Ұлы дала еліміз!

Жақында Астанадағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздегі «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған дәстүрлі телекөпір өткізілді. «Әдетте, Жапонияны – күншығыс елі, Кореяны – таңғы шық елі, Нидерландыны – қызғалдақтардың отаны, Қытайды – аспанасты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетіспейді.

Біз – Ұлы даланың перзент­теріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуы­ның астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа» деп, Елбасымыздың өзі жиынның соңында халықпен ой бөліскендей болды.
Расында да бұл ойланарлық мәселе еді. «Мың өліп, мың тіріліп» барып осы күнге жеткен, қандай қиындыққа болсын төзе білетін халқымыздың бойындағы игі қасиеттерді өзгелер де көріп, біліп отыр. Ал Қазақстан табиғатының ерекшелігін сипаттауға тіл жетпейді. Әр төбе, әр шоқысы, әрбір жазық жерінің өзі тұнған тарих. «Алтын емел» де, «Алтын адам» да, алтын кеніштері де бізде. Қазақ даласының сұлулығына дүниежүзі тамсанады емес пе?! Алакөл, Бурабай, Шарын, Шымбұлақ, Ұлытау, Сарайшық, Түркістан және т.б. киелі өлкелеріміздің тізімін одан әрі де ұзарта беруге болады. Қазақы киіз үйдің өзі жатқан бір шежіре.
Тұлға боларлық азаматтарымыз да жеткілікті. Ендеше, кең байтақ жеріміздің мәртебесін асырып, елдігін әлемге мойындату үшін өзімізді-өзіміз құрметтеуді үйренгеніміз жөн. Соның ең бастысы, индустриалды Қазақстанға жаңа брендтік атаудың қажет екендігі болып отыр. Сонау қадым заманнан бері сақталып келген ежелгі жұртымыз туралы небір саяхатшылар мен жиһанкездер өз ойларын тасқа жазып кеткен ғой. Ал жер қойнауынан табылып жатқан құнды жәдігерлеріміз бен археологиялық ескерткіштеріміз қаншама?! Ендеше, бай тарихымыз бен біздің бабаларымыздың данышпандығын дәлелдейтін мәліметтерге сүйене отырып, біз жаңа бренд ойлап табуымыз қажет.
Өйткені «Отанды сүю – иманнан» десек, әр адам туып-өскен жерін, елін құрметтеуі арқылы өз ұлтына деген сүйіспеншілігі де берік болып қалыптасары анық. Осы арқылы айбынымызды асырып, мәртебемізді неге биіктетпеске?
Күні бүгінге дейін қазақтың бетке ұстар азаматтарын өзгеге теліп атайтынымыз қалай? Мәселен, «Дала Геркулесі» деп Қажымұқан атамызды, жазушы Зейнолла Шүкіровті «Павел Корчагин» деп мақтанатынымыз бар. Жер жаннаты Көкшетауды қазақтың Швейцариясы деп атаудың қаншалықты қажеттілігі бар еді. Мұндай мысалдар жетіп-артылады. Өзімізді-өзіміз бағалап, жақсымызды өзге мемлекеттер алдында жарқыратып қашан көрсете алар екенбіз? Басқа біреудің тасасына жақұтымызды жасырып қоюдың келешек ұрпаққа зияннан басқа берері бар ма?
Түркі халқының ұлы перзент­терінің бірі Ататүріктің мынандай сөзі бар. «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезіміміз, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн». Ден қоятын-ақ сөз. Селқостықтан, жалтақтықтан арылатын кез жетті. Елбасының сөзі бәрімізді ойландыруы тиіс.
Олай болса, Туында алтын күн бейнеленген мәңгілік аспан ас­тын­дағы киелі өлкені «Ұлы дала елі» деп атау өте орынды.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.