ЖАНҚОЖА БАТЫР (1774-1860)

ЖАНҚОЖА БАТЫР (1774-1860)Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі Қазақ баласы үшін аса қадірлі де қастерлі есімдердің бірі. Әрі батыр, әрі би бабамыздың ерлік өмірі жайында әрісі орыс, берісі қазақ тарихшыларының ғылыми еңбектерінде соңғы бір ғасырдан аса мезгілде аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Сонау 18-ғасырдың соңғы жылдарында өткен қазақ-қарақалпақ қақтығыстары тұсында, бар-жоғы он жеті жасында Хиуаның белгілі батырын жекпе-жекте өлтірген Жанқожа содан кейінгі 70 жыл ғұмырында тұлпарынан түспей, азаттықтың киелі Ақ туын қолынан түсірмей, қартайған жасында да қас жауларымен қандыкөз көкжалдай алысып, алыстан тоят іздеген қыранша тұғырынан таймай фәниден өтті.
Өзінің ұзақ өмірінде Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларымен сан рет сұрапыл шайқастар өткізді. Жанқожа батыр сол ұрыстардың барлығына да қолбасшы, әрі басты ұйымдастырушы ретінде қатысып, теңдессіз ерлік, көзсіз батырлық көрсеткен болатын. Сонысымен, жанына ерген жауынгерлеріне үлгі болды, халқына қайрат, «елім» деген ерге ерік-жігер берді. Былтыр батырдың туылғанына 235 жыл толса, биыл батырдың дүниеден өткеніне 150 жыл болды.
Тарихшы М.Тынышбаевтың: «Жанқожа Үш жүздің ең атақты батыр-билерінің бірінен саналады. Ол қазақ тәуелсіздігі үшін күрескер ретінде орысты да, хиуалықтарды да, қоқандықтарды да, тіпті хандардың өзін де мойындаған жоқ» деген мінездемесі де жоғарыдағы пікірімізді айғақтай түседі.
Жанқожаның шыққан тегі айтулы батырлар мен белгілі билердің әулеті. Арғы атасы Киікбай да, түп нағашысы Тама Есет тархан да, өз әкесі Нұрмұхаммед те сонау жоңғар шапқыншылығынан бастап, қазақ халқы басынан өткен небір сұрапыл шайқастарға қатысып, жұртымызға ерлігімен де, билігімен де еңбегі сіңген ерен тұлғалар.
Жанқожа батырдың аталары мен өзі және үзеңгілес, жорықтас кісілер жайындағы деректі құжаттар, айғақтар мен хаттар, басқа да мәліметтер Ресей мұрағаттарында көп ұшырасады.
Жанқожа батыр 1841 жылдың шамасында Кенесары ханмен тізе қосып, атақты Созақ қамалын Қоқандықтардың қолынан азат етуге тікелей атсалысты. Хан әскеріне он сегіз күн бойы алдырмаған бекіністі, Кенесарының соңғы үміті – Жанқожа бастаған Шекті батырлары атойлаған шабуылдарымен шеп бұзып алған дейді көнеден жеткен куәгерлердің айтуы. Бұдан кейін батыр мен ханның жолы екіге айрылды. «Кенесары – Қырғызға, Жанқожа – Ырғызға» дегендей, екеуінің де көздеген мақсаты бар-ды. Бұл жолы да батыр артында қалған панасыз Сыр халқының қамын ойлады, өйткені көне Жанкент жеріне қайта-қайта қамал салып, Қызылқұмдағы Дәуқараның үстінен дүрбі салып, Хиуа сарбаздары: өзбек, қарақалпақ, түрікпен жасауылдары тұрды. Жанқожа сол 1842, 1843, 1845 жылдары оларға үш дүркін тойтарыс беріп, қамалдарын қиратты, Әйімбет, Бабажан бастаған көптеген белгілі бек, батырларын өлтіріп, елдің мыңдаған малы мен қолды болған жесірлерін, мүліктерін қайтарып берді.
Жанқожа – жай, қатардағы қазақ батырларының бірі емес, алаш жұрты үшін жанын да жақынын да аямаған нағыз ер, бекзат мүсінді баһадүр болды. Ел аузынан жеткен аңыз бойынша батыр майдан үстінде шейіт кетуді армандап өткен. Алайда, бұған ағайын-туыстары жол бермегенге ұқсайды. Мәселен, алғашқыда Арықбалық маңындағы орыс әскерімен соғыста аты да, өзі де жараланып, ақырғы демі біткенше айқасып, ата жаудың қолынан өлмекші болған Жанқожаны Құлбарақ батыр сияқты етжақын туыс, қарулас достары ажал аузынан әрең алып шықса, кейіннен «өлсем өз жерімде дұшпаныммен бір ұстасып өлейін» деп Қызылқұмнан шығып елге беттеген сексен алты жастағы есіл ерді өздерімен өмір бойы көршілес, қоныстас әрі ағайын жұрты саналатын көрші рулардың қазанбұзар тентектері дегеніне жеткізбей, көш жолында, қапияда өлтірді. Сексен жастан асып, тоқсанды алқымдаса да Жанқожа сол баяғы қайсар мінезімен, бағзыдағы батыр пішінін де, тіпті намазын да бұзбастан хақ мұсылманша Жасаған иесінен иман тілеп қасқайып тұрып пәниден бақиға өтті.
Жанқожа батыр жайында 10-нан (12 мың жол) аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Нұрмағамбет, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Ізжан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз. Мәселен, Мұсабай жырау нұсқасын Қазалы бекінісінде қызмет атқарған орыс офицері И.В.Аничков оның өз аузынан жазып алып, жариялады. 1894 жылы осы зерттеушінің «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты тарихи очеркі жарық көргені мәлім. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді. Бүгінде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көріп жатқан «Бабалар сөзі» сериясына «Жанқожа батыр» жайында бір том дайындау үстінде. Батыр туралы тарихи жырлардың ең таңдаулыларының бірі және бұрын-соңды зерттелмегені – Лұқпан Кенжеұлы жырлаған нұсқа. Сондықтан осы нұсқаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Серікбай Қосан,
филология ғылымдарының кандидаты

