Баспасөз – ұлттың айбыны

Журналистердің кәсіби мерекесіне санаулы-ақ күндер қалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша мереке қарсаңында жыл бойы өнімді еңбек еткен қалам иелері марапатталады. Арнайы сыйлықтар мен жүлделер табыс етіледі. Журналистерге арналған түрлі байқаулар ұйымдастырылып, қорытындысы шығарылады. Отандық баспасөздің мәртебесін биіктетіп жүрген жандар үшін мұның барлығы шығармашылықтарының тың серпінмен өріс алуына, шабыттарына шабыт қосуға өз септігін тигізеді. 

Журналистер қауымын – халық арасында «төртінші билік» деп атайды. Соған қарағанда жазып жатқан мақаламыз, айтып жатқан сөзіміз, мәселе етіп қозғаған тақырыптарымыз белгілі бір шешімдердің қабылдануына, заңдарға жасалатын өзгертулер мен толықтыруларға өз себін тигізіп, халықтың мұң-мұқтажына, толған­дырған мәселесінің оңынан шешілуіне көмектесіп жатқан болуы керек. Десек те, журналистерді толғандыратын өз мәселелері де аз емес екенін мамандық иелері жақсы біледі.
Билік пен халықтың арасында алтын көпір болып қызмет етіп жүрген журналистер қауымының алдында ұзақ жылдардан бері шешілмей келе жатқан өзекті мәселенің бірі ол, әрине, мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер арқылы пәтер алу мәселесі. Бұл жаза-жаза жауыр болған мәселе болса да, Үкімет тарапынан тиісті шешімдердің қабылданбай келе жатқаны қынжылтады. Өз мамандығына адал, осы кәсіптен нанын тауып жүрген мамандық иелерінің арасында пәтерден-пәтер жалдап, күн кешіп жүргендері аз емес. Сонда әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаса да ұлттың сойы­лын соғып, тіл мен діл, руханият, ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген жандардың еңбегі еш болғаны ма деп ойлайсың. Неліктен журналистердің еңбегі лайықты бағаланбайды? Тәуелсіздігіміздің іргетасын нығайтуға, мемлекетіміздің болашағын баянды етуге, ұлт бет-бейнесінің сақталуына, рухани шекарамыздың берік болуы­на сүбелі үлес қосып жүрген қалам иелері баспанасыз жүрсе немесе өзге мемлекеттік қызметкерлер тәрізді үйдің кезегіне тұрып, баспана ала алмаса қалай болғаны?
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары мекемелерінің мәртебесі мемлекеттік мекемелердің қатарында емес. Бұл мәселе де заң жүзінде бірқатар қиындықтар туындатып отырғаны белгілі. Жарайды, жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қала берсе де, заңның өзге де тетіктері арқылы журналистердің баспаналы болуына мүмкіндіктерді қарастыруға болады ғой. Осындайда мемлекет қашанда өз баспасөзінің, ондағы қызмет етіп жүрген қалам иелерінің жағдайына қарайласуды ұмыт қалдырмаса екен дейсің. Өйткені журналистер қауымы өздерінің күллі уақыттарын, күш-қайраттарын, білім­дері мен біліктерін ел игілігіне арнайды. Сондықтан мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар, жеңілдіктер жасалуы керек. Бүгінде журналиске кәсіби мерекеде ғана марапаттаулар беріліп, жүлделер табыс етіліп жатқаны болмаса, қалған уақыттарда олардың түйткілді мәселелеріне ешқандай назар аударылмайды. Бұл ойландырмай қоймайды. Өркениетті ел болуға ұмтылған кез келген мемлекет баспасөзін дамытуға күш салады. Баспасөз – ұлттың айбыны. Мемлекеттің бет-бейнесін қалыптастырушы құрал.
Тағы бір атап өтерлік мәселе, журналистердің қоғамдағы мәртебесі айқындалуы тиіс. Өйткені көп жағдайда журналистердің құқықтары бұзылып жатады. Кейбір министрліктер, әкімдіктер тарапынан болсын белгілі бір мәселе бойынша ақпарат алу қиынға соғатын кездер аз болмайды. Сұрау салған мәселе бойынша жауаптың мерзімінен кешіктіріліп берілуі журналистің құқығын бұзу екені айтпаса да түсінікті. Жекелеген тұлғалардың тарапынан сұхбат алуға барған журналистің сауалдарына дұрыс жауап бермей, көпе-көрнеу менсінбеушілік те кездеспейді емес. Шынтуайтына келгенде, журналист халықтың көкейіндегі мәселені көтеретін тұлға.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.