САРҚЫН (әңгіме)

Қанат ҚАЙЫМ –
балалар жазушысы.
1955 жылы 5-мамырда дүниеге келген. Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Аудандық Пионерлер үйінің директоры, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, Қазақ радиосы балалар мен жасөспірімдер редакциясында, «Алматы ақшамы» және басқа республикалық газет-журналдарда жауапты қызметтер атқарған. Қазір «Ол-Жас Баспасының» директоры, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті.
«Пионерлік ферма», «Топан су», «Еркеш – Еркебұлан», «Көпір астындағы үй», «Халқымның қадір-қасиеті», «Қараңғы бөлменің құпиясы», т.б. балаларға арналған кітаптардың авторы. Оқырмандар назарына жазушының «Сарқын» атты әңгімесін ұсынып отырмыз.

Алға қарай енді бір төрт-бес қадам адымдаса тоқсанның да төбесін көруге таяу қалған Тәңірберген ақсақал әлі де тың. Жүріп өткен өмір жолдары сызғылаған әжім айғыздарына қарап болмаса, сексеннен асып, селкілдеп отырған қария деп әсте ойламайсыз. Жүрісі ширақ, еңсесі тік. Шалбарының қырын пышақтың жүзіндей қылып үтіктеп, аппақ жейдеге жарасымды тағатын әдемі галстугін қысы-жазы мойнынан босатқан емес. Өмір бақи ел аралап, жол жүріп, дамыл көрмей әдеттенгендікі ме, сәл сәт болса да, бір орнында байыз тауып отыра алмайды.
«Баспалар үйіндегі» екі лифтінің біреуі анабір жылдары, алғаш қосқанда бір-екі ай әлетінде істеп, шамасы одан арыға жетпей шалдыққан. Іші-сырты жалтырап тұрған қытайдың мүкамалы. Ал сонымен қатар тұрған екінші лифт – сонау Кеңес заманынан келе жатыр, осы ғимараттың өзімен түйдей құрдас. Ол жарықтық анда-санда тұрып қалғанымен, әупірімдеп болса да адам тасуға жарап тұратын еді, бүгін тағы да текіректеген сыңайлы.
Бесінші қабаттағы жалғыз бөлмені иемденіп отырған көп баспаның бірінің табалдырығын аттаған Тәңірберген ақсақал баспа директорының жазу столына жапсарлас тұрған орындықтың біріне келіп сылқ отырды. Бесінші қабатқа жаяу көтерілу оңай болып па, маңдайы тершіп, ентігіңкіреп қалыпты.
– Мына дүние не боп барады өзі, – деді Тәкең қатты қамыққанын жасыра алмай. – Ана, Қазақ радиосына барсам, алабажақ костюм киіп,баспалдақ алдында тұрған қарауыл бала табалдырығынан аттатпақ түгіл, есігінен сығалатпай жіберді.
Өзі зейнет демалысына шыққанға дейін қыруар жыл қызмет істеген қара шаңырығына бәз-баяғысынша алшаң басып кіремін деп ойлап барған ғой.
– Ақсақал, не шаруа, кімге келдіңіз? – дейді екі қолының басбармақтарын белдігіне сұғып шіренген күзетші жігіт.
– Кімге дейді ғой! Ішке кірген соң көреміз дағы, кімдер бар екенін. Бұл жердің ана аппаратныйдағы операторларынан бастап, үлкен бастықтарына дейін бәрі біледі мені. Мен осы мекеменің ардагер журналисімін, балам.
– Болмайды, ақсақал, болмайды. Нақты біреуге, нақты шаруамен келмесе, бейсауат адамды кіргізе алмаймын.
– Мәссаған, көкірек шіркін текірек қағады демекші, менікі не далбаса десеңші. Өзім деп келгенде өзектен тепкенімен тұрмай, бейсауаттар қатарына ойланбай-ақ қоса салды. Мына бейбастақтан еш қайыр болмасын ішім сезіп, есік алдындағы орындықта бір сағат шамасы отырғанымда кіріп-шыққандар арасынан жүзтаныс біреуді көзім шалса неғыл дейсің, – Тәңірберген қарияның жүзіне мұң ұялап, жанары жіпси қалғандай.
Сосын тершіп тұрған маңдайын беторамалымен бір сүйкеп өтіп, өзі келіп отырған кеңсесінің иесі, баспаның директоры Қалиға жалт қарады да, орындық арқалығына шалқалай беріп, кеңкілдеп кеп күлсін дейсің:
– Әуелгіде, есіңде бар ма? Өздерің қатысқан сексен жылдық мерейтойымда марқұм кемпірім: «Әй, Тәкесі, аннан-саннан болмаса, мына отырған қонақ­­тарыңның дені елу мен алпыс шамасындағы бала-шаға сияқты ма, қалай өзі?» деген еді. Ең болмаса сол есіме келмепті ғой.
Осыны айтқан Тәңірберген ақсақал тағы да күлкісін кілт тиып, қабағын кіржите қойды. Қайда отырғанын бір сәт ұмытқандай сағынышы көп сәттерін еске салатын ой тереңіне бойлап кеткендей.
