Ұмытылмас сол бір шақ…

Сұлтанғали Қаратайұлы,
ардагер журналист

Кез келген іссапардың өзіндік шырғалаңы бар. Соны көресің, бас­тан өткізесің, қызығы мен шыжығына амалсыз көнесің. Мұны қызметің талап етеді.
Мен тіл-әдебиеттің маманымын. Журналистігім радиода бас­талып, теледидарда жалғасты. Бір айлық байқаудан өтіп, 1963 жылы Қазақ радиосына орналастым. Одан теледидарға ауыстырды. Екеуі – бір қазан. Ол кезде олардың ақша-қаражаты да ортақ, жұмысы да (редакцияларын айтам) ұқсастау. Мәселен, телеарнада жүрсең радионың қажеті үшін іссапарға аттандыра салады және керісінше, радиода жүрсең теледидар мұқтажы үшін кете барасың.

Іссапар туралы хабар жетісімен жолға ұзақ дайындалу бірте-бірте менің қаныма сіңіп, дағдыма айналды. Әуелі шамаданымды алып, үстелге қойып, аузын ашып, ішіне жол сапарға қажетті деп санаған заттарымды (ұмытып кетпейін деген ниетпен) сала берем. Содан соң барған жерде атқаратын жұмысымды ойша шолып, шығамын. Бейтаныс адамдармен тілдескенде өзімді қалай ұстауым керек, қандай тақырыпта әңгіме өрбітуім керек, дастарқан басында қалай отыруым керек, арақ-шарап ішуге тура келгенде қайтем, «Алыстан келген құрметті қонақ қой» деп «бата беріңіз?» десе не деймін,.. – осының бәрін, журналистікке еш қатысы жоқ жайттарды да ой елегінен өткізем. Өзімді Алматыдан – астанадан келген салауатты, салмақты адам тұрғысында, соған сай адамдай ұстауға тырысам. Осы әрекеттерімнің сүйекке сіңіп, өмірлік дағдыма айналғанына қазір соншалық шүкіршілік етем. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, небір қиындықтарды да көрдік.
Төменде сол іссапарлардан түйіп, көрген-білген дүниелерді қазір ой елегінен өткізіп, сараптап, саралап ұсынып отырмын. Іссапар адамды шыңдайды, ысылтады. Олардың қан-сөлін бәз қалпында қалдырдым. Араға жүз, мың жыл түсер. Біздің жазғанымыз – кезеңнің тарихи шындығы, өзіндік бір шежіре. Қазірдің өзінде көмескілене бастаған «Совет өкіметі», «социалистік қоғам», «коммунистік партия» деген сөздер және сол кезеңде тілімізде қалыптасқан атаулар, тіпті Ленин, Сталин, Брежнев, Хрущев деген «көсем» аттары ұмыт болып, жойылар. Себебі әр нәрсе өз уақытында мәнді де мағыналы. Ал біз өз кезіміздің адал қызметшісі болдық. Заманның сойылын соқтық. Коммунистік қоғамның, коммунистік партияның құлағы, көзі, жаршысы, жыршысы атандық. Сондықтан төменде ұсынылып отырған дүниелерге қазіргі тұрпайы капиталистік қоғамның көзқарасымен қарамай, кезеңнің тарихи шындығы тұрғысынан қарау керек сияқты деп білем. Тағы бір ескертетін жай, қазір қазақша айтылатын «Совхоз», «Комплекс», «Класс», «Семья», «Пенсионер», «Насос», «Председатель», «Сентябрь» сөздерді де өз кезінде сол қалпында қалдырдым. Өйткені бұл да уақыт тынысын аңғартады.
Журналистер өзі қызмет атқаратын органның талап-тілегін орындады. Мен де сол шеңберден асқан жоқпын. Бірақ байқасаңыздар, әрбір материалымда өз сөз саптауым, өзіндік ой өрбітуім, жазу өрнегім, тіпті өз айтарым, ұсынарым бар деп білем. Ал сол кездегі баспасөз талабына сай келмеген, жариялауға рұқсат етпейтін жайттар қаншама. Солардың қайсыбірін қағазға түсірудің сәті енді келген сияқты.

