кішкене шарананың асты-үстіне түсіп, өбектеп, бөпенің жайын ойлап, жөргегін жөндеп орап, кетер-кеткенше өзінше мәз. Қызына білген ақылын айтып, жұбатып әлек.
Гүлнәр анасының мінезіне бала күнінен қанық қой. Ол кісі ешқашан бірден ашу шақырмайды. Нені болса да елеп-екшеп, ақ-қарасын ажыратып барып, әбден шиеленісіп бара жатса ғана үн қосар еді. Адуын енесі мұны жылатып-сықтатса да, анасына ол тәсіл жүрмейтін. Керісінше, бұл құдағи ол құдағиға:
– Тәте-ау, оныңыз не, ашуыңызды ба­­сың­ыз. Бір тентекке өйтіп-бүйтіп сүт ­тауып берерміз. Тегі өзім ішпесем де осы­ған сүтті мен-ақ жеткізіп тұрайын. Жас не­ме қалай емізерін білмей жатқан шығар. Сү­ті қайтып кетсе, баладан бұрын өзі де қи­налады ғой. Уызын қатырмай, үрпінен сауып шығару керек, – деп Гүлнәрінің денсаулығын ойлап, ана көңіл шыр-пыры шыққан. Бұл жолы да басу айта сөйлеп, дау-дамайдың тігісін жатқызып бағуда.
Гүлнәр кеше кешкісін күйеуі жұмыстан келгенде: «Тұрмысқа бекер шыққан екенмін, бүйтіп балағат естігенше көзімді құртқаным жақсы ғой» деп мұңын шаққан еді. Соны құлағы шалып қалса керек, енесі енді келіннің анасына соны баса айтып: «Әліне қарамай кетем» дейді, – Безотцовщина, көргенсіз қызың. Қолынан түк келмейді. Торт пісіруді де үйренбепті. Жүрген ғой селтеңдеп, оқу-шоқу деп, тентіреп, менің қыздарым тортты жақсы пісіреді, – деп енді басқа бір әңгіменің шетін шығарды.
– Жас қой, әлі-ақ үйреніп кетер. Сіз боп, біз боп үйретпейміз бе, тәте. Өзімізше біздің үйдің пысығы осы. Қолымыздағы кәрі әжесін, үлкен құдағиыңызды күтіп, сіңлісіне қарап, мен жұмыстан келгенше үйді тап-тұйнақтай етіп жинап, дәмді тамақ істеп беретін. Кішкене күнінен қонақ шақырып, ырғалып-жырғалып отыруға менің жұмыстан көп қолым тие бермейтін. Торт та пісіріп үйренер, өрескел қателік емес қой. Баласын қырқынан шығарып, өзі де кішкене шираған соң, бар тірлігіңізге араласа жатар. Солай емес пе, алтыным, – деп мұның маңдайынан иіскеген анасының өзіне сәби кезінен таныс, оған ғана тән исі, аялы алақаны жас келіннің әлгінде ғана қара түнектеніп тұрған өміріне өзгеше шырай бергендей.
«Байғұс анам-ай, үйде жүргенде қадіріңді білдім бе, білмедім бе» деп лүпілдеді қызының бала жүрегі. «Тірі жүрсем, сізді ұялтпаспын. Айтқаныңызды істеймін». Өзі енді ғана аналық сезімді бастан кеше бастаған, өзі де әлі бала мінез жас ана өз анасын құшақтап бауы­рына тығылып, мауқын басып, көңілі де сабасына түскендей. Анасы қызымен оңаша қалғанда: «Үлкен кісі ғой, жүйкесі жұқарған, отағасы да жоқ жанында. Сен енеңнің анау-мынау деген сөзінің бәріне мән бере берме, қызым. Кешірімді бол, – «Кең болсаң, кем болмайсың» деп үйретті. Ең бастысы, сөз қайтарма. Басқа салған соң шыдайсың енді. Күйеуің екеуіңді біз қосқан жоқпыз. Бір-біріңді жақсы көріп-ақ үйленгенсіңдер. Ыстық-суықтарыңа да төзуге тиіссіңдер. Үй ішіндегі әңгімені сыртқа шығарушы болма. Жаман елдің қызына ұқсап, ұятқа қалдырма. Әлі-ақ үйренісіп кетесің. Ертең-ақ осының бәрін күліп әңгімелеп отырасың. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды». Жолдасың жақсы да, оны тапқан анасы жаман болып па? Көну керек, балапаным. Ақылды адамның ашуы бірінші басылады екен. Ашуыңды басып, осы үйдің адамы болып, сенімдерінен шығуға тырыс, – деп басу айтып бақты.
