Тіл қазынасы – елдік құндылық

Өмірзақ Айтбайұлы,
ҚР ҰҒА академигі
Жамал Манкеева,
филология ғылымының
докторы, профессор

 

Ана тіліміздің құдіретінің бірі – сан мыңдаған жылдар бойы халқымызға тән рухани қазынаны бойына сақтаған асыл мұрасын бүгінгі күнге жеткізген, келешек ұрпаққа жалғастыратын мұрагерлік-танымдық қызметі.
Соның нәтижесінде шынайы өмірдің қыр-сыры ұлттық ұжымға тән ой таразысынан өтіп, сараптап, күнделікті тұрмыс пен өмір тәжірибесі арқылы жинақталған ақпараттар мен мәліметтер тілді тұтынушы ұлттың жадында құрылған қор ретінде тіл арқылы сақталып, тіл арқылы қабылданады. Нақты айтқанда, адам өзінің дүниетанымын, өзіндік әлем бейнесін тілдің қызметі арқылы таңбалайды. Демек, қазақ дүниесін, қазақ әлемін жан-жақты сипаттайтын, нақты дәлелдейтін – қазақ тілі деректері. Бұл арада тілдің қызметі – этномәдени ақпаратты ұлт рухы ретінде сіңіріп, сақтаушы мұрагерлік қызмет. Сайып келгенде, осы қызмет арқылы «тіл – ұлтты бір бүтін етіп тұтастырушы арқау» деген тұжырым елдің кешегі, бүгінгі, болашақ тарихы мен бағдарын белгілеудің өзегін құрайды.

