«Қазақстан Президенті» көрмесі өтті

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Президенті» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмені Орталық музей директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев ашып, Елбасының елді көркейтіп, дамытудағы ерен еңбегі ескерусіз қалмау керектігін, осы орайда көрменің маңызы ерекше екенін атап өтті.

ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров «Тек бірлігі мықты, экономикалық қуаттылығы зор мемлекеттер ғана өз болашағын қала­ғанындай жасай алады. Бұл ретте әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жолында әлі де атқарылуы тиіс шаруалар бар. Ал Елбасының қайраткерлігі, елді биік белестерге көтеру жолындағы еңбегі ұмытылмауы керек. Бүгінгі ұрпақ оны түсіне білгені жөн. Көрмеге қойылған дүниелер Елбасының еңбек жолынан біраз мағлұмат береді» деп көрменің мәніне тоқталды. ҚР Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқаров Елбасының еңбек жолын баяндай келе, мемлекетіміздің даму кезеңдеріне тоқталды. Еліміздің бүгінгідей бар әлем таныған мықты елге айналуында Елбасының рөлі зор болғанын атап өтті. Ал ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдімәлік Нысанбаев түрлі мәдениеттерді бір бағытқа ұйыстыру кез келгеннің қолынан келе бермейтініне назар аударды. «Этносаралық, дінаралық конфессияларды сақтай отырып, ұлтаралық келісім мен татулықты ел негізінің тірегі ете білу үлкен қайраткерлік. Сондықтан Мемлекет басшысының ел беделін асқақтату жолында ұстаған сарабдал саясаты баршаға үлгі болары анық» деді ол.

ERA_0274+
Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Ұлт Көшбасшысының рөлін баяндайтын көрме үш тақырыпқа бөлінген. «Тәуелсіздік жолында» деген бірінші бөлім мемлекетіміздің еңсерген биіктерінен хабар берсе, «Халықаралық қатынастар» бөлі­мінде шет мемлекеттер бас­шыларының Елбасына берген кәде-сыйлары қойылған. Ал «Халық таңдаған Елбасы» атты үшінші бөлім биыл сәуір айында өткен кезектен тыс сайлау туралы деректер мен құжаттарға арналған.
Сонымен қатар, Астана күнін мерекелеу шеңберінде І «Astana Art Fest» фестивалі өтті. Фестиваль «Astana Expo – 2017» көрмесінің идеясын бейнелейтін мынандай үш тақырыптан тұрды: «От энергиясы», «Су энергиясы» және «Ауа энергиясы». Бұл балалардың шығар­ма­шылық шеберлік сыныптары, театрлық қойылымдар және оқыту семинарлары өтетін алаң болып есептелді. Үш күн ішінде шара қонақтары инновациялық инсталляциялар мен Франция, Германия, Нидерланд, Италия, Испания, АҚШ, Ресей және Қазақстан суретшілерінің жұмыстарымен танысып, тамашалады. Аталмыш фестиваль аясында энергетика мен ІТ-технологиялар саласындағы инно­ва­циялық жобалар ұсынылды.
Фестиваль ерекшелігі – архитектура, өнер, дизайн және ең соңғы үлгідегі технологияларды біріктірді. Арт-фестиваль сәнді WI-FI ағаштармен, Қазақстанда тұратын этностардың ою-өрнектерімен боялған аттармен безендіріліп, ерекше сән беріп тұрды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.