Жанқожа батыр

Құр тарқатып болмайды,
Әлеуметтің құрмауын.
Шын данышпан бітірер,
Шиелескен ел дауын.
Ағалар аңсап келгенде,
Құрбы құрсап келгенде,
Шешейін сөздің құрсауын.
Айта алмай кетсем осыдан,
Әңгіме болар артымнан
“Көрдің бе?” – деп бұлдауын.
Атақты жүйрік емеспін,
Тапқандай сөздің паңдауын.
Ертек пенен терменің
Сендерге бердім таңдауын.
Өлімнен ешкім құтылмас,
Ажалдың көрмей арбауын.
Көтібар, Есет, ер Бекет
Ойлаған елдің азбауын.
Исатай менен Махамбет
Қылыш ұрып кәуірге,
Жеткерген ерлік шыңлауын.
Олардан кейін бір батыр,
Заманның көрген алғауын.
Сырдариядан су ішпей,
Құдықтың қазған шыңырауын.
Бұқардан ақ ұн алдырып,
Жемеген бидай ұндауын.
Аз да болса маңызды,
Ел ішінде аңызды –
Жанқожа батыр атамыз
Құттықтан шыққан тәрізді,
Сұрастырсам саңлауын.
Бұлт ашылып, ай туар,
Ағысын тастап су тұнар.
Мен сөйлесем, әлеумет,
Ер Жәкеңнің толғауын.
Күздің күні көрерсің
Суық күздің дауылын.
Бедеу ат жақын тартады
Алыс жердің бауырын.
Тықы батыр құрапты
Қарақалпақтың қауымын.
Сырдарияның ойынан
Жердің алып тәуірін,
Көрсетті кемдік қазаққа.
Баса тоқып жауырын,
Ектіріп, тиыш қоймады.
Арпа, бидай, қауынын
Бір түнде шауып кетіпті.
Дәрменқұл бидің әкесі
Жылқыайдардың ауылын.
Өзін тағы өлтіріп,
Жараның салды ауырын.
Атақты ерлер арланып,
Шаншуға құмар әуірін.
Қазақтың басы құралмай
Өткерді жаздың сәуірін.
Әлім, Шөмен еліне
Хан болып еді Қылышбай.
Беласар батыр, ер Дабыл,
Тоқым тыққан Қыстаубай,
Бекбауыл, Бажақ, Жұмабай –
Мұны да алды, тастамай.
Жеті жүздей әскермен
Жауға аттанды жылыстай.
Ердің көңлі тынар ма,
Ауыр қол бастап, ұрыспай?!
Есерленген тентектер –
Бас білмеген асаудай.
Қолбасы болып Бекбауыл,
Басқалары таласпай.
Қаласына Тықының
Таң ата барды адаспай.
Қорғаннан өтіп кіре алмай,
Дағдарды ерлер сын аспай.
Тықының қолы тығылды,
Білдіріп сыртқа сыр ашпай.
Бір мезгілдер болғанда,
Қамалап қазақ тұрғанда,
Жекелеп шықты ер Тықы,
Кететіндей арманда.
Қарсылап ешкім шыға алмай,
Қазақтың қолы талғанда,
Жабылау тайы астында,
Өзі он жеті жасында,
Арғы атасы – Киікбай,
Нұрмамбетұлы Жанқожа
Шыға шапты майданға.
“Әлдеқандай болад”? – деп,
Халқы күмән қылғанда,
“Қайт”, – дегенге қайрылмай,
Ұмтылды батыр арланға.
Айқасып қалған кезінде,
Айбалтамен ұрғанда,
Жалаңдаған Тықының
Тұрмады жаны бұ маңда.
Ақбоз аттың саурынан
Аунады Тықы ақ шаңға.
Атын алып шығарды,
Басын шалып құрбанға.
Қамалға қайта ат қойды,
Артынан әскер лап қойды.
Тастаған қозға тоқтамай,
Қалаға салды атойды.
Дарбазаны талқан қып,
Бір қасқыр қуды мың қойды.
Ұрттап ішіп, қан төгіп,
Арандары бір тойды.
Жас та болса, Жанқожа,
Атадан артық бір сой-ды.
Қоралап айдап малдарын,
Толтырды батыр Қараойды.
Екі жесір тағы алып,
Жанқожа жазды бір бойды.
Шауып, шаншып ұрыста,
Дұшманның басын көп жойды.
“Өзім жазым болам” деп,
Кей жамандар екі ойлы.
Алаңғасар кей батыр,
Ұрыстан қорқақ үрейлі.

