АЛМАС КЕЗДІК (Әңгіме)

Жас Ақанбай көне қалаға қыдырып келгелі бері, осындағы өзінің батыр нағашысының қасынан бір елі де қалған емес. Кейде бұлар Бурабай атасы екеуі жетектесіп алып, көше қыдырып, сонау орталықтағы Хан-базарға дейін де бірге баратын. Содан атасы атақты Хан-базарына аяқ басқаннан-ақ, бұған жымия қарап:
— Ақанжан, мына тұрған саудагерлердің көбісі сонау Самарқан мен Бұқардың бағбаншылары ғой. Бұлардың жеміс-жидектері дегенің шетінен дәмді де болып келеді, өзі. Кәне, мен саған мына өрік, алма, құрмалардың қай түрінен сатып алып берейін? – дейтін-ді. Бұл, әрине, сонда қапелімде ұялшақтап, оған жарытып көп ештеңе де айта алмайды. Нағашы атасы содан бұған көп қарайлап жатпай, сондағы талай дәмді жеміс-жидектерді де өзі сатып алып беретін. Сөйтіп жүргенде, түс болады. Бұл кезде күннің қызуы әбден-ақ өзінің күшіне еніп, маңайдың бәрін де қуырып алып бара жататын. Бірақ сол кезде бұның Бурабай нағашысы да, бұл да үйге қайтуға еш асықпайтын. Неге екендігі қайдан, бұның Бурабай нағашысы сонда іштей қатты толқып, қалың көпшіліктің ара-арасымен бұзып-жарып өтіп, базардың сона-ау терістік беткейіне қарай да бағыт алатын. Бұның сондағы: «Ата, сіз қайда кеттіңіз? Біз енді қайда бара жатырмыз?» — дегендігін де естімейтін. Бүгін де солай болды. Бүгін де ол өзінің бір кездердегі жорық жолдарын есіне түсіргендей-ақ болып қанаттанып, аяқтарын алшаң-алшаң басты. Сол сәт бұл өз көзіне өзі сенбей, іштей қатты толқып кетті. «Батырлар аурақты келеді деуші еді. Сірә, менің батыр нағашымның аруағы келді-ау, осы», — деді сосын іштей күбір-күбір етіп. Сөйтіп жүргенде, арада тағы біраз күндер өтті. Ақанбай сол күндердің бәрінде де өзінің батыр нағашысының қасынан тіпті де ұзап шықпады. Ол отырса, оның таяғын ұстап, тұрса, оның кәлөшін де ұсынумен болды. Ақыры, Ақанбай одан әріге шыдай алмай, бірде қарт батырдан:
— Ата, сізді осы кезінде жоңғар қолының небір осықалай деген батырларымен жекпе-жекке шығып, олардың бәрін де шетінен жер жастандыра беріпті дейді ғой, осы. Сол рас па?.. — деп, сұрап қалды.
Батыр бұның түптің түбінде өзінен дәл осылай деп сұрарын талайдан бері өзі де іштей сезіп, біліп-ақ жүрсе керек, ол енді далаға қарап, күрсініп, ойланып отырған күйінше, іштей бір ақырын мырс етті. Оның сондағы бұл ыңғайы бұған ілкіде «ие, балақаным-ай, саған соның қажеті қанша еді» дегендей-ақ болып көрініп, сонда бұның жүрегі де бірден-ақ мұздап сала берді. Бірақ, сәлден соң, қарт батыр қайтадан өзінің сабасына түсіп:
— Жекпе-жек дейсің бе? — деді бұған қалың қасты қабағын төңкере бір қарап.
Бұл кезде бұлардың маңайына өзге балалар да жиылып келіп:
— Иә-иә, Бурабай ата!.. Сол әлгі өзіңіздің Арқа даласындағы жекпе-жектеріңіз туралы айтыңызшы? Сіз сондағы Доржы, Ахун деген жоңғар шеріктерін қалайша жер жастандырып едіңіз? Кәне, айтыңызшы, ата, оны мына біздің Ақанбай да естісін!.. — деп, жамыраса жөнелді.
