Түндік

ЖЕЛ БАУ

Жел бау – шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асырылатын, әрқайсысында үш шашақтан төрт қатар шашағы төгіліп тұратын әрі сәндік-жиһаздық, әрі беріктік сипаттағы өрнекті құр. Дауыл, боран соққанда үйді ұшырып кетпес үшін шаңырақтың үш жеріндегі осы желбаулардың ұшы төменде байланып, оған ауыр қаптарды асып қояды. Басқұр – туырлықтың кереге басына үйкелмеуі үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бас­тырып, бір босағадан екінші босағаға дейін таңатын өрнекті жалпақ құр. Басқұр жасалуына қарай ақ басқұр, ала басқұр, қызыл басқұр болып үш түрге бөлінеді. Бұл үшеуі де киіз үйдің ішіне ерекше сән беріп тұрады. Басқұрлар киіз үйге сәндік сипат берумен қатар, уықтардың арасы қыдырмай, арақашықтығын дұрыс сақтау үшін арнайы оралады. Мұндай құрлармен дұрыс бекітілмеген жағдайда киіз үйдің уықтары қисайып, шаңырағы шайқалуы мүмкін. Басқұр халқымыздың танымы бойынша, «Ала күшік үй айнала жүгіреді, екі басы ішке кіреді» деп жұмбақталады.
Босаға таңғыш – есіктің екі босағасын таңатын жіңішке құр.
Таңғыш – керегелердің арасын бірік­тіріп байлайтын өрнекті жіңішке құр.

Уық шалғыш

Уық шалғыш – уықтың иілген иығынан таңып, уықтардың арасы ыдырамау үшін байлайтын, негізгі төрт жер­ден шашағын төгілдіріп, түр салып то­қылған құр. Мұны иық бау деп те атайды.
Одан соң жоғарыда айтып өткеніміздей, киіз үйдің жарма ағаш есігінің сыртынан түрілмелі киіз есік жабылады. Оның жалпы ұзындығы төрт-бес метрдей болады. Киіз есіктің төменгі жалпақ бөлігі сықырлауықты толық жауып тұрса, жоғарғы сүйірлеу бөлігі уықтың бетінен өтеді. Бұл бөлігі сүйірлеу болғандықтан мойын деп аталады. Киіз есіктің мойын тұсындағы бауы шаңырақтың тоғынына ілінеді де, төмен қарай түсіріліп, керегенің кез келген жеріне байланады. Киіз есік түнде немесе жаңбырлы, боранды күндері маңдайшадан төмен қарай есіктің үстінен толық жабулы тұрады. Ал күн ашықта киіз есік, ораулы күйінде маңдайшаның төбесіне есік бау арқылы шаңыраққа бекітіліп, түрулі тұрады. Ел аузында киіз есік былайша жұмбақталады:
Көк итім қабаған, Артына киіз жамаған (Киіз есік).
Керегенің сыртынан ши оралады. Ши далалық жерде өсетін, бойы бір, не бір жарым метрге жететін көп жылдық ши өсімдігінен жасалып, оның даярлау уақыты ұзаққа созылады. Пісіп жетілген ши өсімдігін өсіп тұрған жерінен еппен тартып алып, оны қабығынан сыдырып аршиды. Ұзындығына қарай біркелкі етіп, кесіп сұрыпталған шиді түйе белге салып тоқиды. Түйе бел – кісі бойының орта белінен келетін ұзын екі ағаштың ортасына орнатылған 1,5-2 метрдей кеспелтек ағаш.

Арқалық ағаш

Ши тоқитын бұл аспаптың аталуы әр жерде әрқалай. Ол арқалық ағаш, ши құрғыш деп те аталады. Осы түйе белге үш-төрт жерден келетін ши тоқитын жіптердің әр ұшына ауыр тастарды байлап, ши салынған сайын жіптерді айқастыру арқылы ауыстыра отырып тоқиды. Халқымыз шиді жұмбақ етіп жасыру арқылы, оның тоқылғанға дейінгі және тоқылу кезіндегі процестерден мынадай ақпарат береді:
Өз елімде жеке едім,
Желкілдеген бек едім,
Мұнда келдім сайландым,
Қырық жерден байландым (Тоқылған ши).
Шиді түрлі мақсатта (мәселен, құрт, ірімшік, т.б. жаю үшін, киіз үйдің ас-су қоятын жағын тасалап жабу үшін) қолданады. Бірақ біз шидің киіз үйге қатысты тұсын ғана сөз етпекпіз. Киіз үйді тұтынушылар үшін шидің пайдасы зор. Мәселен, арасы тығыз тоқылған ши күн суықта киіз үйдің ішін ықтап жылы етсе, жайма-шуақты жылы күнде туырлығы жоғары түрілген үйдің ішін салқын ұстайды. Тағы бір пайдасы ши киіз үйдің ішіне түрлі зиянкестердің кіріп кетпеуі үшін тегістеліп тазаланған жерге төселеді.
Бір босағадан екінші босағаға дейін кереге мен туырлықтың ортасынан киіз үйді айнала орайтын шидің екі түрі бар. Олар: ораулы ши және шым ши. Ораулы ши деп өн бойы жүнмен немесе жібекпен тұтас оралмай әр жерінен бір оралатын шиді айтады (Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. – Алматы: Қазақстан, 1977. – 96 б.

Кереге ши

Халық тілінде орама ши, кереге ши, қанат ши деген синонимдік варианттары бар. Ал шым ши түрлі-түсті жүннен, жібектен әсем оюлар, геометриялық өрнектер шиге тұтас салынып тоқылады. Қазақ халқы мұны кейде жез ши, терме ши деп те атайды.
Үйдің ағаш сүйектері құрылып, (қажет болған жағдайда) ши оралған соң, үстінен киіз жабындылар жабылады. Олар: туырлық, үзік, түндік. Киізді дайындау технологиясы туралы көптеген этнограф-ғалымдар айтып келеді. Солардың арасында қазақтың халық жазушысы С.Мұқанов «Халық мұрасы» атты тарихи-этнографиялық кітабында қойдың жүнінің түрлерін талдап, одан жасалатын киіздің дайын­дау тәсілін ерекше түсіндіріп береді. Киіз үйдің киіздерін қойдың күзем жүнімен басады. Түтілген жүн, шидің үстіне бір тегіс етіп жайылғаннан кейін шиді жүнімен дөңгелете, жұмырлай бүктейді. Мұнан кейін үстіне ыстық су құйып байланады да, 2-3 кісі жіппен домалата тартып, дөңгелетіп отырады, қалғандары артынан аяқтарымен кезек-кезек тепкілей береді. Ұзақ уақыт қуалай тебілген жүн кіріге ұйысып болды-ау деген шақта, оны шиден босатып ап, жас әйелдер білектерімен нығарлайды. Осындай әдіспен басылған киіздің аты – кесек. Бір киіз үйді жабуға он кесек киіз керек (Мұқанов С. Халық мұрасы. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 235 б.)
Жалпы алғанда, киіз-жабындылар киіз үйдің температурасын қыста жылы, жазда салқын етіп бірқалыпты ұстап тұрады. Олар үйдің әр сүйегінің үстінен жабылып, жылулық берумен қатар, киіз үйдің сыртқы пішінін әдемі етіп көрсетеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.