Құрдас

55-інші жылы туғандар ерекше. Олар тыңмен құрдас, болмысына бекем. Чехов айтқандай «…почтовое проводники просвещение» секілді. Алматыға келіп, Ауыл шаруашылығы институтын тастап, «райком» болмай, әдебиет деген майданның маңдайынан сипап, жазу деген жазмышқа ойыстық. Кәні, солар кімдер екен? Бұл көшті 1-қаңтарда сыншы Әмірхан Меңдеке бастап тұр. Ол әдебиеттің «санын сан, бұтын бұт» қып бұтарлап жіберді. Онан кейін ақын Әділғазы Қайырбекке Мұқанов пен Мүсірепов мұражайының мұрасын сеніп тапсырған жайымыз бар. Сосын Сейтқұл Оспан мен Төрекелді Байтас дүниеден өтіп кетті. Ал Әшірбек Аманкелді деген азамат менімен бір жыл, бір ай, бір күнде дүниеге келіп, жазу деген жазмышқа обал болды-ау деп те ойлаймын.

Мендеке

Кайырбеков (1)Әмірхан                                                                       Әділғазы

Куандык

Қуандық

С Ибраим-1

Аширбек

Самат                                                                                  Әшірбек

Өзімнің таңғалып, бас­па­­сөзде сырттай қайсар көң­ілмен бақылап жүрген бір құр­дасым бар, ол – Самат ­­Ибраим. Әскерге барған, онан келіп, «Аты­рау», «Жас Алаш» пен «Заң және заман» – «Закон и времяға» әбден иін қандырып, баспасөздің «қара қазанында қайнаған», «балаларды тәрбиелеп», ел-жұртқа жаққан біреу болса, ол да Самат. Арасында республикалық деңгейде «Халық кеңесі» деген атпен ашылып, қайта жабылып, ел-жұрттың есінде қалып, анда-санда аңдатпаға айғақ қып көрсетер біреу болса, ол да осы Самат. Қазақ баспасөзінің өткелектерінен именбей өткен «біреу» кім десе, Әшірбекке ұялмай көрсетер ұжым бастап отырған саңлақ, алпыстың асуына бет алған алғыр азамат. «Ақиқатты» Мұхитқа тап­сырып кетіп, «Ана тілінің» бар аза­бын арқалап жүрген де осы ­Самат. Бірақ кейбіреу сияқты «Мен бас редактор кезімде…» деп сөз бас­тағанын естімеппін. Алпысқа дейін айтпаған сөзді енді жетпісінде желпініп айта қоймас.
Біз «Ананың тілі – қуатым менің» деген сөзді айтқанымызға қуанамыз. Кезінде осы сөзді тіл ұшында үйіруге зар болдық. Ол бүгінде қаракөз қазақ баласын дегеніне жеткізіп, тілегін орындап, ұжым бастап жүр. Әрісін айтсақ, ауылдағы қазақ баласын мұратына жеткізуге жанын салып, жүрегі лүп-лүп соғатын сияқты.
Ол – проза деген майданға да бір кісідей үлес қосқан қаламдас. Бәріміз де сол қара сөздің «қарауында» жүрміз ғой, Саматтың прозаға қосқан сүбелі үлесі бар. Жа­зушылар одағының мүшесі. «Ғұмырлық сағыныш», «Ататоры» әңгімелер жинақтарының, «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен шыққан «Асқар Құлыбаев», «Саламат Мұқашев», «Жетпісбай Есенжанов» тәрізді көркем-ғұмырнамалық эссе кітаптардың, «Сыр перне» публицистикалық мақалалар жи­нағының авторы.
«Құспан қыстауы», «Жалғыз жаяу» мен «Ататоры» – қазақ әң­гіме жанрына құрдас қосқан үлес еке­нін мен қай мәжілісте де бе­тім­­нен отым шықпай айта аламын. «Тұзға түсу» мен «Қонақтық», т.б. әңгімелерінен құм баласының көңіл-күйін көргендей боламын. «Құм баласының тісі ауырмайды, өйткені сағыздың емдік қасиеті бар. Ауылда тіс дәрігері жоқ, ондай жеке дәрі­герлердің болатынын кейін қа­лаға келгесін білдік қой. Тісті тұз­бен шаяды, бұл емнің бастысы, ал қатты ауыра қалса меңдуана шөбін түтетеді. Ауыз уылса, ашудас жалатады» дегеніне қалай тәнті тұрмассың.
