Жаңалықты сезіне білейік (Бүгінгі сынның бір кітабы жайында)

Әдебиет болған жерде сынның, талдаудың болмауы көркем сөз әлемін дағдарысқа әкелмей ме? Әрине, солай болары хақ. Дегенмен, «Қалауын тапса қар жанар» демекші, бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп, іздеп қана қоймай тапқан да қаламгерлер жоқ емес. Мысалы, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінде бас редактор болған кезінде әдеби ортада үлкен тартысты мәселелерді қозғап көптеген туындылар төңірегінде сан түрлі пікірлердің қоздауына түрткі болған Жүсіпбек соңғы кезде әдеби, сыни талдаудың теленұсқасын жасап, көпшілік назарына ұсынып жүр.

Екі-үш жылдан бері «Кітапхана» деп аталатын авторлық бағдарламасы арқылы ол үш адамның (жүргізуші және екі сарапшы) қатысуымен белгілі бір қаламгердің әдеби шығармасы немесе шығармашылығы және тарихи тұлғаларға деген көзқарастар маңайында ой өрбітіп, пікір туындатып жүр. Бұл бір жағынан көрермендерді қызу пікірталасқа шақырса, екіншіден, көпшілікті бағдарламада талданған шығармаларды оқуға талпындырады. Қалай десек те, кітап аз оқылатын мына заманда әдебиетті насихаттаудың өркениеттік озық тәсілдерінің бірі екені көрер көзге анық байқалып тұр. Бірақ телевизиялық нұсқаның аты – телевизиялық нұсқа. Әдебиет тура­лы теледидардан естіп ой түюге болған­мен, теледидардан оқи ал­майсың. Әрі, қанша айтқанмен, «Кі­тапхана» бағдарламасында пікір айтқан сарапшылар өз ойларын жедел түрде білдіріп отырғандықтан оның ойқы-шойқысы болмай тұрмайды. Суырыпсалмалықтың бір қиындығы осында. Бірақ қайта қарауға мүмкіндік жоқ, айтылған пікір айтылған жерде қалса тағы қиын. Оның үстіне әдеби сын, талдау дегеніңіз қағазға түскенде ғана талапқа жауап беретін нәрсе. Осыларды ескерген болса керек, өзінің авторлық бағдарламасында болып өткен әдеби пікірталастардың бірталайының жазбаша нұсқасын жасаған Жүсіпбек Қорғасбек солардың басын құрап, өткен жылы «Хан Тәңірі» баспасынан «Кітапхана» (Сұхбаттар) деген атпен көлемі 15 баспа табақ кітабын шығарды. Бұл, әрине, бағдарламада болған сұхбаттардың бестен біріндейі ғана. Осы кезге дейін «Кітапханада» 150-дей кітап туралы сұхбат жасалып, оған 250-дей қаламгер қатысқанын еске алсақ, оның қағазға түсіп, тасқа басылғанының көлемі тым шағын екенін білеміз. Дегенмен, 29 сұхбаттан тұратын біршама көлемді кітаптың оқырмандарға берері аз емес.
Кітаптағы жеке-жеке талданған шығармалар: Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Әбіш Кекілбайдың «Үркер», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» хикаяты, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ», Адам Мекебаевтың «Құпия қойма», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романдары, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние», Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы және Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны», Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Қас Сақ аңқымасы» және Оразақын Асқар құрастырған «Қара өлең» атты кітаптар. Сонымен бірге Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов, Олжас Сүлейменов, Мұ­қағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Қажығұмар Шабданұлы шы­ғар­машылығы талданған. Оралхан Бөкей шығармашылығы туралы автордың жеке мақаласы бар. Ал мұның сыртында Шыңғыс ханға қатысты бес сұхбат, Аттилаға арналған бір сұхбат бар. Жалпы осы талдау-сұхбаттарға, ішінде ақын-жазушысы, сыншы, ға­лымы бар қырықтан аса қаламгер қатысқан.
Біз кітаптағы сұхбаттардан қалам­герлердің кейде объективті, кейде субъективті пікірлерімен танысу ар­қылы көп нәрсеге көзіміз жетіп, бір қаламгер не шығарма туралы жан-жақты ойлауға болатынына көз жеткіземіз. Бұл сұхбаттардың әдебиетке де, оқырмандарға да ең бір пай­далы тұсы. Мысалы, «Шығарманың аты – «Бесатар», авторы – Асқар Сү­лей­менов» деген сұхбатта Мәмбет Қой­гелдінің: «…Асқар Сүлейменов 1917 жылғы революциялық төңкерісті, соның қарсаңындағы, сонан кейінгі өзгерістерді басынан кешірген Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты тұлғалы жазушылардың жалғасы. Осы 20-30-жылдары қазақ әдебиетінде қарсылық әдебиеті қалыптасқан. Ол қарсылық әдебиетінің негізін қалаушы, меніңше, Мағжан Жұмабаев. …60-жылдардағы орыстандыру саясаты, сондағы тоталитарлық идеология, соған қарсылық, бұл мынау Асқар Сүлейменовтің «Бесатары», мен солай бағалаймын» дегені оқырманға аталған шығарманың идеялық негізі туралы нұсқау боларлықтай.