Алғашқы сапар

1965 жылы Көкшетау облысына көктемгі егіс науқанына жіберілдім. Алғашқы сапар. Облыстағылардың «Александров атындағы совхозда жұмыс жақсы жүріп жатыр» дегенге ден қойып, солай қарай сапарамды бастадым. Қоғамдық қатынас көлігі жоқ. Жүк машинасына ілестім. Ол тура кететін болып, мені жолайрыққа түсірсін. Ұзақ отырдым. Жалғызбын. Кеш болды. Қарын ашты. Ат арбалы біреу жолдан бұрылды. Мосқал денелі қазақ екен. Мән-жайды айтып едім, көлігіне отырғызды. Сол жолғы қуанғаным әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
Көктемгі жұмыстың өте жақсы жүріп жатқаны рас, – деді арба иесі жол үстіндегі әңгімеде. Аулымызда кілең немістер тұрады. Олар сізбен сөйлесе қоймас. Тосын адаммен ағынан жарыла шүйіркелеспейді. Алыстан келді екен деп үйіне шақырып, дастарқан жаймайды. Ал шаруаға берілгендік, іскерлік жағынан алғанда өте ерекше… Біздің совхоз науқандық жұмысты үнемі ыждағатты орындап тастайды.
Құдайдың әлгі кісіні жолықтырғанына қазірге дейін алғыс айтам. Ол экономист болып қызмет атқарады екен. Үйіне қондырды. Дастарқан жайып, қонақасын берді. Совхоздың шаруашылығы жайында біраз әңгіме айтты. Ертеңіне совхоз директорына жолықтым. Экономистің алдын ала ескерткені айна-қатесіз рас болып шықты. Директор да, өзге жетекші мамандар да уақыттарының жоқ екендіктерін, егіс басына баратындықтарын айтып, менің сұрақтарыма толық жауап беруден тартыншықтай берді, сөйлесуге ыңғай білдірмеді. Ақыры, арнайы келген шаруам іске аспай, жол азабын тартып, облыс орталығына әрең оралдым.
Осы сапарымның естен кетпейтіндігінің басқа да сыры бар. Балғын жаспын. Ұяңмын. Орысшам жетік емес. Тақырыпқа қатысты әңгімені бірден өрбітіп әкете алмаймын. Ауылшаруашылығын шемішкідей шағатын білімім де онша емес. Қызметтегі басшылар жіберді – тартынбадым, келдім. Бармаймын десең «Партияның басшылығымен күллі ел егіс науқанына кірісіп жатқанда, ұлы іске қатысудан бас тартты» деп, жиналысқа салып, сөгіс жариялап, мойыныңа қоңырау тағып қоюы мүмкін. Тәжірибесіздігіңді айтсаң, «Онда орныңды босат! Табаныңды жалтырат!» деуі де ықтимал. Сондықтан өзгелер сияқты өз басым басшылар қайда жіберсе де мақұл көріп, «Алға комсомол!» дегендей, қайсарлық танытып, өрге, биікке, білмегенді білуге, іздене түсуге ынталана бердім.
Араға жыл салып, көктемде осы облысқа тағы келдім. Қазақ радиосында аға редактор болып істейтін Абай аға телефон шалып:
– Бір сауыншы әйел Көкшетау облысынан Қазақ ССР-інің Жоғарғы Советіне депутаттыққа сайланғалы жатқан көрінеді. Сол кандидат туралы пленкалық шағын материал жібер, – деді.
Іске кірістім. Алдымен облыстық атқару комитетінен әлгі сауыншының кім екенін білуім керек.
– Бүгін сағат 12-де Көкшетау ауданының клубында депутатқа кандидатпен сайлау­шылардың кездесуі болады. Жеңіл көлікпен барсаңыз әлі үлгересіз, – деп ақыл-кеңесін берді мұндағылар.
Сол-ақ екен, таксилетіп, 5-6 шақырым жердегі аудан орталығына келсем, жұрт жиыннан тарап жатыр. Енді қайттім?
Кандидаттың төңірегіндегі шашпау көтеруші шоғырды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары басқарып жүр екен. Сол кісіге жолығып:
– Журналистпін. Алматыдан келдім. Қазақ радиосынанмын. Депутатқа кандидаттың сөзін жазып алуым керек еді. 5-10 минөтке сөйлесуге ұрықсат етіңіз…
– Журналист болсаңыз, тапсырмамен жүрсеңіз, неге уақытында келмедіңіз. Міне, көріп тұрсыз, сайлаушылармен кездесу аяқталды. Енді бұл кісі тамақтануы керек…
– Микрофонға бір-екі ауыз сөйлеп берсе, сол жетеді. Бұған көп уақыт кетпейді…
– Жоқ, болмайды.
Төрағаның орынбасары қасында тұр­ған бір салауатты, галстукты кісінің
на­­­­за­­­рын өзіне аударып:
– Сіз қалып, кандидат жайында айтып беріңіз, – деді де, – Көкшетау аудандык атқару комитетінің төрағасы кандидат туралы не сұрасаңыз да шаруаңызды осы кісі тындырады, – деп істі тиянақтаған боп, кете барды.