Бірақ тілдің осы ерекше қызметі кеңестік кезеңдегі білім жүйесінде де, отбасы тәрбиесінде де маңызды болмай, тілдің, негізінен, қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметіне баса назар аударылуы тілдің танымдық, құжаттық мәнінің әлсіреуіне, тіптен ұмытылуына әкеліп соқтырды. Осыдан келіп, тілдің қоғамдағы рухани тетік мәртебесіндегі мәні жоққа шығарылып, мәңгүрттік сана қалыптасуының негіздері қалыптасты.
Ал қазіргі рухымыз оянып, жаңғы­рып жатқан тәуелсіздік кезеңінде егеменді елдің өсіп-өнген тамырын тауып, біртұтас елдігін қалыптастырып, басын біріктірген түп­қазығын тану – ұлттық сананың заманауи даму деңгейіне сай туындайтын рухани-әлеу­меттік мүдде талабы. Себебі тәуелсіздік пен жаһандану тоғысқан қазіргі күрделі заманда тілдің ұлтты тұтастыратын негізгі құрал болуы – ата-бабадан қалған аманат іспетті. Осымен байланысты қазіргі тіл білімінде тілді зерттеудің өзі жаңа сапалық деңгейге, яғни кешенді адамтанымдық (антрополингвистикалық) сипатқа көшті. Оның негізгі ғылыми-әдістанымдық қағидасы бойынша, «ұлттың болмысын танытатын күшті құрал – ұлттық тіл» деп анықталып, тілдің табиғаты адамның мәдени-рухани, әлеуметтік, психологиялық сипаттағы қимыл әрекетімен ұштастыра қарастырылады. Соның нәтижесінде рухани-заттық төл мәдениетіміз сөз арқылы айшықталып, тілдің ұлтты ұйытып, тұтастыратын арқау екені айқындалады.
Олай болса, осы мақсаттағы ізденістердің дәйегі мен нақты деректерінің көзін қайдан табамыз? Олар: мақал-мәтелдер, киелі-символдық атаулар, этнонимдік-әлеуметтік жүйе атаулары, топонимдер, т.б. тіл деректері. Демек, тіл құдіреті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа танылатын ұлттың рухани тарихы мен таным тәжірибесін сақтаған – тілдің сөздік қазынасы. Бұл қазынаның жинақталған, жүйеленген көрінісі – сөздіктер.
Тәуелсіздік кеңістігіндегі қоғамдық-мемлекеттік құрылым, хал-ахуал мен тілдік жағдаят қазақ сөздіктерінің де мәні мен қызметін қазіргі рухани-әлеуметтік сұраныс пен коммуникативтік мүддеге сай деңгейге көтеріп отыр. Себебі қазақ лексикографиясы тарихының бірінші кезеңіне тілдік деректерді жинақтап, жүйелеп түзу – тән сипат.
Ал қазақ лексикографиясы тарихының қазіргі кезеңі – ұлт болмысын, тарихын, мәдениетін, руханиятын кешенді сипатта танытатын тіл қазынасын тек жинақтап қана қоймай, игеріп, тіл деректерін терең тану мен кең көлемді зерттеу саласының жаңа белесі.
Осымен байланысты қазақ тіл білімінде жеке ғылыми сала ретінде қазақ лексикографиясының дамып жетілуінде, оның ғылыми негізінің жан-жақты түсіндіріліп, теориялық-әдістанымдық қағидаларының анықталуында филология ғылымының докторы, профессор Мырзаберген Малбақовтың еңбектерінің орны ерекше.
Ғалымның еңбек жолымен жете танысу барысында оның «сөз әлеміне» енуі, осы мәселені зерттеу нысаны ретінде таңдап алуы кездейсоқтық емес, ішкі дүние талабы мен білімі, арнайы, мақсатты, ұзақ дайындық жұмысының нәтижесінде айқындалған саналы ғылыми-танымдық әрекет екенін байқаймыз.
Жалпы ғылыми, шығармашылық «тұлғаның» қалыптасуының алғашқы деңгейін анықтайтын – адамның шыққан тегі, тәрбиесі, өскен ортасы, табиғи мінезі, қалыптасқан дағдысы, зердесі, т.б. бір сөзбен айтқанда, адами болмысы. Бұл – ғылымда тұжырымдалған қағида.
Негізінде, көп ашылып, я көтеріліп сөйлемейтін Мырзат ауылда, ата-әжесінің бауырында өскенін әр кез мақтанышпен айтады, сағынышпен еске алады. Мүмкін, профессор М.Малбақовтың қазіргі қазақы мінезі, сөз өнеріне деген ерекше қызығушылығы осы «құймақұлақ» бала Мырзаттың зердесінен бастау алған шығар. Сондықтан сөз құдіреті мен ел тарихын санасына құйып өскен жас жеткіншектің жүрегіндегі «білсем», «біле түссем» деген асыл арманы жетелеп, мектепті үздік бітірсе де, тек төрт жылдан кейін ғана (ауылда жұмыс істейді, әскер қатарында болады) Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті болды.
Университетті бітіргеннен бастап, қазіргі күнге дейін оның еңбек жолы мен ізденіс жолы осы арманы мен мақсатынан айныған емес. Олар: Кітап палатасы, Кітап музейі, Шығыстану институты, Тіл білімі институты.
Әрине, М.Малбақовтың ғалым ретінде жетіліп, қалыптасқан, ғылыми-зерттеушілік бағытының айқындалған ортасы – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Оған дәлел, оның осы академиялық ұжымның болмысына сай өзінің байыпты, парасатты, байсалды қалпымен міндетін атқарып, тапжылмай ізденіп, барлық ғылыми-өндірістік сатылардан абыроймен өтіп келе жатқан еңбегі. Атап айтқанда: аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, Институт директорының орынбасары, Институт директоры.
Осы «ізденіс жолы қалай басталып еді?» деген сауалға жауапты ғалым өмірінің деректерінен табуға болатын сияқты.
Жас ғылыми қызметкер М.Малбақов 80-жылдары қазақ сөздіктерінің тарихы мәселесімен айналысып жүріп, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларындағы кітапханаларға, мұрағаттарға үш дүркін барып, ескі кітаптар мен қолжазбалар қорларында жұмыс жасайды. Тіпті беттері ашылмаған, ашылса да бірлі-жарым адам ғана қараған құжаттардың біразын (Шегрен, Паллас, Аделунг, т.б.) ерінбей ақтарады.
Осы еңбектердің, сөздіктердің құрылымы, құрамы, сөздік мақалалардың құрылымы мәселелерін талдап, танысқан еңбегі кейінгі қазақ лексикографиясының ғылыми негізін айқындау барысындағы зерттеулерінде пайдаланылды.

