Өнеге

Талай таланттарды талбесігінде тербетіп, өнердің өріне өрлеткен қасиетті де киелі атамекен – кең Нарында туып-өскен Аяпберген Мұханбетов отбасындағы он бір баланың (жеті ұл мен төрт қыз) үлкені, ата-анасының тұңғыш перзенті. Әкесі Сырым мен анасы Үміт екеуі де ұзақ жыл халық ағарту саласында еңбек етіп, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздар болатын. Оның үстіне, тоқсан жасқа келіп өмірден өткен, немерелерінің өсіп-өнгенін көрген Бәтима әжелерінің де бұларды тәрбиелеуге қосқан үлесі аз болмаса керек-ті. Заманында сауаттылығымен, асқан  ақылдылығымен, жақсы-жаманды айыра білетін көрегенділігімен, орайы келген жерде  сөзге шешендігімен, қандай ортада да жөнін айтып, турасынан кесе білетін қасиеттерімен ерекшеленген оны ауылдастары «Би Бәтима» деп атаған. Дүниеден ертелеу озып кеткен атасы Мұханбет те жүрген ортасында беделді адам болған көрінеді.

Гурьев мемлекеттік педагогика институтын (бүгіндері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) 1975 жылы бітірген соң Аяпберген екі-үш жылдай өзінің түлеп ұшқан Максим Горький атындағы мектепте ұстаздық етті. Еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1977 жылы сол кездегі Новобогат аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланып, кейін жазу-сызуға деген ынтасы оны аудандық «Нарын таңы» газетінің редакциясына жетелеп әкелді. Газетте әдеби қызметкер, радио хабарларын ұйымдастырушы қызметтерін абыроймен атқарды. Айтпақшы, әкесі ­Сырым Мұханбетұлы да ұзақ жыл аудандық, облыстық газеттердің штаттан тыс белсенді тілшілерінің бірі еді.
Қай жұмысты да жатсынбайтын, қан­­дай тапсырманы да тиянақты орын­­дауға дағдыланған, өзіне де, өзгеге та­лап­­шыл­­дығымен дараланған, мұндай қасиеттері лайықты бағаланған ­Аяпберген Сырымұлының еңбек жолы одан әрі партиялық қызметпен, ел басқару ісімен ұлас­ты. Аудандық партия комитетінде статист болудан бастап, ұйымдастыру, насихат және үгіт, жалпы бөлімдердің меңгерушісі ретін­де өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарды.
1988 жылдан бастап «Ақтоғай» кеңша­рында партия комитетінің хатшысы, соңынан директордың идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары тәрізді жауапты қызметтерде әріптестерінің, ауылдастарының құрметіне бөленді. Ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріне, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға көбірек көңіл бөлді.
1991 жылы ауданға халық батыры ­Исатай Тайманұлының есімі берілгенде, оған тілеулес, жанашыр болған азаматтардың бірі де осы біздің Аякең болатын. Жеті жылдай аудан әкімдігінде аппарат жетекшісі, ұйымдастыру-инспекторлық және кадр­лармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болғанында да Аяпберген Сырымұлы жергілікті атқарушы органдарда, билік құрылымдарында қызмет істеуге бейімі мен қабілеті бар маман-кадрларды даярлау легіне өзіндік үлесін қосып, ел басқаратын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға септесті.
Қос өзен аралығын қоныстанған қазыналы өңірдің экономикасы дамып, әлеуеті артқан тұста оның мәдениетінің де өрлеп, рухани өмірінің де уақыт талабына сай қайта түлеуі, ұлттық құндылық­тарымыздың жаңа мазмұнға ие болып, салт-дәстүрлеріміздің замана көшіне ілесе қайта жаңғыруы да заңды құбылыс-ты. Осынау оң өзгерістерге толы игілікті қадамдардың бастауында да Аяпберген сынды іскер азаматтардың жүргені айта салуға жеңіл көрінгенмен, осыншама ауыр жүктің тағы да сеніп тапсырылуы исатайлықтардың мерейін үстеп, абыройын асқақтатты. Аты сан құбылып өзгергенімен заты сол күйінде сақталған көпсалалы, атқаратын жұмыс ауқымы кең мәдениет және тіл бөліміне тапжылмастан сегіз жыл бойына басшылық жасаған мезгілінде атқарған жұмысы осы айтқанымыздың айқын дәлеліне айналды.