Балалардың бірқатары сол отырғанда, Бурабай батырдың сонау жаугершілік замандағы небір шытырман оқиғаларға толы әңгімелерін бұрын да талай рет естіген. Бірақ жаңағы оның «жекпе-жек» дегені енді осындағы балаларға мүлдем тосын әсер етті.
Бурабай батыр осы сәт өзінің тамағын сәл кенеңкіреп қойып:
— Оқиға сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде осы біздің Түркістан шаһарында болып өткен, — деді жаңа бір әңгіме бастап. – Сол бір сұрапыл жылдарда осынау киелі қала бірнеше рет жау қолына өтіп, қазақ батырлары қан кешіп жүріп, кейін оны бірнеше рет қайтадан азат еткен еді ғой. Бірақ бірде қала үшін болған ұрыс кейін бүтіндей бір жетіге дейін де ұласқан еді. Енді әбден өздерінің күштері сарқылып, қала қолдарынан біржолата шығып кететіндей болған соң, жоңғар жыртқыштары байырғы қала тұрғындарын шетінен қыра бастапты!..
— Шетінен қыра бастапты дейді?..
— Иә, олар сонда қала тұрғындарын шетінен қыра бастапты!.. Ақыры қалған-құтқан жоңғар шеріктері құрсауды бұзып шықпақ болып жүріп, қала сыртында біржолата тегістей жер жастанған кезде, қала орталығындағы Хан-базарында зар еңіреп, жалғыз отырған мешел қайыршыдан басқа тірі жан да қалып жарымапты!.. Ал, әлгінің өзі бір уыс қана мүсәпір жан болса да, жаудан қалған сілімтіктердің бірі ғой деп, менің нөкерлерім енді оны өткір найзаның ұшымен жүрек тұсынан кірш еткізіп, көкке қарай шаншылтайын десе, әлгі сол сәт оқыс үн қатып:
— Дат!.. Дат, батырлар!.. — депті таза қазақ тілінде саңқ етіп.
— Ал, тоқтадық!.. Сенің шыбын жаныңа біз сәл ғана мұрсат бердік. Бірден-ақ жаһаннамға кете бармай, сенің өзің де бізден осыны тілеп алдың ғой!.. Ендеше, сен мына бізге тағы қандай уәж айтасың?.. — дейді ғой сол екі ортада менің әскеріме осы жорықтың алдында ғана алыс өңірден келіп қосылған жүзбасы Саяқбай деген батыр да оқыстан гүр ете қалып.
Мешел-қайыршының беті қайтып, сондағы сасқан жері де осы болыпты. Ол сонда өзінің есін жия алмай, біразға дейін есеңгіреп, бірден үнсіз отырып қалыпты. «Қайдан ғана бұлардың қолдарын қақтым екен, бұдан гөрі, менің мана бірден-ақ өрем қапқаным-ақ артық еді ғой», — деп ойласа керек. Ол енді сәл-пәл өзінің есін жиғандай болып отырып, менің әлгі батырларыма:
— Өтінемін, сендер мені өздеріңнің бас сардарларыңның алдына дейін алып барыңыздаршы!.. Егер, осыдан менің тілегім қабыл болып, бас сардардың алдына дейін аман жетер болсам, мен оған біраз маңызды әңгіме де айтып берер едім ғой. Оның осынау көне қала Түркістанның арғы-бергі өткені мен оның байырғы тұрғындарының өміріне де тікелей қатысы бар. Тек сендер мені сол ана бас сардардың алдына дейін тірілей апара көріңіздерші!.. — деп, жалынып-жалпая да бастапты. Сонда ол менің есімімді бірнеше рет қайталап: «Мені бас сардардың алдына дейін апара гөріңдерші, одан кейін менің өліп кетсем де, еш арманым жоқ», — деп айтты деген соң, кешкілік қала сыртындағы қосынымда тыныстап, қымыз ішіп отырған мен де:
— Ә-ә?.. — деп, оқыс селк етіп, әжептәуір ойланып қалған едім.
— Мені көргісі келеді дейсіңдер ме? Маған айтатын маңызды бір әңгімем бар дейді дейсіңдер ме? Және де, қаланың қаралы өткені мен оның байырғы тұрғындарының өміріне де қатысты әңгіме дейді? Жоқ, ендеше, бұл өзі тіпті де тегін жағдай болмады ғой!.. — дедім мен сосын кілт ойланып қалдым да. – Кәне, жігіттер, сіздер соның өзін енді бері қарай алып келе койыңдаршы!..
