Марапатқа лайық құнды еңбек

Әлі есімде, 1989 жылдың көктемінде КСРО халық депутаттарының кезекті съезінде Қазақ КСР Орталық Партия Комитетінің сол кездегі Бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев «Нефть не служить тем, кто ее добывает» деп Орталықтың өктем саясатын ашық сынға алған болатын. Міне, арайлап атқан Тәуелсіздігіміздің арқасында мұнайымыз еліміздің пайдасына аса бастады. Соңғы жылдар көлемінде еліміз мұнайгаз өндіру бойынша 20, ал көмірсутектерін өндіру бойынша 15 үздіктің қатарына еніп, бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. 2014 жылдың өзінде елімізде мұнай өндіру көрсеткіші 80 миллион тоннадан асса, 40 миллиард текше метрден астам газ өндірілген. Бұл қуанарлық әрі құптарлық жайт.

Қазақстанның мұнайгаз бассейнінің келешегі зор. Оны ғылыми тұрғыдан уақтылы зерттеп, жер қойнындағы табиғи байлықтың көлемін бағамдап отырудың өзі – келешегіміздің жарқын кепілі екендігі анық. Осы жылдар аралығында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының көлемі өсе түскенін айта кетуге тиіспіз. Кен орындарын барлау мен өңдеуге ірі көлемдегі инвестиция тартылды. Мұнай мен газды өндіру барысында жаңа технологиялар кеңінен пайдаланыла бастады. Соның нәтижесінде геологиялық мәліметтердің ірі мөлшері жинақталды. Еліміздің әр түкпіріндегі орын тепкен бассейндердің әрқайсысына тыңғылықты зерттеулер жүргізілді. Дегенмен де, уақыт өте келе игерілген тереңдіктерден оң нәтиже күту қиынға соға бастады. Осындай күрделі кезеңде заман ағымына жауап беретін геологиялық мәліметтерді жүйелі әрі тереңінен зерттеу жұмысы күн тәртібіне қойылды. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық мұнай компаниясының бас­тауымен 2009-2012 жылдар аралығында еліміздегі геология ғылымының мүйізі қарағайдай білікті мамандарын қатыстыра отырып, «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін негіздеу» атты іргелі еңбек даярланды.
Бұл еңбекте біріншіден, қорымыздағы барлық геологиялық-геофизикалық материалдар толығымен ой елегінен өткізіліп, осы бағыттағы мәселелерді шешудің айқын негізі ұсынылған. Екіншіден, еліміздің көмірсутегі әлеуеті нақты айқындалды. «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін негіздеу» ғылыми жұмысын әзірлеген мамандардың еңбегіндегі ақпарат­тар сейсмобарлау, аэромагнитті түсірілімдер мен бұрғылау жұмыстарының жаңа материалдары негізінде бекітілген. Енді ғылыми еңбектің басты қорытындыларының бірқатарына тоқтала кетелік. Кей бассейндерде 5,5-7,5 шақырым тереңдікте ірі мұнай көздері бар екендігі анықталып, алдағы уақытта оларды ашу жұмыстары жоспарлануда.
Аталған еңбекте қордаланған геологиялық мәсе­лелерді оңтайлы шешудің жолдары ұсынылып, Қазақ­станның көмірсутегі әлеуетінің 3 есе көп екендігі ғылыми тұрғыда анықталып, тартылатын инвестиция көлемі 165 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл дегеніміз, көмірсутегін өндірудің жоғары деңгейін бірнеше жылдар бойы сол қалпында ұстап тұрамыз деген сөз. Ғылыми жұмыстың тағы бір қыры – геоло­гиялық-геофизикалық зерттеулер кешенінің жаңа әдісін кеңінен қолдану барысында жоғары деңгейлі технологияларға сүйену негізделді. Сонымен қатар, еңбектегі ғылыми тұжырымдар бүгіндері геологиялық барлау өндірісінде кеңінен қолданылып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Ғылыми жұмыстың ұсыныстарына сай, Каспий маңы ойпатында алғаш рет жоғары деңгейдегі аэромагнитті түсірілім жүзеге асты. Соның нәтижесінде тереңдіктегі карбонатты коллекторлардың дамуы негізделіп, айқындалды. Еңбектің ұсыныстары 2014-2019 жылдар мен 2030 жылға дейінгі кен қойнауын зерттеудің Мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың оң бағасын алған тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның мұнайгаз бассейнінің Атласы даярланды. Ең бастысы – «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін негіздеу» ғылыми жұмысының зерт­­теу нәтижелері – 2014 жылдың қыркүйегінде Қазақ­стан мен Ресей Федерациясы Президенттерінің қол­дауына ие болған, Каспий маңы ойпатында аса терең бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған «Еуразия» инновациялық жобасының негізі ретінде жүзеге асып отыр.
Енді осынау күрделі еңбекті көз майын тауыса зерттеген авторлар ұжымына тоқтала кеткен жөн. Авторлардың барлығы еліміздің мұнайгаз саласында өзіндік абырой мен беделге ие аса білікті маман иелері. Герой Жолтаев болса мұнайшылардың талай буынына дәріс оқыған ұстаз болумен қатар, осы саланы ондаған жылдар бойы ғылыми тұрғыда зерттеп келе жатқан ғалым. Ал Орал Ақшолақов, Балтабек Қуандықов, Құрманғазы Есқазиев, Петр Коврижных, Евгений Огайлар өндіріс­тен қол үзбей жүріп, ғылыммен айналысты. Еліміз Тәуелсіздігін алған тұста мұнайгаз өндірісін ұйымдастырып, шатқаяқтаған экономикамыздың еңсесін тіктеуге барынша үлес қосқан білікті мамандар. Бұлардың осы саланы көркейтуге қосқан еңбегі мен бейнетін республика жұртшылығы жақсы біледі. Бұл азаматтар бірнеше мәрте Президенттің Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталды.
Сонымен, «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін негіздеу» ғылыми жұмысы дер кезінде өмірге келген, ғылыми, әлеуметтік және өндірістік маңызға ие тамаша еңбек деп нық сеніммен айта аламыз. Ғылыми еңбектің тұжырымдарына сүйене отырып, аз уақыттың ішінде елімізде мұнай мен газдың жаңа кеніштерін ашуға мүмкіндік бар, әрі осынау көмірсутегі қоры еліміздің экономикалық тұрғыда тұрақтылығы мен дамуының кепілі бола алады деп ойлаймыз. Аталған еңбектің авторлар ұжымы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленуге әбден лайық деп толық сеніммен айтуымызға болады.

Ғаппар Ерғалиев,
ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,
Геология-минерология ғылымдарының докторы,
профессор.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының аумақтық геология тобының жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.