Ғасырдың жүгін арқалаған азамат еді

Ардақты ағайын! Қаралы қауым!
Жетіппін жүре-жүре қыр басына
Жол екен таусылмайтын бір ғасырға – деп Жамбыл бабамыз айтқандай бүгін соңғы сапарға аттандырғалы тұрған абызымыз Бәйекеңнің – Бәйкен Әшімұлының ұзақ өмірінің бірден бір өлшемі – ғасыр. XX ғасырдың құрдасы Бәйекең 15 жасында туған үйдің табалдырығынан аттап, аштықтан қашып, ел кезіп кеткен екен.Бірақ табиғатына біткен ақыл-ой, парасат, рух пен табандылық ол қай жерде жүрсе де өзінің орнын тауып, туған еліне адал қызмет етуге шақырды. XX ғасыр дүниенің түбірімен өзгеруімен, қырғын соғысымен, тоталитарлық қыспағымен қазақ халқы үшін мыңжылдық ғұмыр іспеттес. Осындай ғұмырды Бәйекең халқымен бірге басынан кешті, қан майданда болды, жарты ғасыр бойы ауыл, аудан, облыс, республика дәрежесіндегі жауапты қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов бүгін біздің елімізде зор құрметпен қатар аталатын егіз есімдер. Екеуінің тізе қосып, бірі партияны, екіншісі үкіметті басқарған жылдары біздің тарихымыздың жұлдызды жылдары. Осы жылдары тың көтерілді, жаңа қалалар бой көтерді, бүкіл Одақ көлеміндегі ең ірі металлургия мен мұнай саласындағы басқа да жалпы саны 300-ден артық кәсіпорындар іске қосылды. Үш жаңа облыс ашылып, 4 қала, 31 қалашық, көптеген мәдениет ошақтары, ғылым-білім ордалары құрылды. Бұларды біз халықтың еңбегімен қатар екі арысымыздың – Димекең мен Бәйекеңнің кемеңгерлік саясатының жемісі деп білеміз.
Бұлардың саяси сабырлылығы мен кемел парасаты бүкіл Одаққа үлгі болып, Империяның басшыларының өзін мойындататын. Димекең де, Бәйекең де ұлыққа барғанда қылт етіп кіріп, жылт етіп шыққан кісілер емес. Барарын алдын ала келісіп, аларын орынды дәлелдеп, беделі асқан кемеңгер басшылар болатын. Тоталитарлық Мәскеудің берерін қазақ үшін екеуі де барынша ала білді.
Сондықтан да бұл кісілердің алдында тарихтың күнәсі болса болар, ал өздері тарих бетіне тура қарай алды. Меңмеңсіген Кремльдің көпті кіргізбейтін кергіме есіктеріне біздің елдің екі азаматы қатар кіріп, қатар шығып, екеуі де кеуделерінде жұлдыз, абыройлы, ақжүзді болып жүруі басқаға үлгі, ұлтымыз үшін шын мақтаныш еді.
Міне бүгін сол дәуірдің соңғы могиканы, ғасыр куәсі ортамыздан кетіп жатыр. Біздер, егемен елдің азаматтары, егемендігіміздің тілекшісі, телегей теңіз ақ батасымен рух беріп отырған абызымызбен қоштасқалы отырмыз. Егемендігіміздің барлық жылдарында Бәйекең Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қызметіне үлкен сенім артып, үзбей тілектестігін білдіріп, қолын жайып, ақ батасын беріп отырды. Халқын бірлікке, Президент бастаған ізгілік жолымен ынтымақпен жүруге шақырды. Бүгін әлем елдерін аузына қаратқан Елбасы Назарбаевтың сындарлы саясаты алдындағы ағаларының озық үлгісінің жалғасы деп білеміз.
Нұрсұлтан Әбішұлының да Бәйкен Әшімұлы ағасына көрсеткен зор құрметін баршамыз білеміз. Абыз ағасын ақыл кеңесіне тартып, оның өміріндегі әрбір елеулі күндер Президент, мемлекет тарапынан аталмай қалғаны жоқ. Кешегі Бәйекеңнің бәйбішесі Бақыт Әсетқызын, бүгін Бәйекеңнің өзін соңғы сапарға аттандыру шаралары да Президенттің тікелей араласуымен болып жатыр. Рахмет, Нұреке, осы қамқорлығыңызға, Бәйекеңнің ақ батасы, халқымыздың ақ тілегі әр уақытта Сізді желеп-жебеп жүрсін.
Жарастыққа жақсымызды жұмсаған халықпыз ғой, ағайын! Абызың кім, жақсың кім дегенде аузымызға алдымен түсетін абыройлы тұлғамыз Бәйкен Әшімұлы еді. Бүгін ол ортамыздан кетіп жатыр. Бүгінгі қайғының ауырлығы осында. Киелі қара шаңырақтың іргесін қалаған екі бірдей иесі бірінің артынан көп ұзамай екіншісі кетіп жатыр. Қайғының тағы бір ауырлығы осында.
Қандай қайғы болса да еңселі ел рухы көтереді.
Еліміздің, Елбасымыздың амандығын, кемел азаматтардың, киелі шаңырақтардың қатары көбеюін тілейік ағайын.
Қимас аға, абзал ақсақалымыз Бәйеке! Қош бол деп қиналып айтуға мәжбүрміз. Жатқан жерің жайлы, иманың салауат болсын. Жарқын бейнеңіз әрқашанда біздің жүрегімізде.

Кенжеғали Сағадиев,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.