Бұл кезеңде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру, мекемелердегі іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру, арнаулы сыныптар ашу, жер-су, елді мекендер мен көше атауларын қазақшалау мәселесі ұдайы назарда ұсталды. Чапаев селосына Тұщықұдық, Новобогат селолық округіне Қамысқала ­тарихи атаулары қайтарылса, Забурын селолық округінің орталығы Зинеден, Аққыстау селосындағы Гран елді мекені Өркен ауылы деп аталатын болды. Көптеген көшелердің атаулары қазақшаланып, оларға еліне еңбегі сіңген, өнегелі ісімен, өшпес ізімен халқының есінде қалған азаматтардың есімдері берілді. Бұдан бөлек, кезінде жаппай жекешелендіру үрдісімен жекеменшікке беріліп, сатылып кеткен, түрлі себептермен жабылып қалған ауылдардағы мәдениет ошақтары мемлекет иелігіне қайтарылып, күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта ашылды. Ауданда айтыс өнерінің өркендеуіне де жол ашылып, жаңа мүмкіндіктер туғызылды. Қандай деңгейдегі додада да сынға түсе алатын, шашасына шаң жұқтырмайтын хас жүйрік, шын сәйгүліктер секілді алысқа шауып, қарсыласын шаң қаптыратын, семсер сөзбен түйрейтін айтыс ақындарының жас та талантты буыны қалыптасты, өсіп тәрбиеленді.
Осындай өнегелі өріс, оң үдерістің өн бойында Аяпберген Сырымұлы сынды талапшыл басшы, шебер ұйымдастырушы, қолына алған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын жауапкершілігі жоғары тұлғаның өзіндік қолтаңбасы қалды. Мұндай жетістіктерге ол басшылық жасап, бұйрық берумен ғана емес, елмен етене араласып, мерзімді баспасөз беттерінде сол тақырыптарда оқырманға ой салар мазмұнды мақалаларды үзбей жариялап, қордаланған мәселелерді дер мезгілінде көтеріп отыру жолымен де қол жеткізгені ақиқат. Мұнысы кейіннен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Өркен орта мектебінің директоры, Аққыстаудағы «Жалын» мәдениет үйінің басшысы қызметтерін атқарған жылдарда да айқын көрініс тапты.
Әңгіме барысында баяндағанымыздай, мемлекеттік қызметте жүрсе де қолынан қаламы түспеген Аякеңнің авторлығымен «Келбетті кезең», «Таланттардың талбесігі» және «Жұлдызды жүректер» атты үш бірдей кітабы жарық көрді. Осы еңбектерінің өзі де атпал азаматтың саналы ғұмырында жүрген жолы мен тындырған ісінің жиынтығы, елге сіңірген сан-салалы еңбегінің есебі, еншілеген жетістіктері мен бағындырған биіктерінің баяны іспетті әсер қалдырары сөзсіз. Қазақ елі егемендігін еншілеп, еркіндік алған жылдардағы алғаусыз еңбегі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Елбасының Алғыс хатымен аталып өтті. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, аудан, облыс әкімдерінің, мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Соның ішінде Аяпберген үшін ең басты да құнды награда қалтқысыз қызметіне көрсетілген жерлестерінің шексіз құрметі еді.
– Әр адамның мектепте ғана емес, өмір жолында да өнеге тұтар ұстаздары, ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтер ағалары болады. Солардың санатында өз басым Пазыл Мағазов пен Жайдарбек Зайдуллиннің есімдерін атаймын. Алғаш аудандық партия қомитетіне қызметке келгенімде бұлардың бірі жалпы бөлімнің, екіншісі ұйымдастыру-кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болатын. Екеуінің лауазымы тең болғанымен жасы үлкен, көргені көп болғандықтан Пазыл ағаны алдымызға ұстап, білмегенімізді сол кісіден сұрайтынбыз. Ал Жайдарбек аға біз (айтып отырғаным, Еркінғали Зұлхашев пен Кенжебай Сағынғалиев және өзім) қызмет жасайтын бөлімнің басшысы-тұғын. Жас айырмашылығымыз әнебір алшақ болмаса да өзімізге қарағанда білім-білігі молдау екендігі байқалып тұратын Жәкеңнен де үйренгеніміз аз емес-ті. Осындай азаматтардың арқасында болашағымызды бағдарлап, алға қарай батыл қадам жасауға, қажетті шешім қабылдауға дағдыландық. Жұмысымызда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, елі арқасүйер азаматтардың қатарына қосылдық. Енді өз тәжірибемізді соңымыздан ерген жастармен бөлісуді мақсат және зор бақыт санаймыз, – дейді Аяпберген аға.
Бұл күндері алпыстың асуына көтерілгелі отырған Аяпберген Сырымұлы бүгінде тамыры тереңге тартып, жапырағын жайған бәйтеректей үлкен бір әулеттің тірегі. Өмірлік серігі Аққаным апа (аудандық мұрағат мекемесінің жауапты қызметкері) екеуінің баянды бірлігі мен тату тірлігі жарасым тапқан шаңырағында дүниеге келген балалар да ата-анасының өнегелі жолдарын өрісті етуде.

Дәулетқали АРУЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Атырау облысы
Исатай ауданы 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.