Киіз үй

Киіз үйдің құрылымы мен оның ішкі жабдықтарының ерекшелігі көшпелі тұрмыстағы қолайлықты ғана емес, толыққанды мазмұндылықты да білдіреді. Бұл баспананың мағыналық негізі – оның ішкі-сыртқы формасына, ішкі жабдықтарының нақты мөлшеріне және олардың белгіленген тәртібі бойын­ша орналасуына, ол заттардың ерекше сәнділігіне байланысты. Сонымен қатар киіз үйдің құрастырылу тәртібі және оның құрылымдық бөлшектеріне қатысты атаулары арқылы, қазақ халқының дәстүрлі баспанасына байланыс­ты қалыптасқан дүниетанымын, наным-сенімін, әдет-ғұрпын анық байқауымызға болады.

Үш мыңжылдық ғұмыры бар бұл баспананың құрылысы төрт элементтен, яғни үйдің ағаш сүйегі, шиі, киіз-кесектері, бау-басқұрларынан тұрады. Киіз үйдің негізгі қаңқасын сүйегі құрайды. Олар: есік (сықырлауық), кереге, уық, шаңырақ, бақан.
Үйдің сүйегін жеңіл әрі берік болу үшін мәжнүн талдан, терек ағашынан жасаса, оның күмбез бөлігін қайыңнан жасайды. Халық үй сүйегін арнайы әдістермен ұзақ уақыт бойы әзірлейтін адамды үйші деп атайды. Үйшілер киіз үйдің сүйегін дайындауда аса ұқыптылықты, зор ықыласты талап еткен. Осыған қатысты «Бұтақсыз ағаш июге жақсы, бұлтақсыз сөз түюге жақсы» дейтін халық мақалы бар. Негізінен үй ағаштарын даярлауға алты айдан бір жылға дейін уақыт кетіп, ол ұзақ үдерістерден өтеді. Үйшілер орман-тоғайларды ұзақ уақыт аралап жүріп, үйдің керегесіне, уығына, шаңырағына, т.б. сүйектеріне жарайтынын өсіп тұрған ағашты жас кезінен белгілеп қойып, келесі жылы дәл сол ағашты пайдалануға алатын болған. Қабығы аршылмай бабымен кептірілген үй ағаштарын қызып тұрған морға салып балқытады. Морға қатысты қазақтың тілдік қорында «Адамды – сөз, темірді – от, ағашты – мор балқытады» деген танымдық ақпарат бар. Балқытылғаннан кейін ағашты тезге салып қажетті қалпына келтіріп иеді. Сол себепті ел аузындағы «Тез қасында қисық ағаш жатпас» деген мәтел бекер айтылмаса керек. Иілген үй ағаштарын арнаулы үлкен ырғаққа салып қатырып, олардың қабығын жонып, тырнауышпен қырнайды. Ары қарай кереге, уық, шаңырақ, т.б. үй сүйектерін өңдеуде сан түрлі аспаптарды қолданады. Мәселен, үскі – ке­регенің көк өткізетін көздерін және уық ала­қанындағы уық бау өткізетін көзді тесу үшін қолданатын құрал. Қобы – шаңыраққа ши­май салатын аспап, т.с.с. (1 Шойбеков Р.Н. Қазақ тілінің қолөнер лексикасы: фил. ғыл. д-ры дис.: 10.02.02. – Алматы, 2006. – 310 б.). Үйші үй сүйегін толық жасап болған соң, кереге-уықтарды қызыл түсті жосамен бояйды. Бұл тұста халқымыздың «Опаға барған – ағарар, Жосаға барған – қызарар» деген мақалын келтіруге болады. Ал шаңырақты өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес өң береді, әрі суды сіңдірмейді. Салтанатқа тігілетін киіз үйдің сүйегін оюлап өрнектейді. Бұрынғы заманда ауқаттылар үй сүйектерін күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейлейтін болған. Сонымен қатар киіз үйді тұтынушы халықтарға ортақ мынадай нанымдық ғұрып қалыптасқан. Үй сүйектерін дайындаушы шебер ешуақытта киіз үйдің есігін жасамайды. «Шаңырақ, уық, керегелерімен қоса есікті де даярлаған үйші о дүниелік болады» деген сенім бар. Ал киіз үйдің есігін арнайы жасаған шеберді халық есікші деп атайды.
Үйді тігу барысында шөп-шалаң, қиыршық тастардан тазаланып, тегістеліп ши төселген жерге ең алдымен есік құрылады. Ертеде күншығысқа қаратып құрған киіз үй есігін соңғы ғасырлардан бері көбінесе құбылаға қаратады. Киіз үй есігінің екі түрі бар: оның бірі – түрілмелі киіз есік болса, екіншісі – ішке қарай ашылатын жармалы ағаш есік. Ағаш есік табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттен құралады. Қазақ халқы есіктің жарма бетін сықырлауық деп атайды. Қос босаға мен маңдайша ауқымды келетін жарасымды өрнектермен безендіріліп, сықырлауық нәзік нақышты, бедерлі сүйекпен немесе металмен қапталады. Жазғы күндері шарбақты ағаштан құрып жасаған есік түрі де қолданылады. Оны ергенек деп атайды. Киіз үйге мал, ит кірмеу үшін, кейде сол ергенекті көлденең қоя салатын әдет болған. Қазақ жақсы көрген баласын айналып толғанғанда «Есігіңе ергенек болайын» деп жатады (Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: Қазақстан, 1995. – 240 б.). Бұл сөз оралым «өміріңді жамандықтан қорғайтын күзетші болайын» деген мағынаны білдірсе керек.