Жаңадария өзені
Суы ағып жатқан сала екен.
Қорғанның іші бекінген
Екі бөлек қала екен.
Ауыздағы қалаға
Құжынаған қазына-мал екен.
Төр жағында, түкпірде
Хан сарайы бар екен.
Төрт аяқты малдары
Жылқы мен қызыл нар екен.
Аман қалған қылыштан
Кәрі-құртаң шал екен.
Ауыр олжа көп алды,
Бұзау, баспақ, танамен.
Батырлар қайтып бет алды,
Тапқандай жерден жетікен
Қалың қол қайтып келатыр
Керуен жол, ашық даламен.
Ер Дабыл елден сұрапты:
– Тықыны өлтіріп, жол салған,
Қамалды бұзып, олжа алған.
Жас бала қайда қалды екен?
Ол заманда халқына
Хан Қылышбай қорғаны.
Түсуі қиын қолына
Ер жігіттің арманы.
Қарақалпақпен ұрысып,
Тайдырған жерден табанын
Дабыл батыр тұрғаны,
Сол арада Дабылдың
Садақ пен бөркі қалғаны.
Бөркі қалса, көркі жоқ,
Жағы қалса, жаны жоқ.
Ағаны қырсық шалғаны,
“Жаудан айырып алуға
Кейін қалдым, батыр”, – деп,
Ер Дабылдың алдына
Жанқожа батыр барғаны.
Сонда Дабыл сөйледі:
– Ұмыттым мынау таңбаны,
Жаудан айырып мүлкімді,
Абыройды алғаны.
Алаштың басқа ерлері
Тықыға қарсы бармады.
Сол Тықыны өлтіріп,
Ортаға салды олжаны.
Осы бала ер жетсе,
Ұрыстың болар палуаны.
Алғыс айтып балаға,
Ер Дабыл берді батасын.
Үлкендер қылар кешірім,
Кішінің көрсе қатасын.
Халықтың ханы алжасса,
Кім жазады шатасын.
Жаудан алған олжаның
Түйесі мен ботасын
Үлестіріп, бай қылды,
Хан Қылышбай өзінің
Күйеуі мен атасын.
Өкпелеп бұған Жанқожа,
Кетірді ханның сапасын.
Қалың қолдың ішінде
Ханды шауып балтамен,
Шығарды іштен қапасын.
“Жанқожа ханды шапты” деп,
Хабарландырды атасын.
Өтеген мен Нұрымбет
Ашуланып қызған соң,
“Шаламыз, – деп, – жолыңа”,
Алып келді баласын.
Қылышбай жылап: “Қой, – дейді. –
Балаға азар бермеңдер,
Өле кетсем осыдан,
Дұшманға қылыш сермеңдер.
Жанқожа тірі тұрғанда,
Басқаның тіліне ермеңдер.
Қор қылмайды ешкімге,
Дегеніне көнсеңдер.
Анталап тұрған дұшман көп,
Ала ауыз болып жүрмеңдер.
Мен кешемін қанымды,
Қадірімді білсеңдер.
Жанқожаны қолдаған
Жеті ғайып ерендер.
Өзімнен болды білместік,
Бетіне келіп жүрмеңдер.
Маған ұрған балтасын,
Жауға қарсы тигендер”.

Осыдан кейін Жанқожа
Нағыз ер болды “келсең, кел”.
Жанқожа батыр ер болды,
Ел ішінде бір болды.
Аңдып жүрген дұшманның
Жүрегіне шер болды.
Ығысқан қазақ елаты
Паналап ерді көп қонды.
Патшалық құрған іргелі
Үргеніш, Қоқан ел болды.
Елші келіп хандардан,
Қатынасы мол болды.
Атағы шығып аспанға,
Күннен-күнге зор болды.
Тыныштық болып бір заман,
Таныды батыр оң-солды.
Екі адам басы қосылса,
Жанқожа батыр сөз болды.
Жас ортадан асқанда,
Ірі жаулар кез болды.
Сол сияқты ерлердің
Ақырында, жігіттер,
Өз елаты не қылды?
Өзбек ханның тұсында
Атамыз қазақ дін баққан.
Алтын орда хандары
Жердің жүзін шаңдатқан.
Олардан кейін бұл қазақ
Патшалығын жоғалтқан.
Ноғайлы тозып кеткен соң,
Хиуалық сарттар ел билеп,
Сырдың бойын шулатқан.
Ақмырзаны өлтіріп,
Бабажан сарт суға атқан.
Бұл хабарды есітіп,
Кіші жүз болып ар тұтқан.

Жанқожа сынды батырдың
Аулында жатқан кезі еді.
Шаһар толған мал-бақта,
Ақмырзаның өлгенін
Батырға барып айтуға
Жеке батыр жол тартқан.
Асығыс жүріп, тез жетіп,
Жанқожадай батырға
Былайша деп сөз қатқан:

“Алты Алаштың ұлына
Пана болған ер едің,
Өрлеген бақыт, талаптан.
Қысымшылық қылып тұр
Бабажан сарттың әлегі:
Салық салып, мал жинап,
Қазақты жиды жан-жақтан.
Бабажанның тырнағы
Сырдағы елге тым батты.
Күннен-күнге дәуірлеп,
Озбырлық қылды Тәңір атқан.
Бұл күнде сізбен ісі жоқ,
Өзіне болды бір батпан.
Әлібек, Нұртай батырды
Қаразымнен алдырып,
Бағып жатыр сіз үшін
Қайратын сынап ант атқан.
Бес шектінің баласы
Жаратып, сайлап, бағып тұр
Үй басына бір аттан.
Бәрі де сізді күтіп тұр.
Бір шақырып ұранды,
Құтылуға сол сарттан”.
Жанқожаның көк аты
Кетпеген сірә, белдеуден.
Ерегісіп келгенде,
Жауы бар ма жеңбеген?!
Айбаты суық арсыландай,
Көрген дұшман қалмайды
Жанынан күдер үзбеген.
Осы келген Жеке батыр
Ер еді бір еңіреген.
Ақмырзаның өлгенін
Естірте алмай батырға,
Айтуға тілі жүрмеген.
Айтпаса да, батырдың,
Ісі бар ма сезбеген?
Сағынып көрген батырлар
Атқызды таңды көзбенен.
Ертеңіне аттанып,
Сырға қарай жол тартты.
Бет алып құла түзбенен,
Астындағы аттарын,
Екі мезгіл жемдеген.
Жарауы түскен жануар
Еттері қызып желдеген.
Иә жортып, иә желіп,
Қызған сайын өрлеген.
Жанқожаның жайлауы
Көкдомбақ деген жер еді.
Астындағы Көк ешкі
Бүкең-бүкең желеді.
Екпінд етіп батырлар,
Жуықтап Сырға келеді.
Сол заманда белгілі
Ақирек, Ақбай көлі еді.
Әйімбет, Нұртай екі бек
Отыз сартқа бас болып,
Ел зекеттеп жүреді.
“Жанқожа келед” дегенмен
Аттанып бұлар тұр еді:

Батыр Әйімбеттің Жанқожа батырға қарсы шыққандағы өзінің ерлік көрсеткені:

Осы жүрген Әйімбет
Масатыдай құлпырған
Қаразым жұртын тындырған.
Көк найзадан қолы өткір,
Найзағайдан оғы өткір.
Сілтеуіне келгенде,
Желден жылдам қолы бар.
Астына мінген арғымақ –
Ала аяқ торы жануар.
Жүреріне келгенде,
Жолын Құдай қалаған,
Бір өзін мыңға балаған
Түрікпеннен шыққан ер еді,
Ерлігінің белгісі:
Суырылып шығып сол топтан,
Жәкеңе қарсы жөнеді.
Астында бедеу ойнақтап,
Түлкідей көзі жайнақтап.
Ат үстінде ойнайды,
Екі жаққа бой тастап.
Аспанға балта лақтырып,
Ат бауырынан оралып,
Алады қағып, қайта ұстап.
Балтаны қойып, найзамен
Ойнайды тағы ойқастап.
Баурында жатып бедеудің,
Сілтейді найза қиғаштап.
Бір кездері Әйімбет
Қылышын алды шалқақтап.
Оңды-солды сілтейді,
Ат жанында қапталдап.
Осы түрлі сыңайтпен,
Көрсетті өнер алшақтап.
Ар жағынан Жанқожа
Төбеге шықты жылыстап.
Жау қарасын көрген де,
Жолдасын қойды кейінге:
“Тұра тұр, – деп, – тұрақтап”.
Бұрынғы жүрген қалпымен
Көк ешкі аты балпақтап,
Асып-сасып не қылсын,
Жоққа қорқып, қалтақтап.
Әйімбет сонда ұмтылды
Күн секілді күркіреп.
Қабақтан аққан қара тер
Жаңбырдай жерге сіркіреп,
Басқа сөзге келмей-ақ,
Сілтеді қылыш тітіреп.
Екі батыр сол жерде
Келе қалды жекпе-жек.
Балтасымен қылышын
Қағып тастап Жанқожа,
Жетіп барды “келші” деп.
Жағасынан ұстап ап,
Төмен қарай тартқанда,
Әйімбет батыр құлады,
Екі қолмен жер тіреп.
Домалап түсіп атынан,
Кездігін қойды тамаққа.
Жанқожа батыр “уһ” деп,
Уыстап қанын бір ұрттап,
Орнына түсті көкірек.
“Тие берсін, Ақмырза,
Қаныңа қан алдым!” деп,
Жылады батыр еңіреп.
Жеке батыр келіпті:
“Не болды, – деп, – бұларға?”
Кегін алмай дұшманнан,
Ердің көңлі тынар ма?
Жеміт үшін бөктергі
Бүкті бүрген бүркіттей
Жанқожа батыр сонарда
Қорқыратып қан ішіп,
Әйімбеттің үстінде
Отыр екен құмарда.
Нұртай шықты артынан,
Гулетіп кеулін шамалға.
Жақындап жуық келгенде,
Жанқожа мінді қиялға,
Шолақ қара қылышпен
Бірді сілтеп қалғанда,
Бұ да бір кетті ажалға.
Екі басшы кеткен соң,
Қалған бәрі құралма –
Екі ақ сұңқар кез болды
Жайсында жатқан құланға.
Бас кесіліп, ат босап,
Дұшмандар түсті табанға.
Ат-тондарын олжалап,
Ел адамы кенелді
Қызыл жон олжа шұбалма.
Жауды қырып жай тауып,
Жеке батыр, Жанқожа
Бастарын қосып дем алды,
Аттарын қойып ыраңға.
Осы арадан Жанқожа
Кейін қайтты еліне.
Сәлем айтты Сырдағы:
Ақтан атты еріне.
“Қыстың күні болғанша,
Дария суы тоңғанша,
Жинай берсін адамын,
Келгенінше ебіне.
Қырдың елі қайтқансын,
Бабажан сартты қазақтың
Жолатпаспын шеніне.
Оған дейін шыдасын
Сарттардан көрген кегіне”.
Жеке батыр түсінді
Мына сөздің тегіне.
Ақтанға барып айтуға
Жол тартты бұ да жөніне.
Бекбауыл, Бажақ, Ер Ақтан
Жолдасы еді батырдың
Қолдаушы болған көбіне.
Солардың ісін айтайын,
Бұл сөздің жетіп шегіне.
Ақмырзаның ары үшін
Не қылар екен? Көр енді.
Көп, әлеумет, құлақ сал,
Жорғаңыздың кебіне.
Қызыл тілдің үлгісі –
Жиырма тоғыз харіп-ті.
Ол харіпті шығарған
Араб деген халық-ты.
Күншығыстан нұр шығып,
Бізге түскен жарықты.
Қайыптың ұлы Жанғазы
Хан болыпты дәріпті.
Сырдарияны жағалай
Көп қаланы салыпты.
Өкім қылып осы елге,
Бабажан деген бір сарттың
Қолына берді жарлықты.
Біздің Алаш баласы
Бабажан сартқа қанықты.
Бабажанның қорлығы
Қазақтарды налытты.
Налытқан емей немене?
Алмады қошқар, саулықты.
Үй басына салыпты
Қозыдан жорға салықты.
Меңсіз қара қозыдан,
Елде жақсы жар болса,
Елде жақсы мал болса,
Бабажан соны алыпты.
Бастан кетіп ықтияр,
Тамам қазақ тарықты.
Қазақтың тәуір әйелі
Бетіне күйе жағыпты.
Қырда жатқан Жәкеңнің
Келуіне шыдамай,
Ақтан батыр жанықты,
Ерлігін сөйтіп ағытты.
Егіншілерді жинап ап,
Дариядан өтіп барыпты.
Ерлер мінген бедеуге
Дәрия деген арық-ты.
Қара әруағы Ақтанның
Қара түнек бұлт болып,
Қара боран дауыл боп,
Айқай-сүрен салыпты,
Өлімге сартты жарытты.
Төбелеске келгенде,
Сарттың күні кәріп-ті.
Дарияға атып өлгенін,
Тойындырды балықты.
Майқара деген баласын
Мінгестіріп Бабажан,
Ордан атын қарғытты,
Орға құлап тұлпары,
Аяқтан ажал шалыпты.
Қарғығанда бедеуі,
Сыпырылып Бабажан
Ор ішінде қалыпты.
Майқараны бекітіп,
Бір үйге қамап салыпты.
Бабажанды байлап ап,
Қуып сабап, арытты.
Ізіндегі көп адам
Қуа-қуа шалықты,
Бір жерлерге келгенде,
Бабажан шаршап қамықты.
Сол арада бір тентек
Жидеден алды қазықты.
Құлаш жарым қу жиде
Құйрығына қағыпты.
Табан тіреп тепкенде,
Тар алқымға жеткенде,
“Қизың-қизың” деп жатып,
Өзі-ақ өліп қалыпты.
Ыңыранып бейшара,
Жан кеудеден шығыпты.
Жанғазы ханды өлтіртпей
Төремұрат жырау бағыпты.
Осы жүрген Жанғазы,
Бір ер еді кәдікті.
Бабажан өліп қалған соң,
Ертеңіне жиналып,
Жанғазы ханды қозғасын.
Былайша деп Жанғазы,
Көл қылады көз жасын:
– Алған жерім жоқ еді,
Мұсылманның олжасын.
Пенде болып отырмын,
Басымнан бақыт озғасын.
Қырда жатқан Жанқожа
Көпті көрген сырласым.
Әрдайымда да жүруші ем
Жәкеңнің алып ыңғасын.
Бөрі де жауға бермейді
Ізіне ерген жолдасын.
Мен Жәкеңе барғанша,
Обалыма қалмасын.
Тым болмаса, батырдың
Өтейін көріп бір басын.
Әр не қылса, ықтияр,
Өз қолына барғасын.
Өліп кеткен Бабажан,
Жаңылып еді тобасын.
Қылмысы жетіп басына,
Тайдырып алды сырғасын.
Пәтуа қылды көп адам:
“Батырдың өзі берсін, – деп,
Жанғазы ханның қолқасын”.
Балаларын шұбыртты,
Түйеге артып қазынасын.
Ханның көркі не болар,
Бұқараға жазғасын.
Жанғазының жанға өлшер,
Қара тұлпар жорғасын
Төремұрат жырау мініпті,
Асырып жұрттан пормасын.
Жанғазы қырға жол тартты,
Батырдың іздеп ордасын.
Қара жорға тұлпарды
Салдырып кетіп баратса,
Тұр екен күтіп жол басын.
“Мінгестіре кет”, – депті,
Байқағасын тұрмасын.
Күтіп тұрған ханыңа,
Айтпай кетті “армасын”
Арып-ашып қырдағы
Жанқожаға барғасын,
Демеді батыр еш нәрсе,
Болар ісі болғасын.
Тілеп алды Жанғазы
“Шыбын жан” деген сауғасын.
Кім кемітер пәндені,
Басына бақыт қонғасын.
“Хан баласы Майқарабек
Өлмей-ақ, тірі көрсін, – деп
Төлектің ертіп ізіне, –
Төреге белгі болсын” деп,
Кене ханға жіберді,
Тигізбей жерге жамбасын.
Сыр бойында ер Ақтан
Сарттарға таңба салғасын,
Халықты жинап, сөз айтты,
Олжалап айдап болғасын.