Біз аудандық төрағаның кабинетіне кірдік. Ол әңгімелескенде орыс сөзін жиі араластыратын, радио талабына сай қазақша жақсы сөйлей алмайтын болып шықты. Әңгіме желісінен түйгенімді жазып беріп, «Осыны мүдірмей оқысаңыз жетеді» дедім. Бас-аяғы жарты беттей дүниені ежелеп, ұзақ отырды. Төрт, бес… он рет дауыстап оқыса да орысшаға үйреніп қалған тілі икемге дәл мен күткендей күйге келе алмады. Сонда да ілекерлеп, кейін монтаж жасаймын ғой деген оймен үздік-создық жазып алдым. Әрі кеткенде екі минөттен аспайтын мәтінді ұзақ жазғанымыз сонша, «Ах-үук» деп репортерімді жинастыра бастағанда:
– Сіз өзіңізге де, маған да обалдық жаса­дыңыз, – деді райиспоком төрағасы.
– Неге? Менің шаруам аяқталды. Енді қалаға барып, облыстық радиода әлгі жазғандарды көшіріп, монтаждап, содан соң материалдың мәтінін қағазға түсіріп, үлгерсем, кешкі рейспен Алматыға жіберем, – деп мен жұмысымның енді қалай жалғасатындығын айта бастадым.
– Оны қойшы. Кешке дейін көп уақыт бар. Сіз қазіргі жағдайды ойламадыңыз. Екеуміз де обедсіз аш қалдық, понимаете?
– Журналистің іссапарында мұндай көрініс жиі болады. Оған мен еш қиналмаймын. Сіз мені кешіріңіз, түс мезгілінде ұзағырақ кідірткеніме. Оның сөйлей алмағанын бетіне баспай, ұзақ отырғанымыздың себеп-салдарын тізбектемей, осылай жұмсарта салдым.
– Біз үшін бір рет қарын ашқанның жарасы жеңіл. Өкініштісі басқада. Жоғары жақтан тапсырма алған соң, кандидатпен кездесуге қатты дайындалып, асханаға елу адамға арнап дастарқан жайдық. Мал сойдық. Арақ-шарап та аз емес. Әлгілер соны ішіп-жеп жатқанда, менің қалыс қалуыма Сіз кінәлі болдыңыз.
Мен тағы кешірім сұрадым. Аудандық төрағаны аяп кеттім. Көз алдыма дастарқандағы буы бұрқырап тұрған еттің, басқа да тағамдардың елестеуі мұң екен, қарнымның ішек құрты шуыл­дап, ән салып жүре берді.
Сыртқа шықсақ, асхана жақтан қонактар келе жатыр екен. Аралық 50-60 метрдей. Қаздай майпаңдап, ырғалып-тербелген топтың алғы тұсында облисполком төрағасының орынбасары. Оны бірден таныдым. Назарымды сауыншы әйелге аудардым. Оны екі адам қолтықтап келеді. Күні ертең депутат болатын сауыншының 32 жаста екенін, қай ауданнан екенін, төрт баланың анасы екенін,.. әлгінде райисполком төрағасынан естігем. Ығай-сығайдан құралған алғы топ біз тұрған жерге жақындай бергенде кандидат келіншек оқыс еңкейіп құсты дерсің. Соны жұрт көзінен жасырмақ болған облисполком төрағасының орынбасары:
– Ішке кіргізіңдер! – деп нұсқау берді.
Аудандық атқару комитеті төрағасы кабинетінің табалдырығынан аттай бере демеушілердің қолтықтауынан босаған кандидат келіншек бірден құлады. Еденде кілем. Өзгелер ұмтылып үлгергенше тағы да лақ-лақ құсып, кілем үстін бөктірді.
«Аш қасқыр мал түгілі, адамға да ауыз салады» деген сөзді бала кезімізде үлкен кісілерден жиі естуші едік. Түскі тамақты қаза етіп, қарны ұлып тұрған мен кеуде кернеген қыжылыма бой алдырып, салмағы он келілік «Репортер-3-імді» салбыраған иығымнан түсіріп, қақпағын ашып, микрофон сымын ұңғысына жалғап, түймесін басып қалып, сөйлеп ала жөнелдім. Қанша дегенмен, спорт репортажын жүргізуге қалыптаса бастаған комментатормын ғой. Бірден сол мақамға салдым.
– Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Қазақ радиосының микрофоны Көкшетау облысы Көкшетау аудандық атқару комитеті төрағасының кабинетіне орналасқан. Мұнда өте қызық көрініс болып жатыр. Осыдан екі сағаттай бұрын аудандық клубта Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидатпен сайлаушылардың кездесуі болып, сол аяқталған соң осы кездесуді басқарған Көкшетау облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары өз төңірегіне жиналған адамдарды асханада қабылдап, оларға іші-сырты қампиғанша арақ-шарап ішкізіп, соның нәтижесінде депутаттыққа кандидат келіншек мас болып, дәл қазір кабинетте лақ-лақ құсып, төрт тағандап сұлап жатыр. Оның төңірегіндегілер әбігерленіп, әрі-бері жүгіре бастады. Осы көріністен менің репортаж жүргізе бастағанымды көріп, естіп тұрған облисполком өкілі әне маған қарай бұрылды…
– Айналайын, қойыңыз! Қойыңызшы! – деді ол келе микрофонның томпақ басын қолымен уыстап тұрып. – Сізді аудандық газеттен немесе облыстан шығар деп ойлап қалып едім. Кешіріңіз! Алматыдан келгеніңізді бірден айтпадыңыз ба бағана…
– Айттым ғой. Сіз менің мына сүреңсіз сүддінімді көріп, менсінбей, дайын тұрған дастарқанға да шақырмай, айналаңызда құрдай жорғалаған нөкеріңізге ілестірмей, тастап кетіп едіңіз. Енді Сізді дастарқан дәмі қағып тұрғанын байқайсыз ба? Болашақ депутатты мас етіп…
– Айналайын, аппаратыңызды өшіріңізші! Әлгі сөздер жазылмай-ақ қойсың! Әлгінде өзіңіз әңгімелескен кісімен, райисполком төрағасымен бірге барып, тамақтанып келіңіз. Содан соң әңгімелесерміз. Кешіріңіз, әлгі сөзді жойыңыз! Өтінем, ешкім естімесін!
Жалғаманы (шнурды) ұңғысынан суырғанда ғана ол уысына сығымдаған микрофонды өзіме қайтарды. Репортерімді жинастырып жатып:
– Журналист аудандық, облыстық, астаналық болып бөлінбейді. Ол қай жерде де журналист – коммунистік партияның тапсырмасын орындайды. Соны біліп қойғаныңыз дұрыс болар, жолдас, төраға орынбасары.
– Кешіріңіз! Бір қателік болды. Ол райисполком төрағасын терезе жаққа оңашалап алды да оған бір нәрсе айтқан болып, сөзін «Жақсылап тамақтанып қайтыңыздар» деп аяқтады.
Сонымен қойшы, аудан басшысымен асханаға барып, тамақтандық. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» дегендей, шұрқыраған қарынға ел қонған соң іштегі қыжылдың қызуы басылып, облыс басшысының дайындап қойған жеңіл көлігіне отырып, каладағы қонақүйге жеттім. Асханада ішімдіктің небір дөкейін алдыртты райисполком төрағасы. Іссапарда өте сақтық жасауға бел буған мен әлгілердің бірде-бірін татпадым. Менен сескеніп қалды ма, әйтеуір, райисполком де сөйтті.
– Облисполком басшысы әлгінде оңашалап Сізге не айтты, – дедім сөз арасында аудан басшысының да іштей үрпиісіп қалғанын сезіп.
– Ол кісі Сізге өз көлігін тастап кетті. Маған сізді жеткізіп тастаңыз деді. Мен ауданның өзге басшы-қосшылармен рай­исполком төрағасының асханадағы дәмге қайта оралатындығын сезіп, қалаға жеке тарттым.
Осы көріністі ол кезде газетке жаза алар ма едім? Жоқ. Радиодан айта алар ма едім? Жоқ. Оны партиялық идеология қаламайды. Соны біліп тұрып, менің кейде толқынға қарсы жүзген кезім де болды. Мұны мен партиялық сауатсыздығымнан деп түсінемін. Абай атындағы стипендия алып жүргендіктен болар, студент кезімде «Партияға өт» деп қолқа салды маған. Кітаби кейіпкерлерден тәлім алып қалған мен өзімді коммунист болуға әлі пісіп-жетілмегенімді

білдіріп, бас тарттым. «Өскен­нен соң түспеді уысыма» деп Абай жазғандай, бұл құрғыр кейін мені қаламады, мен­сінбеді. Содан екі рет тәуір қызметтен қағылдым. Сөйтіп, коммунистік партияның жарғысын оқымадым, билетін төс қалтама салмадым. Сондықтан жастық албырттықпен, аңғырттықпен ащы сөз айтсам да адал іс атқаратынмын.

«Лобанов» созхозына келуім

Бірде мен партиялық буырқанған толқынды пішту көріп, Көкшетауда іссапарда жүргенде «Лобанов» созхозына тартып кеттім. Бұл жолы қазақ теледидарының тапсырмасымен егін орағына келген едім.
Облыс мамандарының қай-қайсысы да «Лобанов» совхозының мақтаулы екенін айтты. Бірақ:
– Бізді тыңдасаңыз ол совхозға бармаңыз, – дейді бәрі де өзара келісіп алғандай.
– Неге? – деймін мен таңғалып.