Оның өз оқырманы бар. Мен осы жұртқа таңғалам, бәрі ­жабылып «мені неге оқымайды» дейді. Оу, біз Хемингуэй емеспіз ғой. Әшірбектің өзі Хемингуэйді әрең оқып, ­саяси шолуға бет бұрған заманда әр­кімнің өз оқырманы бар емес пе? Дүңгіршектен газет алып емес, сайттан оқу сәнге айналған заманда Самат құрдастың да өз оқырманы жетіп артылатынына көзім анық жетеді. Оған тек көз жеткізіп, көңіл сүйіндіре білу керек.
Орыс тіліне де жетік. Соның арқасында біраз қаламгерді қазақша сөйлетті. О заманда әр ұлттың тілінде сөйлеген басқа ұлттың қаламгері бақытты болатын. Солардың біразы біздің Саматтың қаламына ілікті. Ол да социализмнің берген сыбағасы.
Аударма саласында тоқсаныншы жылдардың бас кезінде отандық заңдарды ана тілімізге аударуға қатысты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министр­лігі­нің бағдарламасы бойынша «Н.Назарбаев – этносаралық және дінара­лық келісімнің негізін қа­лау­шы» атты кітапты, «Каспий қайраңы» танымдық басылымын, «Мәдени мұра» кітап сериясымен «Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары» деп аталатын 10-томды, «Әлемдік философиялық мұра. ХХ ғасырдағы мәдениет философиясының» 17-томын, т.б. тарих, заң саласындағы әдебиет пен оқу құралдарын мем­ле­кеттік тілде сөйлетті.
Оның заңгерлік те білімі бар. Бойынан өмірге деген құштарлығы қол бұлғап көрініп тұрады. Қазақ баласына осы кәсіптің ешқайсысы көптік етпейді. Тек бәрін игере білейік. Жазу мен заңды қоса алып жүрген құрдасыма ырзамын. Петербург университетінде бірге оқып, Шиеліге қыдырып келген Мұстафа Шоқай мен Александр Керенскийдің құрдастығы да көз алдымда көлеңдейді. Жүрек шіркін дүрсілінен танбайды ғой.
Саматта батылдық бар. Ол тілші кезінде өмірдің барлық «соқ­тық­палы, соқпақты» шағын көзімен көріп, көңілімен дәл сипаттап берді. Соның арқасында редакторлық асуға жетіп, өзінің сөзін өзгеге өткізе білді.
Марапат пен мерейін неге айтпасқа? «Тәуелсіздікке – 20 жыл» медалін өңіріне таққанын, Елбасы­ның Құрмет грамотасымен марапатталып, Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет қайраткері атанғанын, Журналистика Академиясының академигі, ең бастысы, шәкірт тәр­биелеген ұстаз екендігін жалпақ жұртқа жария қылмай тұра алмаймыз.
Алпыс аз жас емес. Мен де біраз жерге табан тигіздім. Байқап, бағам­дасам, құрдасым қазақ бала­сының болашағы үшін аз еңбек еткен жоқ. Оны қара сөздің қадірін түсінгендер айта жатар.
Бүгініміз – базына. Құрдастың тойы күні жақсы сөзді көтерген адамыңа ғана айтасың.
«Ананың тілі – қуатым менің» деп, ақ тілекті алға сап тұрып ай­тасың.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Майра

    Жақсы мақала екен. Берілуінің өзі ерекше. Аман-сау болыңыздар!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.