Асыл ана

Өмірде аналардың бәрі асыл, бәрі алтын. Бұл жөнінде бөле-жара айтатын артық сөз жоқ.
Ана баласын тоғыз ай, тоғыз күн көтер­генде, жарық дүние есігін ашқанға дейін перзентінің ұл немесе қыз екенін, оның өскенде кім болатынын білмейді.
Кім де болса, бар тілегі – перзентінінң аман-есен өскенін, ержетіп, азамат болғанын тілейді. Сол үшін ана отқа да, суға да түсуге дайын болып, бар жанын салады.

Міне, сондай аналардың бірі Әлжан Назарбай келіні болатын. Туған жылы – 1904, туған жері – Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Қасық (Талапты) ауылы.
Әлжан көркем болып бойжетіпті. Сөйлер сөзге шешен, ән салғанда ауыл-аймақ ұйып тыңдапты. Бөлеген ағасы Әлжанды мақтан тұтып, өзінің ісін жалғастыратын болады деп есептейді екен. Ол кісі Красногор ауданына қарасты Ворошилов колхозын басқара жүріп, елді мекенді көркейтуге, гүлдендіруге бар күшін жұмсады: мектеп, клуб, монша салдырды. Шаруашылық көрсеткішін аудан бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Алайда, 1937 жылы қаскөйлердің жаласымен нақақтан-нақақ «халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кетеді.
Әлжан бала кезінен ауылдық жерде өскен соң, ауылдың бар жақсы қасиетін бойына сіңіре білді. Ынтымақ бар жерде береке бар дегендей, ол елді бірлікке, татулыққа, ынтыма ұйытып жүреді. Сондықтан үлкендер «береке келсе қыздардан келеді» деп бекер айтпаса керек. Өйткені олар Қасықтың қыздарына аруақ қонған деп отырады екен. Сондай қыздардың бірі де, бірегейі де Әлжан болған. Ол аталы сөзге құлақ қойып, қолына домбыра ұстап, думанды жерде топқа түсіп, айтысқа араласып отырған.
Өсе келе Түріксіб теміржолын салып жатқан жұмысшыларға ас-су әзірлей жүріп, бір жағы ауылда бригадир болып істейтін Әбіш Назарбайұлымен танысады. Жақын таныса, араласа келе екеуі бір жылдан соң шаңырақ көтереді. Әбіш пен Әлжан бас қосқаннан соң екеуі ауылдың думан-тойларына бірге барып, ән салып елдің қошеметіне бөленіп жүреді. Сол күннен бастап Әбіш әкеден жалғыз едім, Құдайым енді жарылқайтын болар, атұстар бір бала бере гөр деп тілек тілейді.
Алайда алғашқы екі-үш перзенттері тұрақтамай шетіней беріпті. Содан Әлжан да, Әбіш те бір Алладан медет тілеп, Райымбек ата кесенесінің басына барып түнейді. Сонда Әбіштің түсіне ақ киімді әулие еніп: «Құдайым сендерге бала береді, ұрпақтарың жалғаса береді. Бірақ аттарын ұқсастырып қоймаңдар» деп ғайып болады. Содан түсін шырақшыға айтқанда: «Сіздер ауылдарыңызға қайта беріңіздер. Құдайым бала береді екен» деп жақсылыққа жориды. Содан көп кешікпей Әлжанның аяғы ауырлайды. Түсінде терең суға түсіп кетеді де, түбінен бір мылтықты көріп, өзімен бірге алып шығады. «Е, мылтық ұл ұстайтын қару ғой. Енді ұлды болады екенбіз» деп қуанады.
Содан жарық дүниеге айдай жарқырап Нұрсұлтан келеді ғой. Әжесі Мырзабала Нұрсұлтанды бес жасқа дейін көптің көзіне көрсете бермей, оңаша ұстайды. Ондағы ойы – жас балаға жұрттың көзі тимесін дегені. Ақ матадан қапқа ұқсастырып, тек басы ғана шығатын етіп, кеудеше тігіп, соған орап отырады екен әжесі. Үйге біреу келе қалса, немересін сол ораған күйі бетін көлегейлеп тербетіп отыратын көрінеді. Келген адам себебін сұрап жатса: «Балаға сәл суық тиіп қалыпты» дейді екен. Бұл көз тиюден аман болсын дегені болар.
Бала өздігінен енді жүре бастаған кезде қызыл матадан тігілген жейдесін кигізіп, тау етегіне алып барады. Нұрсұлтанның жаңадан ғана апыл-ғұпыл аттап жүре бастаған кезі. Әжесі бала еркін жүріп, жасыл жайлауды аралап көрсін деп, жайлап жүргізеді де, өзі кері оралады. Бала жасыл жайлаудың көбелегіне қызығып, әне ұстаймын, міне ұстаймын деп, біраз ұзаңқырап кетеді. Сол кезде аспанда қалықтап жүрген қыран құс қызыл жейделі балаға қарай құлдилайды. Бала сүрініп-қабынып әжесіне қарай жүгіреді. Бұл жағдайды байқап қалған әжесі де жанұшыра балаға ұмтылады. Абырой болғанда қыран қалбалақтап жығылып-тұрып жүгіріп келе жатқан адамнан сескеніп, көкке қайта көтеріледі. Сол кезде Мырзабала әже де немересінің үстіне келіп, кеудесімен жаба құлайды.
