«Полтарақазақ»

08Әділ ДҮЙСЕНБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Сексенінші жылдардың басы ма, әлде орта тұсы ма екен, анық есімде жоқ, әйтеуір Қытаймен арақатынасымыз әлі онша жақсара қоймаған кез болатын. Көктем шығып, айнала гүл-гүл жайнап, құлпыра түскен. Алматының осы бір тек өзіне ғана тән ғажап шағын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес қой, шіркін! Көп кісі байқай бермейтін табиғат көріністерін сөз етпегеннің өзінде, күллі көңіл күйге әсер етіп, жан-дүниеңді дүр сілкіндірер құдіретін қайтер едіңіз. Дәл осындай кезде далаға шығып кетіп, мына ғажап та тылсым дүниенің жылына бір айналып келетін өзіндік өзгерістерін бүкіл болмысымызбен сезінсек, содан ләззат ала білсек ғанибет емес пе, көңіліміз көтеріліп, бойымыз сергіп, денсаулығымыз одан әрі жақсара түсер ме еді дегендей пендешілік пікірдің қылаң беретіні де жасырын емес.

Осылайша кабинетімде қайта-қайта терезеге қарап, алдымдағы хаттарды реттеп, елегізіп отырған тұста «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, талдықорғандық тілшіміз Сейдахмет Мұхаметшиннің (кейінгі кездері Мұхаметше болып жазылып жүрді) телефон шалып қалғаны бар емес пе.
– Әй, балдыз, не ғып отырсың? – деді ол зайыбымның жетісулық һәм өзімен аталас екенін малданып.
– Сендердің хаттарыңды қорытып малығып отырмыз, – дедім мен де сұрағына қарай жауап қайырып, – осы жөні түзу материал жаза алмайтын қайнағалардан-ақ қалдық қой пәлеге…
– Әй, әй, ақырын сөйле, – деп шошып кетті ол, – арғы жағыңдағы басшылар естіп қалмасын мына сөзіңді…
Әншейінде қомпайып, қоразданып жүретін, батыр деуге лайық бойы да, салмағы да бар, сонысына қарап ел «полтарақазақ» атап кеткен алып та аңғал Секеңнің сол сәттегі түр-әлпетін іштей шамалап, шыдай алмай күліп жібердім.
– Енді сендердің өстіп базыналық жасайтындарың бар, – деп Секең де жайдарланып шыға келді. Артынша тек өзіне ғана тән мәнермен тамағын бір қырнап жөтеліп алды да, – келсейші, командировкаға, – деді, – қазір тамаша кез, табиғат құлпырып тұр. Малшылар жайлауға көшіп жатыр. Тауға шығып, таза ауа жұтып, қымыз ішіп қайтамыз.
Жаңа ғана қиялдап, сан түрлі ойдың жетегінде отырған менің жанды жерімнен ұстады. Қашқалы тұрған қоянға «хайт!» деп белгі бергендей бұл ұсынысқа қалай бейжай қарамақпын. «Сонда қайда бармақпыз?» – деп елп ете түстім де, тілімді тістей қойдым.
– Ол жағын енді маған қалдыр, – деп Секең маңғазданып шыға келді. – Райком хатшыларының бәрі жақын жолдастарым. Қай жерге барсақ та хан көтеріп алады. Ана Асылмұраттан бастап мына Серікке дейін «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сенімді де сері жігіттер.
– Жарайды, ойластырып көрейік, – деп екіұштылау жауап бердім де, жұмысыма қайта бас қойдым.
Бірақ істен береке кетті. Қаламым жүрмей, ойым он саққа бөліне берді. Біресе тұрып, біресе тізе бүгіп алдымдағы хаттарды ары-бері аударыстырып отырғанымда телефон қайта шылдырлады.
Иә, тағы да сол Секең екен.