Айтпайды. Сонда да шым-шым, суыртпақ­тап отырып, құпия сырдың шет-жағасын біліп алдым. Ұзақ жырдың түйіні директордың әйелі қожайынның шопырымен ойнап қойғанға ұқсайды. Отбасында дау-дамай басталады. Ерінің көзіне шөп салған. Әйел ер жетіп қалған ұлымен бірігіп, қарсы шабуылға шығып, директорды барлық қырынан жамандап, жоғары жаққа арыз атқылайды. Сөйтіп, айқыш-ұйқыш, шым-шытырық түйін түйіледі. Директордың коммунистік ісі облыстық партия комитетіне жетеді. Содан хабардар болып отырған журналистер бұл шаруашылыққа аяқ баспай қояды.
– Отбасылық әңгімеде менің не шаруам бар? Совхоз озат болса, көрсеткіші мақтарлық дәрежеде болса, мен соны ғана жазуым керек, – десем де, облыстық мекемедегілердің ешқайсысы да менің ол жаққа барып-қайтуымды құп көрмеді.
Содан Алматыдан бірге келген Александр Костерин деген оператор екеуміз «Көкшетау» қонақүйінен «Лобановқа» ертелетіп тарттық та кеттік.
Бұл совхоз тек егін орағынан ғана емес, шаруашылықтың жеті саласынан да облыс бойынша озат екен. Ақпандатқан боранымен, үскірік аязымен ерекшеленетін бұл өңірде қыстың күні көкөніс өсіретін жылыжай дегеніңіз өте сирек. Ол бұл совхозда бар және көлемі де едәуір. Өнімнің мол болатындығы соншалық, тіпті облыс орталығына жеткізіп отырады. Қымыз бен сүт өнімдері де мол. Соның бәрін мұндағылар директордың іскерлігінен деп біледі.
Өзбекстанда туып, ер жеткен орыс жігіті жастайынан сол жақта жерді еміп өсіпті. Тың игеруге келгенде әуелі тіркеуші (прицепщик) болып, содан бірте-бірте жоғарылап, директорлыққа көтеріледі.
Сол күні шаруашылықты аралатқан совхоздың партком хатшысы Тұяқтың (фамилиясы койын дәптердеп іздестірсем, тауып қалуым мүмкін. Бірақ есімде қалмапты) әңгімесі арқылы осы мәліметтерден хабардар болдым. «Егіннің шығымдылығы да жоғары. Машина, трактор, комбайн, басқа да ауылшаруашылық құрал-саймандары – бәрі-бәрі маусымдық жұмысқа сақадай-сай әзір тұрады. Өзге шаруашылықтардың техникасы бұзылып, жұрт әуре-сарсаңға түсіп жатқанда лобановтықтарда ол тоқтаусыз жүреді. Сондай табыс сырының ешқайсысы республика, облыс түгілі, аудандық газеттерде де насихатталмады» дегенді естігенде «Озат тәжірибе – көпке ортақ» деп біздің журналистердің, ұрандап, атой салатындығымыз бекершілік екен ғой деп ой түйдім. «Қаншама ышқынып, маңдай теріңді төгіп, еңбегіңнің жемісін еселеп жатсаң да, соның бәрі жоғары жақтағы бір коммунист ағаның бір ауыз сөзіне тұрмай, рәсуа болады да шығады». Заман-ай десеңші.
Күнұзын шаруашылықты аралап, алты сюжет түсіріп, енді таңертең келген бойда жоспарлаған жетінші сюжетті түсіру үшін сауынға қарай бет түзедік. Онда 24 сауыншы бар екен. Әрбіріне 10-15 сиырдан беріліпті. Соны олар бірер сағатта сауып бітіреді. Сауыншылар совхоз орталығынан қорапты жүк машинасымен келіп, сонымен қайтады екен. Олардың арасында облыс рекордшысы атанған бір орыс әйелін арнайы түсірдік. 24-тің тек біреуі ғана қазақ болып шықты. Сұлтанғали оны кино лентасына түсірмей, ол туралы молырақ мағлұмат алмай кете ала ма, сірә! Оны Тұяқ жол бойы әңгімеледі. Әлекеңе (Александр Костеринге) тапсырма беріп, жеке-дара түсірттірдім. Енді іс бітіп, бастаушы-костаушыларымызбен бірігіп, топтасып, шоғырланып тұрғанда әлгі қазақ әйелі соңғы сауынын аяқтай сала бізге қарай бұрылды да, қасымызға жақындай бере жылады.