Без имени-4
Ресейдегі тұңғыш шығыстанушы-ғалымдардың бірі «Кодекс-куманикус» еңбегін алғаш ғылыми айналымға енгізген Генрих Юлий Клапрот еңбектерімен (мысалы, «Көп тілді Азия», т.б.) танысып, таным зердесіне тоқыған жас ғалым қазақ тілін зерттеу тарихына қатысты құнды дереккөзін тапқандай қуанады. Атап айтқанда, 1825 жылы Парижде «Азия журналы» атты ірі ориенталистердің шығармалары жарияланатын аса беделді басылымда жарияланған Г.Ю.Клапроттың «Қазақ тілі туралы» атты көлемді мақаласын қазақ тіліне аударып, «Жалын» журналында «Шежіре» айдарымен жариялайды. 1992 жылы Академияның «Хабарларында» ұстазы, профессор М.Томановпен бірігіп жазған «Қазақ тілі туралы жазылған тұңғыш ғылыми еңбек» деген мақаласы жарық көреді.
В.В.Радловтың «Қазақтардың малдары» атты аса көлемді мақаласын да қазақ тіліне аударып, түсіндірмелерімен сол «Шежіре» айдары арқылы «Жалын» альманағында шығарады. Бұл қазақтарды таныту туралы жазылған ерекше құнды еңбектердің бірі екені белгілі. Қазақтың төрт түлік малын, олардың барлық атауларын, олардың қазақтың танымындағы жіктемелік сипат­ты барлық атауларын (жасына, жынысына, түсіне, тегіне, т.б.), олардан алынатын өнім түрлерінің атауларын түгел және біліктілікпен баяндауы – Радловтың ұлылығының бір белгісі.
М.Малбақовтың ғылыми-зерттеушілік еңбегінің маңызды бір бөлігі – оның 80-жылдардың аяғында қазақ-ноғай бірлігі дәуірі мен тіл сабақтастығы мәселесімен айналысып, сол кезеңге тән жыр, аңыз-әңгіме, толғауларының тілін зерделеу. Соның нәтижесінде, түркі халықтарына ортақ ескі сөз саптау үлгілерін, ортақ толғау, жырлау штамптарын, көп халыққа ортақ бірдей болып келетін бейнелі сөздер мен сөз тіркестерін, тұтас шумақтарды, азат жолдарды анықтайды. Соның барысында көшпенділерге тән ескі жыр дәстүріне, қазақшылықты дәріптейтін «қазақы жырларға» кезігеді. Сол жырлармен тереңірек таныса түскен сайын, елін, жерін қорғаған, айлап-жылдап жорықтарға аттанып, үнемі жортуылда, ат үстінде жүретін «ер қазақ» бейнесіне қанығады. Шын мәніндегі «дала рыцарьларының» бейнесі жасалған жыр-толғаулар жас зерттеушіні тәнті етіп, ғылыми-танымдық көкжиегін кеңітеді және тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ көне сөздер мен сөз тіркестері мәдени әрі тарихи ақпарат көзі екенін түсінеді. Себебі тілдің танымдық, мұрагерлік қызметі негізінде сан ғасыр құпиясын бойына сақтаған этнотілдік деректер ана тілінің қорында мәңгілікке сақталған сарқылмайтын құндылық екенін зердесіне түйеді. Ал, қазіргі антропоөзектік парадигмаға сәйкес профессор М.Малбақов «Сөз қазынасы санғасырдың тарихи-әлеуметтік жағдайы, ата-бабаларымыздың елдік, ерлік салты, мәдени-рухани ғұрпы, тағдыры сипатталған қазақ мәдениеті мен дүниетанымының энциклопедиясы, этномәдени коды» деген тұжырымға сәйкес ғылыми жұмыстарға жетекшілік жасап, басшылық етуде.
Осымен байланысты жас ғалымның ғылыми деңгейінің кеңейіп жетілуіне оның сол кезде түркология және қазақ тіл тарихы бөлімінде жұмыс істеп, Р.Сыздық, Е.Жұбанов, Б.Әбілқасымов сияқты тіл тарихын зерттеуші көрнекті ғалымдармен бірге ғылыми-өндірістік жоспар бойынша орындалған «Қазақ тілінің тарихи көздері» (1989) атты ұжымдық еңбектің жұмысына қатысуының ықпал еткенін атап көрсеткен жөн.
