Қазығұртта қазылған ор

1931-1932 жылдардағы ашаршылықтан қалған жалғыз белгі Қазығұрт етегінде жатыр

Қазығұрт ауданына қарайтын Атбұлақ — бір сайдың бойына ұзыннан-ұзақ жағалай, созыла орналасқан үлкен ауыл. Ауылдың батыс бетін — күнгей жағы өрлеп барып, Қазығұрт етегімен қосылатын биік жота тұтастай алып жатыр. Атбұлаққа асатын асудың үсті жайпаңдау болғанымен, оның түстік жағы қилы-өрлі әрі төменгі жағына қарағанда әлдеқайда биік. Жотаның тік қиялы тұстарының биіктігі ауыл алдындағы сай табанынан есептегенде шамамен үш жүз метрдей. Сол тік қиялы жотаның ортасында үлкен жар тұр. Мұны жар дегеннен гөрі, қолдан қазылған терең ор деп айту нанымдырақ. Ұзындығы 150 метрдей доғал жота үстін қақ жара қазылған жар-ордың тереңдігі 17-18, екі жақ қабырғасының жоғарғы аралығы 13-14, ал табанының ені 6-7 метрдей болып қазылған. Жар алдындағы тік қиялы беткейде алыстан келе жатқан пойызды көзге елестететін, ұзындығы жүзден асатын, ал биіктігі сай жағынан есептегенде 19-20 метрдей келетін үлкен сүйір төбе жатыр. Төбе астындағы сай табанында (ұзындығы — 80, биіктігі — 3, ені – 2,5 метр, қалыңдығы — 30-40 см.) сопақтау етіп құйылған құбыр бар. Құбыр су ағысына қарай текпішек-текпішек болып, қалана құйылған.

Бірақ мұндай қолмен қазылған жар-орлар, сол жар-орлардың екі жақ жиектерінде жолға ар­налып, тегістеле үйілген жасанды төбелер, құйыл­ған құбырлар бір ғана Атбұлақ маңайында емес, шығыс жақтағы Жарбастау мен Жаңаталап ауылдарының сай-қырларында да, батыс беттегі Қарақия мен Қаратөбе елді мекендерінің тұсында да, тіпті Шымкенттен Ташкентке дейінгі ара­лық­­­­­тағы жазық-адырларда да көп. Бала кезімізде көк қарға мен көк құтан ұя салатын сол жарлардың тіп-тік қа­бырғасына өрмелеп шығуды ермек етуші едік.
Қазіргі Арыс пен Сарыағашты айналатын Шымкент-Ташкент теміржолының ұзындығы — 180 шақырымдай. Ал енді оны екі қаланың арасын жалғамақ болған төте жолдың қашықтығы 120 шақырымдай. Әу баста жоспарлаушылар және оны қолдаушылар жолдың осы қысқа нұсқасын назарға алса керек. Одан соң автомобильдері өте аз, қалааралық асфальт деген атымен жоқ, қабырғасы енді қаланып келе жатқан КСРО елінде жол қатынасының ең бір дамыған түрі, тіпті өркениеттің ең басты алғышарты — теміржол деп саналған. Шымкент-Ташкент төте жолы қысқалығын былай қойғанда, екі қала арасындағы далалық жұрттарға, жоғарыдағы Рысқұловтың ойындағыдай, мәдениет пен өркениетке бастау болар еді.
Жұмыс басталғалы бері алты айдай уақыт өткенде, екі жарым жылда 120 шақырымдық жолды салып бітіруді әрі оны екінші бесжылдықтың басында пайдалануға беруді көздеген үкіметке құрылыста еңбек ететін 10 мың адам аз көрінген. Жұмысшы көп болса, іс те тез бітеді деп ойлаған үкімет мүшелері одақтың, республиканың әр тарапынан жұмысшыларды шақыруды жос­парлаған. Алайда со шақта белең ала бастаған ашаршылық үкіметке коммунистік жасампаз еңбекті ұрандатып, басқа жақтан жұмысшылар шақыртуды қажет еткізбей тастапты. Себебі еңбек етуге ықыластанған адамдар ешкімнің шақыруынсыз-ақ мұнда ағылып келе берген. Бұлар — үкіметтің солақай саясаты кесірінен барынан, малынан айырылып, аштыққа ұрынған, қай жерде нан бар десе, сол жаққа қарай мәжбүрліктен ағыла жөнелген адамдар тобы еді. Нұрсейіт, Көпжасар (Көбеш) аталарым ­осындай қасіретті көрініс хақында былай дейтін: «…Сон­да қаңғып келіп жатқандарда есеп болмады. Сонау Шәуілдір, Созақ, Қаратау, Сарысу жақтан босқандар күнде топ-тобымен келетін. Өздері аш, қауқары қалмағандардың талайы нан табамын деп күрек-кетпенге жармасып, ауыр жұмысты көтере алмай, жантәсілім қылатын. Қаншасына өз тамағымызды беріп, аман қалдырдық. Қаншасы біз жаққа жете алмай, далада теңкиіп-теңкиіп, қатып қалды. Ал іске жарамдылары жұмысқа ілігіп, адам қатарына қосылып кетті».