– Әй, келетін болсаң алдын ала айт, – деді ол аптығып. – Жаңа ғана Алакөлдің басшысы Азат Машуровпен ақылдастым, бұрыннан таныс-біліс досым еді, анау-мынау қазаққа бергісіз сері жігіт, жақсылап күтіп алам деді, так что, енді созба, осы аптаға жоспарласаң тіпті жақсы болар еді.
– Жақсылап күтіп алатындай, біз қонаққа бармаймыз ғой, – дедім мен Секеңді сөйлете түсейін дегендей ниетпен, – жұмыс істеуге, материал жазуға барамыз. Газетте көрсетуге тұрарлықтай тірліктері бар ма екен өздерінің?
– Бар болғанда қандай! Жаңалық­та­ры да жетерлік. Талай тың бастама­лар­дың жаршысы болып жатыр.
– Бопты онда, мен өзіміздің басшылармен сөйлесіп көрейін, – деп көктемнің көңіл көншіктірерліктей көріністеріне терезеден тағы бір көз тастап, орнымнан көтерілдім.
Бас редактордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Сарбас Ақтаев айтқанымды екі етпейтін, іштей жақын тартып жүретін ағаларымыздың бірі еді. Іссапар жөніндегі ұсынысымды бірден қолдап, қолма-қол бұйрық бергізді. Сөйтіп, келесі күні-ақ Талдықорған қайдасың деп тартып отырдым.
Секең мені қалаға кіре берістегі автобекеттен күтіп алды. Астында – обкомның су жаңа «Вольгасы». Нөмірі әлі есімде – 00-18. Жүргізушісін де ұмыта қойған жоқпын – Ризабек. Бұл есімді ұмытпайтын себебім: соның алдында ғана Ризабек Әдуов деген әріптесіміз партияның Орталық Комитетіне нұсқаушы болып ауысқан еді. Содан жадымда жатталып қалыпты.
– Қазір үйден жеңілдеу шай-пай ішіп аламыз да, Үшаралға аттанып кетеміз, – деді ол шофермен қатар орналасқан орындықтың кейін қарай ысырылған кеңістігіне әрең сиып, – бізді бірінші хатшының өзі күтіп отыр.
– Бірден сол жаққа тарта бермейсіз бе? – дедім мен жүргізушінің арт жағындағы орындыққа жайғасып жатып.
– Әй, сен мені кім дейсің, келген қо­на­ғына ошағын көрсетпей жатып, айдалаға ала жөнелетін, – деді сол жағына басын бұрып. – (Дәл осы кезде ол айдаушының артында отырған менімен қатарласып-ақ қалғандай еді). – Құдайға шүкір, тілші деген атымыз бар, қазақтығымыз және бар. Жәй ғана қазақ емес, үлкен кісінің өзі атап көрсеткен – «полтарақазақпыз». Так, что біздің тірлігіміз де атымызға сай болу керек.
Секеңнің «кличкасы» – «полторақазақ» екенін бұрыннан білетінбіз.
Оның беделі облыста өте күшті болды. Оны бәріміз бұрыннан білетінбіз. Жалпы «Социалистік Қазақ­станның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») жергілікті жерлердегі меншікті тілшілері жаман тұрған жоқ. Атынан ат үркетін ЦК-ның (Орталық Комитет) өкілі ретінде «СҚ»- ның тілшілері де барлық облыста зор бедел мен құрметке ие болды.
Себебі ол кездері мұндай қызметке журналистер осы Орталық Комитеттегі үгіт-насихат бөлімінің келісімімен газет арқылы жіберілетін. Ауыс-түйіс мәселесі де аппарат арқылы шешілетін. Тікелей редакцияға бағынып, жалақыны да сол жақтан алатын болғандықтан меншікті тілшілердің облыстардағы дербестігі артып, жалтақтамай, барды бар, жоқты жоқ деп объективті де тәуелсіз материалдар жазуына септігін тигізіп келгені мәлім.
