Батыр қызы халқымның…

Қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласында «Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі…» тақырыбында салтанатты жиын өтіп, жас толқын Әлия рухына бас иіп, Ерлігін жырлап, есімін ұлықтады. 1960 жылы бой көтерген Әлияның ескерткіш-мүсіні жанында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырған «ашық аспан астындағы қонақжай» шарасы әсерлі өтті.

Тағылымды жиын Батыр рухына тағ­зым етіп, гүл шоқтарын қоюмен бас­­­талды. Әлияның ізбасарлары – ба­рабаншы қыздардың дабылы сол бір отты жылдардың жаңғырығы іспетті, жан-жүректе Естелік қоңырауын соқты. Жас ұрпақ неміс басқыншыларымен сұрапыл соғыста шейіт болған боздақтарды еске алып, 1 минут үнсіздік жарияланды.
«Ашық аспан астындағы қо­нақ­жайда» алғашқы сөз «Қос Шынар Әлия-Мәншүк» атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің жетек­шісі, «Оқу ісінің үздігі», 40 жылдан бері Ә.Мол­дағұлованың өмірін зерттеп жүрген Ғ.Байдербеске берілді. «Батыр­дың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ» деген сөз бар. Батыр қызын халқымыз мәңгілік ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа Әлия есімі жасай береді. Бүгін Әлия есімін ардақтап, ерлікке тағзым етудеміз. Ең алғаш Әлияның туған ауы­лында мемлекеттік негіздегі мұражай 1980 жылы ашылды. Әрине, Алматы мен Ақтөбеде, тіпті Ресей жерінде Әлияға арналған мұражайлар бар. Бірақ Батырдың туған ауылындағы бұл шаңырақтың орны ерекше. Батырдың өскен жеріндегі ізін танытатын орын – осы мұражай. Сондықтан Әлияның өмірі мен ерлігіне қатысты барлық деректерді жинастырып, жүр­ген жолдарын мүмкіндігінше зерттеп, кейінгі ұрпаққа аманаттау­ды азаматтық парызым санадым. Қазақстан Тәуелсіздігімен бірге Әлия ерлігі елдіктің белгісіне айнал­ғанына қуанамын. Ерлік даңқы ешқашан өшпейді» деді жас толқынға аталық сөзін арнаған 80 жастағы еңбек ардагері.
Әлияның аяулы есімі әдеби кітаптар мен деректі шығармаларға, ән-жыр мен толғауларға, кинофильмдер мен сах­на­лық қойылымдарға, өнер туындыла­ры мен көркем суреттерге айналып, мәң­гі­лікке жол тартып барады. Әсіресе, кеңестер кезінде Ә.Молдағұлованың өмі­рі мен ерлігін зерттеп, жинақтап, та­­­рихта қалдырған журналист ­С.Ас­­қа­­ровтың «Әлия» кітабының, жа­­­зу­шы Ә.Нұрма­ха­нованың «Шығыс шынары» шығарма­сының құндылығы ерекше. Батыр рухына ақындар жыр арнап, сазгерлер ән шығарып, қылқалам иелері бейнесін суреттеп, ару Әлия елмен бірге жасауда.
Мектеп оқушыларына арналған мерекелік шара Батыр қыздың даңқты ерлігінен ой толғайтын тағылымды өлең-жырларға ұласты. Біз де Хас Батырдың 70 жылдығына арналған «Қызғалдақ-Ғұмыр Әлия» толғауынан 4-інші «Ерлік» бөлімін оқып, жас тол­қынға отты жылдардың өзекті өртеген елесінен жырмен сыр шертуді парыз санадық. Осы жолдар авторы  Әлияның 75 жылдығына орай өткен республикалық Ән байқауында жа­зылған «Сағыныш» әнін музыкалық колледж студенті Л.Таусарова терең сезіммен шырқап, жанарларға жас үйірілтті.
Әлияны жырлаған ақындардың жұлдызды жырларын жатқа оқыған жас ұландар тыңдармандар көңілін баурады. Абыз ақын М.Құрманалиннің «Әлия ескерткіші жанында» өлеңін «Байғанин оқулары 2015» жеңімпазы – №42 мектеп оқу­шысы М.Темірлан мәнерлеп оқыды.
Ерліктің әнұранына айналған «Әлия» әні (Сөзін жазған: ­Б.­Тәжі­баев. Әнін жазған: С.Бәйтереков) ең алғаш 1976 жы­лы Роза Рым­баеваның орындау­ын­­да «Золотой Орфей» Ха­лық­аралық бай­қауында шырқалып, бас бәйге берілді. «Әлия» әнімен өнер көгінде қанат қаққан жас әнші Розаның алдынан даңғыл өнер жолы ашылды. Жұлдызды әнді №51 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы, «Золотая легенда» Халықаралық байқауының жеңім­пазы Ш.Ахмет әуелете шырқап, көпшіліктің көзайымына айналды.
Салтанатты кешті балалар кітап­ханасының директоры Г.Қалдина қоры­тындылады. Белсенді оқушы­ларға «Алғыс хаттарын» табыстап, ризалығын жеткізді
Батыр Әлия – халқымыз үшін қастерлі де биік ұғымға айналып, мәңгіліктің төрінен орын алды. Қазақтың аяулысы Әлия ару – Ұлт жүрегінде мәңгі сақталады. Ардақты есімі – ел есінде, даңқты Ерлігі – халық жадында!

Гүлсамал Аймаханова,
ақын-журналист
мәдениет саласының үздігі
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.