«АЛЖИРДЕГІ» азап вагоны

Алыстан күнмен шағылысқан биік мұнара көрінді. Ә дегенше, жол бойында орналасқан ғимаратқа қарай бұрылып келіп тоқтадық. «Бұл – «АЛЖИР» мұражайы, кезінде лагерь болған» деп таныстыра бастады мұражай қызметкері. Темір тор есік арқылы аулаға кірдік. Сол жақ кіреберісте тозығы жеткен қоңыр бояумен сырланған, ырсиған ағаштарының қиюы кеткен ескі вагон тұрды. Кәдімгі өзіміз соғыс туралы фильмдерде көретін вагон. Мәселе вагонның ескілігінде емес, ең қасіреттісі де, қорқынышы да ішіндегі көрінісі болып тұр. Вагонның маңдайшасында осы лагерь туралы қысқаша мағлұмат жазылыпты. Онда осы вагондармен кезінде жазықсыз жазаланғандар, «Халық жауының» әйелдері, кысқасы, тұтқындар тиелгендігі, олардың азапты жағдайлары туралы айтылыпты. Жансыз тас мүсіндер демесеңіз, аядай тар вагонның ішінде олардың осыншама аянышты халде отырғаны, қиыншылықтарын айтып жеткізу оңай емес. Олардың бірі – жантая құлап, бірі бүрісіп бүк түсіп жатса, кейбіреуі – бір-біріне тығыла әзер отырған бейнелерін көргенде, алғашқыда тірі адамдар отырғандай әсерде шошып қалдық. Аянышты түрлеріне, сырт бейнесіне көз тоқтатып қарап тұрудың өзі өте ауыр және қорқынышты болды.
Ортада темір пеш тұр, мұржасы төбе арқылы шығарылған екен. Осы пешті жағалай жайғасқан бұл бейшара әйелдердің ауыр халдегі күйін адам баласының басына бермесін. Үстеріндегі жыртық жамау киімдері жұқа, аяқтарында тозығы жеткен етік, бәтіңке, бәрі сол уақыттарда тұтынған, пайдаланылған заттары сол өмірді айна-қатесіз осы вагон ішіндегі көрініс айғақтайды. Әйелдердің дәл сол күні өлі денелерін қатырып қойғандай көрінді маған. Бәрінен де аяныштысы – олардың жанарларындағы, бет-әлпеттеріндегі мұңды айтсаңызшы! Бұл тек тас мүсіндер ғана, енді шынайы түрін елестетіп көріңізші. Биік мұнара үстінде «күзетші» тұр, жанында иті де бар. Вагон ішіндегі ауыр көріністен соң жүрегіміз сыздап ішке кірдік. Мұражай қызметкері кірген бетте кинозалға бастады. Жайғасқан соң деректі фильм көрсетілді. Вагондағы бер жағы ғана екен, мына сұмдықты көре отырып, онсыз да көшедегі иттен қорқып, жылай салатын мен бейбақ, көз-жасымды көрсетпеуге тырыссам да болмады. Немерем әжесін жұбатып әуре. Бес-алты жастағы сәби не түсінеді, оларды сыртқа шығарып жібердік. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» дегендей, сол қасіретті жылдардан аман қалған бірен-саран адамдар, олардың ұрпақтары сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Осы деректі фильмде ақ шашты қария кісі: «Бала – бауыр етің, бір әйел баласын сағынып жыласа, тұтқындағы үш жүз әйел түгел қосылып боздағанда аспаннан қара нөсер жауғандай болатын» деп өзінің анасы да балаларын аңсап, уайымдап, солар үшін тірі қайтуды мақсат етіп, жанкешті өмір сүргендерін көзжасын көлдей етіп еске алды.
Жасымыз ұлғайған, өмірдің азды-көпті ащы-тұщысын көріп жүргеніміз бар болса да, мынадай тағдыр тәлкегінің тауқыметін, азабын тартқан жандардың жағдайларын өз көзіммен көргеннен кейін, жүрек түкпіріндегі аяушылық сезімім еріксіз қолыма қалам алдырды. Өзім ғана біліп қоймай, өзгелер де біліп жүрсе деген ой менікі.
Өзім тарихшы я саясаткер де емеспін. Менің ойым, халық «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» деп бе­кер айтпайды-ау! Рас, қазір тоқшылық заман, бәрі бар. Шү­кір Аллаға! Ел іргесі тыныш, тәуба дейміз. Әйтсе де, жас­тарымыз сол тоқшылықты, тыныш, бейбіт өмір­дің мәнін, бар­шылықтың қадір-қасиетін терең, кеңінен түсінсе ғой. Мың рет естігеннен, бір рет көрген ар­тық. Астана қаласының іргесінде ашылған «АЛЖИР» мұ­ра­жайын өз көзімен көрген адам азапты өмір мен азат өмір­дің парқын терең түсінген болар еді. Қуғын-сүргінсіз, мамыра-жай өмірді, еркіндігімізді бағалай білсек, соны жас­тар, жалпы адамзат баласы терең түсінсе деген ой маза­лай берді.

 

Рыскен ӘБІШЕВА
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.