Анасының осы ниетінен бе, Гүлнәр да енесіне қанша өкпелесе де, қарсы сөйлеп, беттен алмауға тырысты. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегендей, келіні қарсы келіп, дау-дамайды үдетпеген соң «Генералдың» қарқыны да алғашқыдан бәсеңдей бастаған. Бірақ неше жыл өтсе де, ауру қалса да әдет қала ма? Өзінен басқа ешкімнің қимылына көңілі толмайды. Кез келген істен бүйректен сирақ шығарып, әйтеуір бір кемшілік таппай қоймайды-ау. «Әй, бүгін қайтер екен? Апамды «орыс келіні» екеуміз екеулеп жүріп, таңғалдырмасақ та, жуаситын халге жеттік-ау – деймін деп, Гүлнәр үміттенуін қоймайды.
Бекер обалы, қане, Нина ұлты орыс демесең, қазаққа бергісіз жан екен. Әпкелікке де, құрбылыққа да лайық. Артық сөзі жоқ. Адам жанын түсініп, құрақ ұшқан елгезектігіне, не айтқысы келгенін айтқызбай ұғып, жанына жалау боп, кәдімгідей қол ұшын бергеніне Гүлнәр шын риза.
Бірінен кейін бірі сәби сүйіп, балабасты боп отырған өзіне қамқор алақан, қандай жәрдем болса да осы кезде керек-ақ еді.
– Құрбым-ау, сен туғанда бекер қу­ан­­баған екенмін, – деп Гуляжан Нинаға жа­­­дырай сөйлеген екеуі үйдің бәрін ­жу­ып-тазалап, айнадай жалтыратып бол­ған соң бір пәске демалып, шай ішіп отырған сәттерінде енді-енді көңілі жайланып, жайбарақаттанғанын білдіріп, – Осы жолы «Генерал» келгенде тиісетін сылтау қалмай қалды ғой деймін. Рақмет, саған Ниночка. – Қайтейін, бұл үйге сіңу оңай болмай тұр. Анамның тілін алып, сабыр сақтап, үлкен кісінің ығына жығылғаным ғой. Әйтеуір, бір түсінер. Біздің енешка, сен сияқты орыс келіні барын білмейді-ау, өз келінімен қоса зыр жүгіріп, үй жинап жүрген… Осылай, – деп екі келіншек сықылықтай күлді. Бұл жастық дегенді қойсаңшы. «Жас келсе, іске» деп бекер айтпаған ғой. Жаңа әлгіндегі қарбаластың ізі де қалмаған. Тек кішкентайлардың у-шуынан басқаның бәрі тамаша. Балалы үй – базар. Олар да өзінше бір қауым ел. Томпаңдап ойнап жүр.
– Мүмкін, тағам мәзіріне де көмектесіп жіберерсің. Менің енем, жаңа тағам түрімен таңғалдырғанымды ұнатады. Жеңіл-желпі, өзің тез дайындайтын қандай дәмді білесің, есіңе түсіріп көрші?
– Біз бәлішті дәмді пісіреміз ғой. Үйренгің келсе, өз құпиямды үйретейін, – деп Нинажан әп-сәтте қолы қолына жұқпай, бір таба бәлішті де пісіріп тас­тады.
