Қазақ көсемсөзі хақындағы іргелі еңбек

Бүгінге ентелей аяқ басқан заманда ешкім ештеңеге таңқалмайтын болды. Жағымдыға да, жағымсызға да бойымыз да, ойымыз да үйренген. Оған бір жағынан қазіргі ақпарат құралдарының, әсіресе электронды тасымалдау кешендерінің бойынан тарайтын бағдарламалардың жеделділігі мен жеңілдігі сан түрлі әсерін тигізуде. Масс-медианың бүгінгі қауымдастыққа, қоғамдық санаға оң да, теріс те ықпал етіп отырғанын ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан олардың тарихи жаратылысы мен өткен жолын, өзіндік қасиеттерін қадала зерттеудің маңызы тіптен зор. Кезінде осы мәселелерге назар аударып, публицистика жанрларының органикасы туралы бірқатар теориялық еңбектер жазған профессорлар Х.Н. Бекхожин, Т.С. Амандосов, Т.Қ. Қожакеев, Т. Ыдырысов, М.И. Дмитровский, С.С. Матвиенко, М.К. Барманқұловтардың бүгінгі күнге іргетас боларлық мұралар қалдырғанын атап көрсеткен жөн. Ал, осылардан кейін қазақ көсемсөзі пішіндерін зерттеу біршама саябырсып қалғаны да шындық еді. Енді, міне, сол олқылықтың орны толғандай ма, қалай… Қолымызға К. Қамзиннің «Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» атты монографиясы тиді. Меніңше, мұндай тақырыпты таңдап алып, зерттеу үшін ғылыми дайындық, алғыр таным ғана емес, көкірек көзі, шығармашылық ыстық жүрек керек. К. Қамзин жоғарыда аты аталған қазақ көсемсөзі теоретиктерінің көзін көрген, дәрістерін тыңдаған, олардан тәлім-тәрбие алған шәкірттердің бірі. Басқаша айтқанда, солардың ісін жалғастырушы, тарихи тағылымды ілгері апарушы. Сол себептен ол гиперидеологиялық кеңістік құрайтын қазіргі баспасөз, радио мен телевизия мәтіндеріне кең тынысты, еркін ойлы қағидалық пайымдаулар қажет екенін жете ұғынған, публицистика жанрларының басқаларға ұқсамайтын жаңа инфроқұрылымын, жанрлардың жаңғырған жіктемесін, соны кластерін түзген, оларды теориялық жағынан көкейге қонарлықтай дәйектеген. Қазақ ұлттық публицистика жанрларының ата қонысын, бастау-бұлақтарын ықылым замандардан, төл рухани құндылықтардан, түркі әлемінен іздеген. Еңбек иесі идеялық, идеологиялық монополизмді бекерлей отыра, жаңа қоғамдық қарым-қатынас жағдайында қазақ публицистикасы жанрларының пайда болуы, дамуы және өркендеуін мүмкіндігінше қол тимеген қиырлардан өндіруге ұмтылған, халықаралық ақпараттық-рухани бәсекеге төзімді ұлттық журналистика теориясын, жанрлардың жаңа жүйесін жасап шығаруға ден қойған. Бұрын да, көбінесе қазір де қолданылып жүрген жанрлар топтамасының параметрлеріне елеулі қағидалық түзету енгізу, жыға таныс жанрлардың бұрынғы теориялық еңбектерде еленбей кеткен қасиеттеріне назар аудару, метрополия таңған ескі қағидаттардан арылу, жанрлар ынтымағы мен ықпалдастығы туралы ой қозғау, формалар жүйесін тұтастандыратын, тартылыс күшін арттыратын заңдылықтарға сілтеме жасау – монография иесінің басты жаңалықтарының бірі.