Сәлден соң, сарбаздар әлгіні өзінің астына тесеніш ретінде ұстап жүрген көнелеу қой терісімен бірге дырылдатып, менің алдыма дейін де алып келді. Сол екі ортада мен не туралы ойламады десеңдерші, сендер?!. Соңғы рет қан кешіп жүріп, қаладағы жауды шетінен қырып салған менің өз туған ағам Елубай батырдың қол астындағы қырандары болатын-ды. Сонда менің бас сардар Елубай ағамның өзі де қарсы келген ондаған жоңғар батырларының басын алған еді ғой. Сол кезде біз оны одан әрі шаршатпай, әлгі бір әзірде ғана ажал кұрығынан аман құтылып, өздерінің бастары ауған жаққа қарай қашып кеткен жау сілімтіктерінің соңдарынан аз қолмен өзіміз-ақ та қуып кетіп едік. Қашқан жауды шетінен жер жастандырып, біз енді қалаға қарай қайтып келсек, маңайдан өзіміздің сарбаздардың қарасы да көрінер емес, ал, енді ана көне қала болса, бүгінде тегістей жау қолында қалыпты. Содан біз қалаға қайтіп беттей алмай, орта жолдан сонау Қарасеңгір, Бұқтырма, Ұлытау жаққа қарай кейін қайттық. Бірақ біздің сол жолғы ондағы қалың қазақ қолының ортасына дейін келіп, жан сақтағандығымыз құрысын, көп кешікпей, анадағы Түркістанның жау қолына өтуіне себеп болған басты бір жағдай, біз жау қалдықтарын жөңкілте қуып, бері қарай кеткен кезде, қаланы басқарып қалған Елубай батырдың серіктерінің арасынан сатқындар шығыпты!.. Сол жағдай енді менің жатсам-тұрсам да, есімнен кетпей, соңыра ана киелі Түркістанды жау қолынан біржола азат етіп, осыдан тура он бес жылдай уақыт бұрын, онда тағы қандай қасіретті жағдайлар болғандығын сондағы жергілікті тұрғындардың өз ауыздарынан да естігім келді!.. Сол сенім мені арада осыншама ұзақ жылдар өткен соң, киелі қала — Ақордамды жау қолынан біржола азат етуге дейін де алып келді. Бірақ мен сонда қалаға келіп кірген кезде, дәл осындай бір жағдайға тап болармын деп ойлаппын ба екен, тегі? Мен енді жаңағы мешел-қайыршыны осыншама тағатсыздана күтіп отырмын. Менің сол отырғанда, бір жағынан, әлгі жаудың сілімтігі баяғыдағы менің қаланы қорғап қалған Елубай ағам мен оның қоластындағы батырларына қатысты өсек-аяңды қайта қопсытып: «Сен енді кімге өкпелейсің? Кезінде сенің батыр ағаңның қасынан сатқындар шығып, көне Түркістанды біздің артық-ауыс бір оқ та шығармай, тез басып алуымызға жағдай жасаған еді ғой!.. Мен саған сол сатқындардың аттарын айтып, түстерін түстеп бергелі келдім!..» — деп жүрер ме екен дегендей қауібім де жоқ емес. Бірақ мен енді өз сарбаздарыма: «Маған азаткер әскерлерімнің көздерінше ондай әңгімені естіртпей, әлгі мешел-қайыршыны сол жерде-ақ бір жәйлі қылыңдар», — деп айтудан да кеш қалдым. Менің сарбаздарым жаңағы «мешел-қайыршыны тірілей әкеліңдер» деген тапсырмамды тез-ақ орындады. Мен енді, шыны керек, қол созымдай-ақ жерден бәрін де анық-айқын көріп тұрмын, мешел — кәдімгі мешел. Әлгінің оң иығында тек қалқиған бір қолы ғана бар. Бірақ өзі сол отырғанда, менменсіп, маған тіпті өзінің көздерін де жылтыңдата қарайды.
