«Алматыдан сөйлеп тұрмыз!..» Атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев туралы толғаныс

«…Шәкен Айманов соғыс жылдарында театрдағы негізгі қызметіне қосымша радиода  диктор болып та қызмет атқарған екен. Өзіне Әнуарды көмекші етіп алады. Қолы босамай, радиоға келе алмай қалған жағдайда  хабарларды Әнуарға оқытады. Жас өсіп, қанат қатаяды. Әнуарбек те жүре келе қалаған мамандығының шыңына көтеріліп, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты. Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Әнуар оқыса, солғын шығарманың өзі торғын жібектей құлпырады» десе, ақын Тайыр Жароков «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып,  елді сілтідей тындырады» деп шын ықыласпен қошемет көрсетіп жүріпті».

Журналистік жол қайда апармайды. Шалғайдағы шопан қыстағына бара жатырмыз. Ауа райы ашық еді, аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Жапалақтап қар жауып, онан соң жел көтеріліп, алай-дүлей боран соқты да кетті. Көлігіміз қарға батып, бір тұрып, бір жүріп, әрең дегенде қыстаққа жеттік-ау.

Безимени-1
– Мына алай-дүлей боранда қайдан жүрсіңдер. Жылы үйлеріңнен кім мұнда сүйреп әкелді, – деп үй иесі бізді бейне танысындай құшақ жайып қарсы алды. Сол арада дастарқан да жайылып, буы бұрқырап шай да құйыла бастады.
Аяз сорып, тоңып келген бізге де керегі осы еді. Көңіліміз көтеріліп, бойымызды жинай бергенімізде:
– Радиоқабылдағыштың құлағын бұрап, дауысын қаттырақ қойшы. Ел жаңалығын да тыңдап отырайық, – деді үй иесі баласына. Сол-ақ екен ең әуелі құлаққа жағымды әуен ойналып, онан соң малшы қауым туралы:
– Елемейді еш уақытта суықты,
Білесің бе бәрінен де кім мықты?
Білесің бе боранды бас идіріп,
Күндіз-түні аязда кім шынықты.
Бұлт астынан сығаласа жұлдыздар,
Мұзға оранған бұлдырайды шың-құздар.
Сол мықты адам қой күзетіп шығады,
Сыр бермейді тоңдырса да ызғарлар, – деген өлең жолдары желдей есе жөнелді.
Өлеңді кезектесіп оқып отырған өзіміздің радиодағы әріптестеріміз Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова.
Бұлақтай мөлдір әуезді ашық дауыстары еріксіз баурап, магниттей тартып барады. Хабар аяқталған шақта:
– Бәрекелді! Нақышына келтіріп қалай оқиды, көп-көп рахмет, біз сияқты малшылар қауымына арналған екен, – деп шопан ағамыз кәдімгідей риза болып қалды.
– Жапан дала жүріп, мал баққан соң, сенімді серігіміз радиоқабылдағыш үйде-түзде де жанымызда. Соның ішінде көбірек қойып тыңдайтынымыз – Әнуар мен Сауықтың жүргізетін хабарлары.
«Өркендерің өсіп, көп жасаңдар», – деп алғыс-рахметімізді айтып, қолдарын қысқымыз келеді. Әттең алыста. Ал сіздер бірге қызмет істейді екенсіздер, өздері қандай кісілер. Арнайы оқуын оқыған ба? Әлде бойларына туа біткен қасиет пе екен? – деді үй иесі бізге.
Тосын сұрақ. Тау баурайында өскен адамға асқар шыңның биіктігі сезіле бермейді. Бірге жүрген адамның арқа басының кеңдігі біліне бермейді. Тастай батып, судай сіңіп кетесің. «Әнуарбек Байжанбаев сондай қарапайым, кішіге аға, үлкенге іні. Керегіңде әрқашан қасыңнан табылатын қарапайым-ақ жарқын азамат» деп жауап қаттық.
Иә, өмір оны ерте есейтіпті. Отбасының жағдайына байланысты мектепте оқып жүрген кезінде еңбекке араласыпты. Үйінің жанындағы баспа мекемесінде хат тасушы болып орналасып, жақсы ортаға тап болады. Баспа жұмысы қызық екен. Сан қилы кітаптар бірінен соң бірі шығып жатады. Арасында өлең, әңгіме жинақтары да аз емес. Авторлары да әйгілі ақын-жазушылар. Беттерін ақтарып оқи қалсаң, еріксіз тартып, баурап алып кетеді.