Әйтсе де тілшілердің де тілшілері бар. Әр жүйрік өзінің әліне қарай шабады дегендей, журналистер арасында қаламы ұшқыр жазғыштары да, қарабайыр жайбасарлары да болды. Секең солардың қақ ортасында жүргенімен ұйымдастыру жағына келгенде, көбінен көш ілгері еді. Міне, қазір де сол басшылармен іскер байланысының арқасында Алакөлге алып келе жатқан болар деп іштей мажаладым.
Үшаралға жақындай бергенімізде бізді жолдан күтіп алған Азат Машуров:
– Сіздер «Көктұмаға» бара беріңіздер. Басшысына айтып қойғам, – деді Машуров Секеңнің арқасынан қағып,– ал мен кейіндеу, кешке қарай барам. Мына мәскеуліктердің көңілін аулайық, қанша дегенмен алыстан, орталықтан келіп жатыр ғой. Сіздермен сонан соң кеңінен отырып, емін-еркін сұхбаттасайық. Таң ұзақ қой, талай шаруа тындыруға болады…
Басшы сөзін бәріміз де жөн көрдік. Сөйттік те «Көктұма» қайдасың деп тартып кеттік. Ол өзі шағын ғана елді мекен екен. Айтылғаны рас болды: шаруашылық басшысынан бастап күллі активі күткен сыңайлы. Киіз үй тігіліп, мал сойылған. Қымыз ағыл-тегіл. Ол кезде маскүнемдікке қарсы күрестің әлі де әлсіремеген тұсы еді. Соның өзінде тиіп-қашып жүріп-ақ ішкіліктің ақ, қызылынан ауыз шайып алдық. Әңгімеміз де жарасып жүре берді. Әйтсе де байқаймын бәрінің күтіп отырғаны – бірінші басшы. Сөзінде тұрса, келіп қалатын уақыты болып қалған. Бірақ ол кешіге берді. Хабарласуға қазіргідей қалта телефоны жоқ. Сымтемірлі байланыс құралының өзі белгілі бір нүктелер болмаса, нөлге тең. Далада жүргендер үшін далбаса десе де болғандай. Осылайша әрі-сәрі күй кешіп отырғанымызда сырттан гүрілдеген машина даусы шығып, оған қосамжарласып үрген ит үні естіліп елең ете қалдық. Келген бірінші хатшының шабарманы екен. Басшы мәскеулік қонақтардан шыға алмай жатқан көрінеді, кешірім сұрапты, маған қарамай тамақтарын іше берсін депті.
Сол-ақ екен Секең басшылықты өз қолына алды. «Енді мені тыңдайтын боласыңдар, не айтсам соны орындай­сың­дар» деді. Актив мүшелері «ләппай!» десті. «Онда ана алдарыңдағы ыдыстарға толтырып құйыңдар!» деп Секең орнынан көтерілді. Бағанадан бері бірін-бірі бағып, оның үстіне бірінші басшы келіп қала ма деп сақтаныңқырап отырғандардың өзі одан әрі қамшы салдырмады. Сөйлеп те, сөйлемей де сілтей берген жұрт жарты сағаттан соң араның ұясындай гуілдеп шыға келді. Алдымен ас мақталды. Сонан кейін қымызға кезек тиді. «Алакөлдің қымызына не жетсін, шіркін! – деді шаруашылық басшысы. – Бәрі де жеріне байланысты ғой. Топырағы құнарлы, өспейтін шөбі жоқ. Әсіресе, жайлауы ше! Ертең мен қонақтарымды вертолетпен сол жайлауға алып шығып, бал татыған қымызынан дәм татырамын. Өмір бойы ұмытпайтын боласыздар!»..
Мен «рас па» дегендей таңданып Секеңе қарап едім, ол «дұрыс» деп басын изеді. Сонан соң: «Біріншімен келісілген», – деді бас бармағын көрсетіп.