Мен енді әлгінің мысын сәл басқандай болып:
— Сен жаңа менің батырларыма «мен жоңғар шерігі емеспін…» дедің бе, осы? Сосын менің туған Түркістанымның арғы-бергі өткені мен байырғы қала тұрғындарына қатысты «аса бір құнды деректерім де бар» дедің бе, тәйірі?.. — дедім.
— Иә, дәл солай!.. Бұның осы киелі қала мен қаланың байырғы тұрғындары ғана емес, оның небір атақты деген батырларына да тікелей қатысы бар, — деді сол сәт ол да маған қасқая қарсы қарап тұрып.
— О заман да, бұ заман, жау соңында қалған бұ қандай керемет, тағы?!. Мен сенен соны тыңдау үшін де өзіңді бірден осында тірі күйінде алдырттым ғой!.. Ал, кәне!.. Ендеше, сенің маған айтар қандай сауалың бар?..
Сол сол-ақ екен:
— Баты-ыр!.. Біртуар баһадүрім-ай!.. Қаншама күндерден бері қан кешіп келе жатсаң да, менің осыншама жанұшырған үніме құлақ аса білген көсемім-ай!.. — деді әлгі мешел-тұтқын енді маған өзінің көздерін жәудіріте қарап, оқыстан саңқ ете қалып.
Бірақ сол отырғанда, мен ол соңыра кезінде Түркістанды қорғап қалған менің Елубай ағам мен оның қасындағы батырларына қатысты әлдеқандай бір сатқындық туралы жаманатты хабар естіртсе, қас пен көздің арасынша-ақ оның басын қиып түсіруге де даяр отыр едім.
— Баты-ы-ыр!.. — Жаңағы қарлығыңқы қоңыр дауыс осы сәт менің құлағымның түбінен тағы да оқыс саңқ ете қалды. – Қала билігі соңғы рет жоңғар қоңтайшыларының уыстарынан шығып, азаттық ауасымен тыныстай бастағаннан-ақ мен сенің ақбозатыңның тұяқтарының дүбірін анық танып, қашан бір өзіңді көргенше де асықтым ғой!.. Ал, сен сонда мына мені, шынымен де, танымадың ба?..
«Өзі өлімші халде отырып, мынаның әбден-ақ менменсуін қарай гөрші, тәйірі!.. Қалай қарай бұлталақтатса да, менің туған Түркістанымды осыншама уақыт бойына қор қылғандары үшін мені енді өзіне әлдеқандай бір қайырым жасайды ғой деп ойлайды ма екен, өзі?!. Жоқ, әлде бұл кезінде менің ұрыс даласында жекпе-жекке шыққан торғауыт батырларының бірі ме екен, тәйірі? Кім болса да, енді менде есесі кеткен біреу болмағай ед!..»
— Кімді?.. Кімді танымадың ба дейсің?.. Мына сені ме, тәйірі?..
Мешел қайыршы сол отырғанда, менен бұндай жауапты тіпті де күтпесе керек, ол енді одан әріге шыдай алмай:
— Баты-ы-ыр-е-ем!.. — деп, еңіреп жылап қоя берді. — Басқа басқа, ал, мына сенің маған әліге дейін сенбей тұрғандығың қал-а-ай-и?.. Мына мен — сенің талайдан бергі жаныңа серік болған Оңғарбай деген бауырың едім ғой!.. Мен қай ұрыста да ұдайы бір сенің ғана қасыңнан табылатын едім ғой!.. Сен соңғы рет мені өзіңнің туған ағаң — бас сардар Елубай батырдың қасында бол деп, Түркістанға қалдырып кетпеп пе едің?.. Мен сонда сенің соңыңнан қалғым келмей тұрса да, бас сардар Елубай батырдың қас-қабағына қарап, бәріне де бірден көне кеткен едім ғой!.. Әрі мен сіздерді өзімнің қасымдағы серіктеріммен бірге қала сыртына дейін де шығарып салдым емес пе?!. Сол кезде сіздер жаудың қалдықтарын түгелдей жер жастандырып, Түркістанға қайтып оралғанда, киелі қаламызда не болғаны есіңде ме, сенің? Міне, содан бері арада бақандай он бес жылдан да астам уақыт өтіпті!.. Содан бері сіздер туған топыраққа табандарың тимей, талай жылдар бойына зар илепсіздер!.. Ал, жоңғар алпауыттары сонда бұндағы өз жеңістерін күн сайын да думандатып, тойлап жатты. Содан бері мына мен күндіз осындағы базарда, сондағы қалың саудагерлердің жанында тек бірыңғай қалған-құтқан бірдеңелерді ғана талғажу етіп, ілдәллалап қана күн көрсем, кешкілік жоңғар шеріктерінің ат қорасында ғана жататынмын!.. Сұрқай күндер, сұрқай айлар мен сұрқай жылдар тек осылайша бір қалыпты ғана өтіп жатты.