Жолдастары арасында жаттаған өлеңдерін айтып жүруді әдетке айналдырған.
Атқаратын қызметі де қиын емес. Тапсырылған істі зыр жүгіріп, дер кезінде орындайды. Кітап авторларының қолжазбалары теріліп болғаннан кейін, үйлеріне апарып тексертіп оқытады. Кеткен қателері түзетілгеннен кейін, қайтадан баспаханаға әкеп тапсырады.
Осындай күнделікті жұмыс барысында халқымыздың сүйікті азаматы Сәкен Сейфуллинмен танысқан сәтін Әнағаң үнемі айтып жүретін.
– Бірде, – деп еске алды Ән-ағаң – баспаханада терілген қолжазбаны жазушының үйіне алып келдім. Сәкен ағаның орны бөлек қой. «Қалай болар екен» деп іштен қатты қобалжыдым. Жазушы үйінде екен, баласынбай жылы қарсы алды. Әкелген дүниелеріме көз жүгіртіп қарап отырып мені әңгімеге тартты.
– Сені ақындардың өлең-жырларын бабына келтіріп, көсіле, келістіре оқиды деп естідім. Солай ма?
– Қайдан білейін аға, шамам келгенше барымды салып оқуға тырысамын. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысамын.
– Талпынған тауға шығады. Мұның дұрыс екен. Көп естігеннен бір көрген артық. Мына қолымдағы терілген өлеңдерді оқып көрші, тыңдап көрейін.
Күтпеген өтініш. «Шынымен-ақ сұрап тұр ма?» – деп ағаның жүзіне жалтақ-жалтақ қарай бердім.
– Қысылма қарағым, оқи ғой, — деді тағы да.
– Алып ұшқан көңілім орнына түскендей болды. Тереңірек дем алып, дауысымды көтеріңкіреп өлеңнің бірін оқи жөнелдім.
«Қалай қабылдар екен?» деп Сәкен ағаға да қарап қоямын. Ден қойып тыңдап отырған тәрізді.
– Жарайды, інішегім, дауысың әуезді, үнді екен. Өлеңді мен емес, бейне өзің жазғандай шын беріле еркін оқыдың, – деп арқамнан қақты. – Туа біткен талантың бар сияқты. Адам өз өмірінің суретшісі. Соның көзін ашуға тырыс. Ерінбей еңбектен.
Әнуарбек абзал ағаның кеңесін көңілге түйіп, алдына мақсат етіп қояды. Жоғары оқу орнына түсейін деп жүргенде Отан соғысы басталып, майданға аттанады. Қанды қырғын соғыстың дәмін татады. Шиеленіскен қатты ұрыстың бірінде ауыр жараланады. Маңдайға жазса, не шара, ауыр жараланып, балдаққа сүйеніп елге оралады.
Соғыс уақыты ғой. Қандай қиыншылық кездессе де жеңіп, қартаң тартқан ата-анасына көмектесіп, қол ұшын беруге тырысады. Осылай іштей қиналып көше кезіп жүргенінде, соғыстан бұрын баспада бірге жұмыс істеп, ағасындай болып кеткен Омарғазы Оспановты жолықтырады.
– Әнуар-ау, соғыстан қашан оралдың, неге көрінбей жүрсің? – деп сұрақтың астына алады.
– Баспаға барып едім, сізді көре алмадым. Көбі бейтаныс кісілер, басқа қызметке ауысып кетіпсіз.
– Иә, мен қазір республикалық радио комитетінің бастығымын. Өзің емделіп жүрсің бе?
– Емделіп болдық қой. Табылса жұмыс істегім, үй ішіне көмектескім келеді. Бірақ реті келмей жүр.
– Жұмыс табылады, бізге кел.
– Не істеймін сонда?
– Дикторлыққа қабылдаймын.
– Диктор дейсіз бе. Ол қандай қызмет. Қолымнан келе қоя ма.
– Келгенде қандай. Ұмытып қалғаннан саумысың. Соғыстың алдында баспада жүргенде өлең оқып, тақпақ айтуға, ән салуға әуес едің ғой. Көпшіліктің көңілінен шығатынсың. Үнің де құлаққа жағымды, әуезді. Диктор болатын адамға керегі осы. Шын ден қойсаң, жаттығып меңгеріп кетесің.
Шынында да, солай болды. Алғашқы сыннан сүрінбей өтті. Жас жігітті ұжым жылы қарсы алды. Дикторлық мамандық – сиқырлы сезімнің, сезімтал өнердің адамы. Негізгі құралы әуезді үн, мәнді де терең мағыналы лебізді жеткізе оқи білу екендігіне көзін жеткізді. Олардың ішінен Әнағаң әсіресе халық артисі Шәкен Айманов пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әмина Сеиітованың есімдерін ерекше атайтын.
