«Халық шежіресі, данасы…»

Қазақ қоғамында хандармен қатар билердің рөлі зор болды. Олар далалық заңдылықтарын сақтай отырып хандықтағы іргелі істерге, көршілес елдермен орын алған дау-жанжалдарды шешіп, ханның мемлекетті дұрыс басқаруына ақылшы да.
Қазақ, қазақ болғалы аталы сөзге тоқтап, халық сайлаған билерді қастерлеп, олардың билік шешімдері мен кесімдеріне келіскен халық.

Қазақ ұлттық энциклопедиясында – Би туралы арнайы тоқтап, бидің қоғамдағы және өмірдегі рөлін бағамдап жазған. Би сөзін түрлі зерттеушілер: ел билеу­шісі, иелік етуші; сот, төреші; батагөй, шешен; бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылған» деп ортақ байламға топтастырған.
ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы Салық Зиманов «Би – халық шежірешісі, данасы әрі заңгері атты» мақаласында «Көне нысандағы» қазақ құқығында сот ісін жүргізу даулы істі қараудан өнерге ұқсас болды. Сот ісіндегі сайысушылық әдет-ғұрыптарды тарихи өт­кенді білумен қатар шешендердің сайы­сына ұқсайтын. Сондықтан сот ісі­не халық көп жиналатын, ал «От ауызды, орақ тілді» дейтін билер өздерінің бар ше­берлігін осында көрсетіп қалуға тырысатын?!» дейді.
Қазақ қоғамында билік жүйесі бірнеше тармақтарға бөлінгенін көреміз. Ауыл-аймақ арасындағы билікті рудағы белгілі адам атқарса, өңір-аймақты билігімен, көсемдігімен көрінген ру, тайпа басшылары басқарған. Ең жоғары деңгейдегі билікте негізінен хандар мен сұлтандар болған. Негізгі билік оларда болғанмен, билер олардың биліктерін шектеп отырған. Батырлар мен байларға қарағанда билер тобы халыққа жақын. Өйткені олар алдарына келген дау-жанжалдарды көпшілікпен, жариялы түрде шешкен. Кейде билер ру басшылығы мен әкімшілік қызметті де қоса атқарып қана қоймай, қарамағындағылардың іс- әрекетіне де жауапты болған.
Бізге жеткен ауызша әңгімелерден (қазақ, ноғай) заманында Едіге, Ормамбет билермен қатар Оғыз ханның биі болған Қорқыт Ата абызды атауымызға тура келеді. Қорқыт үш ханның уәзірі болған кісі. Ал қазақ хандығының алғашқы күнінен бастап хан қасында отырып ақылшы болып, елге билік айтқан билер көптеп саналады. Солардың бірі Мұхаммед Хайдар Дулати деп атауға тура келеді.
1695 жылы қазақ ордасына келген орыс елшілері Тәуке хан ордасының таңдаулы адамдарымен ақыл қосқанын жазса, тарихтан белгілі Абылай хан жоң­ғар қолына түсіп қалғанда Қаз дауысты Қазыбек би елшілікке барғанда Қалдан Серенге айтқаны… «біз, қазақ, мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан қуат береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деп жоңғар ханын сөзден жеңіп Абылай ханды елге алып қайтқан деседі.
«Тура биде – туған жоқ» ­деген­дей, қазақ халқының тарихында қара қылды қақ жарған билер өте көп болған. Со­лар­дың басындағы Төле би, Қаз дау­ысты Қазыбек би, Әйтеке би т.б. хан­ның өзімен шендескен әрі олар көршілес қалмақ, жоңғар, қоқан, хиуа, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, түрікмен елдері арасындағы дау-жанжалдарды шешу жолында қоғам және мемлекет қайраткері ретінде көріне білген.
Патша заманының кезеңінде билерді генерал-губернаторлар сайлап, бекіткен. Жалпы қай кезеңде болсын бидің рөлі төмендеген емес. Жұртшылықтың өзі сайлаған билер патшалық билерден анағұрлым беделді болған. Оның мысалы Қалдан Талқанбайұлының өмір жолынан көреміз.
Кей кезде ел-елдің, мемлекет арасында жүрген билерді елші деп те атаған. Тарихта Таңатар, Тәтімбет, тағы басқа кісілердің елші ретінде танылғаны белгілі. Демек, елші дегеніміз де би. Ше­шен де бидің орнында болған. Оны Әз Жәнібек ханның тұстасы Жиренше шешен сөздерінен байқалады.