Сол сәт менің жүрегімді бір өткір найза аяусыз осып-осып өткендей-ақ болып, денемді оқыс тыз-тыз еткізді. Сол екі ортада өз ішкі әлемімде не болып, не қойылғандығын менің өзім де біле алар емеспін!.. Бар болғаны:
— Иә, мен енді ғана аңғардым ғой!.. Көп жәйт енді менің де есіме түсті ғой!.. Сенің жаңағы көп сөздерің менің жүрек қылымды да шертіп өткендей болды ғой… Сен, сен… сен, шынымен де, сол әлгі қайтпас қайсар Оңғарбаймысың?..
Мешел-қайыршының жүзі жарқырап, жанары тағы да оқыс жарқ етті.
Шыны керек, мен енді одан әрі еш әрекетсіз отырып қалуға шыдай алмай:
— Баты-р-ре-е-ем!.. — деп, орнымнан ұшып тұра келіп, әлгі мешел Оңғарбайдың мойнынан құшақтап, өзім де көзіме ыстық жас алдым!..
Жігіттер сол сәт мешел батырды төрге шығарып, оның да алдына ыстық ас қойды. Оңғарбай батыр енді өзінің алдындағы буы бұрқыраған жас етке осыншама көзін сатқандай-ақ болып отырып, өздерінің осыдан он бес жылдан астам уақыт бұрын, біз Түркістанды азат етіп, жау қалдықтарын қуып кеткен кезде, жаудың әлдеқайда жасырынып жатқан тағы бір тың күштері қалаға қайта бас салып, содан өздерінің әлгі мұздай болып қаруланған жоңғар әскерімен Түркістанның қақпасы алдында қалайша бетпе-бет келгендіктерін; сондағы бас сардар Елубай батырдың жоңғардың жеті бірдей шерігімен қатар тайталасып жүріп, ізінше әлгілердің алтауын бірдей жайратып салып, ал, жетіншісінде сырттан келген бір дүлейдің өткір найзасына тап болып, өзінің қалайша қаза тапқандығына дейінгінің бәр-бәрін де тәптіштеп тұрып айтып берді. Бірақ сәлден соң:
— Ал, сонда мына сенің өзің қалайша тірі қалдың?.. — деді осы сәт менің оң жағымда отырған ақ сауытты Сақтапберген батыр да оқыс үн қатып. Оның сондағы бұл сауалдарында күдікшіл бір ой да бұғып жатқандай еді.
Жоқ, сөйтсе, Оңғарбай батыр әлгі өзінің бізге осыншама айтсам деген дүниелерінің бәрін әлі түгел айтып та болмапты ғой.