Мұндай әңгімелерді басқа жақтың да қарияларынан естігем. 1983-1984 жылдары шежіре жинап, Қаратау, Байқадам жақтағы ауылдарды аралап жүргенімде: «Жастау кезімізде сенің ауылыңдағы пойыз жол жұмысына қатысып, аштықтан аман қалып едік» деген Ербосын, Атабек, Құдайқұл атты қариялардың жантүршігерлік әңгімелерін де жазып алғам.
Адамның тек жақсы жағын мадақтайтын компартия жан-жақтан ашаршылық зардабынан босып келгендердің қаншасы құрылысқа қатыс- қандығы, қаншасы өліп, қаншасы тірі қалғандығы жөнінде жұмған аузын ашпайды. Тек оны көзбен көрген ақсақалдар ғана айтатын. Ал компартия саясатының сойылын соғатын газеттер болса, ондай құбылыстардың өңін айналдырып, басқаша баяндайды. Мысалы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті 1932 жылдың маусым айының бір нөмірінде «…Қазығұрт етегі мен Келес жағасын бойлап өтетін Шымкент-Ташкент төте теміржолын салушылар ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Бұл күндері оған жан-жақтан келген ерікті еңбекшілердің үлкен тобы қосылып, құрылысшылар саны 17400-ге жетті. Жергілікті және ерікті еңбекшілердің төбелерді жарып, сайларды тегістеу түгілі, үлкен тау Қазығұртты да қақ айырып жіберу қолдарынан келеді». «Социалды Қазақстан» газеті де бұл құрылыс туралы мадақ-пікірге толы төрт мақала жазған. Солардың бірінде әр тараптан келген ерікті еңбекшілер үшін жол бойындағы ауылдарда уақытша тұрғын жайлардың (барактардың) көбейтіле түскені туралы жазылады. Және сол мақалада еріктілердің жалақыға емес, кеңес қоғамына өз пайдаларын тигізу үшін еңбектеніп жатқанын айтып өткен. Аш қазақ ақшаға бола емес, қу тамаққа сеп болар нәпақа үшін күрекке жармасып жүргенін сол газет неге жазбайды деңіз. (Айтпақшы, сол газеттер жазған барактардың орындары Қазығұрт етегіндегі ауылдарда күні кешеге дейін жатты).
Компартия 1931-1932 жылдары күллі Қазақ­стан­ды шарпыған ашаршылық туралы деректі мәлі­мет­терді нақты күйінде қалдырмағаны сияқты, бұл пойыз жолда да болған шынайы ақиқатты жазып қалдырмаған. Тек басталған уақытты, оған қанша ақша бөлініп, қанша жұмысшы қатысқандығы жөнінде ғана нақты мағлұмат бар.
Ал енді осыншама орасан еңбек күші зая кеткен бұл құрылыс не үшін 1 жыл 4 ай жүріп тоқта­тылған деңіз. Ол тоқтатылған кез – 1932 жыл­дың 8-тамыз күні оған төменгі дәрежеде басшы­лық жасағандардың бәрі «кеңес жауы» болып шыға келген. Нақты дерекке сүйенсек, 60 адам әртүрлі мерзімге сотталып, 17 адам ату жазасына кесілген. Олардың ішінде бірнеше ауданның басшылары бар. Жол жобасын жасаған Штейн, Евсеев, Кудасов сияқты инженерлерге «кеңес өкіметіне зиян келтіру мақсатында осы жолдың жобасын сызған» деген кінә қойылса, құрылыс бастығы Березинге «жапон тыңшысы» деген айып тағылған. Аудандарды басқарған қазақ азаматтарына «өз аудандарыңның көлемінде келешексіз пойыз жол құрылысын жүргізуге неге рұқсат бересіңдер? Сендер де елге зияндық ойлаған оппортунистсіңдер» деп адам күлетін жалалар жапқан. Иә, осы кісілерді тергеген ОГПУ мен НКВД тергеушілерінің хаттамаларымен танысуға қол жеткізгенде оларға ойға сыйымсыз жалалар жабылғанына әбден көз жеткіздім. Әйтпесе, төменгі дәрежедегі осы 77 адам пойыз жолды салуды өз беттерінше бастап па. Мәселен, Каз­АССР партия комитетінің хатшысы Голощекин жол салуды мақұлдады, Халкомкеңес төрағасы Исаев қаулы шығарып, КСРО жол қатынастары халық комиссары Андреев пен БОАК жоспарлау бөлімінің бастығы Дуванский сияқты жоғары дәрежелі басшылар рұқсаттарын берді ғой кезінде. Неге олар жұмысты аяғына дейін апармай, 1 жыл 4 айдан кейін өз шешімдерін өздері жойып, төменгі, орындаушы қызметкерлерді жазаға тартқызды? Істің ақ-қарасын партиялық тәртіп бойынша шешетін болса, алдымен жаңағы төрт кісі сотталуы керек-ті. Жоқ, олай емес. Ол кезгі партияның болжамы бойынша кеңес қоғамына барынша қас жат элементтер, үкімет қаржысын желге ұшырататындар төменде, қатардағы қызметкерлер арасында жүреді екен. Голощекин басқарған Қазақ АССР өлкелік партия ұйымының сондай пиғылын «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылдың күзінде шыққан кезекті нөміріндегі «Жат элементтердің үлкен тобы компартияны алдауға тырысты. Бірақ біздің партия ешкімге алданбайды» деген атпен шыққан мақала айқындап тұр.