“Жасымның білдім жеткенін,
Көзді мұнар шалғасын.
Өзі қырда жатуға
Батырдың аты қалмасын.
Әйімбет, Нұртай батырдың
Қырда басын алғасын.
Артымызда сол сүйеу,
Бата алып тұрғасын.
Сартты шапқан атағы
Жанқожаға қалсын” деп,
Істеді Ақтан батасын.
Қанша баптап қосса да,
Шабады жүйрік пардасын.
Қызыл тіл деген сары май,
Сөз – еріген қорғасын.
Бұл сөз тұрсын бір жерде,
Бұдан бұлай, беклерім
Тағы бір толғау қозғалсын.
Қайыптың ұлы Жанғазы
Өз жанын өзі құтқарып,
Халайықты томсарып.
Жинап алды даладан
Жазған сартты бұлтарып.
Бұрынғы сәннің бірі жоқ,
Итшілеген бір кәріп.
Алты Асанның баласы
Хан көтерген қол алып.
Кек алуға кірісті,
Жау болғандарға шамданып.
Билер жиды алдына,
Елатына жар салып.
Талайды дарға тарттырды,
Бабажанға арланып.
Ел азамат ерлері
Бағынбады қорланып.
Бейқуат болып отырмай,
Сақ болды сарттар қорғанып.
Қырдан батыр қайтқан соң,
Аттанды батыр қомданып,
Қалған сартты қырмаққа,
Жанғазыдан құтылып,
Тиыш болып тұрмаққа.
Бес жүздей адам ертіп,
Жанқожа мінді көк атқа.
Шыққаны жалғыз бұл емес,
Жол шеккен талай жыраққа.
Бес-он сартқа бас болып,
Жанғазы болды лақпа.
Қайыпалды ханның уәзірі
Раманқұл би еді
Киіз туырлықты қазаққа.
Ақылгөй қылып ауылына,
Бұны да қойған сол шақта.
Раманқұл бимен қатынап,
Іс қылыпты батыр сол шақта.
Бірден барып қамалап,
Қашырмады жан-жаққа.
Ішті-тысты былғасып,
Оп-оңай елді шаппай-ақ,
Бабажанға келгенде,
Мұны да салды азапқа.
Хиуалық сарттан тынышайып,
Алғыс айтты қазақтар
Жанқожадай шыраққа.
Қазақтың асылзадасы
Үш Алаштың банасы
Кенесары, Наурызбай –
Төре тұқым тазасы.
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Абылай Мәнсүр бабасы.
Өз атасы – Қасымның
Қоқаннан болған қазасы.
Ойда – Қоқан, қырда – орыс,
Қазақтың кетті мазасы.
Еркімен көшіп жүруге
Таршылық болған сияқты
Екі жаудың арасы.
Жайлауы болды біраз күн
Арқаның кеңіс даласы.
Қасым ханның асына
Жанқожа барған шамасы.
Қоқаннан кегін ала алмай,
Тұр екен құрып шаласы,
Ішінің бітпей жарасы.
Жанқожа батыр барған соң,
Жүректің тасты қанасы.
Батыр мен төре бас қосып,
Созаққа болды барасы.
Жалықпай, әркім, тыңлайды,
Табылса сөздің сарасы.
Оншама толық демеймін,
Болса керек шарасы.
Еліне келіп Жанқожа,
Адамын жинап бекінді,
Бармағанға жекірді.
Аттары ойнап, секірді,
Мырзалар қояр кекілді,
Батырлардың арманы –
Созақтан алмақ жетімді.
Аттанатын хабары
Әр тарапқа жетілді.
Басты-басты батырға,
“Жүріңдер” деп өтінді.
Елеуреген жігіттер
Екпіндесіп жұтынды,
Бір күндері болғанда,
Елдерінен құтылды.
Бірнеше күн жол жүріп,
Хан Кененің қолына
Кеседен соққан секілді,
Қалың қолды көргесын,
Хан Кене тасып есірді.
Жол тартып бұлар жосылды,
Тап Созаққа келгенде,
Екі мың әскер қосылды.
Бөлек-бөлек қаласын
Жөнекей шауып, көшірді.
Қаптаған қазақ қолынан
Сарттардың жолы кесілді.
Жуықтап келіп Созаққа,
Түсірді төре қосынды.
Қол қарасы аз емес,
Ханның көңілін өсірді.
Демалыс қылып сол жерде,
Тыныш жатып, көсілді.
Бір күндері болғанда,
Қорғанды бұзып, жол салды.
Қожа, төре осында
Ордан аттап өте алмай,
Қожалар тегіс шошынды.
Жарлық қылып хан Кене,
Тал жібектей есілді.
Екінші кезек төрелер,
Елді бастар кемеңгер.
Ақ киініп, ат мініп,
