Халықтың алғысы – еңбектің шынайы бағасы

Мәдина Жаңабаева – дәрігер. Өз мамандығының шебері, білікті басшы. Ол бүгінде Алматы қаласы 1 май ықшамауданындағы №21 емханада еңбек етуде. Көптеген науқастар ем-дом қабылдап, сауығып шыққан Отбасы денсаулығы орталығының меңгерушісі. Медицина саласында ширек ғасырға жуық қызмет етіп келе жатса да, ол үнемі ізденіс жолында өз біліктілігін әрдайым шыңдаумен келеді.
Дәрігерлік жолында өздерінің ақыл-кеңесін аямай, биік белеске жетуіне шарапатын тигізген ұстаздары Сара Әбдірахманова (марқұм), Есенкүл Мұхтарова, Нұржамал Төкееваларды мақтан тұтады.

Сонымен қатар бірге қызмет жасап келе жатқан Гүлмира Рафкатқызы, Күнсұлу Алтықбаева, Амангүл Төремұратова, Назгүл Көккөзова, Сағима Көшекбаева, Наталья Алмаева, Жанар Шайдақызы, Келбет Мұратқызы және т.б. шәкірттерінен зор үміт күтеді.
Иә, жер бетінде адам денсаулы­ғын қорғап, сақтаудан сауапты қандай іс болуы мүмкін десеңізші. Осы бағытта дәрігерлердің күн-түн демей атқарған еселі еңбектері олардың өз кәсібіне деген адалдығын ғана емес, ең алдымен денсаулығы сыр берген науқас жанға бірінші болып көмек қолын созуға деген кәсіби парыздарын жүрек қалауымен сезінулері дер едік. Кейде дәрігерлік мамандыққа адам туабітті жақын болады деген де сөз бар. Бұл рас та шығар. Өйткені дәрігер болу әркімнің қолынан келе бермейді. Ол күллі өміріңді, тіршілігіңді осы кәсіпке арнау деген сөз. Ыждаһаттылық, еңбекқорлық, сауаттылық, білімділік, мейірбандылық, адамгершілік тәрізді асыл қасиеттерді біз әдетте халықтың алғысына бөленген дәрігерлердің бойы­нан көріп жатамыз. Өзбекстанда дү­ниеге келіп, мектепті алтын медальмен бітірген, болашағынан мол үміт күттірген талантты қыз Ташкент қаласындағы мемлекеттік медициналық институтын акушер-гинеколог мамандығы бойынша тәмамдайды. Атамекенге 2002 жылы қоныс аударады. Содан бері қайнаған қызу еңбекке білек сыбанып кірісіп кетеді. Мәдина Ниетбайқызы дені сау ұлттың болашағы да зор деген пікірді өз қызметіне арқау етіп келеді. Шынында да, қазақ бірінші байлық – денсаулық деп тегін айтпаған ғой. Дені саудың, жаны сау. Еңбегі жемісті, қызметі өрісті болады. Кейіпкеріммен әңгімелесу барысында дәрігердің еңбек жолы адамның тағдырымен тікелей байланысты екеніне көз жеткізе түсесің.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, білікті дәрігер Отбасы денсаулығы бөлі­мінің меңгерушісі. Бұл шетмемле­кеттерде бұрыннан бар тәжірибе. Біздің елде де сәтті жүзеге асып келе жатқан жобалардың бірі. Оған Мәдина Жаңабаева сынды кәсіби мамандардың қосып келе жатқан үлесі мол.
– Отбасылық дәрігер жүйесінің тиімділігі сол дәрігер бүкіл отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайын бес саусағындай біліп, керек көмекті дер кезінде көрсете алады. Өздерінің денсаулығын бір дәрігерге сеніп тапсыру ол маманның өзіне де жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Отбасылық дәрігер ең алдымен сол отбасының бір мүшесіндей болып кетеді. Ол білікті болуы өз алдына, сонымен қатар науқастың жан-дүниесін түсінетін психолог та бола білуі керек, – дейді М.Жаңабаева.
Дәрігерлік мамандық адам денсаулы­ғымен байланысты болған соң әртүрлі сауалдар да туындап жатады. Мәдина Ниетбайқызы жетекшілік ететін орталық мұндай жағдайда дөңгелек үстел басына жиналып, кеңеседі, ақылдасады. Бұл да ем қабылдаушы жандардың сауы­ғып кетуіне деген жанашырлықтан, бі­лік­ті көмек көрсету мақсатын ұстанған­дықтан.
Қазір медицина саласы бұрынғы жылдармен салыстырғанда көш ілгері. Елбасының бұл саланы дамытуға жасап отырған қамқорлығының арқасында емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасы жыл санап жақсара түсуде. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен тұрғызылып жатқан заманауи ғимараттар қаншама. Маман-кадрлердің сапасына да үлкен көңіл бөлінуде. Осының барлығы медициналық қызметті жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз. М.Жаңабаева осы реформалардың өз нәтижесін беріп жатқанын айтады. Соның бір ғана дәлелі дәрігерлерді қағазбастылықтан азайту шаралары тиімді атқарылып, бүгінде электронды жүйенің ендіріліп жатқанын қуана құптайды.
Орталық қызметкерлері еңбек етіп келе жатқан ғимарат өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған екен. Демек, заманға сай жаңа ғимараттың керек екені түсінікті. Орталық күніне 100-150 науқасқа қызмет көрсетеді. Ықшамауданда 11 мыңға жуық тұрғын барын ескерсек, жаңа емхана ғимаратының керек екені сөзсіз. Мәдина Ниетбайқызы бастаған ұжым мүшелері «100 аурухана» бағдарламасынан мол үміт күтеді екен. Жетісу әкімдігінің өкілдері де жаңа емхананың салынатыны туралы айтыпты. Енді бұл қуанышты хабар іс жүзінде жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді дейді М.Жаңабаева.
Кейіпкеріммен болған сыр-сұхбат барысында ол бүгінгі таңда, әсіресе ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлу қажеттігі туралы айтты. Бұл тұрғыдан алғанда Отбасы орталығында ана мен бала денсаулығы ешуақытта назардан тыс қалып көрмепті. «Дені сау анадан – дені сау бала өмірге келеді. Болашақ аналар осыны ұмытпаса екен. Сондықтан әрбір қыз-келіншек өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ана болу бақыты бұйырғанда сәбиінің де денсаулығы ана денсаулығының қандай болатынына байланысты екенін әрдайым есте ұстаған жөн» дейді. Дұрыс-ақ сөз. Шын мәнінде, ана денсаулығы балаға тікелей әсер етеді. Отбасы денсаулығы орталығының мамандары осы қағиданы берік негізге алғандай. Осылайша ұжым ананың денсаулығын нығайту, сол арқылы дені сау ұрпақты дүниеге келтіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Білікті дәрігер әр адам салауатты өмір салтын ұстанып, жаман әдеттерден аулақ болса, өз денсаулығын күте білсе дейді. Осы бағытта халыққа, қарапайым тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатқандарын тілге тиек етті.
Мәдина Ниетбайқызын медицина саласының жаңалықтарынан жан-жақты хабардар, жаңа білімдерді игеріп, жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды меңгеру жолында ізденіп келе жатқан заман талабына сай маман деп айтуымызға толық негіз бар. Өмірлік серігі – Бауыржан Садықовтың мамандығы да дәрігер екен. Үш балаға тәлім-тәрбие беріп, өсіріп келе жатқан бақытты отбасы. Үлкен ұлы Шыңғысхан – жол полициясының маманы болса, ортаншы ұлы Батыр да дәрігерлік мамандықты таңдапты, бүгінде Қазақ-Ресей университетінің студенті. Ал үйдің кенжесі – Бекет бесінші сыныпта оқиды. Халыққа жасаған еселі еңбек ескерусіз қалмасы белгілі. Мәдина Ниетбайқызы әкімдік тарапынан бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталды. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан екі рет жоғары дәрежелі дәрігер атанды. «Халықтың алғысы мен батасын алсақ, өмірдің мәні мен бақыты да сонда» деді ағынан жарылып.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Жания