Содан ауылға аман-есен жеткен соң, құдайы тамақ таратып, бұдан былай балаға қызыл киіндірмейтін болыпты. Өйткені қыран құстың көзі қызылды қиядан шалады екен.Түлкінің қызылдығы өзінің соры деген сөз содан қалса керек.
Әлжан апа сұраған жандарға Нұрсұлтанды жарық дүниеге қалай алып келгенін жыр қылып айтып отырады екен. Ол кезде Шамалғанда перзентхана түгілі, емхана да жоқ. Жалғыз емхана Қаскелеңде. Әлжан ананың толғағы екі-үш күнге созылып, жағдайы қиындай түскен соң, Әбіш атын арбаға жегіп, Әлжанды үстіне жатқызып, Қаскелеңге қарай бет алады ғой. Екі ортада асфальт түгілі, тас жол да жоқ. Иқы-қиқы жолмен жылжыған сайын арбаның шиқылы мен доңғалақтың қиқылы қосылып, оның үстіне ойқы-шойқы жол толғақ қысып келе жатқан ананың жанын шүберекке түйгізеді. Жаны мұрнының ұшына тіреледі.
– Ауруханаға жеткен кезде, – дейді Әлжан, – жан-жағымнан жанашырлық көрсетіп жүрген ақ желеңді жандарды көріп, бір септігі тиетініне сенім арттым. Дәрігерлер жандарын сала жүгіріп жүр. Бір кезде бойшаңдау бір дәрігер келді де:
– Егер тезірек босандырмаса, ананың өліп кетуі мүмкін, – деді. Мен сонда да өзімді емес, перзентім аман-есен жарық дүниені көрсе екен деп жаттым. Сөйтіп жатып, есімнен танып қалыппын. Бір кезде іңгәлаған нәрестенің үні шықты. Артынша «ұл бала» деген сөзді естіп, Аллаға ризашылығымды білдіріп, қайтадан талықсып кетіппін. Екі-үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмай жатқан соң, алғашқы күндері баланы емізе алмадым. Сөйтсем, балам да жарық дүниеге қиналып келіпті, мен ісінген соң бала да ісінген, оның үстіне салмағы 5 келіден асқан. Алтыншы күн дегенде медбике алып келіп, кіп-кішкентай сары балапанды қасыма жатқыза салды.
Әлжанның қойыны құтты болып, артынан тағы ұл туады да атын ағайындары Айсұлтан деп атайды. Алайда, ол үш жасында шетінеп кетеді. Одан кейін тағы да екі бала шетінейді. Сонда, түсінде аян берген әулиенің айтқаны дәл келген ғой. Кейінгі баланың атын қоярда жеті кемпірдің аяғының астынан өткізіп, оларға жеті қап тезек беріп, оларды есіктен кіргізіп, терезеден шығарып, баланы сатып алдық деп, баланың атын Сатыбалды қойған соң ғана, тірлігі тұрақтайды.
Әлжан мен Әбіш Құдайдан енді бір қыз берсе екен деп тілек тілейді. Сөйтіп жүргенде, 1950 жылы өмірге Әнипа келеді. Одан кейін туған кенже ұлын енді осымен болады деп, атын Болат қойған екен.
Төлімнің басы, суымның тұнығы, ауызын ашып, бал сүтімді берген, балаларымның төресі деп Әлжан Нұрсұлтанды ерекше жақсы көреді. Сол баласы азамат болып, өз қолы өз ауызына жетіп, ел қатарлы қажырлы еңбек етіп, Теміртауда жүргенде күнде газеттерді қарап отырады. Баласы жайлы жақсы хабар, мақтау мақалалар шыққан сайын, көрші-қолаңын шақырып, шайын беріп, кеудесін кере мақтанышын білдіреді.
Қазіргі бүкіл әлем таныған, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың анасы Әлжан Бұқарбайқызы Жатқанбаева 1977 жылы қайтыс болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Әлжан анасына деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілік сезімін ешқашан суытқан емес. Анаға деген кіршіксіз алғысын жазып та, жұрт алдында айтып та келеді. Ана үміті ақталды деген осы.

Ұзақбай ҚОЖАНТОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Абай атындағы әдеби
сыйлықтың иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.