– Бір шаңырақта 13 адамбыз. 10 баланың анасымын. Қолымда енем бар. Аудан түгілі, облыс бойынша алғашқы тракторшы қыздардың бірі. Соғыс кезінде механизатор болған. Ленин орденді. Күйеуім соғыс мүгедегі. Осы 13 адамнан құралған отбасымыз тар үйде қамалып отырмыз. Жыл басында совхоз директоры «Жаңадан салынатын үйдің бірін береміз» деп еді. Енді сол үйлерді жас мамандарға береміз деп шешіпті. Үйлердің құрылысы біткен. Егін орағы аяқталған соң, 7-ноябрь мерекесі қарсаңында қоныстану басталады деп жатыр. Үй жөніндегі мұқтажымды мына партком Тұяқ та біледі, – деп егіліп тұрып ойын жеткізді ардақты ана.
Мен: «Сауыншы әйелдің жылап тұрғанын таспаға түсіріп ал!» деп, әлгі көрініс бастала бергенде оператор Әлекеңе тапсырма берген едім. Ол өз шаруасын тындырды. Таспаға түсіру барысында микрофонды сауыншының аузына тақадым.
– Сөзіңіз репортерге түсті. Мына парт­комы­ңыз естіді. Енді өтінішінізді журналист ретінде директорға қазір-ақ жеткізем, – дедім жарым-жан көңілге ем болсыншы дегендей.
Сауыншы келіншектерге табыс тілеп, жылы қоштасып, совхоз орталығына қарай жол тарттық. Жол бойы ойланып келем. «Мақтаулы» директорға әлгі сауыншы әйелдің өтінішін қалай жеткізудің жөн-жосығын тізбектей бастадым. Ойыма түсті. Кеше ғана «Правда» газетінде көп балалы әйелдерге партиялық қамқорлық жайында көлемді мақала жарияланған-ды. Соны қонақүйінде қалдырып қоймай, өзіммен ала жүргенім қандай жақсы болды десеңізші. Портфелімдегі көп қағаздардың арасынан соны алдым да, шетіне бөлек қойдым. Оқып отырғанда әдетім бойынша қайсыбір тұсын қаламмен сызып, айшықтағанмын.
Директор өз кабинетінде жоспарлау (планерка) өткізіп жатқан кезде келіппіз. Мен күнұзын атқарған ісімізді баяндап, 7 сюжет түсіргенімізді мәлемдедім де, «Правда» газетін айқара ашып:
– Кешегі «Правда» газетін оқыған боларсыз? – дедім тек директордың ғана емес, өзгелердің де назарын аударып. – Мұнда еліміз бойынша көп балалы әйелдерге қандай партиялық қамқорлық жасалып жатқандығы жайында жазылған көлемді материал бар. Міне, мына бір жерін оқып берейін, – деп, асты сызылған бірер сөйлемді қазақша дыбыстық мақаммен болса да оқып шықтым да сауыншы әйелдің өтінішін жеткіздім. Кабинеттегілер үнсіз тыңдады. Директор:
– Иә, иә. Жыл басында уәде бергенім рас. Енді жас мамандардың біреуі бір жылға кідіре тұрар. Жаңа үйді Сіз айтқан сауыншыға береміз, – деді.
Сол-ақ екен, мен жаңа күш бел алғандай болып әрі директордың соңғы кезде сөзге ілігіп, беті қайтқанын пайдаланып: – Осы сөзіңізді журналистік бақылауға аламын. Мына партком Тұяқпен хабарласып, істің қалай шешілгенін сұрап тұрамын, – дедім шен-шекпеніме сыймайтын сөз айтып, күпініп. Директор мұныма қарсылық жасамады, келісті.
Сол күні қас қарая Тұяқ бізді село­ның шетіндегі жылқышы қарт­­тың
үйі­­не алып келді. Қариямен ұзақ әңгіме­лес­тік. Ол өзінің жұмыс жайын айта
оты­­­­­рып бір сәтте директорға қатысты сыр шерт­ті.
Жақсы адам. Жұрттың тілін таба біледі. Өркөкіректігі жоқ. Әттең, тек сөзді болып жүргені жанды қинайды. Көрмейсіз бе, сонау Алматыдан келген сіздерді не асханада, не өз үйінде қабылдай алмай, біздің үйде болуларыңызды қалапты. Қазір оның әр қадамын әйелі мысықша аңдиды. Оның ойы директордың партиялық мәселесін қаратып, қызметінен түсіртіп, өзі ашынасына қосылып, Арменияға тайып тұрғысы келетін көрінеді. Жиналыс болып, дауысқа салар болса, оның бұл теріс ойы іске аса қоймас.
Біраздан кейін директордың өзі кел­ді. Дастарқан үстінде бір жыл бойы
жур­­­­на­­лис­тер­­дің ат ізін салмағанын айтып;
– Біз сіздерді тіпті сағынып қалдық, – деді әзілдеп. – Шынында да, күтпеген жерде қалай келіп қалдыңыздыр?