Сенерімді де, сенбесімді де білмей, екіұдай оймен орнымнан тұрдым да, таза ауа жұтып келейін деп сыртқа беттедім. Менімен бірге бізді арнайы күтуге бөлінген бас мал дәрігері мен Секең де ілесе шықты. Ай туып, айнала айқындалып қалыпты, күндізгідей жарқырап тұрмаса да, жан-жағымызды толық шолып, барлық бағытта бағдар жасарлықтай жарық бар. Тал-терек жапырақ жайып, асфальт төселмеген алақандай жердің өзі көкпеңбек болып көктемнің ашық аспанымен астасып жатыр. Жұлдыздар да жақындай түскен. Қол созым жерге қыстырып қойған электр шамдарындай жымың қағады. Осының бәрі көңілге ерекше әсер етіп, денемізді сергітіп жіберді. Сонда да суға түсудің артықтығы жоғын біліп, Алакөлге бір-екі рет сүңгіп шықтық. Сол-ақ екен анадан жаңа туғандай сергіп шыға келдік. Күні бойы ішіп-жегеніміздің бәрін көл суы сорып алған сыңайлы.
– Сонымен ертең жайлауға баратынымыз рас болды ма? – дедім мен үйге келе жатып.
– Біріншімен келісілген, – деді Секең манағы сөзін қайталап. – Жайлауды да жазуымыз керек қой. Оқушыларымыз білсін біздің малшылардың қалай өмір сүріп жатқанын.
Ертеңгілік елдің бәрі өз шаруасымен кетті де, үйде тек шаруашылық басшысы ғана қалыпты. Байқаймын, түндегі батырлығы жоқ. «Вертолеттің иесі әскерлер ғой, дейді бұйығып, әр ұшқаны қыруар ақша. Оның үстіне өте қатал, құжаттан сәл-пәл ауытқу болса мінгізбей қояды».
– Біздің құжаттарымыздан мін таба қоймас, – дедім мен бастықтан сыр тартып.
– Жоқ, сіздерді айтып отырған жоқпын, – деді енді шын қысылып. – Өзімізді сөз еткенім ғой, шекаралық арнайы белгісі болмаса, шопандарымызды да алмайды.
– Ол жағынан қам жемей-ақ қойы­ңыз­дар, – деп Секең сөзге аралас­ты. – Мен біріншіге айтып қойғам. Ол кісі әс­ке­ри­лердің басшысына ескерткен шығар. Давай, уақытты оздырмаңдар, кеттік аэродромға…
Алакөлдің «аэродромы» жан-жағын арқанмен керіп қоршап қойған шағын ғана алаң екен. Алдын ала айтылғаны шын боп шықты, бізді тікұшақ ұшқышы мен көмекшісі қарсы алып, ішке кіре беріңіздер дегендей ашық тұрған есіктерін нұсқады. Дәл осы кезде арғы жақтан Ризабек те жүгіріп келіп:
– Ағатайлар, мені де ала кетіңіздерші, өмірі жайлауды көрмеп едім, – деп өтініш айтты.
Біз не дейік. Ошарылып, ұшқышқа қарап едік, ол «жарайды» дегендей жылы жымиып, басын изеді. Риза болған Ризабек «әй, машинаңды қайтесің?» деген Секеңнің сөзін естімеген сыңай танытып, ішке секіріп мінді.
Тікұшаққа тұз тиелген екен. Оны ұш­қыштың көмекшісі айтты. Бір-біріне қарама-қарсы орналастырылған орын­дықтардың арт жағындағы үюлі жатқан қапшықтарға қарағыштай берген бізге ол: «Жайлауда тұз жетіспейді малға деді, осыларды жаласа тәбеттері ашылып, тез қоңданады». Біз түсіндік дегендей, басымызды изеп, орнынан тік көтерілген ұшақтың терезесіне икемделе бердік.
