Алыстағы ару (Деректі повестен үзінді)

Белгілі қаламгер, сегіз кітаптың авторы Тұрсынбек Токин 75 жасқа толып отыр.
Т.Токин шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде жазады. Ол Қазақстан және Грузия Жазушылар одағының мүшесі. Грузияның халық жазушысы.
Біз оқырман қауым назарына жазушының жаңа туындысынан үзінді ұсынып отырмыз.

Әсет айна алдына келіп, шашын тарап біраз тұрды. Бүгін өте көңілді, дип­лом жұмысы да аяқталуға жақын. Өз-өзімен сөйлесіп, айнадағы Әсетті сөзге шақырды:
– Жағдайың қалай, Әсет? Енді бас-аяғы он-он бес күннен кейін Құдай бұйыртса төрт жыл оқып, еңбектенген дипломды да алып: «Қош бол, Мәскеу» дейміз. Дипломды алғаннан кейін қайда бару керек? Қазақстанға, елге ме?
– Жоқ, Сухумиға барған дұрыс.
– Неге?
– Себебі үйленгелі отырған қызым Медиконың атасы Луко ақсақал оқу аяқталысымен біржола тойларыңды Сухумида жасаймыз деген.
– М-м-м. Солай де. Елде өзіңді күтіп отырған анаңды, іні-қарындасыңды тастап, бір қыздың соңына еріп, бөтен елге кете бермексің бе? Оларды ойламайсың ба?
– Ойлаймын, бірақ оларды ойлап қорқатындай ештеңе жоқ. Інім Ғалым ержетті.Ол соңғы жылы маған жиі ақша салып тұрды. Мүмкін, тойымызға келіп қалатын шығар.
– Е, дұрыс екен. Тойың тойға ұлассын.
Осылай өз-өзімен сөйлесіп тұрғанда, есікті серпе ашып Серік кіріп келді.
– Әсет! Әсет! Қайдасың?
Бөлмеге ентіге кірген Серік қолындағы хаттарды үстел үстіне тастай салды да:
– Әй, ерім-ай, саған тағы да үш қыздан бірдей хат келді, – деді де, ол хаттарды қайтадан қолына алып:
– Мынау Жазирадан, мынау Гүлжаннан, ал мынау өзің айта беретін Әсемнен.
– Бәрін де дауыстап оқи бер,– деді.
Серік қуанғандай хаттарды бірінен соң бірін ашып оқи жөнелді.
– Ой-хой, қыздар-ай, бәрінің де жүрегінде от-жалын. Бәрінің жүрегі бір сен деп маздап тұрғандай. Түбі, осылардың қайсысы өзіңе бұйырар екен? Шіркін-ай, бұл дүниеден небір серілер де, сұлулар да өтті ғой. Атақты Сәкен атамыздың да, Балуан Шолақтың да әр ауылда бір-бір махаббаты болған дейді. Бірақ бәрінің де шын жүрекпен қалағандары біреу ғана.
– Әй, бір қызық ойды ортаға салғым келіп отыр, тыңдашы,– деді ол көңіліне орала кеткен ойын жеткізуге асыққандай.
– Иә, тыңдадық, тағы не бәлені ойлап таптың?
– Еш бәлесі жоқ, тек ойымды дұрыс түсін. Осы үш қыздың қайсысы сені шын сүйетінін білу үшін бәріне де телеграмма жіберейік. Телеграмманың мәтіні былай болсын: «Машина аварияға түсіп, өртеніп, Әсеттің беті, бір жақ құлағы күйіп қалды» дейін. Егер сені шын сүйгені болса, келеді. Ал құр сұлулығыңа қызыққандары келмейді.
– Егер үшеуі бірдей келсе қайтесің? Әрі Медикодан ұят болмай ма? Ол білсе, не дейді? Медикомен дос болғалы мен бірде-бір қыздың хатына жауап берген емеспін. Сонда да бұл қыздар хат жазуларын қоймайды.
– Әй, сен не деп кеттің? Қазақтың толып жатқан сұлу қыздарын қойып, енді грузин қызына үйленбекшімісің? Ой, сұмдық-ай! Бір грузин қызына еріп кете бересің бе?
– Біз сөз байластық қой.
– Е, сөз байласқанда не тұр? Қаншама жұрт бала-шағасымен де айырылысып жатқанда, сенікі әшейін баланың ойыншығы емес пе? Енді грузинка жайында маған әңгіме айтушы болма. Төрт жылға созылған оқуымыз аяқталды. Бас-аяғы он шақты күнде бәріміз де бет-бетімізге кетеміз. Осы телеграмманы жібергеннен кейін қай қыз іздеп келсе, соған үйлен.
– Біз Медикомен үйленетін болып сөз байластық қой.
– Сендердің уәделескендеріңді екі-ақ күн бұрын білдім ғой. Әдеттегідей, бірге оқып жүрген көп қыздың бірі шығар дедім. Әлі де кеш емес, бұл қыздан да құтылуға сылтау табылады.
Арада үш күн өтпей жатып Әсемнен жеделхат келді. Келетін пойыздың күнін, уақытын айтып жазыпты. Жеделхат келгелі Әсетте маза жоқ.