Белдеу бау
Әдетте 4 қанатты киіз үйде 2 не 3 туырлық, ал 6 қанатты киіз үйде 4 не 5 туырлық болады. Туырлықтар тұтылып болған соң, орта белінен белдеу бау байланады. Белдеу бау – керегенің иілген белінің ортасынан, есіктің бір босағасынан бастап туырлықтың сыртынан айналдыра тартылып екінші босағасына байланатын арқан. Ол кейде белдеу арқан деп аталады. Қазақтың тілдік ұжымында белдеу арқан былайша жұмбақталады:
Тұла бойы тысқары,
Екі қолы ішкері (Белдеу арқан)
Одан етек жағы туырлықпен айқасатын, уықтың жоғарғы бөлігіне дейін жабылатын, екі шетінде үш-үштен алты баулы үзік киіз тұтылады. Үзік алдыңғы үзік, артқы үзік деп аталатын екі бөлек киізден тұрады (бұл төрт қанатты үйге тән). Алдымен киіз үйге алдыңғы үзікті жауып, үзік бауларды артқа қарай уыққа байлайды да, содан соң артқы үзікті тұтып, оның бауларын алдыңғы үзіктің бетіне айқастыра әкеліп, ұштарын белдеуге байлайды. Үзік бау – үзіктің екі шетінен, үш жерден алты немесе екі-екіден төрт баумен айқастыра тартылып, байлайтын, жалпақ етіп тоқылған уықтың үстінен бастырыла байланатын бау. Үзік киіздің шаңырақ жақтағы жиегін үзік қасы деп атайды да, төменгі жағын үзік жабығы дейді.