Қытай жақтағы қыраттарға қарай қалт-құлт етіп ұшып келе жатқан тікұшақ жерден тым биікте емес. Төмендегінің бәрі алақанымыздағыдай анық көрінеді. Оның үстіне тау бірден басталмайды ғой; алғаш шоғыр-шоғыр төбелер, сонан соң одан гөрі ірілеу дөңестері, олар іркес-тіркес иін тірестіре келіп, оқшау тұрған тік жартастарға ұласады. Ал ол жартастар жанаса, жалғаса барып жоғары өрлейді. Ақырында адам аяғы жетпестей алып шыңға айналғанын білмей қаласың. Міне, осы ойлы-қырлы, шыңды-құзды алып таулардың арасы тұнып тұрған тылсым емес пе?!
Тікұшақ тау шатқалдарын қуалай отырып жарты сағаттай ұшты да, бір кезде шырқау биікке тік көтерілді. Сонда ғана барып байқадық: төменде аузы ашық қалған алып қазанның аумағындай болып аңғар жатыр екен. Жан-жағын жалтыр тау құздары қоршаған бұл қазандық төмендеген сайын, көлемі өсіп, кәдімгі көлі мен өзені бар, оны айнала жайқала өскен көгерсіні мол алқапқа айнала бас­тады. Тікұшақ осылардың ортасындағы үлкен төбешікке келіп қонғанда төңірек күңгірт тартып, жаңа ғана жарқырап тұрған күн көзі тұмшаланып, кіреукелене берді. Сөйтсек, табан астында жел ұйтқып, жан-жақтан қалың бұлт қаптап шыға келген екен. Әне-міне дегенше тасыр-тұсыр етіп жаңбыр да жауа бастады.
– Тезірек түсіп қалыңыздар! – деп бұйырды ұшқыштар іштегі қаптарды сыртқа лақтырып. – Біз күн ашылса бүгін қайтып келуге тырысамыз. Осы жерде кездесетін болайық!
Тікұшақ тез көтеріліп кетті. Артынша оның азынаған ащы даусы қалың бұлттың арғы жағынан талып естіліп, бірте-бірте ұзай берді. Түсіп қалған жеріміз – аумағы ат шаптырымдай төбенің үсті болып шықты. Жаңбыр үдеп, көз жетерлік жердің өзі көмескіленіп көрінсе де біраз бағдар жасауға болады.
Біз – Секең, Ризабек және бізді басқа­рып келген зоотехник төртеуіміз айда түсіп қалған адамдай болып айналамызға аңта­рыла қарап, абдырап тұрғанымызда жан-жақтан аттылы кісілер де шауып келе бастады. «Тұз ба?» деді біреуі, «Ойбай, үстін жабыңдар!» деді екіншісі. Бізбен тіпті істері де жоқ.
– Әй, алдымен амандассаңдаршы! – деді зоотехник өзінің бастық екенін білдіріп. Сонда ғана барып олар бізден кешірім сұрап, дабырлап есен-саулық сұраса бастады.
…Жайлау бейне мұхит астындағы әлем сияқты – айнала қоршаған алып тауларды қалың бұлт тұтас тұмшалаған; жоғарыдан себелеген болмашы бозамық күннің әйтеуір сол жақта екенін білдіргендей анда-санда ақшыл тартып ашылғандай сыңай танытады да, қайта қымталып қалады. Әйтсе де дала жарық, айнала айқын көрініп тұр. Мал, мал болғанда ұсақ қой-ешкі ғой, ұзамапты, орындарынан тырп етпей күйсеп жатыр. Аттар да бір-біріне ұйысып, бастарын төмен салып қатып қалған. Осылайша бәрі де жаңбыр басылғанша тұра беруге пейілді сияқты.
– Бұл нөсер енді екі тәулікке созылады, – деді менімен бірге сыртқа ілесе шыққан үй иесі. – Одан әрі асса – бір аптаға.
– Оны қайдан білдіңіз? – дедім ол кісінің сөзін онша жақтырмай.