Ойы алдамаған екен. «Генерал» да, бұл жолы шаң-шұң шығармаған, еңбектері зая кетпеген сыңайлы…
Гүлнәр мен Нинаның осылай басталған қарым-қатынасы бұдан кейін де орны-орнымен жалғасып, қос келіншек талай шаруаны қосарласа жүріп жапырды. Кейбір мереке кезінде, қонақ шақырғанда Нинаға алдын ала хабарласып, анау-мынау жұмыстарды тапсыра қояды. Нина да уәдеге берік, келіскен уақытында келіп, кез келген шаруаның оңтайын келтіріп береді.
– Жалғыз ұлымның тәрбиесіне көбірек уақыт қала ма деп осындай кәсіпті таңдап жүрген өзім. Әйтпесе, негізгі мамандығым – медбике. Ауруханада ақшаны аз төлейді. Күні бойы жұмыста жүріп, тапқан-таянғаның ешнәрсеге жетпеген қиын екен. Жас баланың дені сау боп өсуі үшін де түрлі-түрлі, нәрлі, қуатты тамақпен ауқаттануға тиіс. Сабақтан тыс уақытта спорт үйірмелеріне, өзге де үйірмелерге баруы керек емес пе. Міне, сол үшін сегіз сағаттық жұмыс күнінен гөрі, реттемелі уақытпен жұмыс істегенді дұрыс көрдім, – дейді Нина.
Құрбысын «орыс келін» десе, дегендей-ақ екен. Гүлнәр Нинаның нағыз шығыс жігітіне шыққан жеңге екенін ес­ті­генде «Бәсе» деп ойлаған іштей бойы­нан біздің дәстүріміздің қылаң беретінін сезетін едім.
Нина оқуын бітіріп, қалалық ауру­ха­наға жұмысқа тұрады. Тағдырдың жазуымен курстас құрбысының жерлесі түрікмен жігітімен танысады. Жігіт Алматыға туыстарына қонаққа келсе де, еліне қайтарда «Мен үй ішіне барып, мән-жайды түсіндіріп, сені айттырып алуға келемін, күт» дейді. Тура кинодағыдай, өзара хат жазысып, хабарласып тұрған жастар, бір жылдан соң Алматыда интернационалдық үйлену тойын жасайды.
Жер жаннаты – Алматыдан алыстағы түрікмен қышлағына барып келін боп түсу әрине, Нинаға оңай болмаған көрінеді.
– Аңызақ ыстық. Ыстық жел құмды сапыра соғады. Ең бастысы, ол емес. Енем, көпбалалы әйел екен. Сығандар сияқты көбіне жұмысты әйелдері өздері істейді. Ерлер сауда-саттықпен айналысады. Жаздай бақшаларында піскен жеміс-жидек, көкөністерін базарға шығарып, қалған он шақты айда соны ішіп-жеумен айналысады. Тұрмысқа қырлары жоқ. Тақыр кедей, нашар тұрады. Көне алмадым. Әсіресе, күйеуімнің жұмыс істемейтіндігі күйдіріп жіберді…
Бізде басқаша ғой. Мен жұмыс істеуге үйренгенмін. Күйеуім де, өзім де жұмыс істеп, азды-көпті ақша тапсақ, ел қатарлы өмір сүрсек деймін. Міне, осыған келісе алмадық. Оларда басқа – түсінік, бізде – басқа. Осылайша жолымыз екіге айырылды, – деген Ниночка мұңая отырып. – Бірақ әлі үйленген жоқ…
– Кім біледі, ақылы кірер, ұл керек болса, жар керек болса, іздеп табар, – деп жұбатты Гүлнәр құрбысының көңілін аулап, – Расында да, кім біледі, Алла Тағалам берейін десе, желдеткіштен де береді емес пе? Сен бақытты болуға тиіссің. Қандай асыл азаматқа да жар болуға лайық жансың ғой. Жүзіңде иманың лыпып тұр. Кәпір деп кім айтады сені. Құдайға сенесің. Діндарлығыңның өзі талай жанға үлгі. «Әйелдің қырық шырағы бар» дейді бізде. Бірі өшсе, бірі жанады. «Генерал» енемнің «орыс келіні-ау», бағың ашылсын. Жалғыз ұлыңның қызығын көр…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.