Шәкен Айманов соғыс жылдарында театрдағы негізгі қызметіне қосымша радиода диктор болып та қызмет атқарған екен. Өзіне Әнуарды көмекші етіп алады. Қолы босамай, радиоға келе алмай қалған жағдайда хабарларды Әнуарға оқытады. Жас өсіп, қанат қатаяды. Әнуарбек те жүре келе қалаған мамандығының шыңына көтеріліп, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты. Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Әнуар оқыса, солғын шығарманың өзі торғын жібектей құлпырады» десе, ақын Тайыр Жароков «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырады» деп шын ықыласпен қошемет көрсетіп жүріпті.
– Бірде, – деп еске алады Әнаға – көпке мәлім, ардагер азамат, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы көркем жазылған бір мақаласын маған оқуды ұсынды. Баукеңнің өзі де әдеби дүниені құлпыртып оқитынын білетін едім. Сонда да өзінің орнына мені қалағаны қатты тебірентіп, көңілімді өсіріп жіберді. Батыр ағаның сенімін ақтап шықсам екен деп мұқият дайындалдым. Еңбегім еш кетпеді. Шығарма оқылысымен-ақ Баукең іздеп тауып алып, телефон соғып:
– Жарайсың, Әнуарбек! Өз дүниеме өзімнің сай-сүйегім сырқырап кетті. Қазақтың Левитаны деуге болады сені, көп рахмет, – деді. Жақсы адам шынында да аспандағы жарқыраған жұлдыз секілді ғой. Оның нұр сәулесі тек өзін ғана емес, өзгелерді де нұрландырып тұрады. Осылай қалтқысыз қызмет атқара жүріп, соңына ерген шәкірттеріне де өнегелі ұстаздық көрсетті. Олардың ішінен Мәмбет Сержановты, Сауық Жақанованы, Мырзабек Қуатбековты ерекше атап көрсетуге болады.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сауық Жақанованы да Ән-ағамен бірге жұмыс істеп жүріп біте қайнасқаны да күні бүгінгідей есінде.
Дыбыс режиссері «Бір сағаттық әдеби-музыкалық хабарды Әнуарбек ағамен бірге қосылып оқисың, алдын ала мұқият дайындал» деп мәтінін әкеп бергенде жүрегі дүрсілдеп қоя беріпті. Қызмет істей бастағанына онша көп болған жоқ еді. Жүйріктің желісіне ілесе алам ба деп қатты қысылыпты. Өзін-өзі әрең тоқтатып, берген мәтінді дауыстап, қайталап оқи беріпті. Жас диктордың іштей тебіренісін сезген Әнуарбек:
– Сауық қобалжыма. Біздің оқы­ғанымыз бірден эфирге кетпейді. Әуелі үнтаспаға жазылады. Қателесіп жаза бассақ даусымызды қалпына келтіріп қайтадан түзейміз, неғұрлым еркін отырсаң, даусың ширақ шығады, – деп мән-жайды түсіндіреді.
Ән-ағаның мына сөзі құлап бара жатқанда қолтығынан ұстап демегендей қатты әсер етеді. Әдеби шығарманы ұстазымен бірге ойдағыдай оқып шығады.
«Тұлпар болар жүйрікті тай күнінде танисың» дегендей, Сауық та ұстазының үздік шәкірттерінің бірі болды.
Ертемен төсегімнен тұрам асық,
Құлағын радионың бұрап ашып.
Себесің Алматыдан жанға жылу
Адамдар көп үніңе болған ғашық.

Атың да ғажап сенің Сауық деген,
Сендегі шабыт берер дауыс дер ем.
Эфирде алдын ала шықпай қалсаң,
Ауырып қалды ма деп қауіптенем – деп радио тыңдаушылардың өлең жолдары да тоқтаусыз келіп жатты.
Бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында қайталанбас қос диктордың мыңдаған сағат үн таспалары сақтаулы. Ол үнтаспаларда әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өкілдері, еңбек ардагерлері жайлы сырлы да сазды хабарлар жазылған. Алтын қордағы бұл хабарларды дайындауда да Әнуарбек Байжанбаевтың қосқан үлесі орасан көп. Құлақ құрышын қандырған дауылпаз дауысы әрдайым жайнап тұрады.

Қасымхан ЕРСАРИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген
мәдениет қызметкері,
Құрметті журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.