Жақанбайдың асы (әңгіме)

Ұзақбай Доспанбетов

1898 жыл туды. Бұл шақта Ұлы жүз бен Орта жүз игі жақсыларынан тарайтын әңгімелердің негізгі тақырыбы әлгі найман-садырдағы Жақанбайдың асы еді. Ұзақ уақыт болыстық қызмет атқарып, садыр-матай арасында татулық орнатуға көп күш жұмсаған, үлкен парасат иесі атанған Жақанбай өткен жылы дүние салып, ақтық демін аларда баласы Қасымға, басқа да жақын-жақыбайларына «менің асымды жа­лайыр­да­ғы Жәлменде би басқарсын» де­ген өсиет қалдырыпты. Себебі де құпия емес, осыдан үш жыл бұрынғы қырғыз төресі Шәбденнің кенже баласының үйлену тойында жалайыр биінің сол хан тұқымының сағын сындырғаны бұған қаз-қалпында жеткен. Сол тойға ат арытып жетіп қатысқан өз ағайындары тіл мен жақтарын алтын-күміске суарғандай ол көріністің бояу-нақыштарын келісті­ріп-ақ жеткізген. Жүйрік көкірек Жақан­бай ол бояу-нақыштардың астарынан өзге де суреттерді көре білген. Бәрін іштей таразылап, өз асын Жәлмендеге басқартудың көп мәні барын болжаған.
Садыр Жақанбайдың бұл өсиетін ең алғашқылардың бірі болып естіген де Жәлменденің өзі еді. Алғашқыда ауыр ой үстінде шөгіп, соңынан баласына біраз сөз арнады:
– Сенің шын ныспың Пішән емес, Мұса. Сол Мұса пайғамбардың құдіреті дарысын деп, бесігіңнің басында молдаға азан шақыртып қойдырып едік. Қазақтың салтында ас деген қызық көріп, ішіп-жеп қана қайтатын нәрсе емес. Онда әрқилы дау-дамай өрбиді, сауалдар туады, жоқ-жітіктердің іштеріндегі қыжыл ақтарылады, қазақтың маңдайындағы бағы мен соры жіктеледі, ажыратылады. Сол жағына зер сал, ән мен күйге желікпе! Ұға білгенге бұл ас дегенің үлкен оқу-шоқудың ошағы. Қапы қалма!
Жақанбайдың асына Жәлменде би өзінше бір топ, ал Назар болыс өзінше бір топ болып барған. Уақыт күздігүні. Астың өтетін орны Лепсі өзеніне таяу Мұқаншының сазы аталатын жер. Бұл сол кезде-ақ отырықшылық тұрмыстың қан ордасына айналған Шілікті, Андреевка, Саратовка селоларының теріскей жағы. Лепсі тасығанда су барып, шөп тұтасып қалың шығады. Ал күзде өзге маңды сарғыш рең басқанда бұл Мұқаншының сазы түсін жоғалтпай көгеріп тұрады. Бұл әрі садыр елінің ескі қоныстарының бірі.
Бұл Мұқаншының сазы бас-аяғы жоқ үлкен кеңістік. Жалайырлардың екі тобы ас басталардан бір жарым күн бұрын жетіп ат басын тіреген. Қатарластыра көше-көше етіп тігілген киіз үйлерде қисап жоқ. Әр үйдің өз сойыс малы, қымыз-шұбаты, қазан-ошағы, бір еркек, бір әйелден тұратын күтушілері өзінше бөлек. Ер-тұрманында жарқырауық тас­тары көп әсем аттар мінген, өздері де оқалы, күміс кемер белбеулі шапан киген алыс- жақын меймандар әр тұстан жосылып кеп жатыр. Көк пәуескелі Жәлменде тобын ас иелері жақсылап-ақ қарсы алды. Бұлар бір үйге, ал Назар болыс тобы екінші үйге түсірілді. Пішән әке қасында, тек бұл тынымсыздау он төрт жасар бала Назар тоқтаған үйге де барып, сондағылардың біраз марапатын естіп қайтты. Бір жайдан екі үйдің арасындағы байланыс жібіне де ұқсаған.