Жол құрылысын бір жыл бойы мақтаған партиялық басылым сол мақаласын Хал­ком­кеңестің 8-тамызда өткен мәжілісінде қабыл­данған Шымкент-Ташкент төте теміржолы құрылысының тоқтатылғаны туралы қаулы жөнінде хабарлаудан бастайды да, оны «керексіз, келешексіз жол» дейді. Одан кейін оның басы-қасында жүрген құрылыс басшылары мен инженерлерді, прораб, бақылаушы сияқты біраз қызметкерлердің аттарын атап, оларды жерден алып, жерге салады. Ақырында «Голощекин бастаған қырағы көз адал коммунистердің ұйғарымымен аталмыш жолдың құрылысы тоқтатылды. Оның жобасын кеңес қоғамына жат, жергілікті ұлтшыл пиғылдағы элементтер ойлап тапқан екен, — дейді де, — Арамызда контралық пиғылдағы адамдардың әлі де көптеп жүргенін біз қалай байқамаймыз?!» деп аһ ұра, өкінішпен аяқтайды.
Партия газеті мүләйімсіп тұрып, «Жергілікті ұлтшыл пиғылдағы элементтер» деп кімді айтып отыр? Халкомкеңестің төрағасы Исаевты ма? Исаев 32-жылы бұл іспен қамалған жоқ. Ал жолдың жоспарын сызған инженер-құрылысшы мамандарының арасында жергілікті ұлтшыл болатын бір де бір қазақ жоқ, бәрі немістер, орыстар… Жоқ әлде, газет әлденені сандырақтап жаза салды ма? Меніңше, газеттің аталмыш мақаласындағы сол сөйлемінің астарында көлденең жұрт байыбына тереңдей алмайтын бір сыр жатқан сияқты…
Осыны оқығанда мені мынадай ой мазалады: газет «Жергілікті ұлтшыл элементтер» деп Т.Рысқұлов пен М.Тынышпаевты айтып отырған жоқ па екен. Ешбір құжатқа түспесе де, қариялардан қалған естеліктер бойынша, тақырыбымызға арқау болған жол идеясының авторлары сол екі арыс қой. Алайда олар да 1932 жылы қамалмады. Бірақ та, көптеген зерттеушілер мен жазушылардың тұжырымдарына ден қойсақ, Сталин қарауындағы өзіне ұнамайтын жоғарғы лауазымды қызметкерлерді бірден қаматпай, ұзақ уақыт бойы сырттарынан «компромат» жинаттырады екен. Рысқұловтың сыртынан алдын ала жиналған «компроматтардың» бірі осы жол құрылысы болса ше… Әлбетте, одақ бойынша атқарылып жатқан ұсақ-түйек шаруаларға дейін тыңшылары мен кеңесшілері арқылы құлағдар болып отыратын Сталин осындай кең көлемдегі күрделі құрылыс жайында білмеді деу мүлде қисынсыз. Керек десеңіз, мұндай күрделі құрылыстар оның келісімінсіз басталмайды да. Миллиондардың тағдырымен ойыншық секілді ойнайтын қатыгез Сталинге, сұмырай Голощекинге бір адамды мұқату үшін (мәселен, Рысқұловтың идеясы дұрыс емес деп) өз шешім-ұйғарымдарынан тайқып шығу, мынадай үлкен құрылыстарды бір күнде бастатып, бір сәтте тоқтата салу түк емес.
Дегенмен, Шымкент-Ташкент төте темір­жолы құрылысын тоқтату — Мәскеудегі ірі басшылардың аталмыш жоба үшін біреулерді кінәлап, құпия сөйлесулері арқылы жүзеге асқаны кәдік. Ал оның шын себебін жайып салатын бір де бір құжат Қазақстан мұрағаттарында жоқ. Бары — ол жайында ауызекі айтылатын әңгімелер, Тұрар Рысқұлов жөніндегі естеліктер ғана.
Қалай десек те, 1931-1932 жылдары бүкіл Қазақ­станды шарпыған ашаршылықты еске түсіретін белгі болып және сан мыңдаған қазақты аштықтан құтқарып қалған Қазығұрт етегіндегі жота-қыраттардың арасын қақ жара өткен пойызжол орнының қалдықтары созылып, бұзылмаған күйі әлі жатыр. Иә, айтпақшы, еліміз бойынша сол бір зұлмат заманнан, зобалаң ашаршылықтан тарихи ескерткіш болып қалған жалғыз белгі — осы.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.