Сәбит Досановты Қара теңізге шақыру (75 жылдық тойына арнаймын)

Сәбекең біздің Арқаның Көкжал арланы,
Нәпақа іздеп «Көкбөрі» қайда бармады?!
«Ақбас қыраны» ұшады көкте дара қап,
Менсінбей қарап жердегі жүрген қарғаны.

«Боранда» тоңдың, Торғайдың кезіп даласын,
Қазақта өзің бермейтін бәйге дарасың.
Балқан тау болып, Қап тауын асып, О, Сәбе!
Қара теңізге баруға қалай қарайсың?..

Бармасаң, Сәке! Қара теңізге шақырам,
Мінгесіп алып «Ақ аруанаңа» бақырған.
Алты айлық жолды ­– алты күн шапса алатын,
Кем емес, – дейді Қобыландының атынан!
***
Қара теңізде перінің қызы бар, – дейді.
Күткені оның өзіңдей сері жар, – дейді.
Ақ сазан қыздар толқында жүзсе жарқылдап,
Қып-қызыл ерні бүлдірген қосқан бал дейді!

Ақынның жаны көгілдір көктем-мәңгілік.
Қара теңізге шұғыла шашса, таң күліп.
Жалаңаш қыздар жырыңды сенің тыңдасын,
Қара теңіздің таулары түгел жаңғырып.

Асықсаң, Сәке! Берейін билет ұшаққа ап.
Күйген соң күнге қара маврға ұқсап қап.
Оқиық өлең Айтодор шыңын жаңғыртып,
Қап-қара түнде қап-қара қызды құшақтап.

Зейнолла Тілеужанұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.