Жәлменде тобында Бақтыбай ақын, Ерболған, Бәйменде, Жуасбай палуан, Қолдастың Мұсасы, Жазылбай бай, Бәйменде, Бименде, тағы бес-алты белгілі адамдар бар. Ал Назардың қасында өз ағасы Сақбай, Байқоржын, Қожан Ысқақ, Тілеуғұл балалары Жұрқаш пен Отарбай сындылар еді. Жәлменде түскен үйге Төлегетайдың төрт тармағы – Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матайдың, өзге де алыс рулардың маңғаз байлары бірінен соң бірі бас сұғып сәлем беріп жатты. Соңғы жағында Маман балалары – Тұрысбек, Сейтбаттал, Есенғұл, Тәнеке баласы Есімбек келді. Бұлардың келуі мұң екен Жәлменде түскен үй үлкен ән-сауық отауына айналды. Маман балалары Бақтыбайдың ән салуын өтінді. Бақтыбай ең әуелі күй тартты. Халық күйлерін төгіп, ара-арасына өзі шығарған күйлерді де қыстырды. Сосын әнге көшті. Ежелгі әуен «Қылқұйрықты» шырқағанда Маман, Тәнеке балаларының онсыз да нарттай қызарған жүздері алаулаған отқа ұқсағандай. Соның да әсері ме, Бақтыбай өз әндерін де нақышына келтіре созып, ара-арасында Жәлмендені мадақтап, Маман, Тәнеке балаларына да бір-бір қолпаш шумақтарды арнады.
Бақтыбай сәл тынышталған сәтте Тәнеке баласы Есімбек қажы:
– Әлгі Қоңыр төре Әсет әншіні ертіп әкепті! – деді. Оның сөзіне Маман балалары елең етісті. Әсіресе Тұрысбек мазасыздығы көбірек шалынды. Өз туыстарынан өзгеше, жартылай орыс шенеуіктерінше киінген, басында кең шалғайлы жұқа қара қалпағы, үстінде жоғарыдан төмен тізілген сап-сары жез түймелі сұр пиджагы бар, қап-қара жіңішке де ұзын мұртты, қас-қабағы да сол түстес, оқыған зиялы кісідей жұқа өңді бұл жан иесі осы өңірдің Маман байдан кейінгі ең шоқтықтысы еді. Оның ажарындағы үйреншіктілерге ғана шалынатын әрбір ұсақ құбылыс, иірімдер өз-өзінен көп нәрсені баяндап тұрады. Осыдан аттай жиырма жыл бұрын сонау ғажайып құрлық – Еуропаны көктей өтіп, Мекке-Мединеге соғып қажы атанып қайтқан бұл іші тұңғиық пенде көп дүниені арқалай қайтқан. Ол дүниеліктің атауы – ілім! Ал ол ілімнің түсі, пошымы қандай, оны бұл Тұрысбек Маманұлы осы соңғы жиырма жыл бойы жұрттың құлағына там-тұмдап құйып келеді. Әрі онысын жүзеге асырудан да жалыққан емес.
Өзіне жалт еткен жұрт назарын байқа­ған Тұрысбек:
– Екі ақынды айтыстырсақ қайтеді? – деп салды. Бұл Тұрысбектен сәл-пәл үлкендігі бар, әншейінде салмақты ауыр­лау денелі, енді-енді алпысқа иек сүйемекші Есімбек қажы:
– Осы ой менің де көкейімді қышытып еді, – деп елгезектенді.
– Ендеше, қажы аға, бүгін кешкілікке өзіңіз ұйысдастырыңыз! – деп кесіп сөйледі Тұрысбек.
– Қажы-інім! Байқажының өзі келмей жатыр, ол жоқта мұндай шараға қалай жүрегіңіз дауалайды?
– Қажы-аға! Ес-аға! Байқажы менің әкем, ертең таңертең ас басталар қарсаңда ғана келеді. Ол келгенмен мұндай «әкә-куге» оның мұршасы болмайды. Бұл Жақанбайдың асында Байқажының алдынан өтер дау-дамай ұшан-теңіз. Алтын уақытты шығындап қайтесіз?
Бұдан соң найман кісілерінің өз ішінде бір күбір-күбір, сыбыр-сыбыр орын алды. Әлденеден қобалжығандай бәрі. Ол тығырықтан шығар жолды Тұрысбектің үлкен інісі Сейтбаттал тапты:
Әсет ақынның тегі арғын болса, мұны найман мен жалайыр емес, Ұлы жүз бен Орта жүз ақындарының айтысы деп жариялайық! Сонда бәрі өз орындарына келеді.
