Күзде Қазақстан Президенті Мексикаға сапармен барады

Астанада ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мексика Парламенті Сенатының комитет төрағасы, Ұлттық Әрекет партиясының мүшесі Габриэла Куэваспен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Қазақстанның СІМ басшысы атап өткендей, ықпалдастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. «Мексика Үкіметінің биылғы жылы Астанада Елшілік ашу туралы шешімі бұған дәлел бола алады. Біз бұл мәселеде барлық қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Е. Ыдырысов.

Бұдан басқа, сыртқы саяси ведомство басшысы мұнай-химиялық, машина жасау, тау-кен өндірісі, металлургиялық, тоқыма және тағам өнеркәсібі салаларында Мексикамен тығыз ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты, ол үшін жетекші мексикалық компанияларды қазақстандық бизнеспен ауыл шаруашылығында, тағам өнімдерін өндіруде ынтымақтастыққа шақырды.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздер аяқталғанын назарға ала отырып, Е. Ыдырысов күзге жоспарланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мексикаға сапары барысында Қосарланған салықты болдырмау туралы конвенцияға және Өзара инвестицияларды қорғау туралы келісімге қол қоюды, сондай-ақ Қазақстанның мексикалық визаларды электрондық растау жүйесіне енуі туралы мәселені қарауды ұсынды.

Кездесу соңында министр Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын 2013 жылы қолдағаны үшін Мексика тарапына алғыс айтты.

«Мүшелікке сайлану — еліміздің сыртқы саясатындағы басты міндеттердің бірі», — деген Е.Ыдырысов Мексиканың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мол тәжірибесін зерделеуге Қазақстанның ынталы екенін айта кетті.

Сөз кезегін алған Г. Куэвас Мексика Қазақстанның ішкі саясаттағы және халықаралық аренадағы жетістіктерін жіті бақылап отырғанын, сондай-ақ әр салада екіжақты ынтымақтасты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Қазақпарат агенттігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.