«Үшқоңырым – тал бесігім»

Балалық балдәурен

Елбасы жайында түсірілген «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінде мынадай бір эпизод бар. Бала Нұрсұлтан қолына «Ана тілі» кітабын ұстап, Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңін оқып отырады. Осы бір эпизод адамға терең ой салады. Елбасының бойындағы тұлғалық, азаматтық, перзенттік қасиеттері өзінің туған тілін ардақтаудан басталғандай. Өйткені тіл арқылы бойға даритын ұлттық болмыс елі мен жерге деген шексіз сүйіспеншілікті қалыптастырып, менмұндалап тұрады. Аталған фильмде Елбасы: «Менің ата-бабаларым Алатаудың баурайында өмір сүргенімен, шын мәнінде, олар ойдың да, қырдың адамдары еді. Ал менің маңдайыма төбелері көк тіреген Үшқоңыр жайлауында дүние есігін ашуды жазыпты» дейді тебірене сөйлеп. Бұл да туған жер перзентінің өз еліне, кіндік қаны тамған мекенге деген асқан сүйіспеншілігі, зор құрметі.
Үшқоңыр! Мемлекет басшысының туған өлкесі, аялы мекені! Бұл қасиетті жерді өз көзімізбен көріп қайту мақсатында жолға шықтық. Назарбаев балалык

Үшқоңыр туралы Елбасының сөзіне жазылған белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың әні бар. «Муз­АРТ» тобы нақышына келтіре шырқап, барша тыңдармандардың жүрегінен орын алған тамаша ән! Үшқоңырға бағыт алғанымызда осы әнді тыңдаумен болдық! «Құлақтан кіріп, бойды алатын» ән мен сөздің үйлесімділігі бір ғанибет.
Үшқоңыр Алатаудың қойнауында,
Әкемнің ізі қалған жайлауыңда.
Қасқасу гүр-гүр тасып,
Гүлі еркелеп,
Арқарың жайылатын аймағыңда, – деп шырқалғаннан-ақ әйгілі Алатаудың қойнауын­дағы Үшқоңыр, тамылжыған табиғат, гүр-гүр тасыған Қасқасудың шуы, еркелеген нәзік гүлдердің әсем көрінісі көз алдыңа елестей бас­тайды. Әнді тыңдаған сайын Үшқоңыр жаныңа жақындай түсіп, өзің де осы аймақтың бір төл перзентіне айналып кеткендей күй кешерің сөзсіз. Өйткені бұл сөз бен әннің құдіреті. Тұнып тұрған сурет! Тамсанасың, таңғаласың!
Иә, осы өңірден, Үшқоңыр баурайынан туған жерін әлемге әйгілеген ұлт көшбасшысы – Елбасы түлеп ұшты.
Елбасы әр қазақ баласы сияқты өзінің сая­лы мекенін құрметтейді, ардақтайды. Туған жерге деген сағыныш, перзенттік махаббат қана адамды ұлы істерге бағыттап, ұлы мақсаттарға жетелейтіні шындық қой. Демек, адамның бойы­на күш-қуат та, қажыр-қайрат та сыйлайтын нәрсе ол оның – Туған жері, Атамекені!
Осы орайда Елбасының туған жерге қатысты айтқан мына бір сөзін келтірсек дейміз. «Көптеген елдерді араладым. Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ бәрі де өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен…». Міне, бұл жүректен, ақ көңілден ақтарылған тәлімдік мағынасы терең сөз!
Үшқоңырға да жеттік. Үшқоңыр ауылының орталық көшесімен келе жатырмыз. Қарапайым ғана қоңырқай тіршілігі бар ауыл. Ойша Елбасының бала кезде асыр салып ойнаған жерлерін, ат жалын тартып мінген кездегі дәуренін елестетіп келеміз. Мына бір көшенің бойымен ол мектептен үйіне қайтқан болар. Әне бір көшенің бойымен сәйгүлікке мініп жүйткіп өткен болар. Иә, ауылдың әр жері небір тарихи сәттерден сыр шертіп тұрғандай. Көшеде жолай кездескен адамдармен сәлемдесіп, хал-жай сұрасамыз. Мұнда балалардан бастап, үлкендерге дейін төл перзентін мақтан етеді. Осы ауылдан Қазақ халқының тұңғыш Президенті шыққанын, Елбасы туралы әркім-ақ ауыз толтыра әңгімелеп бергісі келеді. Иә, Елбасы жалғыз бұл ауылдың ғана емес, күллі Қазақ елінің, Алты Алаштың ардағы ғой.
Бізді қарсы алған «Үшқоңыр» ауылдық әкімдігінің бас маманы Қарлығаш Мамытәли­қы­зы­ның анасы Тәкура Алғадайқызы Елбасы­ның қолына алғаш қалам ұстатқан ұстазы екен. Қарлығаш бізге анасынан естіген әңгімелерін айтып келеді. Елбасы бала кезінде өте алғыр, зерек болған екен. Ұстаздары ол қасиетін бірден аңғарып, үлкен үміт күтіпті. Сабағына үнемі дайын­далып келіп, мұғалімнің қойған сауалдарына да бірінші болып жауап береді екен.
Әңгімелесе отырып, Елбасы оқыған мектепке де жеттік. Азамат қылып өсірген, білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебі! Мектептің жанынан «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайы ашылыпты. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының ата-анасының, ұстаздарының және де балалық, жастық шағынан сыр шертетін суреттер қойылыпты. Олар тақырыптар бойын­ша жүйеленіпті. Мәселен, «Шамалған – кеңес үкіметі тұсында», «Үшқоңыр – ғасырлар қойнауында», «Шоқтығы биік – Үшқоңыр», «Мектеп – шәкіртімен мерейлі», «Елбасының өмір жолы: «Балалықтан – болашаққа», «Елбасы өткен асулар», «Берекелі отбасы – үбірлі-шүбірлі ұрпақ», «Бала – біздің болашағымыз. Елбасы – балалар арасында» және т.б.
Бұл мұражайдағы заттарды көздің қарашы­ғын­дай сақтап, жұмысын алға бастырып отырған білікті маман ғылыми жетекшісі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Шәйкенқызы. 2500-ден астам құндылықтары бар мұражай эстетикалық талғаммен, өте жоғары деңгейде безендіріліпті. Жас ұрпақты тәрбиелеуде игілікті іс-шаралар да жиі өтіп тұрады екен. Музейге келген әрбір қонақ өзінің жүрекжарды тілегін де жазып қалдыра алады. Ондағы альбом-кітапшадан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, Дариға Назарбаева, Ерлан Ыдырысов, Бақытжан Жұмағұлов, Жансейіт Түймебаев, Роза Рымбаева, Досхан Жолжақсынов, Елбасының бұрынғы кеңесшісі Николай Канишев, 15 әлем мемлекеттерінің елшілері, Елбасының сыныптастары, Теміртауда бірге жұмыс жасаған металлургтер және көптеген зиялы қауым өкілдерінің қолтаңбаларын тамашалауға болады.