— Шырақтарым, мен сонда қайбір тірі қалайыншы деп, тірі қалды дейсіңдер, сендер?.. — деді ол енді өзінің мөлдіреген бейкүнә жанарын сәл төменге қарай салып. — Ілкіде біз Елубай батырдың соңын алып, қала қақпасының алдында жаумен ашық ұрысқа да шыққанбыз. Елубай батыр тым сергек еді, сонда!.. Оның сонда сіздер осында қайтып келгенше, жаудың бетін қайтара тұратындығымызға деген сенімі де күшті болатын. Ол бір кезек мені оң қанаттағы жау жендеттеріне қарай жұмсаса, Сарқыт, Боранбай, Сауранбек, Айранбай, Дарақ батырларды да жоңғар шеріктеріне қалқап етіп, тұс-тұсынан қарсы қойды. Басында бәрі де сәтті болған еді. Біз оларды қалаға қарай тіпті де жақындатпадық. Елубай батыр айтты: «Қалаға бұлардың аяқтары тимесін. Қатыгез жауды қала тұрғындары көрсе, біз әбден-ақ сенімнен айырыламыз», — деді. Не болса да, қала сыртында соғысайық дедік. Соған біз әбден-ақ табан тіредік. Небір жан алысып, жан беріскен сәттер де болды ғой, сонда!.. Жау қолының көптігі сондайылық, біз енді оларды қаншама рет қырсақ та, бізге тосыннан тағы бір тың күштері тап беретін. Сөйтсе, бұл қаланы ұстап тұрған жау қолының алдағы жорық жолдары үшін сонау Жоңғариядан алдыртылған астыртын бір күштері екен ғой!.. Өздері сондай тың болатын. Талай батырларымыз бен қандыкөйлек достарымыз сонда біздің көз алдарымызда-ақ баудай кесіліп түсіп жатты. Ал, бас сардарымыздың өлімі біздің жұлын етімізді де жұлып өткендей-ақ болды емес пе?!. Ол сол жүргенде, талай жау батырларының бастарын да алып үлгерген еді ғой. Бірақ соңғысында оның өзі де қатты жараланып жүріп, қапыда кетті!.. Жоңғарлар сонда біздің талайымызды ыңырсып, жерде жатқан күйімізде-ақ найзамен түйреп, бірден-ақ жер жастандырған. Олар ешкімді де аямаған. Ал, мына мен және сол күні менімен бірге қолға түскен Сарқыт, Боранбай, Сауранбай, Қайрақбай және Ықтият батырлардың жазасы тіптен де ауыр болды: жау жендеттері сонда біздің аяқ-қолдарымызды шауып, бірден-ақ осындай мүсәпір күйге түсірген. Сол күннің түнінде-ақ одан әрі бұл қорлыққа шыдай алмай, Сарқыт батыр өзіне-өзі қол жұмсады!.. Біз оның бұнысын тіптен де түсіне алмадық. Содан арада тағы бір жылдай уақыт өткеннен кейін, кеудесіне суық тиіп, қақаған қыстың кезінде Боранбай батыр, одан кейін, көп ұзамай, Сарқыт, Сауранбай, Ықтият батырлар да о дүниенің есігінен аттады! Ал, арада жеті жылдан астам уақыт өткеннен кейін, менің қасымдағы Қайрақбай батыр да іштей сыр алдырып, бір оңашада маған:
— Әу, Оңғарбай!.. Алда әлі қандайма бір қиын-қыстау күндер болса да, сен енді еш өлмеуге тиіссің!.. Түркістанды соңғы рет азат етушілердің ерлігі мен өрлігіне енді бір тек мына сен ғана куәгерсің!.. Қала қалайша жау қолында қалғандығының себебін де енді тек бір мына сен ғана білесің!.. Осыны кейін ел-жұртқа кім айтады? Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, соңыра бұнда атойлатып, біздің атақты батырларымыз да келеді ғой!.. Сол себепті, сен енді өз басың бұнда әлі тірі жүріп, кейін оларға біздің бас сардар Елубай батыр бастаған батырлар мен сондағы сарбаздардың ана жылы киелі Түркістанды жау қолына бермейміз деп жүріп, жау сілімтіктерімен қалайша арыстанша арпалысып жүріп, өмірден қалайша өр қалпында өткендіктеріне дейін де айтып беруің керек!.. — деді. Шамасы, сол кезде оның өзі де қайғы қажап, әбден-ақ титықтай жаздаса керек, соңғы екі-үш күндей уақыт бойына ол өзінің аузына нәр татуды да қойған еді. Өлерінде ол тек маған: «Хо-о-ош!..» — деген бір ауыз сөзін ғана әрең айтты!.. Содан бері арада тағы қаншама жылдар өтті? Содан бері мен өз басым қаншама рет суыққа шалынып, аштықтан да көз жұма жаздамадым екен?!. Енді тіршілік етіп, тірі жүрудің өзі де күн өткен сайын қиындай бастады. Мен сонда өзімнің алда тек санаулы ғана күндерім қалғандығын да сезіне бастап едім, бірақ бірде менің марқұм тағдырлас достарым түсіме еніп: «Оңғарбай, түптің-түбінде сен мына біздің бәрімізден де мықты болдың ғой!.. Сол бір азат күнді енді сен көріп, әйгілі Бурабай батырдың алдынан ақ тілеумен шығатын да бір мына сен болдың!.. Құдай саған жар болсын!.. Шыда-шыда, ол күнге де аз уақыт қалды ғой!..» — десін. Содан былай, түнде түсімде, күндіз өңімде де Түркістанға қарай дүркіретіп келе жатқан ат дүбірі менің құлағымның түбінен кетпеді. Маған сол бір дүбір сіздердің де маған: «Оңғарбай, өлмей тұра тұрғын, біз саған жақын қалдық қой», — дегендей үндерің секілді болып керінетін. Сол үн маған да күш, рух, жан бергендей болды. Содан былай, енді өлуге ешқандай хақым жоқ екендігін менің өзім де іштей қатты түйсіне бастадым… Сөйтіп жүріп, күн санайтынмын, күннің шығуы мен батуына дейін бағып отыратынмын… Сол тілегіме де жеттім!.. Енді тек бір Аллаға ғана алғысымды жаудырып: «Тәубә-тәубә!!!», — дегеннен басқа айтарым да жоқ!..
