Қазақ циркі қалтарыста қалмайтын болды

«Ана тілі» газетінің тілшісі Ақбота Исләмбек  қазақ циркінің бүгінгі жайы жөнінде ой қозғап, «Қазақ циркі қандай кедергілерге тап болып отыр?» («Ана тілі» газеті, №6 (1264), 12-18 ақпан, 2015 жыл) деген тақырыпта мақала жазған еді. Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Ғ.Ахмедьяровтан жауап келді. Онда былай делінеді:

«Қазақ циркі өз мектебін қалыптастырған киелі өнер ордасы. Елімізді әлемге танытатын, ұлттық ерекшелігіміз көрініс тап­қан осындай киелі өнер ордалары біздің елі­міздің Қарағанды, Астана, Шымкент, Алматы қалаларында бар. Аталған цирктер жергілікті атқарушы органдарға бағынысты болғандықтан, қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың қызметі мен қаржыландыру мәселесі әкімдіктердің құзырында екендігін қаперге саламыз.
Қазақ циркіне байланысты жазылған мақалада көтерілген бірқатар мәселелердің орынды екендігін айта кеткен жөн. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бірқатар шаралар атқарылып жатқанын мәлімдейміз.
Мәселен, былтырғы жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Мәдениет салаларында туындап отырған мәселелерді жылдам шешу тетіктері көрсетілген бұл тұжырымдама – мәдениетіміздің дамуының жаңа кезеңдерін қарастырып, Қазақстан ­Республикасы халқының дамыған 30 елдің қатарына жетістікпен кіруіне ықпал ететін қуатты құрал болып табылады. Қазір осы тұжырымдаманы іске асыру мақсатында көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Солардың бірі – мәдениеттің әр саласы бойын­ша көркемдік кеңестер құру болып табы­лады. Бұл цирк өнері мен оның қызметінің жандануына зор мүмкіндік берері сөзсіз.
Сондай-ақ бүгінгі таңда қолданыстағы заңнаманы цирктерге қатысты жетілдіру қажеттігі туындап отыр. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31-желтоқсандағы №1421 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкі­метінің Заң жобалау жұмыстарының 2015 жылға арналған жоспарының 17-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірлену үстінде. Аталған Заң жобасымен 2006 жылғы 15-желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңына цирк жөніндегі жаңа нормалар енгізілді. Атап айтсақ, онда цирк ұғымы, цирктердің сахналық қойылым құралдарын есепке алу, тапсыру және шығынға жатқызу нұсқаулығын әзірлеу, шығындарды жабу үшін мемлекеттік цирктерге бюджет қара­жатынан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен субсидиялар бөлу мәселелері қарастырылды.
Ал балет, цирк артистерінің зейнеткерлікке шығу мерзімі көптен бері министрлікте қаралып, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым, Парламент депутаттары тарапынан көтеріліп келе жатқан мәселе. Бұл мәселені шешу мақсатында министрлік бірнеше рет тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолдаған болатын.
Осы құзырлы мемлекеттік органдардың ұстанымына сәйкес қолданыстағы зейнетақы заңнамасына балет, цирк артистеріне қатысты жеңілдікті зейнетақы төлемдерін қалпына келтіру бойынша өзгерістерді енгізу тиімсіз. Бұған экономикалық тұрғыда мүмкіндік жоқ.
Сөз соңында, қазақстандық цирктердің халқымыз бен оның мәдениетін әлемге танытатын және танытып жүрген бірден-бір мықты құрал екендігін атап өтемін. Сондықтан еліміздегі цирктердің қызметі мен жай-күйі алдағы уақытта да мемлекет тарапынан жіті қадағаланып, қолдау тауып, бірлесе табысты жұмыс атқарыла беретіндігіне сенімдімін».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.