 

Күләш Әмірова, Елбасының сыныптасы:Алғыр да зерек оқушы болды

Назарбаев мугалим

Ауылға арнайы келген соң, Елбасымен бір сыныпта оқыған сыныптас-достарын іздедік. Күләш Әмірова – Елбасының осы ауылда тұратын жалғыз сыныптасы екен. Ол өзінің балалық шақтағы естеліктерімен бөлісті. 

– Мен Нұрсұлтанмен Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте 10-сыныпта бірге оқыдым. Өте білімді болды. Математиканы, тарихты ерекше жақсы көретін. Ұйымдастырушылық қабілеті ерекше болатын. Жоқтан бар жасап, тығырықтан шығар жол тауып кететін. Қиындықтарға мойымайтын. Қай кезде де елгезек-тін. Сол кездің өзінде мектепте абырой-беделі жоғары болды. Спортпен де шұғылданды. Би билегенді де ұнататын. Ол кездің адамдары бір-біріне бауырмал болды. Әруақытта кішіпейіл, адал болу керек. Біздің уақытта бір-бірімізге көмектесуге әзір тұратынбыз. Сыныпта оқу үлгірімімізді көрсетіп тұратын тақта болатын. Ылғи беске оқитын мен бір күні «үш» деген баға алып қалдым. Дереу жаныма Нұрсұлтан жетіп келіп, «Күләш, мынауың не, ұят емес пе?» деді. Сөйтсем, тақтадан барлығының бағасын қарап, бақылап жүреді екен ғой. Ұялғанымнан, «үш те болса күш» деп қоямын.
Айта берсек естелік те, әңгіме де көп. Бойжетіп, қыз болып қалған кезіміз. КазПИ-ден 3-4 қыз, жас мұғалімдер тәжірибеден өтуге мектепке келді. Солар­дың бірі арамыздағы көркем жігітіміз Нұрсұлтан­ға ғашық болып қалыпты. Біздің қыздар оған рен­жігендей болып жүрді. Абырой болғанда, олардың тәжірибеден өтетін уақыты бітіп, барлығы сәтті аяқталды.
Қазір байқап отырсам, Нұрсұлтанның бойындағы қасиеттерінің барлығы бала кезінен қалыптасқан. Ол барлық мәселені жан-жақты ойлап, бірден қағып алып, үнемі ізденіп жүретін. Елбасының осы қасиетін де жастар өздеріне үлгі тұтса артық болмас еді.
Біз, сыныптастар бас қосқанда көңілденіп қаламыз. Өткен-кеткенді әңгімелеп, ән айтамыз. Нұрсұлтанның анасы Әлжан «Бүлдірген, қандай жақсы ойнап-күліп бір жүрген» деген әнді үнемі айтып жүреді екен. Сол «Бүлдіргенді», «Үшқоңырды», «Ақ бантикті» айтып, жастық шағымызды еске түсіреміз. Нұрсұлтан мені көрген сайын, «Күләш, ауылдың жағдайы қалай?» деп сұрайды. Ауылына қолғабыс жасап тұрады. Бүкіл ауыл Нұрсұлтанымен мақтанады.