Мен сөзімнен ши шығып кетпесін деген оймен:
– Совхозыңыздың озат екенін облиспол­ком­дағы­­лардан естідім. Бәрі де сіз туралы жылы лебіз білдірді. Соны іссапарға жібер­ген Алматыдағы басшыларыма айтып едім, ондағылар «Лобанов» шаруашылығынан молы­рақ киносюжет жібер деп тапсырма берді. Енді бірер күнде бүгін біз түсірген киносюжеттер республикалық телеарнадан беріле бастайтын болады, – дедім.
Директор дастарқан басында көңілді отырды. Шаруашылық жайында нақты мысалдар келтіріп, оның болашағынан да хабардар етті.
Алматыға келген соң араға ай салып, Тұяққа телефон шалдым. Әлгі сауыншы әйелдің бірнеше бөлмелік, ақ кірпіштен қаланған жаңа үйді тұтас алғанын қуана айтты ол. Директордың жағдайын сұрадым. «Қызметінде қалады. Партиялық сөгіс жарияланады» деген әңгіме бар жоғары жақта. «Іс осылай аяқталса, бұған өзі де риза, совхоз тұрғындары да риза» деді партком хатшысы. Тұяқтың лебізі менің көңілімді де едәуір жадыратып тастады.

«Суға кеткен тал қармайды»
немесе тосын шешім

Өзге жерлерден көрі Жезқазған мен Көкшетау облысында көбірек іссапарда болдым. Кезінде қағазға түспеген, жариялауға ұлықсат болмаған тағы бір хиқаяны айтайын.
Қазақ радиосының ауылшаруашылық редакциясында істеп жүрген кезім. Кезекті бір материалды ұшақ арқылы жіберген соң редакциядағы аға редактор Абай ағаға телефон соқтым.
Бұл өзі сабырлы, үнемі езу тартып, күлімсіреп жүретін, темекіні будақтатып тартатын, түс кезі мен жұмыстан кейінгі уақытта шахмат ойнауға өте құмар, түске дейін өте өнімді жұмыс істеп, түстен кейін болдырып, шаршаңқырап қалатын кісі еді. Қаламындағы сия үнемі жасыл түсті болатын. Ондай түс біздің ешқайсымызда жоқ. Абай аға біздің мәшеңкеден шыққан материалымызды әлгі жасыл түсті сиясымен түзетіп, нақ түскі үзілістің алдында қолымызға беретін. Біз енді оны Жаңбыршина апай басқаратын машбюроға алып барып, қайта бастыруға тиіспіз. Онда Сіздің жазғаныңыздың сау-тамтығы қалмай көк ала түске боялғанын көрген әйелдер: «Баспаймыз!» дейді, бәрі бейне, алдын ала келісіп қойғандай. Материалың күнтізбелік жоспарда тұрады. Ол газеттегі бағдарламаға шығады. Материал эфирден уақытында кетпесе, сен қызметпен қош айтысасың. Ішкі ереже-тәртіп солай. Әлгі мәшеңкіші әйелдер кейде мүсіркеген болып, «Жата тұрсын» деп, папкіге салып қояды.
Сол Абай ағаның түске дейін бар ықыласын сала еңбек етіп, содан әбден шаршап қалатынын, ал түстен кейін алып барған материалыңды қолына алып тұрып: «Әй, бала, мына дүниең қалай жазылды? Жақсы ма? Оқымай-ақ жібере берейін бе? Әлде…» дейтін дағдысы барын көріп, біліп жүретін біз оған мақалаларымызды түстен кейін беруге тырысатынбыз. Сөйтіп тұрып: «Абай аға, түстен кейін қалыңыз қалай?» дейтінбіз қалжыңдап. Сол жылдары Абай ағаның қарауында істеген, қазір жетпіс жасты желкелеп келе жатқан біздер – Қойшығара, Мұқан, Шаншархан, Төлепберген осы сөзді әлі күнге дейін айтып, өзімізге сүйікті ұстаз болған ағамызды еске түсіреміз.
Сол Абай аға амандық-саулық сұрасып болған соң:
– Әй, бала, қазақша таза сөйлейтін бір агрономның сөзін жібергейсің, – деді тың тапсырма беріп.
Еңбекшілдер ауданындағы Асқар деген жігіттің есімін атады Көкшетау радиосында қызмет атқаратын Әнуар Ысқақов.
Сол жылы егіс пен егін науқанына іссапарға шыққандарға телерадио мекемесі жол шығыны деп 500 сомнан ақша бөлді. Ол баратын қаладағы автокәсіпорынның есеп-шотына аударылады. Сол бойынша жеңіл көлік алып, қай жерге болса да кете бересің. Бұл – шамамен қазіргі 535 долларға тең. Ол кезде таксиге әр километр үшін 20 тиын төлейсің. Айтып-айтпай не керек, қайда барамын десең де көлік жағынан еш қиналмайсың. Сол себепті 120 километрлік Еңбекшілдер ауданына таксилетіп кеттім.