Барабан қағып жөнелер.
Бастығы Ержан төре еді,
Ізіне еріп өңгелер,
Қалаға қарай жөн тартты:
“Көрсетем, – деп, – бір өнер”.
Қамалға жақын барғанда,
Сарттардың атқан оғымен
Талайы болды қара жер.
Сирақты қара мылтықпен
Оқ жаудырып сарттар тұр
Дегендей болып: “Келе бер”.
Ат қоя алмай қамалға,
Төрелер болды арам тер.
Бұлардан кейін аттанып
Ұлы жүз бен Орта жүз
Кезекке шықты оқталып.
Қамалға жуық бара алмай,
Оққа қарсы тұра алмай,
Кіре алмай қайтты қамалға.
Аттанса да мақтанып,
Олардың қайтқан жерінен
Бұлар да қайтты, тоқтамай.
Бесінші күні хан Кене
Жанқожаны шақыртты:
“Тұрмысың, – деп, – сақтанып? –
Атқа құмар батырлар
Бос сабылып қайтып тұр,
Өлгені топырақ жастанып.
“Ендігі кезек – сенікі
Кіші жүздің ішінде
Сен қалдың жалғыз сақтанып.
Қолың жеңіл ер едің,
Енді, батыр, өзің бар,
Ертеңге шейін тақталып!”.
Хан жарлығы тиген соң,
Жанқожа шапты шаттанып.
Төремұрат жырауға
Жанқожа айтты: – Тұрғайсың,
Келісті сөзді төпелеп,
Қызыл тілмен шалғайсың.
Бір ақыл бар, істейтін,
Жан жиналып, алмайсың.
Биік қара нар мініп,
Омыраулай қалғайсың.
Бес шектінің ішінен
Он жігіт таңдап алғайсың.
Ерлерді мақтап, қыздырып,
Қызулы күйге салғайсың.
Өлең айтып қол бастап,
Қамал жаққа барғайсың.
Егер мұны қылмасаң,
Биік қылып ту ұстап,
Өзің кейін қалғайсың.
Желбіреген туменен
Күннің көзі байланып,
Бұл қалаға қамалып,
Сарттар жатыр сайланып.
Кіші жүздің адамы
Жанқожаны құрмалап,
Ат қоюға айланып.
Оны батыр қылмайды,
“Асықпа” деп ойланып.
Не қыларын біле алмай,
Тыным таппай Жанқожа,
Қаланы көрді айналып.
Он жігіт алды іріктеп,
Жалаң қылыш байланып.
Ызылдаған жаяулар
Батырға еріп жөнелді,
Мақтауға балқып, найқалып.
Нарға мініп, күй тартып,
Төремұрат сөйлейді
Былайша деп толғанып:
– Арғы атамыз – Кіші жүз,
Баласы еді бес шекті.
Жанқожадай ер шығып,
Беріпті Құдай тілекті.
Үш Алаштың ішінде
Сендерден артық кім текті?
Сарт пенен қалмақ зарынан
Әзіреттен ауып ел кетті.
Жалпақ ауа кезінде
“Ақтабан” деген жұт өтті.
Қыл белбеулі, қырық жігіт,
Әсіресе ішінде,
Қыр мұрынды бір жігіт,
Басқасынан келбетті.
Елді жауға шалдырмай,
Кеседен жауға алдырмай,
Сырға қарай шұбыртты.
Қашаннан халық боп отырған
Қара қалмақты үдертті.
Жер мен суға ие қып,
Бізді мұндай көлбетті.
Қайырлы болып бұл қоныс,
Біздердей тұқым дөретті.
Атаның арын арлайтын,
Мінеки, ерлер, күн жетті.
Атаға ұсап ұл туса,
Жүрген жері жендет-ті.
Дүниені оймен ораған,
Хан болып халқын сұраған.
Шын ашуы келгенде,
Жауға қардай бораған.
Салтанатың кем емес
Нәріктің ұлы Шорадан.
Айғыр даус Таттыбай
Дұшманды еттей тураған.
Онан туған Мырзалы
Қайратың асқан тумадан.
Қыл белбеулі қырық ердің
Біреуі мынау – Киікбай
Бекбауыл, Бажақ сол ерден
Асылдан түскен қиықтай.
Анық батыр ат қояр,
Дұшманды көрсе, ұйлықпай.
Арқаңа сүйеу – Жанқожа
Қара мойыл, сырықтай.
Кене хан қалды кейін де,
Дұшманнан кеулі тынықпай.
Аққа сыйын, Беласар,
Беліңе садақ жарасар.
Екіталай жер болса,
Ердің көңілін ер ашар.
Ұмтылыңдар қалаға,
Сендерден қалса, хан ашар.
Дарбазасы ашылса,
Кейінгі әскер, қол басар.
Ежелден абырой, үлгі алған,
Қамалды бұзып жол салған,
Қанды көз туған жақсылар.
Екпініңнен жау қашар.
Шал Төртқара, Таттыбай