Ол кезде мұндай емес еді…
Ұзақ өмірінің әр кезеңінде республи­калық басылымдардың бірқатарында, кітап басып шығаратын баспаларда қызмет істеп келіп, осы Қазақ радиосында тұрақтап қалған болатын. Өз басына түскен соң солай көрініп отыр ма, әлде заман өзгерген соң адам да өзгере ме, әйтеуір бұрынғы мен қазіргінің айырмашылығы жер мен көктей тәрізді.
Басқа-басқа, дәл Алматының өзіндегі журналистер ақын-жазушы атаулының шығармаларын саусақпен санап беретіні былай тұрсын, ақсақал-қарасақалдарынан бастап, баспа бетінде бірдеңесі жылт ете қалғандарының өздерін түрін түрлеп, түсін түстеп танитын. Баспасөз беттерінде келелі мәселелер көтеріп жүргендері өз алдына, жалпы, республикалық басылымдарда қызмет атқаратын тілшілер атаулының есімдері ел аузында болушы еді. Ел аралап шыққанда оларды халықтың өзі қалт жібермей, аттары аталса болды алақандарына салып әкететін.
Ал енді ардагер қаламгерлерді ардақтау деген әркімнің айнымас парызы сияқты еді ғой. Кезінде кеңінен танымал болып, кейіннен жасы келіп, қалам тартпай кеткендердің өзін кейінгі толқын бір кісідей құрметтеп, қал-қадірінше қастерлейтін.
Енді не болды?!
Сексен жасын атап өткен мерейтойынан кейін араға бір жыл салып Тәңірберген қарттың бәйбішесі о дүниеге аттанып кеткен болатын. Ана бір әдебиетші академик бар еді, алдыңғы жылы көшеде кетіп бара жатқанда көлік қағып, қаза болды. Ол ғой, кемпірінің алдында кетті. Арманы жоқ шығар.
Бұл болса жалғыз қалды, қу тізесін құшақтап. Жалғыз емес-ау, бір ұл, бір қызы, немере-шөберелері, жиендері бар. Бәрібір көңілі толмайды, бәрі жабылып бір кемпіріндей болмайды.
Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бәрі тайғақ.
Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,
Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ, – деп хакім Абай айтпақшы, орыс-шатыс бала-шағасының қолына қарап, орысшалап айтатын ақылдарын тыңдаудан басын ала қашып, қолдарына шақырғанда да бармаған. Сопа басына сонша бөлмені неғылсын? Кемпірі екеуінің үш бөлмелі үйлерін бөліп, екі бөлмесін үлкен немересіне беріп, бір бөлмелі үйге көшіп алған. Қызының үйі қаланың ана бір шетінде. Ұлы өзінен қашық тұрмайды. Қазақша шатып-пұтып сөйлегенімен, келіні бір құдайға қараған бала. Күн сайын, күн аралатып өздеріне даярлаған ыстық тағамдарынан арнайы ыдысқа салып немерелерінен беріп жіберіп тұрады.
Әлгі айтқан академиктің жас шамасы Тәкеңнен сәл-пәл үлкендігі бар еді. Өзі әлі аттан түспей, зейнеткерлікке шықпай тұрған кезінде сол кісімен сұхбат жүргізу үшін үйіне барған. Сонда көргені, ғалымның өзі де, бәйбішесі де қазақша таза сөйлегендерімен солардың аралары бір-екі жас болатын ержеткен екі ұлы ана тілінде тілдеспек түгіл, қазақша айтқан бір ауыз сөзді қағып алмайтындарына қайран қалып, жағасын ұстап қайтқан. Олардың жанында бұның балалары имантаразы. Сонда болса, қайбір жетіскендік дерсің. Асыл тұқымды иттер сияқты, айтқандарыңды толық түсінгендерімен, жартып жауап бере алмайды. Бұл да болса, әр заманның бір қитұрқысының салқыны болар.
Баяғыда, анау әлгі егін науқаны тұсында, радио-телевидение, газет-журналдардың бүкіл тілшілері шілде-тамыздан бастап, сонау егіс аяқталатын қара күзге дейін топ-топ болып тың аймақтарында бірнеше айлап жататын. Сонда ғой, әйтеуір газет тілшілеріне рахат. Кез келген ұлттың адамын өздеріне қажет тілде сөйлетіп алады. Ал енді қазақтілді радио мен теледидар журналистері үшін қиямет-қайым еді. Топырлап жүрген қалың қауым арасынан қазақша сөйлейтін қазақ табу, арпа ішінен бір бидайды іздеумен пара-пар.
Сол тұстары Қазақ радиосының ауыл­шаруашылығы редакциясынан егін науқанын насихаттауға орыс бөлі­мінен Александр Петрович деген журналист Тәңірбергенмен жыл сайын бірге шығатын. Білімді, білгір маман. Жыл сайын баратындықтан сол өңірдегі ауылшаруашылығы мамандары, шаруашылық басшылары, тіпті маңдайалды механизаторлардың бәрімен дерлік етене таныс. Тәкеңдер апта оздырып, аудан-ауданды аралап жүргенде жайсыз күнде аңға шыққан аңшыдай магнитофонға жазып алатын бірді-екілі қазақша дауыс тауып қайтқандарына мәз-мейрам болса, Петровичтер үйде жатып-ақ жарты айға жететін материал жинап алады.