Райисполком кабинетінің есігін аштым. Еңгезердей, қақпақ жауырын
төр­­­аға төрде отыр. Ол телефон шалып, Асқарды із­дес­­­­тірді де:
– Совхоздарды аралап кетіпті. Кештетіп келетін көрінеді. Бүгін қонақүйге жайғасып, ертең кездесерсіз, – деді менің шаруамды тиянақтап. Сол-ақ екен:
– Крайком келіп қалды! – деп асығыс-үсігіс есікке беттеді. Мен соңына ердім.
Ол кезде Тың өлкесінің басшы-қосшы қызметкерлері сенің «Алматыдан – астанадан келдім» дегеніңе «Соншалық сіз кім едіңіз?» дегендей, пысқырып та қарамайтын. Сол сөз есіме түсіп, «Крайком келді» дегенге пәлендей желпіне қоймадым. Оның үстіне, әдетте, бірінші басшы жолға шықса, тетелес қосшы-інілері бірге жүруші еді. Ал мына крайком машинасынан жалғыз түсті.
Соломенцев қарсы алушылармен бірігіп райкомның кабинетіне кірді. Ол ауданның бірінші хатшысын өз орнына мегзеп, өзі төргі үстелге кесе-көлденең қойылған үстелдің жанына отырды. Оның алдыңғы жағындағы қабырғалық орындықтардың біріне мен тізе бүктім. Ал райисполком төрағасы болса, Соломенцевтің арт жағында қалып қойды.
Крайком райкоммен жай, баяу дауыспен сөйлесіп отыр. Крайком хатшысының үнінен – әміршілдік, өктемдік, ал райком хатшысынан желөкпе, жалтақтық, жаутаңкөздік, жағымпаздық сыры байқалмайды. Екеуі де «Авангард» деген сөзді жиі айтады. Оған мән беруге менде мұрша болмады. Соломенцевтің арт жағында отырған рай­исполкомнан қапелімде пәлеге қалдым. Ол қолын ербеңдетіп, есік жақты иегімен мегзеп, «Кет! Кет!» дегендей ым қағады. Мен «Жоқ! Жоқ!» деп келіспедім. Oл әлгі әрекетін қоймады. Әбден қиналдым. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, ақыры амалсыз репортерімді ашып, микрофонды алып, қазақ тілінде сөйлеп берейін.
– Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Қазақ радио­сының микрофоны Көкшетау облысы Еңбекшілдер аудандық партия комитеті хат­шысының кабинетіне орналасқан. Мұнда, әлгінде ғана Тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Соломенцев жолдас келді. Соломенцев жолдастың арқа тұсында отырған райисполкомның төрағасы менің кабинеттен шығып кетуімді талап етіп, қолын ербеңдетіп, маза берер емес…
– Сіз кім болдыңыз? – деді Соломенцев жай ғана сөзімді бөліп. Мен Қазақ радиосының тапсырмасымен келгендігімді айтып, өзімді таныстырдым. Ол болса өзінің осы ауданға келгені жайында мені хабар жүргізіп жатыр екен деп ойласа керек:
Қолыңыз бос болса, бізбен бірге «Авангард» совхозына жүріңіз. Онда қой қоздап жатыр. Өкі­нішке қарай, төлдің өлімі көп көрінеді, – деді.
– Рахмет. Осы жердегі шаруам біткен соң облыс орталығына тез жетуім керек. Кешіріңіз, сізге бір өтініш айтқым келіп тұр. Ана рай­исполкомды тәртіпке шақырыңызшы. Ол Сіз келгеннен бері тасаңызда отырып алып, қолын ербеңдетіп, мені осы кабинеттен шығып кет деп жатыр…
– Жо-жоқ. Сіз отырып, әңгіме тыңдаңыз. Журналистердің біз айтып отырған шаруа­шылық мәселелерінен хабардар болғаны жақсы, – деді крайком осы сөздерімнің өзі-ақ қандасыңның аузын жабуға жетіп қалар дегендей сыңай танытып.
Міне, үлкен басшы алдында құйыршық­танып, құлдық мінез танытқандар­дың сыйқы әне. Оған не дерсің…
Осылайша, журналистік іссапарлардың қызықтары мен шыжықтары көп болды. Оның бәрін сағынышпен еске аламын. Бұл да бір ұмытылмас шақ дер едім.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дария

    Әңгіменің ішіне кіріп кетіппіз.Жарайсыз,қызықты,жазылуы тым жақсы, тағылымы мол. Иә… «Теңіздің бір тамшы суы» Жылдар!Әрқайсысының өз келбеті, мінезі бар.Жылдар бойы жинақталған әңгіме деген ұшан- теңіз секілді әсер қалдырды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.