Сөйтіп сол күні кеште, Мұқаншының сазында, Жақанбай асы қонақтарының бас-аяғы жинақталып қалған шақта Бақтыбай мен Әсеттің айтысы бұрқ етті. Қараңғылық түсіп кетті-ау деп жұрт өкінген жоқ, екі ақынды екі мая шөптің төбесіне отырғызды да айналасына алау­латып от жақты. Күндізгіден кем емес жарық төгіліп тұрды. Жәлменде, Есімбек қажы, Іле-Қаратал елінің болысы Назар Қарынбайұлы, Маман балалары Сейтбаттал мен Есенқұл, Қоңыр төре, марқұм Жақанбайдың баласы, ас иесі Қасым, өзге де белгілі адамдар, әрі Жәлменде мен Назар тобындағылар айтыскер ақындар шоңқиған қос маяға тым жақын орнықты. Ал олардың сыртында түн түнегін қуалай үймелескен көпшіліктің бас-аяғы жоқ. Анау-мынау айғай-шу да естіліп қалады.
Ақындар домбыраларын қағып та үлгерген жоқ, төмендегі Жәлменде мен Есімбек қажы арасында бір күбір-күбір орын алды. Жәлменде:
– Жарықтығым-ау, манағы Тұрысбек қажының өзі көрінбейді ғой! – деді. Ауыр денелі Есімбек сәл ыңыранып, әрең жауап қайырды:
– Тұрысбек үшін әрбір қас қағым сәт сыңғырлаған алтындай пұл төгіліп тұрған заман емес пе? Қысылтаяң шаруамен бір көпестер іздеп келіпті. Таңертең өз әкесі – Байқажы келер қарсаңда ол да осы маңнан табылып қалар!
Бақтыбай мен Әсет домбыраларының құлақ күйлерін келтіріп қаққылай бас­та­ған. Бұл шақта жалайыр ақыны 56 жастағы кексе де, оның қасында Әсет Найманбайұлы небәрі 21 жастағы сары үрпек балапан-тұғын. Әрине, бұл жағын Әсет өзі үшін кемістік санамайды. Осы шақта-ақ ол талай өткелектен өтіп үлгер­ген. 9-10 жасында татар медресесінде оқып сауатын ашқан. Жазу-сызуға ағып тұр. 15-16 жасынан көпшілік арасында ән салып, «тамағында бұлбұлдың ұясы бар» әнші атанған. Айтысқа да солай. Осыдан үш жылдай бұрын саудагерлерге ілесіп, атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, Арқа өңіріне танымал Ырысжан қызбен айтысып, ауызға іліккен.
Алайда табиғи дарыны аса күшті Әсет үшін үлкен мектеп әкелі-балалы Маман-Тұрысбек айналасы. Сонау Зайсан көліне таяу өңірде туған, руы арғын, бұл Әсет тағдыр жазуымен балауса шағында-ақ осы найман мықтыларының ордасына тап болып, солардың қызық-шыжығын көріп өскен. Маман Тұрысбек айналасының тіршілігі, еңбекқорлығы оған қатты әсер еткен.
Тауық боп тары тердім
Найман шалдан,
Найман шал шамы жанған маңдай­шадан, – деп ерте кезде-ақ таңдайы тақылдаған. Кейініректе:
Жер қайда Күреңбелдің салқынындай,
Ел қайда Қалқабайдың алты ұлындай.
Ақтасты, Баянжүрек, Күреңбелде,
Көк үйлер дәулетінің артуын-ай! – деп сайраған.
Міне, баршасын сол көк үйлер иелерінің мысы басқан ортада алыстан шаршап-шалдығып жеткен жалайырдың қалақтай ғана бойы бар кексе ақынын қайтсем де ойсырата жеңем деген нық сенім Әсеттің ішкі дүниесін билеп әкеткен. Бірінші сөз бастаған жалайыр ақыны:
Менің атым Бақтыбай,
Домбырамды қақтым-ай!
Ақын Қабан әулие
Өлең берген бақытыма-ай! – деп, өзінің өнер әлемінде қашан да өрге жүзгенін паш етіп еді. Әсет жауап сөзінде сәл-пәл өркөкіректік танытты. Ал Бақтыбай мынадай Ұлы жүз бен Орта жүздің атқамінерлері қатысқан, бес жүзден астам үй тігілген, аса әйдік астың беташары іспетті бұл айтыстың оңай-оспақпен тізгіні тежелмесін сезгендей аяқты кеңге сала Әсет сөзін кек көрмей қайта оның шашбауын көтеріп тастады:
Оқығансың, Әсетжан,
Сен құсап мен шам алман.