Бала да болса, атадай.
Батырдың сәні болмайды,
Өз елатын қорғамай.
Жігіттің болмас ажары
Санды сапырып былғамай.
Ажалы жеткен адамдар
Үйде жатса да, өледі,
Көзінің жасы құрғамай.
Көпжасар, Бажақ, Айдарқұл,
Сатыбалды, Жұмабай,
Аталарың әруақты –
Құттық пенен Құрманай.
Құланбике, Қоңырдың,
Кереметі белгілі –
Жарқырап мысал туған ай
Шағырай, Сәдір, ер Дабыл.
Тоқым тыққан Қыстаубай,
Іс көрсетер күн бүгін,
Құр атаққа мәз болмай!
Ұлы жүзбенен Орта жүз,
Қожа, төре бұзбады.
Ақырында хан Кене
Жанқожаны қозғады.
Батырды жұртқа жат қылмай,
Абырой алып көрсеңдер
Сендерден ешкім озбады.
“Жанқожа” десе бұл күнде
Қай мұсылман қызбады.
Бақ күндес болған төрелер,
Жол берді, кетіп ызғары.
Екі жүзді семсердің
Балдағы қолда қалғанша.
Ат басындай сом жүрек
От болып қаулап жанғанша.
Мөлдіреген екі көз
Жұмылып, қанға толғанша,
Тыным алып ас ішпей,
Ат бауырынан қан кешпей,
Ел бетін көрмес күн бүгін.
Көбеңсіген батырлар.
Ерте жатып, кеш тұрар,
Елде қалған қатындар.
Қатуланса нағыз ер,
Бұлтты күндей түнеріп,
Қарт бурадай сақылдар.
Бәрі де сізге тілектес
Ғұлама ишан, ақындар.
Жан аямай, сілтесіп,
Кеселеп жауды атыңдар.
Созақты алсақ осыдан,
Дұшманың дос боп жақындар.
Келе жатып жолда жөнекей,
Жиырма бір қала біз шаптық.
Үлкенін тұтып қылышқа,
Жастарын қойдай шулаттық.
Бүгін тату, ертең қас,
Сарттардан шықпас тұрақтық.
Созақты алсақ осыдан,
Қоқанның туын құлаттық.
Сүйекті туған ерлерге
Табылмас мұндай ғазаттық.
Қазақ үшін қан төккен
Өздеріңдей ерлерге
Батагөй біздей тасаттық!
Төремұрат соны айтып,
Қала берді ту ұстап.
Жаяу шыққан он батыр
Жалаң қылыш қолға алып,
Арқалары құрыстап,
Қалаға жетті жылыстап.
Сол арада іркіліп,
Бастарын қосты дұрыстап.
Есі шықты ерлердің,
Шапса да, білмес қылыштап.
Созақтың халқы мол екен,
Айнала қазған ор екен.
Он төрт қатар арбаны
Сыртынан оның қоршалап,
Қамал қылып тұр екен.
Биік қорған басында
Мергендері тұр екен.
Дарбазаны күзеткен,
Қоз тастайтын қол екен.
Мергеннің атқыш бастығы
Жеке батыр деген дер екен.
Аты қазақ ұлында
Ұзақтан тиер мылтық жоқ,
Айнып қалар құлқы жоқ.
Оққа қарсы ататын
Қарбой садақ, саржа оқ.
Жанқожаның нөкері
Садақ атқан өнері,
Оққа қарсы шабушы ед,
Бетінің қайтпай бедері.
Садағын алды қолына
Сатыбалды, Майрам дегені.
Қоқан арба астында
Кідіріп жатып кезеді.
Сатыбалдының саржасы
Жеке батыр мергеннің
Бүйірін қанға бөгеді.
Сирақты мылтық саймандап
Жаңа құрып жатқанда,
Сол садақтан өледі.
Он жігіттің ішінде
Жанқожа батыр пішінді,
Екпіндеген бойымен
Қалаға жеткен сықылды.
Дарбазаның алдында
Жанқожа батыр күрсінді,
Қатуланып, ұмтылды.
Аш қасқырдай бұлқынды.
Артындағы көп әскер
Көріп тұрды бұрқылды.
Бұрап үзіп тастады
Дарбазадағы құлпыңды.
Қарсы тұтып қалқанын,
Шоқ тигізбей жұлқынды.
Тығылған екен қалаға
Жан-жақтан қашқан іркінді.
Қорғаннан ішке кірген соң,
Қиямет қылды бір күнді.
Қолындағы ақ семсер
Оңды-солды сілкінді.
“Әкә-жандап” қашқан сарт
Тыйғызбады күлкіңді.
Екілесіп келгенде,
Қоқанның сарты ұтылды.
Батырдың кеуілі бір тынды.
Қалаған жерден қан алды,
Әзірейлдей жан алды.
Артындағы көп әскер
Көшеге кіріп таралды.
Алдыңғы кеткен батырлар
Шырмауықтай оралды.
Қарқындап барып, қашырмай,
Ханның басын тағы алды.
Кенесары, Наурызбай
Бір көшені бұ да алды.
Әлім, Шөмен ерлері
Бет-бетімен жол салды.
Бағанағы қалың қол
Ордаға барып қамалды.
Қылыштан қалған Бұқара,
Тіледі ханнан аманды.
Хан сарайын олжалап,
Төрт түліктен мал алды,
Көз көрмеген олжа алды.
Жалғыз атты жарлылар
Алтын алып, пұлданды.
Жеті жүз түйе қазына алып,
Көштің басын қыз тартып,
Қайтып елге бет алды.
Небір сұлу жесірлер
Түйені тартып ырғалды.
Елде қалған жамандар
Көп олжадан құр қалды.
Опасы жоқ сұм дүние,
Көшпелі болған заманда,
Сол ерлерден бұл күнде,
Ойлашы, беклер, кім қалды?

