Туған өлкем – қандай көркем! Туризм –табыс көзі

Алайда осыған көңіл бөлмейтініміз өкінішті

Жайнаған жазымыз да келіп қалды деуге болады. Күн ыстығын да сезіп жатырмыз. Жасыл желекке бөленген төңірек көз тартып, шуақты сезім ұялатады.
Мезгілдің мұндай жадыраңқы шағында табиғат аясында болып, көңіл көтеріп, демалғанға не жетсін?! Әңгіме туризм жөнінде болып отыр. Дәл осы мәселеге келгенде еліміздің жүзі жарқын. Қазақ елі нағыз туризм орталығына айналдыруға боларлық құтты мекен. Тау, орман, өзен, көл… дейсіз бе, тамсана қызықтайтын, жалықпай аралайтын көрікті жерлер молынан кездеседі. Ғасырлардан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштерге де баймыз. Басты мәселе таңғажайыпқа құмар туристерді осы тамашаларымызды қызықтауға тарта білуде. Туризм – туған еліңді өзгелерге таныстыру, әйгілету ғана емес, ол қыруар табыстың қайнар көзі де. Бірақ біз осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей жатқандаймыз… Туризм де дамудың бір жолы екендігін ескеретін кез келді. 

Қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауданың белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналды. Әсіресе, туризмнің басқа да салаларға тигізетін әсері мол, оның 32 салаға яғни турфирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санаторий, ұлттық парктер, тамақтану және тағы да басқа жанама түрлеріне ықпалы бар.

Шарын

Туризм – мемлекеттің жарнамасы. Ол әлемдiк экономикада басты рөлдiң бiрiн атқарады. Қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болып отырған бұл сала тек көркем табиғатымен ғана шектелмей, тарих пен археология­лық қазбалардың, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен ерекшеленеді. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның (ДТҰ) деректерi бойынша туризм әлемдегi жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-ыншы жұмыс орнын қамтамасыз етедi. Туризмнiң қазiргi индус­триясы табысы жоғары және серпiндi дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бiрi болып табылады. Сондықтан да елімізде бұл саланы дамыту кезек күттірмес мәселелер қатарына қосылды.
Қазақстанда 400-ден астам туристік фирмалар қызмет етеді. Сексен елдің туристік фирмаларымен келісім жасалған. Елімізде Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында туризм жақсы дамыған. Осы облыстардың және қалалардың туристік  фирмалары қызмет көрсетудің 88 пайызын құрайды. Ресей, Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Польша, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстаннан туристер мейлінше көп барады.
Ал біздің елге Ресей, Қытай, Гер­мания, Пәкістан, ­Польша және Түркия туристері жиі келеді. Туристерді тасымалдауда авиакомпаниялардың рөлі зор. Көптеген туристердің шетел­дік авиакомпанияларға қызығу­шы­лығы артық болып тұр, ал ұлттық компаниялардың рөлі төмен. «Эйр-Казахстан»-ның акциясы мемлекеттік меншік­ке өтуі бола­шақта ұлттық авиатасы­мал­даудың маңызы артады деген үміт бар.
Дүниежүзі бойынша туризм саласынан ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан түсетін табыстан кейінгі екінші орында тұрғанын ескерсек, бұл саланы дамыту бүгінгі күннің талабы екені даусыз. Халықаралық туризм саласындағы жоғары мөлшердегі алым-салықтардың отандық туризмнің бағын байлап тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Елімізде туризмді насихаттау жұмыстары жүргізілмей отырғаны анық. Шындығына келсек, елдегі туризмнің дамымай отырғандығына ең басты себеп – Үкіметтің бұл саланы дамытуға бел шешіп кіріспей отырғандығы. Бұған биліктің туризмді экономиканың кірісті бір саласы деп қарамай келе жатқандығын, осы салаға бейімделген білікті мамандардың тым аздығын, аталған салаға қажетті инфрақұрылымдардың әлсіздігін қосуға болады. Осыдан қарап-ақ  мәселенің қаншалықты өзекті әрі уақыт күттірмей қолға алуды қажет ететін маңызды шаруа екенін бағамдар едік. Өкінішке қарай, елімізде туризм саласынан түсетін салық көлемі бір пайызға да жетпейді.