    Дәрігерлерге еңбектеріне жеміс тілеймін, адал еңбек!

  2. Ерсін

    «100 аурухана» бағдарламасынан мол үміт күтеді екен… Журналист осы мақаланы Жетісу ауданының әкіміне жіберуі керек қой, олар да оқып-таныыыссын. Әйтпесе, дәрігер байғұстар күтуден шаршамайды, күтіп жүре береді.

  3. Laula

    Darigerdin tabisi ote az, kobisi ash zhure beredi(((

  4. Эрнест

    Жүзі игіден түңілме деген, жүзі жылы жан екен. Негізінде дәрігерлер сұсты келеді-мыс

  5. Батырбек Үрістембеков

    Таң атқанда терезеге қараймын
    Бар Әлемге жақсы ниет ойлаймын
    Адам-адам-адамдар,
    Жақсы көрсе бір бірін,
    Бақытқа толар жандар
    Жайнап төге жан нұрын,
    Кісі-кісі-кісілер
    Жүректерін тыңдаса,
    Бірін-бірі түсінер
    Менмендікті тастаса!

    Бар адамға жақсылықты жасаймын,
    Глобусты да қуанышпен ұстаймын.
    Адам-адам-адамдар,
    Жақсы көрсе бір бірін,
    Бақытқа толар жандар
    Жайнап төге жан нұрын,
    Кісі-кісі-кісілер
    Жүректерін тыңдаса,
    Бірін-бірі түсінер
    Менмендікті тастаса!

    Кеш батқанда көңілдене қайтамын
    Еш шаршамай жақсы сөздер айтамын!
    Адам-адам-адамдар,
    Жақсы көрсе бір бірін,
    Бақытқа толар жандар
    Жайнап төге жан нұрын,
    Кісі-кісі-кісілер
    Жүректерін тыңдаса,
    Бірін-бірі түсінер
    Менмендікті тастаса!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.