«Ел алдында аласамын, баламын»

Сәбит Досанов есімі бүгінде қазақтың талантты да бірегей жазушыларының қатарында аталады. Қаламгерлік қарымымен танылған ел ағасының мерейтойы жан-жақты аталып өтуде. Күні кеше Ресейде, Бішкекте өткен той бүгін Алматының төрінде жалғасын тапты. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен жиынға Франция, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Якутия, Қырғызстан және т.б. әлемнің әр елінен қонақтар келді.

Сахна шымылдығы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің орындауындағы күймен ашылып, ә дегеннен күйдің құдіретіне, оркестрдің орындау шеберлігіне бөленген көрермен қауым бір серпіліп қалды.
Шығармашылық кештің тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай ұстап, өз міндетін әрі қарай жалғады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтой иесіне арнаған құттықтауын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин табыстады. Мерейтойға орай қаламгерді құттықтаған жеделхаттар көп болды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Марат Тәжиннің, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтаулары бар.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің құттықтауын әкімнің орынбасары Зәуреш Аманжолова жеткізіп, қаламгердің шығармашылығы хақында сөз қозғаса, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қаламдас әріптесіне ақжарма тілегін жеткізді.

Майра мух
Франциядан келген ерлі-зайыпты Альберт Фишлер мен Мадлена Фишлер, Ресей Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Мәскеу Жазушылар одағының төрағасы Владимир Бояринов, Ресей ақындары Нина Попова, Людмила Щипахина, тәжік халқының көрнекті қайраткері Саттор Турсын мен Гулрухсор Сафиева, белорус жазушысы Олес Кожедуб, ТҮРКСОЙ және Түркия Жазушылар одағы атынан келген «Қазақстан-Заман» ЖШС-ның бас директоры Серкан Хастүрк, Өзбекстаннан Жазушылар одағының қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Мехманкул Исламкулов, Якутиядан келген қаламгер Илья Петрова және т.б. қазақ жазушысының туын­дыларын жоғары бағалап, өз пікірлерін білдірді. Франциядан келген өкіл Альберт Фишлер сахна төрінде өнер көрсеткен Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне өзінің ризашылығын білдіріп, алғаш рет бұл оркестрді Париждің төрінде кездестіргенін, екінші рет Қазақстанда өнерлеріне тәнті болып отырғанын айтты.
Қоғам қайраткері Сұлтан Раев бастаған қырғыз елінен келген делегация мүшелері мерейтой иесін «Қырғыз ұлттық театр академиясының академигі»  атағын алуымен құттықтап, «Еларалық Айтматов сыйлығын» табыстады. Сонымен қатар Антон Дельвиг атындағы Бүкілресейлік «За верность славу и отечеству» сыйлығымен марапатталды. «Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляковтың ұсынысымен екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтқаны үшін арнайы диплом мен күміс қалам тарту етілді.  Қостанай, Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдік өкілдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Сәбит Досанов «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атанып, жерлестері темір тұлпар мінгізді. Сондай-ақ мерейтой иесі «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Кештің ажарын Майра Мұхамедқызының орындауындағы халық әні «Гүлдер-айым» мен Силмонның ариясы ашты. Еліміздің белгілі әншілері Нұрғали Нүсіпжанов, Қабылаш Әбікей, Шаһизада, жазушы-сатирик Көпен Әмірбек, Кенесары ханның соңғы сөзін жеткізген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жас актері Мақсат Сәбитовтердің өнеріне көрермен қошеметпен қол соқты. Сәбит Досановтың шығармалар желісімен әзірленген қойылымдарды орындаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жастарының өнері көпшілік көңілінен шықты.Мерейтой иесінің шығармашылығын ұйымдастыруда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик, профессор Дариға Тұрғанқұлованың еңбегін ерекше атап өту парыз.
Қалың көрерменіне алғысын жеткізген Сәбит Досанов «Той деген менің ұғымымда мақтану үшін емес, есеп беру үшін керек. «Мен осы уақытқа дейін не істедім?» деген сұраққа жауап алу – әр азаматтың парызы. Маған осындай бақытты өмір сыйлаған Алла Тағалаға, мені өмірге әкелген ата-анама, маған  тәрбие беріп, өсірген ұстаздарыма, қазақ халқына рақметімді айтамын. Жазушылық талант берген тағдырыма ризамын» деп ағынан жарылды.
– Дей алмаймын дара туған данамын,
Ел алдында аласамын, баламын.
Қажетіне жарар болсам халқымның,
Қиналмай-ақ өлімге де барармын, – деп жырлаған мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр тілейміз.

Аяжан ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.