Жас кәртейіп, жас өліп,
Адамзат солай жаңарған.
Кем көрмедім сөзіңді
Жарығы түскен панардан.
Бақтыбайдың тап осы сөздері төмен­нен бұларды қадала баққан Жәлменденің қытығына тиген еді. «Құдайым-ау, Бақтыбай қайраты қайтыңқыраған егде жан, ал Әсет мұның балаларынан кіші, әрі орыс оқуына тумай жатып қаныққан, сол жағын қауіп көріп, біздің жезтаңдайымыз арғынның бозөкпе жасының алдында тайғанақтай ма?» деген күдікті іштей сапырды. Кенет өз ақынына жігер бергісі келді ме, отырған орнынан:
– Балпық! Балпық! Әулие ата! Қолда! Қолда! Қуат бер ақыныңа! – деп бар дау­сымен айғай салды. Жан-жағынан от лаулаған қос маяның төбесінде шоқайған екі ақынға да, айналада түн дүниесін көшіре уілдескен қалың көпшілікке де Жәлменде даусы құлақ жарардай естілді. Жұрт ес жиып үлгермеді, екінші бір дауыс баршасын қайта ұрды. Бұл жолы айқайлаған Есімбек қажы еді:
– Тоқтат! Жәкең аруақ шақырды! Тоқтат! Тоқтатыңдар айтысты! Бақтыбай ақын жеңді! Әсет, сен жеңілдің! Айтыс осымен доғарылсын!
Домбыра ішегі кілт үзілгендей бір күй баршасын есеңгіретті. Әсеттің домбырасы қолынан сусып түскенін оларға жақын отырғандардың ең бір қырағы көзділері байқап та қалды.
– Не болды?
– Бұл қалай? – десті жұрт. Есімбек қажы екі сөйлемейтін еді. Бір кезде қарулы күзетшілері бар орыс ұлығын сабаған қайраты осы шау тартқан шағында қайта бұрқ еткендей ол айналасына тым қаһарлы көрінді. Әсет мая үстінен домалай жерге құлады. Екінші маядағы Бақтыбай жалғыз қалды. Жүйрік ойлы ақын жағдайды тез ұқты:
– Абыржымаңыздар! Уа, ағайын! Есім­бек қажының бұйрығы тәңір бұйры­ғынан бір былай емес! Бір жоғалт­қанды екінші барымызбен толтырайық! Құлақ салыңыздар! Ұлы жүз – үйсін жұртының біраз ән-күйін әуелетейін!
Бақтыбай көпшіліктің келісімін күтпестен ескі халық күйін тартты. Дел-сал күйдегі ас меймандары сонда да істің мән-жайын ұқпастан түн түнегінің әр тұсынан кеу-кеуге басты. Сосын Бақтыбай мана күндізгі «Қылқұйрықты» қайта шырқады. Айнала лаулап жанған от, одан арғы Жоңғар Алатауының бөктеріндегі тұтасқан қараң­ғылық жалайыр ақынының даусын одан әрмен көтермелеп әкет­кендей. Міне, сонда ғана шуласқан көпшілік сап басылды. Бір қызықты екінші қызықтың алмастырғанына көнген рай танытқандай.
Осылай Бақтыбай бірнеше әнді әуелетті, күйді де төкті. Бір мезет Жәлменде қайта тілге келді:
– Ауылдың алты ауызы деген болмай ма?
Бұл сауал көпшілікті одан әрмен құтыртты. Қолында домбырасы бар орта жастардағы біреу Әсет босатқан маяға тырмыса көтерілді. Ол аузын ашып та үлгермеді, сондай аспап ұстаған бес-алтау маяның түбінде кезекке тұрды. Сол сәт Есімбек қажы Жәлмендеге бұрылып:
– Бақтыбай мен Әсет жақ ақындар, әрі асқан әншілер ғой. Ал ондайдан дәмесі барлар бұл Матай мен Садырда тіптен аяқ алып жүргізбейді! – деді.
Есімбек қажының бұл сөздері шын­дыққа айналды. Ән мен күйге тоғай­ған көпшілік түн ортасы ауа көңілді тарады.

