Шарын

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қазіргі заңдылықтарға сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын, республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мәртебесі бар мекеме. Бұл аймақ ҚР Үкіметінің 23-ақпан 2004 жылғы №213 бұйрығымен 93 150 гектар жерге Алматы облысында экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатымен ұйымдастырылған. ҚР Үкіметінің 6-ақпан 2009 жылғы №121 бұйрығымен парк аумағы кеңейтіліп мемлекеттік жер қоры, қорғаныс қажеттілігіне қарасты жерден 32900 гектар жер қосылды, қазір жалпы аумақ 127 050 гектарды құрайды.

1. Шарын ерен тоғайы. Бұның құрамына республикалық маңызы бар Табиғат ескерткіші – 19-наурыз 1964 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің № 447-Р қаулысымен ұйымдастырылған 5014 гектар жерді алып жатқан Шарын ерен тоғайы кіреді. Ескерткіш полеоген дәуірінің соғды ерені өсетін су жайылмалары орманын қорғау үшін ұйымдастырылған. Еренннен басқа бұл жерде сирек кездесетін басқа да өсімдіктер дүниесіне бай. Орманды қорғау режимі бекітілген, ұйымдастырылмаған туристердің келуі шектелген. Тоғай ішінде ағаш кесуге, мал жаюға тыйым салынған.
2. Шарын шатқалы – республикалық маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Үкіметтің 2005 жылы №657 шешімімен жасалған экологиялық, ғылыми, т.б. құндылықтары бар жер қыртыстарының тізіміне енген. «Шарын каньоны» – «Қамалдар аңға­ры» табиғаттың ландшафтты – пале­онтологиялық ескерткіші, құла­малы шың – құзы, шатқалдың жартастары, палеонтологиялық қазбалар, сол жерден табылған жануарлардың қазба қалдықтары, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қорғалады.
3. Үлкен – Бұғыты тауларының шығыс бөлігі – сібір тау текелер мен қарақұйрықтың мекені. Өсімдіктер дүние­сі де қызықты – емдік сасыр, Недз­вецкий кекіресі, жартас дала зығы­ры, сексеуіл сияқты 61 түрлі сирек кез­десетін өсімдіктер кездеседі.
Парктің ұйымдастыру құрылымы: парк басшылығы және 5 бөлімнен тұрады, жалпы штатта 46 адам тіркелген. Көгалдандыру және көшеттермен қамтамасыз ету үшін, парк тұқымбағында декоративтік ағаш-бұталы өсімдіктер өсіріледі. Атап айтсақ емен, бозарша, терек, тал, қарағай, аққайың, жаңғақ, т.б. Тұқымбақтың жалпы көлемі – 3 гектар. Парк аумағында жалпы қашықтығы 49 шақырымды құрайтын 3 туристік бағыт жасалынған.
Бірінші бағыт – Шарын ерен саяжайы. Туристерді «жасы» 5 миллион жылдан асқан соғды ерені табиғат ескерткішімен таныстырады. Шарын ерен тоғайы – арасында 7 адамның құшағы әрең жететін алып, «ақсақал» ағаштары бар әлемде сирек кездесетін ереннің табиғи өскен ортасы – жайылма тоғай. Ол тек бірінші террассада ғана табиғи өседі, ал екінші терассада соғды ерені тұрақты суғарылып тұрғандықтан қолдан өсіріледі.
Екінші бағыт – «Бейіттер мен қор­ғандар». Парк аумағында көптеген бейіттер мен қорғандар кездеседі.
Үшінші бағыт – «Қамалдар мекені». Шарын шатқалы – ландшафты-пале­онтологиялық табиғат ескерткіші. Шатқалдың ішіне көлікпен түсуге тыйым салынатын жаяу бағыт. Шарын шатқалы – түрлі пішіндегі «қамалдар аңғары» жер бедерінің геоморфологиялық нысандарына жатады және әлем бойынша деп айтуға болады, құндылығы жағынан саяхатшыларды қызықтыратын бірден- бір орын. Өйткені мұндай қамалдар мен қорғандардан тұратын шатқалдар тек Американың Аризона штатында кездеседі.
Жыл сайын табиғат қорғауға ар­налған «Парктер шеруі», «Жасыл ел» акциялары өткізіліп тұрады. Бірлікте жұмыс істеу шекарасы кеңейіп, жылдан-жылға акцияға қатысушылар, өткізілген іс-шаралар саны артуда.
Парк аумағында құйрықсыз амфи­бияның 4 түрі кездеседі. Осы өңірде бір кезде «қызыл аяқ бақа» деп аталып кеткен ортазиялық бақа көп тараған, бірақ кейін келе оның мекендейтін ортасын көл бақасы басты, қызыл аяқ бақа азайғандығы соншалықты, Қазақстанның Қызыл Кітабына кірді.
Шатқалдың айналасы, беткейлерге кірісе жатқан жолдарда, төменгі бөлікте және түбінде сортан мен торанғы орман түрінде герпетофауналардың бай құрамы кездеседі. Бұл жерде 10 кесіртке, 8 жылан түрлері бар, яғни олар Қазақстан герпетофаунасының 36,7 пайыз құрайды. Жыланның 8 түрінің екеуі – дала улы сұр жыланы мен қалқантұмсық – улы жыландар. Сарыбас жыландардың екі түрі – кәдімгі және су сарыбас жыланы – шатқалдың түбінде, ылғалды арналарда, түрлі түсті және жолақты абжыландар шөптесін жерлерде, ал шығыс айдаһаршығы және оқ жылан ашық шөл далада тіршілік етеді.
Шарында құстардың 130 түрі, яғни Қазақстанда мекендейтін құстардың 30%-ы кездеседі. Бұғыты аймағында қазіргі уақытта Қазақстанның қызыл кітабына енген Ұбақ – қолаң төс пен сұр құрдың соңғы келіп мекендеген жері. Үлкен Бұғытының тасты шлейфінде осы түрлердің ұялары орналасқан, ал оған іргелес екі өзенге құстар су үшін ұшып барады. Осы жерде аздаған Қазақстанның Қызыл кітабына енген тағы бір түр – қарабауыр бұлдырық ұялайды.
Өткен жылы, яғни 2014 жылы парк­тің құрылғанына 10 жыл толды. Ұлттық парктерді – экологиялық ағарту, туристік, ғылыми, т.б. мақсатта рационалды пайдаланатын табиғи кешендер мен нысандарды қорғау сияқты көптеген жұмыстарды біріктірген құрылым ретінде алсақ, әрине, бұл өте көп уақыт емес. Осы уақыт ара­лығында үлкен ұйымдастырушылық және ғылыми-мониторингтік жұмыс­тар атқарылды. Жануарлар саны мо­лайып,табиғаттың көркі кіріп, ажарлана түсті. Адамзат қасиетті табиғатсыз өмір сүре алмайтынын естен шығармауымыз керек. Қайталанбас киелі табиғатымызды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп тапсыру баршамыздың азаматтық борышымыз.

Бақыт Абдуллаев,
Шарын мемлекеттік ұлттық
табиғи паркі
директорының орынбасары
Арсен Нұрғалиев,
аға ғылыми қызметкер

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.