Бала кезінен қазақ сөзінің құдіретін санасына сіңіріп өскен жас ғалым жауынгер ақындардың, жыраулардың, сөз саптам үлгісінің қайнар көздерін ұлт санасында құрылымдалған сөз өнерінен табуға талпынады. Қазақ халқының «қазақ» атануының негізінде «қазақ шығу» дәстүрі емес, басты рөл ойнаған «қазақшылық дәстүрі», «ер қазақтың» бейнесі болды деген ойға келеді. Осы ойларының дені айтылған «Мен қазақпын, қазақпын» деген мақаласы 1990 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланады.
Бұл арада жас ғалымның академик Р.Сыздықтың «Едіге», т.б. жырларды зерттеп, қазақ сөзінің тарихи-семантикалық, функционалдық сипатын дәйектеген «Сөздер сөйлейді», т.б. еңбектеріндегі, Е.Жұбановтың тіл тарихы арнасының бірі ретіндегі эпостағы тіл өрнектеріне қатысты идеяларын әрі қарай нақты деректік зерттеу мен лексикографиялық теория негізінде жалғастырушы ғалымдардың бірі – профессор М.Малбақов.
Шын мәнінде, сөздік ісі – үздіксіз ізденіске, терең білім мен біліктілікке сүйенген ерен еңбектің нәтижесі. Мұны тіл ғылымында анықталған сөздіктің мына қызметтері айқын көрсетеді: 1. Жи­нақ­тау, анықтау, жүйелеу, тіркеу сипатты қыз­мет; 2. Танымдық; 3. Реттеушілік; 4. Си­пат­тамалық; 5. Атауыштық; 6. Нор­­мативті-коммуникативтік; 7. Тіл мәде­ниетін арттыру; 8. Мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызметі; 9. Мәдениаралық коммуникация; 10. Зерттеулерге дәйектік қызмет, т.б.
Міне, осыған орай қазақ тіл білімінде «Қа­зақ тілінің қысқаша этимологиялық сөз­­­дігі» (1966 ж.); «Абай тілі сөздігі» (­1968 ж.), «Қа­зақ тілінің түсіндірме сөздігі» (2 том; 10 ­том.), «Қазақ тілінің орфографиялық сөз­дігі» (1963, 1978, т.б.), І.Кеңесбаевтың «Қа­зақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977), Ә.Болғанбаевтың «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» (1975), т.б. сан түрлі сөздіктер жарық көргені белгілі. Бұл салада енді жаңа сапа мен кешенді сипат, танымдық мазмұнға негізделген сөздік ісінің жоғары деңгейі түсіндірме сөздіктің әлеуметтік мәні ерекше екені де шындық.
Лексикограф-ғалымдардың пікірінше, түсіндірме сөздік кез келген өркениетті елдің атрибуты іспетті мынадай екі жағдайда жасалады: 1. тілі жеткілікті жоғары дәрежеде дамығанда; 2. сол тілдің сөз байлығын нормаға түсіру қажет болғанда академиялық сипатта орындалады.
Ал қазіргі қазақ қоғамындағы рухани-әлеуметтік сұраныс пен мемлекеттік мүддеге сай ұлттық сананы тіл қазынасы арқылы жаңғырту – ең өзекті мәселе. Осы орайда тіліміздің сөздік қорын түгендеп, ұмыт бола бастаған көптеген атауларды жаңғыртып, жандандыра түсетін түсіндірме сөздіктердің мәні мен қызметі ерекше болмақ. Осымен байланысты мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша толықтырылып, жаңарып шыққан «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», ең алдымен, өзінің алдына қойған мақсаты бойынша қазіргі қоғамдағы түрлі өзгерістерді қазақ халқының салт-дәстүрімен, таным-түсінігімен сабақтас хабардар ететін энциклопедиялық басылым. Екіншіден, қазіргі қоғам қажеттілігін өтейтін, соған сәйкес тілдегі нормаларды тұрақтандыратын еңбек. Толықтыру мен жаңару мазмұны жаңа білімдермен, жан-жақты ақпаратпен, бұрын-соңды осы іспеттес сөздіктерге енбей қалған сан қырлы сөздер мен сөз тіркестері арқылы байытылуымен дәйектеледі.