Ұзамай-ақ арасы
Орыс келіп арқадан,
Біріне-бірі жамалды.
Тыңдаушы адам табылса,
Тағы бір толғау қозғалды.
Мына бір заман түрінен,
Баянсыз жалған сүрінен,
Небір-небір ер өткен.
Өткен ердің белгісі
Залымдарды еңіреткен.
Қиядан шыққан қиқуға
Бірнешеулер шыдамай,
Маң даланы күңіренткен.
Сол күндері Құдайым
Түркістанның даласын
Қалмақтарға билеткен,
Қамырдай қылып илеткен.
Ар жағынан Жайықтың
Шүлдірлеген ел өткен.
Орыс деген көп халық
Ізіне арба сүйреткен.
Қазақтан қырғызды айырып,
Ағыба сөзді үйреткен.
Кенесары, Наурызбай
Алатауды күңіренткен.
Басты-басты батырлар
Өзді-өзімен қас болып,
Үш Алаштан күш кеткен.
Қазақтың әлсіз кезі еді,
Жаңа шыққан сүгіреттен –
Нұрмамбет ұлы Жанқожа
Күркіреген белі өткен.
Қаһарлы қара найзамен
Кәуірді талай түйреткен.
Орыстар соққан қамалға
Баруға батыр мейіл еткен.
Мекалайға салдырмай,
Тиіп-қашып орысты,
Бір қалаға індеткен.
Бірен-саран шыққанын
Малдарын талап олжа еткен.
Жанқожаның қорлығы
Орыстарға күнде өткен.
Райым деген түбектен
Тамам қазақ жиналып,
Қарсы келді бір беттен.
Команда беріп полковник,
Жанқожаны көздеткен.
Бес жүз солдат атқанда,
Түспеген жара тұщы еттен.
Қалың қол қаптап келгенде,
Қарсы жауып қабағын,
Жанқожа батыр түнерткен.
Жалаң қылыш қолға алып,
Балдағынан қан төккен.
Он жеті адам өлтіріп,
Орыстарды үркіткен.
Көк ешкі атқа оқ тиіп,
Батырың ыза көп шеккен.
Жаяу қалып Жанқожа,
Ортаға орыс қамады,
Сонда да қолға ала алмай.
Орыстар қайтып бір кеткен
Пәтуа қылып қаладан,
Барған соң елші жөнелткен.
Тарту беріп жіберді
Неше түрлі мүліктен.
Бір мінезі батырдың
Қолына нәрсе алмайды
Кәуір, қалмақ, жүйіттен.
Ағайын ермей ізіне,
Орыстан батыр үріккен
Ақбеткей деген бір тауда.
Жалғыз жатып зеріккен.
Болмашыны өкпе етіп,
Жау болып табын бір шеттен.
Байқаусыз жатқан батырды,
Жетіру барып, еңкейткен.
Үстіне дұшман келгенде,
Асықпай батыр отырды:
“Ел шығар, – деп, – еріккен”.
“Тостағандап шақырған,
Ұранның даусын есіткен.
“Мұсылманның ұлына
Еш жазығым жоқ еді,
Япырмай! – деді, – неліктен?”
Алдырғаны дұшманға
Мінер атын батырдың
Ұрлап алып табындар,
Айырған екен көліктен.
Өз әулеті қарсы боп,
Сындырды бұтақ теректен.
Кәнеки, одан не тапты,
Зары кетпес жүректен?!
Романовтың тұсында
Жанқожаның суретін
Аттырушы еді Мекалай,
Белгіні қойып Үстірттен.
Сол сияқты ерлерім
Бір кеткен соң, қайтпады
Тарламат атты түнеткен.
Бейорын жұмсап қайратын,
Пайда бар ма жүрмектен?!
Сыпайы сөздің белгісі,
Өткерген ұндай електен.
Сүйекке сіңген сыр мінез,
Сынғанша қалмас шөлмектен.
Көркеймейді еткен іс,
Үлгі алмаса өрнектен.
Көктей өткен темір жол,
Ақмешіт, Арыс, Жөлектен
Бір ашық жер қалған жоқ
Қаразым, Төрткүл, Хоженттен.
Екі басты бүркітке
Жұмыла жұртты түнеткен.
Мың шүкірлік қыларсың,
Құтылған соң сол дерттен.
Тақысы жоқ таза сөз,
Тыңдаған сайын шөлдеткен.
Қалам алған бес саусақ,
Сен де құтыл міндеттен.
Молла Ұлықман Кенжеев
Ерініп қалған жері жоқ,
Қиялдап жазған ермектен.

ҚР ОҒК-ның Сирек Қорында (Ш. 1320) сақталған. Жыршысы Кенжеев Лұқпан (1898-1930) Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туып өскен.
Жинаушысы: Рүстемов Қаражан. Оның әкесі Рүстем Лұқпанның бірге туған інісі.
Жыр мәтіні 1946 жылы Қызылорда қаласында қағазға түсірілген. Жыр түпнұсқасы бойынша берілді.

Қолжазбаны жүйелеп,
баспаға әзірлеген: Серікбай Қосан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. асель

    кушти жаксы магыналы тусиникти жеткиликти жазылган

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.