***
Ертеңіне таңғы шайдан соң жұрт тағы дүрк көтерілді. Әртүрлі қиқулаған дауыс­тар естілді. Ары-бері жортуылдаған аттылар да көбейді.
– Апырау, бұл не?
– Маман келе жатыр!
– Байқажының өзі келе жатыр!
Ас меймандарында ес қалмағандай. Жәлменде мен Назар тобындағылар да қотарылып сыртқа шықты. Бұларға тігілген үйлер Сарқан ояз бастығына арналған үйге таяу еді. Сірә, астың орталығы осы тұс. Кенет түстік беттен үш қара ат жегілген пәуеске көрінді. Ортадағы ат саржеліске салады да, шеткі екі ат шауып отырады екен. Соңында күміс бастырылған ер-тұрманды тағы оншақты аттылардың төбелері қоқы­райды.
– Баймағамбеттің өзі тізгін ұстаған екен! – десті біреулер. Сөйтсе, Маманның көшірінің өзі бұл қиырдың тайлы-таяғы үшін белгілі адам екен. Ояз үйінің тұсында Маман пәуескеден түскенде оған қол беріп үлгеруге жанталасқан жұрт бір-бірін басып-жаншып кете жаздады. Бұлар жай қара-құра емес, әр елдің, әр рудың мырзасы, қабырғалы биі, бай-манаптары еді. Бұл кезде денесі әбден толған, ұрты да салбыраған Байқажы Жәлмендені құшағында ұзақ қысты. Сарыала қозыдай киінген ояз да көрінді. Сосын ғана ояз, Маман, Жәлменде, Қасым – төртеуі сәл-пәл оңашаланды. Көпшілік дауыс әрең жетер жерге дейін ысырылып, екі аралықта ашық алаңқай қалды.
Маман оязға:
– Мынау асты сіз басқарыңыз! – деді. Ояз:
– Жоқ, мен қазақтың заңын, салт-дәстүрін білмеймін! Жай тамашалап көрейін! Ал басшылықты өздерің қолға алыңдар! – деп бірден бас тартты. Маман енді желпіне сөйледі:
– Осы астың себепкері, бұл күнде о дүниелік Жақанбай ақтық демін аларда «менің асымды мына Іле-Қаратал болысындағы төбе би Жәлменде Байшығаш баласы басқарсын» деп өсиет қалдырыпты! Қазақ заңында өліктің аруағын сыйлау оның өсиетін орындаудан басталады!
– Жоқ, Байғажы, Мәке, сіз біздің елге күйеусіз! «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» дейді. Мен сізге жолымды бердім, – деп Жәлменде ат-тонын ала қашқансыды. Ояз сәл ойланып:
– Мынау тым үлкен жиын. Екеулеп басқарғандарыңыз абзал! – деді.
Ақыры осылай шешілді.
Таңғы сусын, ас мәзірі үстінде Маман мен Жәлменде екі пәуескемен киіз үйлердің арасындағы көше-көшемен жиынның бас-аяғын бір шарлап шықты. Асқа жиналған елдердің мұншама көптігін енді ғана бағдарлаған Жәлменде жағасын ұстады. Енді қалай, қазақ тарихында бұл ас әлгі Ақан серінің Құлагеріне қастандық жасалған Сағынайдың асынан кейінгі үлкен ас деп бағаланды. Маман мен Жәлменде дереу Төлегетайдың төрт баласы Матайдан, Садырдан, Қаракерейден, Төртуылдан төртеу, ал сырт ел – арғыннан, басқалардан біреу, барлығы бес адам таңдап, өздеріне көмекші етті. Маман таптап тапсырды:
– Егер ас үстінде дау-жанжал, төбелес шықса осы бесеуіңнен сұраймыз! Қай кикілжіңнің де ауыртпалығы сендердің жоталарыңа артылады. Әрқайсың өз жұртыңнан бұлшық еттері білеуленген он шақты жігіттен көмекші алыңдар!