Осылай деді де, сол сәт Бурабай батырдың өзі де: «Уһ-һ!..» -деп, көзіне ыстық жас алды. Аңызға сенсек, Ақанбайдың сол бір замандағы батыр нағашысы кейін жүзге дейін де жеткен болатын. Ол өзінің сондағы өз басынан кешкен қилы-қилы оқиғалары мен Оңғарбай батырдың әлгі бір қасіретті жағдайлары туралы бұдан кейін де жүз, әлде мың рет қайталап әңгімелеп берген шығар-ау, тегі. Ол сонда өзінің киелі қалаға деген зор құрметі мен сүйіспеншілігін де қоса айтатын. Ол сол кезде кезінде Түркістанды қоғаушылардың сапынан табылған талайғы ондаған, жүздеген батырлардың аттарын бас-бастарына қайталап айтып жатудан да еш жалықпайтын-ды. «Солар да тірі болуға тиісті еді ғой. Бүгінге дейінгі мен көрген қызықтар мен мен көрген өмірдің бар бақытын олар да көруге тиісті еді ғой», — дейтін еді. Бірақ оның сондағы мұңды-шерлі әңгімесі қаншама ұзаққа созылғандығымен, кезінде ол ешкімді де жалықтырған емес-ті. Бұның сол Бурабай нағашысының айтуынша, сонау жаугершілік заманындағы Оңғарбай батырға қатысты жағдай одан әрі былайша өрбіпті: сол күні түннің біруағында Бурабай батырдың сарбаздары Оңғарбай батырды тікесінен тік көтеріп, өздері жататын шатырларына қарай алып кеткен екен. Ал, бұл кезде батыр өз шатырында оңашаланып, жалғыз қалған.
— Мен енді бір қуанып, бір мұңаямын. Жаңағының бәр-бәрі бейнебір менің көрген түсім ғана секілді. Жоқ, бұл енді менің түсім ғана емес, нағыз бір өңім де еді, — деген еді сонда Бурабай батыр өзінің әңгімесін әрі қарай да қызу жалғастыра түсіп. – Мен сол бір қас қағым сәттерде Түркістанға тұтқиылдан лап қойған жоңғар жендеттерімен арпалысып жүріп, жан тапсырған Елубай ағам мен оның соңында аманат арқалап қалған мешел-батырлардың бастарынан кешкен небір азап пен тозақты өз басымнан да қайтара бір кешкендей күйге бөлендім емес пе?!. Мен сонда іштей қатты толқыдым да ғой!.. Бұл кезде менің шатыр ішіндегі төсегіме дейін де салулы тұрған, бірақ мен сонда жастыққа басым әлдеқашан-ақ тисе де, әліге дейін еш көзім ілінер емес. Бақсам, сол бір жылдардағы өкінішімнен басқа, мына менің де өмірдегі көрмеген азабым жоқ екен ғой!.. Кезінде өзімді «сатқын Елубай батырдың інісі» деп, сыртымнан қаралағандар мен табалағандар да аз болмаған. Соның ызасы мені тіпті де шыдатпаған. Мен сол кезде: «Жағдай солай болған болса, біз күні осы уақытқа дейін не үшін иық түйістіріп, күресіп жүрміз? Не үшін қаншама рет қан төктік? Не үшін қаншама рет қан жұттық? Осының бәрі не үшін, кім үшін жасалған тірліктер еді? Енді несіне осыншама алашапқын болып жүрміз, осы?!.» — деп те толғанған болатынмын. Бірақ менің сондағы әлгіндей қорлыққа шыдап баққандығым да жөн болған екен: енді міне, мына киелі Түркістан жаудан