Дөдеге, туырлыққас, қызыл басқұр…

Ал киіз үйдің бой түзеп, берік әрі әдемі қалыпты сақтап тұруы, оның үлкен ағашынан кішкентай бауына дейінгі әрбір элементінің атқаратын зор қызметіне байланысты. Сол себепті үй ағаштарын бір-бірімен ұштастыру, сыртқы киіз-жабындыларын бастыру және де киіз үйдің іші мен сыртына әсемдік беруде бау-шудың рөлі айрықша. Қазақ «Үй болған соң, белбау да керек, желбау да керек» деп бекер айтпаған. Бау-шуды іштей топтап, киіз үйдегі қызметіне қарай үшке бөліп қарастыруға болады:
Бірінші – үй сүйектерінің, ши-киіздерінің тек беріктігіне ғана қызмет ететін, түйе, қой, ешкі жүнінен және жылқы қылынан тығыз әрі қалың етіп есілетін арқан баулар. Олар: кереге бау, уық бау, шаңырақ бау, есік бау, түндік бау, белдеу арқан, басар арқан, үй арқаны, т.б.
Екінші – үйді берік ұстаумен қатар, оның іші-сыртына әдемі өң беріп тұратын, малдың жүнінен жасалған түрлі-түсті жіптерден алаша тәрізді тоқылатын құрлар. Олар: туырлық бау, үзік бау, басқұр, ақ басқұр, қызыл басқұр, аяққұр, уық шалғыш, таңғыш, босаға таңғыш, жел бау, терме бау, т.б.
Үшінші – киіз үйдің іші-сыртына тек қана әсемдік беретін, түрлі-түсті мал жүндерінен алаша тәрізді тоқу, кесек киіздерге ою-өрнектермен сырмақ салу арқылы жасалатын өрмелер, құрлар: иін бау, сән бау, қар бау, аспа бау, бас бау, туырлыққас, дөдеге, т.б.
Жоғарыда біз топтастырған бау-шулардың алғашқы екі түрі айтылып кеткендіктен, киіз үйге тек сәндік сипат беретін негізгі құрларға тоқтала кетсек.
Иін бау – өрнектеп тоқылған киіз есіктің екі жақ иініне ілінетін бау.
Қар бау – уықтың қарына сәндік үшін ілінетін бау.
Бас бау – жүннен есілген туырлықтың, үзіктің жоғарғы баулары.
Туырлыққас – үйдің ішінен ені 50 см-дей, туырлықтың үстіңгі жағына оюланған, түрлі-түсті басқұрлар ұсталатын әшекейлі бөлігі.
Дөдеге – туырлық пен үзіктің қиылысатын тұсы айналдыра өрнектеп тігілетін кесінді киіздер. Дөдегенің бетіне түсті матадан ою-өрнек түсіріліп, жүн жіппен сәндеп тігіледі. Белгілі этнограф Тоқтар Арынов дөдеге туралы, «Мұндай өрнекті көбінесе көп қонақтарға арнап тігілген үйлерге, жаңа бөлінген отауларға, билер мен хандарға тігілген үйлерге жасаған. Дөдегесі бар үй сырттан көз тартып тұрар әдемілік пен сәндік береді» дей келіп, мынадай этимологиялық талдау жүргізген: «дөдеге көне түркі сөзінің сарқыны болу керек. Дөдағ сөзі ертеде «ерін, ауыз жиегі» дегенді білдірген. Ал киіз үйдің дөдегесі де киіз үстіне жиектеле орнатылып, сырттан қарағанда әсем қиылған ерін тәрізді болып көрінеді» (Арынов Т. Киіз үй // Көк Аспан – Қара Жер. – Шілде (№7/122). – 6 б).
Аспа бау – шашақтарын сәндік үшін уықтың иінінен түсіріп қоятын бау. Мұны салма деп те атайды (7, 28-29 б.).
Көшкі баудың ішкі көшкі, сыртқы көшкі деген түрлері бар. Ішкі көшкі уық пен керегенің бойын жабады. Ішкі көшкіні әртүрлі оюлармен безендіреді. Ішкі көшкіге «дәлімбі» деп аталатын матаның түр-түрін пайдаланады. Сыртқы көшкі жел соққанда, жауын жауғанда, күн қызғанда үйдің киізін желбіретпей, су ағызбай, қаңсып, құрым киіз болмауына әсер етіп сақтайды. Ішкі көшкі сәндік үшін және киіздердің қиюын жасыруға себі тиеді (Кәмәлашұлы Б. Моңғолиядағы қазақтардың салт-дәстүрлері (этнологиялық зерттеулер). – Өлгей: Баян-Өлгий аймақтық баспа өндірісі, 1995. – 343 б.).

Бетті дайындаған
Гүлсина Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
аға ғылыми қызметкері,
 филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.