«Бие байлау» баршаға қуаныш сыйлады

Қазақ халқында салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, қонақжайлық қасиетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін, әсіресе ауыл тұрғындары. Қазіргі заман ағысына қарамастан, көнеден келе жатқан салт-дәстүрімізді сақтауды санаға сіңіріп, барынша қалыптастыру, әркімнің қолынан келе бермейді. Сондай ұлт дәстүрін, әдет-ғұрыпты, ырым-жоралғыны сақтап, ерекше көзге түсіп жүрген елді мекеннің бірі – Ұлытау ауданына қарасты Терісаққан ауылы.

Бұл ауылдың ерекшелігі ғасыр­лар­дан келе жатқан «Бие байлау» рәсімін 1-мамыр – Қазақстан халықта­рының бірлігі мерекесінің жалғасы ретінде, «Бие байлау» немесе «Айғыр қосу» мерекесі өткізіліп келеді. Терісаққан ауылының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған соң, ауыл жұртшылығы малға, оның ішінде жылқы малына ерекше көңіл бөледі. Ауыл бар-жоғы шағын ғана 56 түтіннен құралса да, жыл сайын 23-24 үйір жылқыдан бір күнде, бие байланады. Сонымен қатар  бұл дәстүр ауданның теріскейінде орналасып, қатал қысты басынан өткеретін Терісаққан ауылы үшін, көптен күткен көктемнің алғашқы шуақты мерекесіне айналған. Шынында да, осы уақытта әр үйдің маңында қазыққа желі қағылып, май жағылып, құлындары байланып, алғашқы биелер сауылады. Сол жерде кереге тұтылып немесе көк майса шөпке дастарқан жайы­лып, ет, қуырдақ, бауырсақ, май, балқаймақ, құрт, ірімшік және т.б. ұлттық тағамдар қойылып, келген қонақтарға ұсынылады. Келген кісілер дәмнен ауыз тимес бұрын, үй иесіне: «Байлар көбейсін!», «Ақ мол болсын!» деген жақсы ырымды сөздер айтып, дастарқанға жайғасады. Осының бәрі қазақ ұлтының ырым-жоралғысының ұмытылмай, сақталып келе жатқанын көрсететін көрініс.
Терісаққан ауылының осы қасиетін ерекше бағалап, үш жылдан бері Ұлытау ауданы әкімдігі, «Ұлы тағзым» қоғамдық бірлестігі және «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы бірлесіп, жыл сайын «Терісаққан көктемі» этнофестивалін өткізіп келеді. Фестивальге арнайы сұранып, әр мемлекеттен және еліміздің басқа өңірлерінен қызығып келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Мерекелік іс-шараның басы 23-24 үйірдің «Бие байлау» рәсімін тамашалаумен басталып, шеберлік-сыныптары, ұлттық ойындар (найза лақтыру, садақ ату, асық ату, лекеш, атжарыс), жылқы жығу, асау үйрету өнерлерімен жалғасып, кешкілік ауыл көркемөнерпаздары­ның концерттік қойылымымен аяқталады.
Мерекеге қатысқан әрбір адамның жүрегінде өзінің ұлтына деген патриот­тық сезімі ұялайды. Себебі қазақтың ұлттық: киіз басу, ши тоқу, бау тоқу, арқан есу, сонымен қатар күбі ыстау өнерлері ауыл шеберлерінің қолымен жасалып көрсетіледі.
Бұл мерекені көктем таяғанда ауылдың ата-әжелері, балалары мен келіндері арқан есіп, қысқы соғымның шұрайлы қазы-қарта, жал-жаясын, қарынға салынған сары майын, құрт-ірімшігін сақтап, үлкен дайындықпен асыға күтеді. Биыл өткен ­фестивальге ЮНЕСКО өкілдері Е.Хорош, Ресейден Омбы қазақ қоғамы бірлестігінің төрайымы Алтынай Жүнісова, республикалық «Тұран ТВ» телеарнасы, облыстық, қа­ла­лық БАҚ өкілдері қатысты. Сон­дай-ақ көршілес ауылдардан қонақ­тар келіп, киіз үйлерін тігіп, мере­ке­нің жақсы деңгейде өтуіне бір кісідей қолдау көрсетті. Биылғы этно­фес­тивальдің ерекшелігі Қазақ ханды­ғының  550 жылдығына және Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының  20 жыл­дығына арналып ерекше аталып өтті.

Айдана ҚАЙСАР,
«Ұлытау» қорық-мұражайының
ақпарат жетекшісі 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.