Сонымен қатар ғалым ізденісінің құндылығы көсемсөз жанрлары кеңістігіндегі үдерістерді тұңғыш рет бүкіләлемдік тартылыс заңы, салыстырымдылық, ықтималдық, қажеттілік және вакуум теориялары шеңберінде, ғаламдық үдерістермен, нақты ғылымдардың жетістігімен тығыз өрімде, уақыт пен кеңістік ауқымында қарастыруынан анық байқалады. Расында да, ғалам жаратылысы бүгінгі таным түсінігінен әлдеқайда күрделі. Әлемдік құрылымның Стандартты моделі тұжырымдағандай, оның төрт іргелі күш-қуаты бар: электромагниттік, аса күшті өзара ықпалдастық, аса әлсіз ықпалдастық және гравитациялық. Осы төртеуінің басы уақыт пен кеңістікте қосылып, ғаламдағы барлық қозғалыс пен өзгеріске әсерін тигізетіні алынып отырған тақырыпқа орай нанымды да ұғымды таратылатынын атап айту керек. Публицистика жанрлары мен журналистер сол категорияларға қарайлайтынын зерттеуші ғылыми айналымға енгізеді, оларды қоғамдағы үдерістермен, шығармашылық жұмыспен тығыз үндестіреді. Ол осындай ойларын өзектендіре, шымырландыра түсу мақсатымен бірегей эволюциялық сипаттарға көз жіберетін, бақилық пен пәнилік категорияларына бойлап баратын баспасөз жанрларының жаңаша көзқарас тәрбиелейтін қасиеттері де барлығын қадап айтады.
Зерттеуші көсемсөз жанрлары қазіргі журналистика идустриясының шығармашылық стандарт саласы екенін саралай келе, оның бәсекелестігі, ақпараттық кеңістікте өмір сүруі, рухани және тауарлық қасиеті, оперативтілігі, интеллекті оның оңтайлы жанрлар арқылы сөйлеуінен, көпшілікті, жеке адамды сендіре, ұйыта алу сияқты психологиялық қасиеттерінен көрінетінін қағидалық жағынан тұңғыш рет тұжырымдайды.
Баршаға аян, әлемдегі әрбір ерікті мемлекетке тән қасиет оның ресми рәміздерімен ғана жария етілмейді, ол оның ұстанған бағытынан, экономикалық-әлеуметтік саясатынан, идеологиялық шараларынан, өмір сүру және қарым-қатынас мәдениетінен де айқын, нақты аңғарылады. Сондықтан монография авторы Кәкен Қамзин реалды тәуелсіздік саяси, экономикалық, ғылыми-технологиялық, ақпараттық және санаткерлік сипаттардан көрініс береді деген ұстанымды басшылыққа алады. Ал, интеллектуалдық өзеркіндік дегеніміз ұлттық ерекшеліктердің бедерлене түсуі басқа, кірме құндылықтардан дара тұруы, жаһандық өркениетте қазақы үлестің мол болуы, жалпыадамзаттық картинаға ұлттық реңдердің барынша сіңірілуі екені аян. Бұл сипаттар, біздіңше, ең алдымен журналистика жанрларының дамуына арналған осы іргелі жұмысқа толық қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 75 жылдығы салтанатында оқыған дәрісінде ғылымдағы идея приоритеті, гуманитарлық ғылымдарды дамыту, ұлттық шығармашылық мектепті өркендету, көркем әдебиетті насихаттау, ой инновациясын қолдау туралы келелі ой қозғап, жоғары оқу орны ғалымдарына үлкен міндет жүктеген-ді. Сол міндеттер тұрғысынан қарасақ, аталмыш зертелімнің тақырыбы, орындалуы, ой орамдары мен стилистикасы, ғылыми тұжырымдары сол талаптар үддесінен шыққанын, ғылым мен білім саласындағы мемлекеттік бағдарлама бағыттарымен толық сәйкес екенін байқаймыз.
Біз егемен елде ұлттық ядро ұлттық санаға айнала бастайтынын, ұлттық категориялар бұрынғыдай сыртқы форма, этнографиялық боямалар деңгейінде қалып қоймай, ішкі мән-мазмұн, болашаққа бастар жолды анықтаушы, рухани жебеуші ретінде қоғамдық сахнаға шығуға ұмтылатынын жақсы білеміз. Сондықтан білгір ғалым, кешегідей, билеуші елдің теориялық ұстанымдарының ықпалында, идеологиялық интервенциясының жетегінде кетпей, ұлттық публицистика жанрларының сонау ықылым заманнан бергі даму заңдылықтарын, тенденцияларын бір арнаға салу, ғылыми жүйелеу, оларды жаратылыс және қоғам контексінде қарастыру жаңа заман зерттеушісінің төл міндеті екенін жақсы ұғынған.