Міне, сөздік ісінің теориялық және тәжірибелік мәнін танып, игеру барысында ғалым М.Малбақов өзінің негізгі ғылыми-зерттеу нысанын «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері» деп анықтап, 2003 жылы осы тақырыпта докторлық диссертация қорғап шықты.
Қазақ лексикографиясының ғылыми негізін анықтауды жаңа белеске көтерген М.Малбақовтың еңбектерінің негізгі арқауын былай деп көрсетуге болады: 1. қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінің құрылымын лексикография теориясы тұрғысынан кешенді зерттеу, жетілдіру; 2. лексикографияның метатілдік құрылымы ұғымының аясын айқындау; 3. жалпылексикографиялық атауларды білдіретін терминдерді түсіндіру (метатіл, тезаурус, т.б.); 4. аймақтық, жергілікті, халықтық кәсіби лексика ескі және жаңа сөз қолданыстары, кітаби және кірме лексика, діни лексика, ғылыми терминология, ауызекі сөйлеу тіл элементтері, жарыспалы сөз қолданыстар, т.б. түсіндірме сөздікте лексикографиялаудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін көрсету; 5. қазақ тілі түсіндірме сөздіктерін әмбебаптандырудың жолдарын белгілеу; 6. Оксфорд, Уэбс, т.б. өркениетті сөздіктердің үлгілерін ұсыну.
Әрине, осы тектес зерттеулерді жүргізуге танымдық-деректік нышаны ретінде қазақ тіл біліміндегі Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді», А.Ибатовтың «Хұсрау-Шырын поэмасының сөздігі» т.б. жарық көруі және Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық, «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» атты 15 том­дық түсіндірме сөздікті түзудің басталуын көрсетуге болады.
Профессор М.Малбақовтың зерттеу­лерінің, оның ғылыми жетекшілігімен және басшылығымен атқарылған жұмыстардың қазақ тіліндегі танымдық-ақпараттық дереккөздерді орнымен пайдалануға, сөз байлығының нақты мағыналарымен қатар тылсым күшін, мәдени-рухани әлеуетін ашуға қатысты ғылыми-тәжірибелік мәні дәлелдеуді қажет етпейді.
Себебі бұл тектес зерттеулер мен сөздіктер түрлері, соның ішінде профессор М.Малбақов ғылыми негізін айқындаған түсіндірме сөздік құрылымы этностың инсандық болмысын және дүнияуи табиғатын тіл феномені арқылы танып-білудің кешенді әдісін, індете зерттеудің нәтижесін анықтайды. Себебі халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесі, өміртанымы қорытылып, ереже немесе тілдік атаулар арқылы тұжырымдалған аталы сөз, мақал-мәтелдер, т.б. түріндегі тіл қазынасы – елдік құндылық.
Қорыта айтқанда, профессор М.Мал­ба­қовтың ғылыми-шығарма­шы­лық нысанын белгілейтін қазақ лек­си­ког­ра­фия­сы­ның ғылыми-әдіста­нымдық кешені – тек тілтанымдық кеңіс­тікпен шектелмей, ел­танымдық және рухани-әлеуметтік маз­мұн­ды танытатын өзекті мәселе.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Алпыс Гүлжан

    Бұл жерде күшті жазылған😙😙😙

  2. Аноним

    Өте керемет

  3. Аноним

    Өте керемет👍👍👍👍👍

  4. Аноним

    Өте жақсы 👍👍👍

  5. Аяулым

    👏👏👍👍👍👍

  6. Дильназ

    Еее оте керемет

  7. Дильназ

    😍😍😍😍

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.