Бурабай
Қазіргі таңда елімізде аймақтық туризмді дамытудың бастамалары байқалады. «Ақтау-Сити», «Кендірлі», «Жаңа Іле», «Бурабай» сынды мемлекеттік әрі экономикалық маңызы жоғары жобалар – соның айғағы. Республи­камыздың аймақтары мен жекелеген өңірлерін дамытудың, соның ішінде ауылды көтерудің бір жолы ретінде аймақтағы туризмді дамыту жобасына арқа сүйеген абзал. Себебі аймақтағы туризм дамуының жолға қойылуы қосымша жұмыс орындарының пайда болуына, туризммен сабақтас өзге де инфрақұрылымдардың жетіліп, бірқатар әлеуметтік мәселелердің өз шешімін табуына септігін тигізеді.
Жасыратыны жоқ, елге келетін туристер Қазақстанның табиғаты мен жәдігерлер табылған тарихи орындарға қызығатыны ақиқат. Сондықтан әлі де ашылмаған тарихи жәдігерлерімізді археологиялық іздестіру жұмыстарына да көңіл бөлу уақыт талабы болып тұр. Ал табылған ежелгі тарихи орындар мен жәдігерлердің тізімі нақтыланып, олар мемлекеттің қорғауына алынса бұл өз кезегінде туризмді дамытуға үлесін тигізеді. Көрнекті жерлерді ірі туристік өңірге айналдырсақ, туризм саласында бәсекелестік пайда болып, сапалық көрсеткіштер де арта түседі. Осының нәтижесінде отандық туризм саласы шетелдік туристерді тарта аларлықтай қабілетке ие болар еді. Бұны айтып отырғанымыз, ішкі туризм дамымай, сырттан туристерді де елге тарта алмаймыз.
Салық ауыртпалығын мойнымен көтеріп, салықшылардан көрешекті көріп келе жатқан турфирма өкілдері өздерінен корпоративтік табыс салығын алуға қарсы. Бұл салық халықаралық сапарды ұйымдастыру үшін төленетін алымға қатысты. Мысалы, шетелдік туроператор жыл бойы 5 мың доллар, ал оның Қазақстандағы серіктес турагенті 50 мың теңге пайда тапты делік. Мұндай жағдайда қазақстандық турфирма төлеуге тиісті салық 150 мың теңгені құрайды. Міне, сол себепті де турфирма не клиенттеріне көрсеткен қызметінің бағасын көтереді, не заңды бұзып, салық төлеуден қашады. Туризм саласы – мемлекеттің бет-бейнесі, тұрмыс-тіршілігінің, мәдени мұралары мен тарихи ескерткіштерінің айнасы.
Шетелдіктер Қазақстан туралы нақ осы туристік компаниялар арқылы біледі. Өкінішке орай, Қазақстанда өзіміздің төл туроператорларымыз жоқ, бұл рас. Бізде туристік бизнес, негізінен, турагент ретінде ғана жұмыс істейді. Олар өзінің төл туристік өнімін шығармайды. Егер біз әрі қарай да осындай салық саясатын жүргізе берсек, онсыз да қарасы қалың емес шетелдіктер қазақ еліне келуді мүлде тоқтатады. Сондықтан салық заңына турагенттер мен туроператорлардың аражігін ажыратып, олардың іс-әрекетін бір-бірінен бөле-жара қарайтын әрі олардың көрсеткен қызметтерінің бағасын шектейтіндей ереже енгізу керек тәрізді. Бұл мәселе, әрине, Парламент қабырғасында болмаса, басқа жерде шешіле қояры күмәнді. Салық Кодексіне мұндай өзгеріс енгізілмесе, бұл елдегі туристік кластердің дамуын өз қолымызбен тежеп, оны жөргегінде өлтірумен бірдей болары сөзсіз.

Нұрлан ҚҰМАР

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дария

    Мұны мен оқушы кезімде естігем…Баяғыда бір кішкентай құс болыпты дейді.Әлсіз, кішкентай болған соң үнемі қағажу көріп үлкен құстар бәрін шоқып жеп аш қалып жүреді екен. Бір күні титімдей құс жыраққа ұшып барып тәтті жемісі мол үлкен ағашты көреді. Барып шоқып жесе тым дәмді, нәрлі екен. Тіпті мұны бірнеше ай асырай алатын ағаш. Кішкентай құс бар даусымен «бұл менікі, бұл менікі, тәтті жемісі бар ағаш менікі, менікі!» деп шырылдап қоя береді. Оның дауын естіген басқа құстар жан-жақтан ұшып жетіп ағашқа қонып отырып барлық жемісін түк қалдырмай жеп жөндеріне ұшып кетіпті…Иә, туризмнен біршама пайда табуға болады. бірақ мәселенің екінші жағы да бар. біздің ұлтымыз пайда таба алмайды. Мысалы қытайлар немесе өзбек ағайындар болса пайда табар еді. Пайда таба білу қанында, табиғатында бар.Ал бізге шетелдіктер келгенде қандай, келер-ақ еді. Сұлу табиғатты, тарихи ескерткіштерді көрер еді. Ақша табар едік. Тек соның керегі не? Ақша құн-жын болып кетеді. Тарихи ескерткіштер, асыл бабалар жүрген, аталар қорғаған жерлер, аяғының ізі қалған, ауасында тылсымы мен киесі тұнып тұрған жер ластанады, көздің сұғына айналады, қызығады…Онсыз да көрме арқылы көреді. Білесіздер ме, кеңес дәуірінде талай ұлттың өкілі елімізге келген. Мақтайтындары бесбармақ, қымыз, бауырсақ және қазақстандық «таза, дәмді арақ». Тарихымыз-тағдырымыз.Тағдырымыз ең алдымен өзіміз үшын құнды.Өзі диуана секілді адам сәнді киім мен заттарды жарнамаласа оны ешкім түсінбес еді.Сөздің түйіні, қандай тығырық болса да, тұнық су, жасыл желек, киелі жеріміз түрлі қасиет пен киені білмейтін, түсінбейтін пенденің «тынығуына», шомылуы мен таптауына жағдай жасау ең кемінде аңғырттық болады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.