Мұражай тарихтан сыр шертеді

Назарбаев мектеп

«Үшқоңыр» ауылымен қоштасып, Қаскелеңге жол тарттық.
Қаскелеңге келу себебіміз, мұнда Президентке арналған музей бар. Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейіне келушілер көбеймесе, азайған емес. Музей Алматы облысы әкімі шешімімен 1999 жылы құрылған екен. Оның ашылуына 1997 жылы Абай атындағы қазақ орта мектебінің сол кездегі директоры Мәрия Мұқанова мен Президенттің ұстазы Сейітхан Исаев көп еңбек сіңіріпті. Мұнда қазір екі мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Оның 215-і Елбасы өз сыйлауымен берілген, содан кейін Президенттік қордан сыйға тартылған құнды дүниелер екен. Музейдің залдары мен бөлімдері ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметіне және үш мың жылдық тарихы бар Қарасай жеріне арналыпты. Елбасының «Балалық шағы», «Мектеп кезеңі», «Есею жылдары» және «ҚР Тұңғыш Пре­зиденті» деп аталатын залдар жұмыс істеп тұр. Онда Елбасының өмір тарихына қатыс­ты құнды деректер, мәліметтермен таны­суға болады. Президенттің аяулы анасымен бірге түскен суреті, мектептегі партасы, қолдан­ған сиясауыты, анасының ұршығы секілді жәдігерлер көзге ыстық көрінеді. «Алматы облысының құрметті азаматы», «Қызылорда облысының құрметті азаматы», «Қарасай ауданының құрметті азаматы» деген куәліктер мен медальдарды да кездестіруге болады. Жақында Елбасы осы музейге арнайы келіп, 2005 жылы ұлықтау рәсімінде киген костюмін, қаламсабы мен өзінің бейнесі сомдалған медальды табыстап, музей қызметкерлеріне жылы лебізін білдіріпті. «Бұл біз үшін үлкен баға» дейді музей директоры М.Қожанова.

парта
Алтын жалатылған медальды біз де тамашалап көрдік. Бір бетінде Елбасының бейнесі сомдалған, екінші бетінде – Алтын орда. Керемет! Музейде бірден көзге түсетін құнды жәдігердің бірі – «Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызы Назарбаевтар» скульптурасы. Авторы – В.А.Чепелик. Музейге келген сапарында Нұрсұлтан Әбішұлына ұнағаны сонша, осы скульпураны ұнатып, ұзақ қарапты. Сондай-ақ ғарышкер Талғат Мұсабаев сыйға тартқан қолғап пен ғарышқа барып қайтқан еліміздің байрағы мен жеріміздің топырағы салынған капсула да көпшіліктің назарын бірден аударады.

Осылайша, Елбасының туған ауылында болып, Қаскелеңдегі құнды мұралар жинақталған музейін тамашалап, керемет әсермен оралдық. Ұлт Көшбасшысының тұлға ретінде қалыптасу жолдарын бағдарлап, өзімізге тағылым алғандай күй кештік. «Үшқоңырым, тал бесігім, Жүрегімде мәңгі есімің» деп Елбасы жазғандай, туған жерін шексіз сүйген перзенттің жүрегінде бұл өлең жолдары жатталып қалары сөзсіз.

Дәуіржан Төлебаев,
Бағдагүл Балаубаева,
Фотосуреттерді әзірлеген Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Үшқоңыр ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Алма

    Сыныптасы мақтай беріпті ғой… қайран жастық шақ-ай дейтін болар…

  2. Дария

    Жамандаса шығармайды емес пе. Және мереке қарсаңында мақтаса орынды саналмай ма.

  3. Cерік

    Жақсы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.