Қазір, міне, керемет! Теледидардың түймесін басып қалсаң, қарапайым жұмысшы да, шаруашылық басшысы да, әр дәрежедегі әскери адам да, үкімет мүшесі мен халық қалаулылары да қалтқысыз қазақ тілінде мүдірмей сайрап тұрады. Қала берді өзге ұлт өкілдері де қазақша сөйлегені былай тұрсын, қос ішекті домбыраңды құйқылжытып орындап береді.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық» қайда алып барары белгілі емес пе? Өзі де сол үйкенгенге сүйкенуге жақын тұратын Петровичтер жиған-тергенінің шетінен кертіп алып, Алматыға жіберетін материалдарын жолдап қойып, шалқадан түсіп, төбеге шырт түкіріп, ахахау-хахахаулап жата береді. Сондай бір кездерде бас редакциядан арнайы бір тапсырма түсе қалса, Петрович:
– Тәке, кешегіден кейін өзің білесің ғой, қарыз болып қалмаймын. Бәріне өзім телефон шалып, хабарласып қойдым. Тек, алдына барып микрофон қоссаң болғаны, маған дауысы ғана керек, – деп жататын, көгере бастаған картоп мұрнын қызарғанша уқалап.
Сол Петрович, бүгінде бар ма екен? Орыс-орманың түгілі, үзеңгілес жүрген қазақ әріптестеріңнің өздерін түген­дейтіндей болмай қалды ғой. Қайтқаны қай­тып, қайтуға дайындалғандары қыл­тиып көшеге шығудан қалған шығар.
Осы күндері кейінгі кездері қатар қызметтес болған, қарамағында істеген мына отырған Қали сияқты көзкөрген бала-шағаны жағалайды. Кейбір басылымдарда әлі де болса бас редактор қызметіндегі өзін таниды-ау деген азаматтарға жазған-сызғандарын сылтау қылып ат ізін салады. Кейінгі балалар бір-екі қайтарым әңгімеден соң-ақ сенің бар-жоғыңда шаруасы болмай, өз тірліктеріне айналып кетеді.
– Баяғыда бар ғой, – дейді Тәкең Қалиды өзіне қаратып алып, – мына Бас­палар үйінің бір қабатын толығымен бір ғана баспа алып жататын. Қазір, міне, әрқайсың шөре-шөре, жалғыз бөлмеден иемденіп, әр қабатта қырық баспадан отырсыңдар. Баспаның директоры деп қояды, өзі директор, өзі редактор, өзі корректор. Ақысын төлесе, боқысын шығарып, отыз баспа табақ кітабыңды он күнде қолыңа тигізеді. Ол сонда қандай кітап болады?
Тәкең осыны айтарын айтып алып, өз сөзінен өзі ыңғайсызданып қалғандай болды: «Мен мұны Қалиға не деп айтып отырмын? Бұл байғұстың бар жазығы жасы үлкен аға, көз көрген қария деп, иіліп сәлем беріп, елпектеп орын ұсынғаны ма? Ит көзі түтін танымас деп, қай жерде қандай сөз айтудан да қала бастағаным ба, бұл?»
Желді күнгі түндіктей желп-желп еткен ернін тез жиып ала қойды. Бұлармен енді осы тақылеттес тақырып болмаса, не әңгіме айтсын енді? Қалжыңдаса кететін қатары емес. Көрге кіргенше күлдікөмеш болып тағы отыра алмайды. Енді не істеу керек?
– Қали шырақ, жаңадан шыққан кітаптарың болса, бір-екеуін берші, үйге апарып ермек қылып жатайын, – деді Тәкең.
Үйге барғанда сол, кітап оқымағанда не істейді? Теледидарды қосып қалса тұшымды бір хабар жоқ, қай арнаның түймесін бассаң түріктің, орыстың, үндінің, корейдің, қытайдың таусылмайтын сериалдары, біреуінің алпыс бесінші, тағы бірінің жүз сексен бірінші сериясы. Қала берді қазақ арналарындағы ойын-сауық бағдарламалары, атаулары да ат үркіткендей: «ТойBestStar», «7 news», «Қызық Time», «Шоу «Boom!», «Айна online», «Qazaq news», «Headliner», ал түсініп көр.
Өз үйінің ауласындағы күрке астында дойбы ма, нарды ма ойнап отырған шал-шауқанды да жағалап көрген. Естігені әр жүрістен соңғы езуін тілген боқауыз. Жағасын ұстап, тітіркеніп қайтқан.
– Әй, біздің қатардан кімдер қалды екен осы? Қалмай барады-ау, ә? Қалмай барады, сарқылып болып та қалған шығар, сірә да ….

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.