Ән шалқып, күй төгілді

Біз бүгінде Қазақстанды күллі әлемге танытқан қай қала десек, сенімді түрде – Астана дейміз. Тәуелсіздігіміздің жаңа астанасы қай қала десек, Елордамызды айтамыз. Иә, Астананы барша жұрт мақтан етеді. Астана бүгінде Арман қала. Сарыарқа төсінде бой көтерген келбетті де сәулетті, күн дидарлы, айдындай жарқырап тұрған Астанамыз көңіл төрінде нық орныққан. Айшықты шаһарымыз ерекше болмысымен, қайталанбас кескін-келбетімен тартымды бола түсті. Сол себепті де Астананың өмірге келген күні, қазығы қағылған күн – барша елдің, барша халықтың мерейі. Бүкіл әлем көз тігіп, таңғала да тамсанып отырған қала қысқа мерзім ішінде жасампаздығымен ерекшеленуде. Мыңдаған адамдар, жалындаған жастар өз болашағын Астанамен байланыстыратыны сөзсіз.

Елорда тойы – қала деңгейінде ғана емес, күллі республика көлемінде, әр аймақта, облыс қалалары мен аудандарында кең көлемде атап өтілді. Тойға жиналған жұртшылық жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ән мен жырдан шашу шашылды. Ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Елорданың мән-маңызына арналған түрлі фото-сурет көрмелері ұйымдастырылып, өткізілді. Фестивальдар мен ән байқаулары болып жатты. Көңілдер шат-шадыман халық мерейлері тасып, шын жүректен ақтарылған тілектерін жаудырды. Елорда төрінде өткен әрбір шара өз мәнімен ерекшеленді. Қала күнін барша Қазақстан халқымен атап өтуге келген шетелдік меймандар қатары да көп болды. Олар да Астананың жыл санап қанат жайып келе жатқанын айтуда.
Астана күні мерекесіне орай, 1-шілдеде Мәдениет және спорт минис­трлігі ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы ашық алаңда Дж.Вердидің «Аида» операсы қойылды. Бұл да мәдениет пен руханиятымыздың ордасына айналған бас қаламыздың бір мерейі екені сөзсіз.
Сонымен қатар, «Астана Опера» театрында өткен «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестиваліне Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Қытай, Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Хакасия және т.б. елдерден өнер адамдары қатысты. Шара аясында қатысушылар «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты дәстүрлі көшпелілер өркениеті фестивалінде де өз өнерлерін ортаға салды.
Жұртшылықты тамсандырған шара­лардың қатарында «Chitra by Newby» деген атаумен өткен шай көрмесі екенін айтуымызға болады. Шарада шайды дайындаудың сан түрлі әдіс-тәсілдері көрсетілді. Бұл игі шара туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мұндай көрме әлем бойынша тұңғыш рет өтіп отырғанын атап өтті. «Chitra by Newby» – шай тарихымен тығыз байланысты жалғыз антиквариаттар жиынтығы болып саналады. Оның негізін ұлыбританиялық кәсіпкер, Атымтай жомарт Нирмал Кумар Сетхия қалаған. Ал жиынтықтың атауы әйелі Читра Сетхияның құрметіне аталған. Нирмал Кумар өмірінің 4 жылын шайға қатысты құнды жәдігерлерді жинауға арнаған.
Қала күніне арналып өткізілген саябақтар фестиваліне көрермен қауым көп жиналды. Фестиваль бірнеше та­қырып бойынша өтті. Ұлы Жібек жолы жәрмеңкесі де ұлттық тарихымыздан сыр шертті. Мұнда 2015 жылдың атаулы оқиғалары – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған көрмелер ұйымдастырылды.
Жас өнерпаздар қала күнін әнге қосты. Оқушылар сарайының орталық алаңында «Астанам – асқақ әнім!» шарасы өтті. Шара аясында өнерлі балалардың қатысуымен жас суретшілер көрмесі, спорт жарыстары ұйымдастырылды.
Осылайша Астана тойы дүркіреп өтті. Мерекеге келген халық риза болып тарқасты. «Ару қала, арман қала Астанамыз тәуелсіздігімізбен бірге мәңгі жасасын» деп ақжарма тілектерін жаудырды. Бұл ел мерейі тасыған ерекше күнге айналды.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.