толықтай азат етілді ғой. Менің сондағы батыр Елубай ағам мен оның қоластындағы батырлардың тағдыры да әбден-ақ белгілі болды. Елі үшін, жері үшін қасық қандары қалғанша арпалысып өткен нағыз батырлар деп, әне, сен енді соларды айт!.. Енді менің тап осы жерде өліп кетсем де, еш арманым болмас!.. Сөйтіп жатып, мен: «Біздің мына Оңғарбай батыр батыр-ақ екен ғой! Ол өзі Түркістанды қорғаушылардың сапында жүріп, талай мәрте ерліктер жасағандығымен қоймай, өлім аузында жүріп те, нағыз батырларға тән мінез көрсетіпті!.. Енді оның алдында мына мен де қарыздар болып қалмай, соңыра оны қаланың бас алаңына қарай апарып, сондағы барша сарбаздарымның алдында мадақтап, оған ендігі жерде өмірлік күтуші де тағайындауым керек қой!..» — дей бердім. Мен сонда осылайша ой кешіп жатып, таң алдында оқыс бір нәрседен қатты шошынып ояндым…
— Шошынып дейсіз бе, ата? – деген еді сонда Ақанбай да оқыс елең ете қалып.
— Иә, балақандар!.. Мен сонда оқыс көзімді ашсам, шатырдың іші әлі де қаракөлеңкелеу екен. Дала тым-тырыс. Мен сонда өзімнің оқыстан неге оянғандығымды да түсіне алмадым. Жоқ, енді бақсам, менің өз туған інім, осы жолғы Түркістанды азат етуде қаншама рет ерлік көрсетіп, ел назарына іліккен Сандыбай батыр менің қасыма дейін келіп, солқ-солқ етіп, жылап отыр.
— Ие, бұл сенбісің, Сандыбай? Жайшылық па? — дедім мен сол сәт шошына селк етіп, төсегімнен оқыс ұшып тұра келдім де.
— Аға, біз… біз ана… Оңғарбай батырдан айырылып қалдық қой!.. — дей берді Сандыбай батырдың үні сонда оқыс дір-дір етіп.
Әлгіндей сөздерді естігенде, мен үшін бейнебір аспан аударылып, жерге де түскендей-ақ болды. Мен сонда қапелімде өзімнің не дерімді де білмедім:
— Ә-ә… не дейді?.. — дей бердім біртүрлі тілім күрметіліп. Сандыбай жылап отырып:
— Енді қалай десем екен, аға?.. Түнде ол сіздің шатырыңыздан келіп, осындағы батырлардың қастарында біраз уақыт бойына күбірлесіп, өткен-кеткенді еске алысып отырғаннан кейін, бір сәт өзінің төсегіне барып жатып, шырт ұйқының құшағына да берілгендей болған…
— Сосын?.. — дедім мен сонда жүрегім тағы да оқыс дүрс-дүрс етіп.
— Міне, дәл сол кезде… — деді менің ерлігімен аты шыққан батыр інім өзінің көз жасын тағы да көл қылып отырып, — дәл сол кезде батыр өзінің талайдан бергі төсқалтасына жасырып жүрген алмас сапты кездігін қолына алып, өзінің кіндік тұсына қарай сүңгітіп кеп жіберіпті!..
Бұл кезде таң атып, шатыр іші де сәулелене бастаған. Менің сондағы:
— Аһ-һ, енді қайттік?!. Арманда кеттің-ау!.. — деген өкінішіме қосылып, сол сәт менің өзге батырларым да:
— Қап-қап!..
— Әттеген-ай!.. — десіп, іштей қатты опынысып жатты…

Серікқали ХАСАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.