Таңғы ас, сусыннан соң ат бәйгесінің қамына кірісті. Әр елден жиылған сыптай тұлпарлар осы Мұқаншы сазынан отыз шақырымдай қашықтықтағы бәйге бастау алатын нүктеге қарай айдалды. Аттар келгенше палуан күресі өтуге тиіс еді. Сол шақта Жәлменде, Назар, Бәйменде, Жуасбай палуан, Ерболған, Жазылбай бай алтауы оңашаланды. Жәлменде аузын аша бергенде Пішән да қыстырылып, араларына сұғынды. Жәлменде сәл-пәл тебірене сөйледі:
– Қарағым, алтыным Жуасбай! Біз мына қалың найманның ортасындағы үлкен аста бәйгеге ат қоспадық! Бар үміті­міз Бақтыбай мен өзіңде еді. Бақты­байдың жағдайы анадай! Есімбек қажы ол жеңді деп жариялағанмен дүйім жұрттың көңілі күпті, томпақ! Сосын да ендігі үміт сенде! Сен Қабан жырау туған Қожаназардың тұқымысың! Оның үлкен ұлы Сәбденнен тарайсың! Кешегі шұбырынды заманда Сәбденнің бел баласы Өтеген, әрі батыр, ғұлама, сондай-ақ сол Сәбденнің екі немересі Жайнақ батыр Қайырлы, Тұрлымбет Бекенұлы қалай ерлік көрсетпеді? Саған солардың аруағы дарыған сыңайлы. Кешегі қырғыз төресі Шәбденнің тойында неше алпауыттың жауырынын жерге тигіздің? Сол абыройлы ісіңді бүгін қайталасаң барша жалайыр баласы саған қарыздар! Ата-баба аруағы риза! Көп сөйлеп есеңгіретпейін, арғы жағын өзің топшылайсың!
Шынында, бұл сол Сәбденнің бесінші ұрпағы еді. Сәбден – Қайыр – Дауылбай – Бершімбек – Шоқан – Жуасбай болып түзіледі. Жуасбайдың өзі төрт ағайынды – Уасбай, Жуасбай, Бозаш, Рахым атты сайдың тасындай жігіттерден құралады. Бұл шақта сәл денесі толыса түскен, бетінің еті де қалыңдаған, әрі аздап сақал-мұртқа да ерік берген Жуасбай бұрынғысынан да сұсты көрінуші еді. Осы садыр Жақанбайдың асында да мұның бағы жанды. Матайдың Нысанбай палуанын, садырдан біреуді, арғыннан біреуді жығып, бас марапатты иемденді. Ал ат бәйгесінде Сарқандағы бір қазақ-орыстың қарагер айғыры бірінші келді.
Астың өне бойында бірде-бір дау-жанжал қара көрсетпеді. Маман мен Жәлменде қос пәуескеге мініп, қаптаған киіз үйлердің арасындағы көшемен бірнеше мәртебе сырғытып өтті. Бәрін өз көздерімен бақылағандай еді. Күрестен, ат бәйгесінен соң баршасына астың негізгі мәзірі тартылды. Ояз бастығы, Маман, Жәлменде – үшеуіне, тағы олар іріктеген оншақты игі жақсыларға Маманға арналып тігілген үлкен ақ үйде ас берілді. Пішән да осында еді. Осы ас үстінде болған мына бір екі оқиға Пішәннің мәңгі-бақи жадында сақталды.
Бұл үйге ұзын бойлы, еңкіштеу арық шал Қоңыр төре әлгі жас Әсетті ертіп кірді. Қоңыр төре:
– Байқажы, мына баланың сізге арызы бар! Құдай үшін сәл құлақ салы­ңызшы! – деді. Әсет домбырасын қағып-қағып жіберіп, өз арызын әнмен, өлеңмен жеткізді. Кешегі айтыста Есімбек қажының аяқтан шалғанын, айтыст­ы ортан белінен үзіп, жеңісті Бақтыбайға әпергенін көлденең тартты. Маман басын төмен салбыратты да өз баласы Сейтбатталды шақыртты.
– Сен, Сейтбаттал, мына Әсетті өз ауылыңа апарып қонақ ет, сый-сияпат жаса! – деп тапсырды.
Сейтбаттал, Қоңыр төре, Әсет киіз есікті түре ашып сыртқа аттап та үлгер­меді, жүдеу киімді, орта жастардағы сидиған біреу, қолында жетектеген баласы бар, жыларман қалдегі даусын шығарып, ол да ішке тұмсығын сұқты:
– Байеке! Байеке! Мәке! Мәке! Менің де арызым бар!
– Айт арызыңды! – деді Маман.
