Өзінің бағыт-бағдары бар басылым

Қуат САПАРОВ,
география ғылымының докторы, профессор:

«Ана тілі» газеті ақпарат айды­нын­да өзіндік орнын тауып, қазіргі таңда зиялы да ұлтжан­ды аза­маттарының рухани-мәдени серігіне айналып отыр.
Басылым әу бастан ұлттық құндылықтарымызды, қазақи салт-санамызды жаңғырту жолында көп еңбек етуге бағдарланды. Бүгінгі күндері де басылым таңдап алған бағытын өзгерткен емес. Тіл, елдік мәселелер газет бетінде әрдайым көтеріледі. «Тілге көзқарас – елге көзқарас», «Ұлт боламын десең, ұрпағыңды ойла» тәрізді айдарлардың орны бөлек. Қаншама тағылымды дүниелерді оқуға болады.
Газеттің бүгінгі өскелең ұрпақ үшін маңызы зор ұлттық тарихымыз хақында тың деректер мен материалдар ұсынып келе жатқаны қуантады. «Алты алаштың ардағы», «Қазақ хандары», «Тарих тұңғиығындағы таңбалы сыр» айдарларымен берілетін материалдар көпшілік тарапынан жылы қабылданып жүр. Әсіресе, «Ұлы дала атаулары» айдарымен берілетін материалдар топтамасының рөлі зор деп білемін. Бүгінгі таңда тіпті кейбір үлкендердің өздері жер-су аттарының сыры мен тарихын біле бермейді. Ал осы айдар еліміздің әр аумағындағы жер-су аттарының шығу тегіне тарихи ғана емес, географиялық тұрғыда тоқталып әр атауға жеке анықтама беруімен қызықты.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр ел өзінің тілімен бірге, ұлттық болмысын, мәдениеті мен руханиятын сақтап қалуы қажет. Осы тұрғыдан келгенде «Ана тілі» газеті өз бағыт-бағдарын айқындаған, ел болашағының жарқын болуына қызмет етіп келе жатқан басылым. Сондықтан жүрегі қазақ деп соққан әр отбасынан «Ана тілі» газеті табылуы керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.