– Серті ғой! – Серігім себелеп тұрған жаңбырға алақанын тосып, аспанға қарады. – Мынадай майда жауын әдетте үш күнге, не бір жетіге жетеді. Кеше басталды, енді тағы да екі тәулік бар, одан кейін қоймаса…
Малшылардың болжамы дәл шықты: үшінші күні таң ата жаңбыр табан астында басылып, айнала құлаққа ұрғандай тып-тыныш бола қалды. Дала дамылдап, тау тыныстап жатқандай. Алқаракөк аспан асты аясынан асып, шексіз-шетсіз ғарышқа ұласып кеткендей. Айналасын алып тау құздары мен шыңдары қоршаған алқапқа таң осы әуе кеңістігінен атып келе жатқан сыңайлы – ағараңдап, аздан соң жап-жарық боп шыға келді. Сол-ақ екен, құстар сайрап, үй маңындағы мал сілкініп, пысқырып неше түрлі үнге ұласты. Жайлау жаңадан түскен жас келіншектей мың құлпырып сылаң қақты.
– Не деген ғажап! – деді Секең бәріміздің көңіл күйімізді дөп басқандай. – Табиғаттың мұндай сәтін бұрын-соңды байқаған емеспін. Ауасын айтсаңшы, әсіресе. Тамсанып жұта бергің келеді. Сонда да мейірің қанбайды-ау!..
– Аспан ашылыпты, енді тікұшақ та ұша алады ғой! – деді Ризабек те риза болып.
Арада аз уақыт өтісімен аспаннан тікұшақтың гүрілі естілді де, артынша инеліктей болып қалт-құлт етіп ұшып келе жатқан өзінің де сұлбасы көрінді. Арғы жақтан қол бұлғап айғайлаған Секеңнің даусы мотор үнінен де қатты шықты. Мен келген жағымызға қарай қайта жүгірдім.
Айтпақшы, Секең сөзінде тұрды: сол жылы күзге салым Азат Машуров басқаратын аудан малшылары мен қызылшашыларының тәжірибесі туралы бір беттік материал жазып, республикаға таратты. Ал Панфилов ауданының жүгерішілері жөніндегі айқара беті Журналистер Одағының арнайы сыйлығына ие болып, Секеңнің мерейін одан әрі өсіре түсті.
Жалпы Секең, жора-жолдастары жақсы көріп атап кеткен жанама атына сай, қай істі қолына алса да жапырып жіберетін – тапсырманы жүз, жүз елу пайыз етіп орындайтын. Сондықтан болар әріптестері арасында үнемі алдыңғы қатардан көрініп, жарыс жеңімпазы атанып жүрді. Еңбек демалысына шық­қанынша осы қарқынынан ешқашан тайған емес.
Қазір біз қазақ халқының орташа өмір сүру жасы жетпіс деп жүрміз ғой. Біздің Секең бұл межені әлдеқашан алып қойған. Сексенін де сергек тойлап, тоқсанның табалдырығына таяды. Тағы біраздан соң жүзбен де жүздесіп қалар. Не дейік Секе, мына өмірде де өзіңнің осы екінші жанама атыңа сай бол! Жасай бер, менің «полтарақазағым»!Осылайша кабинетімде қайта-қайта терезеге қарап, алдымдағы хаттарды реттеп, елегізіп отырған тұста «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, талдықорғандық тілшіміз Сейдахмет Мұхаметшиннің (кейінгі кездері Мұхаметше болып жазылып жүрді) телефон шалып қалғаны бар емес пе.

Қазір біз қазақ халқының орташа өмір сүру жасы жетпіс деп жүрміз ғой. Біздің Секең бұл межені әлдеқашан алып қойған. Сексенін де сергек тойлап, тоқсанның табалдырығына таяды. Тағы біраздан соң жүзбен де жүздесіп қалар. Не дейік Секе, мына өмірде де өзіңнің осы екінші жанама атыңа сай бол! Жасай бер, менің «полтарақазағым»!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.