«Жармақ» жан айқай ма, әлде…» дейтін М.Мағауиннің романы жайын­дағы сұхбатта сыншы Әмірхан Меңдеке мен ақын Аманхан Әлімнің арасындағы көзқарас қайшылығы айқын көрініп тұрады. Сыншы роман туралы жоғары пікірде болса, ақын сыншыл көзбен қарап романның мінін ашық көрсетіп, өз ойын мысалдармен дәлелдейді. Бұл тартыстан шығатын қорытынды – «Жармақты» асыра бағалауға да, іске алғысыз етуге де болмайды екен.
Кітаптағы ендігі бір назар аударар­лық сұхбаттар – Адам Мекебайдың «Құ­пия қойма» романы («Адам жаз­ған апокалипсис») мен Таласбек Әсем­құловтың «Талтүс» (Таласбектің «Талтүсі») романдары жайында өрбіп, әде­биетімізге өз жаңалығымен келген кө­лемді прозалық шығармалар талданады.
Поэзияға арналған сұхбаттарға («Қай қазақ «Мен – Қазақпын» деп айтпады дейсіз?», «Мұқағали магиясы», «Шаханов поэзиясындағы биіктік, жа­зық­тық және тереңдік сыры», «Қара өлеңнен айырылып қалмауы­мыз керек, Тыныштықбекті түсінгім келеді») Мұхтар Шаханов, Есенғали Раушанов, Оразақын Асқар, Ғалым Жай­лыбай, Сәкен Иманасов, Маралтай Райымбекұлы, Әбубәкір Қайран сияқты ақындар атсалысып, қазіргі дәуірдегі ұлттық поэзиямыздың өткендегі және қазіргі жай-күйі, деңгейі кеңінен талқыға түскен.
Сонымен бірге осы кітаптағы бірнеше сұхбатта («Қазақтың жаны» қандай кітап?», «Қорғансыздың күні» қазақтың бүгінгі өміріне де ұқсайды») белгілі бір шығармалар төңірегінде пікірін білдірген әдебиетші ғалым, филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова бұрынғы және қазіргі қазақ прозасындағы жетістіктер турасында сыр шертеді. Қай кезде де көркем шығармаларға әділ баға беретін әдебиетші ғалымның ой-тұжырымдары теориялық тұрғыдан бағалы болып келеді.Мына жерде де сол қалпында жарқырап көрінеді.
Содан соң мемуарлық шығарма­лар­ға арналған сұхбаттарда әдеби шы­ғар­маның бұл түрі жайлы ой толғаған жа­зушылар (Қабдеш Жұмаділов, Жаңа­бек Шағатай) мемуардың не еке­нін,оның жанрлық ерекшелігінің қалай болатыны туралы жан-жақты ай­та келіп, жекелеген авторлардың ме­му­арлық шығармаларын (Қ.Жұмаділов – «Таңғажайып дүние», М.Мағауин – «Мен», Қ.Мырза Әлі – «Иірім», Қалихан Ысқақ – «Келмес күндер елесі») талдап, таразылап, оқырмандарды көп нәрседен хабардар етеді.
Дей келгенде, Жүсіпбек Қорғас­бектің «Кітапхана» атты әдеби сұх­бат­тар кітабы – өзінің жаңаша форма­сы­­мен қазақ сынының ілгері басып, дамуына үлкен әсері бар туынды дейміз. Кітаптағы сұхбаттарда көзге алдымен түсетін пікір еркіндігі мен сарапшылардың субъективті ойлары шығарманың көркемдік құнын белгілеуде жетекші рөл атқарып, белгілі бір шығарма төңірегінде қозғалған әңгіме оқырман қауымды кітап оқуға тартса, әдеби ортаның сол кітапқа лайықты баға беруіне мұрындық болары анық. Кітапқа енген сұхбаттардың ой жетегіне тартып тұратын тұстарының көп болуы да соның бір дәлелі.
Осы кітапқа енген бір сұхбаттың соңында тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген іргелі туындылар жайында айта келіп, кітап авторы: «…кесек-кесек көркем шығармалар тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрді. Тек мұны көре білуіміз керек, көрсете білуі­міз керек» деген екен. Біз де осы уәжге тоқтап, қазақ сынына жаңа бір пі­шін ретінде еніп жатқан Жүсіпбек Қорғас­бек­тің бұл еңбегінің маңызын көрсете білу керек деп шешіп, осы мақаланы жаздық. Тегінде жақсыға мойын бұрып, жаңа­лықты тани білгенге не жетсін.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.