Қазақ халқының (Қазақ хандығының – Т.Д.) тарихында билер кеңесі ең жоғарғы билік айтатын орын болған. Әсіресе, күрделі мәселелерді шешуге байланысты билер кеңесіне жиналған. Тарихта Мөртөбедегі, Құлтөбедегі, Битөбедегі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қарақұм мен Ырғыздағы билер кеңесі көп нәрсені шешкен кеңестер қатарынан орын алады. Сондай билер кеңесінде Тәуке хан «Жеті жарғы» заңын бекітіп, заңдастырған.
Билер сотының қазақ қоғамында орны ерекше болған. Нұралы ханның іс-әрекетіне қарсы болып, хан тағынан тайдыруға – 185 би қол қойып, ақ патшаға хат жазған. Билер соты екі жақты тыңдап алып барып, тіпті ант қабылдатқан кезі де болса керек. Қылмыстық іске үкім, азаматтық істерге кесім шығарып отырған. Екі жақтың биі келісе алмаса Төбе бидің алдында тарқасқан.
Тіпті кеңестік кезеңнің өзінде арнайы сайланбаса да ел іші би деп таныған адамдарына әрдайым жүгініп отыр­ған. Болмашыға бола, кеңестік сотқа шағымданбай-ақ ауыл билері (ауыл ақсақалдары) көп мәселелерді шешті. Тіпті өз бұзақыларын өздері жөнге салған оқиғаларды көзіміз де көрді.
Жалпы, сонау қазақ заманынан XX ғасырдың 20 жылдарына дейін қазақ даласында билік жүйе жүргізілді. Негізінен қазақтар ру арқылы өзін-өзі басқарды. Бір-біріне деген қарым-қатынас, рудың адамдарын қорғау, қамқоршылыққа алу, кейбір адамдардың қылмыстық, басқа да әрекетінің жауапкершілігін сол рудың билері алып, тіпті айыпкер үшін ант беретін кездері де кездеседі.
«Алтын ғасыр» атанып кеткен жылдар дәстүрін сақтап, қазақ ханының билер тобын қалыптастырған айтулы, азулы билер көп болған. Атап айтсақ, Майқы би, Аяз би, Едіге би (Ноғайлы-қазақ) Досбол, Ақтайлақ, Мөңке би, тағы басқа билер. Осылардың ішінде Мөңке бидің есімі қазақ даласына белгілі, оны пір тұтқан. Ел ішінде «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген қанатты сөздер сонау Шыңғыс хан заманынан бері жетіп отыр. Демек, билердің рөлі мен орнының берік, айшықты болғанын айғақтай түседі. Осы тұста бізде билер деп аталынса, кейбір Орта Азиялық елдерде бек, датқа атаулары орын алған. Қазақстанның оңтүстігінде (кейбір аудандарының жерінде) ондаған дат­қалар өмір сүрген. Мысалға, Дос­бол датқа, Тұрсынбай датқалар ХVІІІ ғасырда билік жасаған.
«Әдебиетші, академик Рахманқұл Бердібаев: «Ұлы билер барлық кезде үлкенді-кішілі іс-әрекетінің бәрінде ел мүддесін өз бастарының мүддесінен жоғары қойғандығын» жазса, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді тандағанда, ең алдымен сөз тапқыш, өткір деген шешеннен, судырлаған ақыннан алатын» деп айтып кеткен-ді.
Жалпы казақ билері жайлы орыстың прогрессивтік ғалымдары мен шенеуніктері арнайы зерттеу жүргізіп, солардың жазбалары бүгінге жетіп отыр. Мысалы, И.А.Козлов билер туралы мақаласында… «Бии есть живая летопись народа, юрист или законовед его» деп, бір қайырған. Қазақ билерінің қоғамдағы рөлі жайлы орыстың шығыстанушылары көптеп жазды. Қазақтан алғашқы болып Шоқан Уәлиханов, Д.Сұлтанғазин, Сәкен Сейфуллин, Салық Зиманов, басқа да зерттеушілер жазды. Ал қазақтың ғалымдары қазақ қоғамындағы билердің рөлі, әрі дамытылуы жайлы материалдар жазғаны белгілі. Басқасын айтпағанда, тәуелсіздіктің 20 жылында жарыққа шыққан кітаптардың ішінде «Мәдени мұра» бағдарламасы мен академик Салық Зиманов бастаған ғалымдардың құрастыруымен оқырман қолына тиген «Қазақтың ата заңдары» атты көптомдық қазақ даласындағы билердің маңызы мен мақсатын, қоғамдағы рөлін жаңаша айқындап берген туынды.
Қазақтың дала заңдарын зерттеуші­лер­дің басым көпшілігі «Қазақ билері өз тайпасы мен ру атынан түссе жақтаушы (адвокат) немесе айыптаушы (прокурор), тіпті тергеуші міндетін де атқар­ған» деп жазып, қазақ билерінің жеке, коғамдық өмірде белсенді қызмет атқарғанын да мойындаған.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.