– Айтсам былай! Мен садырдағы бір кембағалдау жан едім, ныспым Тынышпай. Ал мынау менің балам Мұхамеджан. Мына өзіңізбен табақтас Сиқымбай қажы мен Нияз батырдың маған қорлығы өтіп барады! –Бір қызығы – бұл арызқой Тынышпай атаған Сиқымбай қажы да, Нияз батыр да осы шаңырақтың астында отырған. – Бұл екеуі өз балаларының орнына зорлықпен менің баламды оқуға жібергелі жатыр. Жалғыз баламның орнын сипап қалсам өзім шыр бітпеген сорлымын, қалай күнелтпекпін?
Ол кезде патшалық Ресей Қазақ ордасынан тек ауқаттылардың балаларын ғана оқуға тартатын. Ал мына Тынышпайдың кедей екені үсті-басынан-ақ көрініп тұр. Маман Сиқымбай мен Ниязға жалғыз көзін бір-бір қадап, тағы да басын төмен салды. Сәл ойланып басын қайта көтерді:
– Әй, Тынышпай замандас! Сен Сырттан батырды естіп пе едің? Естісең былай! Соның Барлыбек, Тұрлыбек деген екі баласын осылай біз де гимназияға оқуға бергізіп едік. Барлыбегі онымен қоймай Петерборға барып заң институтын бітіріп қайтты. Қазір Сырттанның сол екі баласы да Верныйдағы губернатордың қарамағында үлкен қызмет атқарады. Былайша айтқанда, ел билеп отыр. Олардың үстіне өзіміз батып кіре алмаймыз. Оқытқанға ренжіме! Балаң оқуға барсын, жолы ашылсын! Тек айтарым, сен Сиқымбай, өз балаңның орнына баласын оқуға жібергенің үшін Тынышпайға бір құлынды бие, ал сен Нияз, бір бұзаулы сиыр бересің!
Екі жақ та бас изесіп келісім берді (Бұл бала кейін Верныйдағы ерлер гимназия­сын алтын медальмен бітірген, Санкт-Петербургтегі тек дворян әулетінің балалары қабылданатын жол қатынасы инженері институтын тәмамдаған, Түрк­сібтің бас инженері қызметін атқар­ған, сол саладағы алғашқы қазақ маманы, қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым Мұхамеджан Тынышпаев еді). Бұдан кейінгіде Ояз, Маман, Жәлменде отырған үйге басқа ешкімді жуытпады. Барлық дау-шарлар Маман мен Жәлменде алдында келесі екі күндікте шешілді (Ал Тұрысбек сол кеткеннен мол кетіп, бұл аста қайтіп көрінбеді).
Сонымен ас бітті, ел тарқады! Астан түстікке қарай қайтқандар Басқан өзенінің бойындағы «Көп ұста» аталатын ұсталар ауылын басып өтетін. Ертоқым, белдік, сақина, сондай-ақ кетпен, күрек, соқа сынды шаруашылық дүниелерін де жасау­ды кәсіп еткен, әрі осы өнерді ұрпақтан-ұрпаққа табыстаған үлкен әулеттің ауы­лы еді. Астан қайтқандар осында шөл басуға тоқтайтын. Ауыл иелері олардан «астан не қызық-шыжық көрдіңдер» деп сұрайды. Ойбай, астың бар қызық-шыжығын түгесіп жеткізу мүмкін емес, тек үш нәрсені ғана атайық. Біріншісі, Маман деген шалды көрдік, бір көзінің ағы бар екен. Сосын жалайырдың бойымен көк тіреген Жәлменде биін көрдік. Екеуі екі пәуескемен астың өне бойын шарлағанда оң жаққа қараса оң жақтағы ел, сол жаққа қараса сол жақтағы ел желді күнгі қурайдай жапырылып жатты. Қыңқ дейтін біреу табылсашы! Екінші сұмдығы – бір казак-орыстың қара арғымағы қазақтар баптаған неше жүз жүйріктен қара үзіп, сүт пісірім уақыт бұрын келді! Үшіншісі – жалайырдың Жуасбай палуаны небір атан түйедей мықтыларды шақ келтірмеді ғой. Олардың жауырынын жерге тигізгенде қара жер солқ еткенге ұқсады.
Басқан өзенінің бойындағы «Көп ұста» әулетінің аулынан тараған осы сөздер кейін ел-елді даланың сары желіндей кезген аңызға айналды. Жақанбайдың асы жайындағы үздік-создық хабарлар ішкі Ресей газеттерінде де жарияланды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.