Бәрінен бұрын мұндай зерттеуге зәрулік, автор атап көрсеткендей, мемлекеттік һәм ұлттық тәуелсіздік талаптарынан, қоғамдық һәм ғылыми орта сұранысынан, зияткерлік даму сатысы мен қажеттілік теориясы тіленімінен туындап отыр деп айтуға біздің әбден хақымыз бар. Тәуелсіздік ықпалымен бірге келген ұлттық сана прогресі, жаңа қағида, соны байлам өткенді жоққа шығару, кемшіліктерін атап көрсету, оның олқылықтарын нұсқауды ғана мақсат етпейді. Өз тарихын сауатты, тәрбиелі таразылай білген ілім болашаққа да адал пиғылмен алаңсыз аяқ басады. Қазақ көсемсөзінің, журналистика ғылымының гуманистігі, демократиялығы да осында жатыр. Бүгінгі күннің кәдесіне, ертеңгі заманның ажарына сай келер тұжырымдардың еленбей, тасада қалған көмбелерін көрсете білу де — тарихи танымның өскендігінің, санамызда парасатты ғылыми салт-дәстүр орын тебуінің нақты мысалы. Біз айтар едік, зерттеушінің барша жаңалығы осы арналардан тарамдалып жатады.
Тәуелсіздік ұлттық бірегейлікті шегендейді, сана инновациясын өркендетеді. Сондықтан белгілі бір астрономиялық уақыттан кейін кез келген ғылым саласының таным мен даму деңгейін, оның есею заңдылықтарын қайта қарау, жаңаша ұғыну қажеттілігі туындайды. Айта кетелік, бұл бағытты жан-жақты зерделеу қоғамдық қатынастардың объективті сипатын мәнсұқ етпеуден, плюрализмді, пікір еркіндігін мойындаудан туындайтыны мәлім. Зерттеуші, біздіңше, осы мәселелердің бояуын барынша қанықтыра түскен.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2010 жылы 29 қаңтарда халыққа жолдауында шикізатты ғана емес, жаңа идеяларды экспорттау, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингке ілігуі сияқты аса маңызды мәселелерге тоқталды. Осы ауқымды жоспарлар туралы шынайы мәлімет тарату, салмақты талдамалы материалдар беру тікелей ақпарат құралдарына жүктелетіні мәлім. Олай болса, журналистика теориясы мен практикасы да алға басуы, заман талабына лайық бола білуі қажет. Осы ретте публицистика формаларының тарихилық тұрғыдан түрленуінің қоғамдық, мезгілдік, техника-технологиялық, жас мөлшерлік, ұлттық және халықаралық астарлары, жаңа формацияға сай журналистік ізденістер туралы салмақты ой айтудың, қазақ публицистикасындағы жанрлар сіңісуін, соңғы жылдары пайда болған формаларды анықтаудың, жанрларды жаңаша жіктеудің кезегі келгенін, ғылыми орта оған пісіп-жеткенін зерттеуші дер кезінде аңғарған. Демек, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарлама мен монография иесінің позициясы әбден сай келіп жатыр. Шынында да, еліміздің тәуелсіздік концепциясы, мемлекетіміздің оңтайлы ақпараттық саясаты, ақпараттық қауіпсіздік стратегиясы, журналистика жанрларының жаңа жүйесін қалыптастыру, жаңа тұрпаттағы журналистер корпусын тәрбиелеу міндеттері осы тақырыпты күн тәртібіне бар болмыс-бітімімен қойып отыр. Демек, осы әлеуетті шараларды сауатты жүзеге асыру үшін бұл көкейтесті мәселені ғылыми-сараптамалық тұрғыдан тереңірек зерттеп, жаңа талаптарға сай тұжырымдап, орнықтырудың мән-маңызы тіптен зор. Кәкен Қамзин еңбегінің игілігі, басқаларға ұқсамайтын өзіндік ой-толғамы, міне, осы тұстан да анық ажарланады.
Сонымен бірге жанрлар қатары түзіліміне сыртқы факторлардың ықпал-әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруды ақпараттық жағынан қамтамасыз ету, жанрлардың психологиялық терапиясы, әлеуметтік философиясы көкжиектерін мүмкіндігінше айқындап беру тұрғысынан алғанда, қолға алынған зерттеу әдісінің сонылығы мен үнінің даралығы бір байқалса керек. Көсемсөз жанрларының эволюциясы хақындағы мұндай зерттеу тек журналистика теориясының көсегесін көгертіп қана қоймайды, сонымен қатар ұлттық мәдениет пен өркениеттің ішкі мазмұны мен кеңістік әлемін анағұрлым алға апарады, сәулеттендіре де дәулеттендіре түседі.

Сағымбай Қозыбаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.