Есіктің екі босағасынан жиналмалы кереге қанаттары бой түзейді. Киіз үйдің негізін құрайтын, үлкен-кішілігін анықтайтын басты сүйегі – керегенің қазақ дүниетанымында орны ерекше. Ол керіліп, қайта жайылғанда үйдің бір қанаты болып есептеледі, ал жиылғанда адамның бір құшағына сыйып кетеді. Үйдің керегелік қанаттары оңнан солға қарай жайылып, олардың арасы шалып байлану арқылы біріктіріледі. Жылда тігіліп жүрген киіз үйдің керегелерінің реті шатаспай, бір-біріне оңай біріктірілуі үшін қанаттарын 1, 2, 3, 4 деп нөмірлеп қоятын тұтынушылар да бар. Керегенің әрбір ағашын желі деп атайды. Керегелік желі әртүрлі ұзындықта болады. Оның ең ұзынын керегенің ерісі десе, қысқалауын балашық, ең қысқасын сағанақ деп атайды. Керегенің еркін жайылып-жиырылуы үшін бұл керегелік желілерді өзара кереге көгімен бекітеді. Кереге көгі сиыр терісінен немесе қайыстан жасалады. Керегелік желілерді біріктіру кезінде көкті дымқыл күйінше қолданады. Ол кепкен кезде тастай болып қатып қалады да, керегенің жиырылып-созылуына ыңғайлы болады. Еліміздің оңтүстік өңірінде осы керегенің көгіне байланысты бойжеткен қыздарға қатысты айтылатын «Керегенің үш көгі» деген сөз оралымы қалыптасқан. «Керегенің үш көгіне жеткен қыздар пысық келеді» деп есептелінген. Керегенің үш көгі деген сөз – қыздар бойжете бастады деген сөз. Қыз бала 9 жастан бойжетсе, ер бала 13 жастан ер жете бастайды (Құдайбергенова А., Бекбалақ Қ. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр ерекшеліктері // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І том: біртұтастығы мен ерекшелігі /құраст. С.Әжіғали. – Алматы: Арыс, 2005. – 328 б.).Кереге желісінің жоғарғы жағы, яғни екі желінің айқасып көктелген, уық байлайтын жері – керегенің басы (кейбір жерлерде керегенің құлағы) деп аталады. Оның ауыз әдебиет үлгісінен мынадай үзінді келтіруге болады:
Керегенің басында үрген қарын
Бір қолыммен көтердім соның бәрін…
(Қырық өтірік)
Киіз үйдің үлкен-кішілігі осы кереге басының санына, қанатының азы-көбіне байланысты болып келеді. Мәселен, жасалу технологиясына қарай желкөз кереге, торкөз кереге ретінде екі түр­лі болады (Тәжімұратов Ә. Киіз үй және оның жиһаздарының атаулары. // Қазақ тіліндегі жергілікті ерек­шеліктер. – Алматы: Ғылым, 1973. – 173-192 бб.). Торкөз керегенің көзі тар, ал желкөз керегенің көзі жұдырық сиятындай үлкен болып келеді.
Шеңберлі қабырғаны байлап болған соң, ер кісі бақанмен шаңырақты көтереді (4-6-дан көп қанатты киіз үйдің шаңырағын бақанмен аттылы жігіт көтерген). Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың шеңбері 3-5 метр шамасында болады. Оның дөңгелек шеңберін тоғын дейді. Тоғын – шаңырақтың негізі, әрі қатты ағаштан жасалып, түрлі өрнектермен әшекейленеді. Оған уық сұғынатын төрт қырлы қаламдықтарға шаңырақ көзі тесіледі. Шаңырақ тоғынының үстінен түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын-шашын іркілмеу үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі әрі түтін шығады. Ол сәмбі талынан жасалып, әр иінде үш күлдіреуіштен сегіз күлдіреуішке дейін болады. Күлдіреуіштің арасын біріктіріп тұратын екі, не төрт көлденең қысқа ағашты кепілдік (немесе бақалақ / беріктік / қарғаша / қарғыса) дейді. Ол күлдіреуіштің орнынан қозғалып, арасы ыдырап кетпеуіне қызмет етеді. Шаңырақтың формасына қарай бөлінетін табақ шаңырақ, шабақ шаңырақ деген түрлері бар. Табақ шаңырақ – ортасына түрлі оюлармен нақышталған табақ секілді дөңгелек тегіс ағаштан дайындалады. Шабақ шаңырақ – ортасы табақсыз айқасқан күлдіреуіштер арқылы жасалады.

Бетті дайындаған
Гүлсина Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
аға ғылыми қызметкері,
 филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.