– Бәрін бүлдірген сен,– деп Серіктен көрумен болды.
– Бір ретін табамыз, саспа, – деп Серік жұбатқанымен, Әсеттің көңілі тынышталар емес. Үйленбекші болып серттескен қызы Медико біліп қалса не дейді? Апырмай, күтпеген оқиға болды-ау. Әсем… Әсем… Ол қанша ұмытайын десе де, ұмыта алмай жүрген алғашқы ғашығы ғой. Алғаш өзінен екі жас үлкен Әсемге мектепте оқып жүргенде сүйетінін айтып хат жазғаны есінде. Сонда тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезі еді. Әсемнің жалғыз сұлулығына емес, оның тамаша әндеріне де ғашық болатын. Енді сол Әсем келе жатыр.
Әсет екі оттың ортасында қалып, қыздарға не айтарын білмей қиналуда. Үйленбекші болып отырған қызына елден келген Әсемді туысым деп таныстырғанымен, кейін Медико ол қыздың кім екенін сезген сияқты. Сезсе де, іштегі күдігін сыртқа шығармай, Әсемді қонақ ретінде сыйлаған болып жүр. Әсет осы аз күн ішінде екі қызды да қимай, қанша азаптанса да, ақыры ел-жұртқа деген сағынышы бар, еркінен айырып, Әсемге еріп кете берді.
Медикоға қайтып кеткісі келсе де, өзін әдейі іздеп келген қызды тастап кете беруге қимайды.
Вокзал толған жолаушылар. Екеуі көпшілікті қақ жарып, өз вагондарына қарай келе жатыр еді. Соңдарынан:
– Асет, стойте! – деген өктем дауыс естілді. Келе жатқан Медико екен. Ентіге жеткен қыздың отты жанарынан атқан отты жалын абдырап қалған Әсетті өртеп жіберердей, бет қаратар емес. Тұла бойын ашу-ыза билеген қыздың жүзі өте суық әрі бір қауіпті аңғартқандай сұсты көрінді. Ол осы сәтте дәрменсіз күй кешіп тұрған жігітінен жауап күткендей, назарын алмастан үнсіз қарап қалған. Әсетте үн жоқ. Медиконың тұла бойын­да тұтанған отты дауыл сыртқа лақ етіп атылардай аласұрса да, ашулы қыздың үлбіреген еріндері іштегі дүмпуді зорға ұстап тұрғандай дір-дір етеді. Қайратына мінген қыз іштегі дүлей отты тежей тұрып, Әсемге кілт бұрылды. Үйленгелі тұрған жігітін әкетіп бара жатқан қыздың жүзіне жаңа көргендей қарап тұрды да, оның қолын қыса түсіп:
– Будьте счастливы! Береги его. Он чистый ребенок,– деді де, қолындағы сөмкені Әсемге ұстатып кете берді.
Осы бір сәтте тұла бойындағы күш-қуатын біреу сылып әкеткендей мең-зең күйде, екі аяқтың күшімен зорға тұрған Әсет «Медико! Медико!» деп дауыстағанымен, не үшін, неге айғайлағанын өзі де сезбей қалды. Оның қазіргі айғайы анасының соңында жалғыз қалып бара жатқан сәби баланың шарасыз халіндей еді.
Қазақстанды бетке алып жүрдек пойыз жүйткіп келеді. Екі жолаушы орындарына жайғасқалы бір-біріне тіл қатқан емес. Әсет купеге кірісімен теріс қарап жатып қалған. Әсем де әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмады. Ол түннің бір уақытында бағанағы Медико қалдырған сөмкені ашып көріп еді, ішінде бір кұмыра шарап, піскен тауық еті және бір парақ қағаз бар екен. Хатты Әсемге арнапты.
«Әсем, сендерге бақыт тілеймін. Жүрекке әмір жүрмейді, тағдырдың жазуы осылай шығар. Әсетпен жылға жақын дос болғалы білгенім, ол өте адал, мінезі бала сияқты аңқау, әлі де ер адам болып, өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Қасындағы Серік не айтса, соның ыңғайында болады. «Неге бұлайсың?» десем: «Кемпір-шалдың тәрбиесінде болғандықтан шығар» дейді. Әлі де жас қой. 24 жас деген немене?! Мүмкін жүре-жүре өзгерер. Ендігі билік өзіңде. Бақытты болуы да саған байланысты.
Менің бар уайымым да, өкінішім де – кәрі атама қалай көрінбекпін? Бұл өмірде оның жалғыз арманы да, үміті де мен едім. Әке-шешем тауда машина аударылып жеті жасар ұлымен қоса қаза болған. Жалғыз қалған үш жасар мені атам көзінің қарашығындай аялап, тәрбиелеп өсірген еді. Мен студент болғалы осы төрт жыл ішінде Мәскеуге 5 рет келіп кетті. Жасы тоқсаннан асқан кәрі шал мені сағынғанда жолдың алыстығын да, өзінің кәрілігін де ұмытып кетеді. Соңғы рет келгенде Әсетті көріп: «Немерем енді екеу болды» деп балаша қуанып кеткен болатын. Осыдан он күн бұрын «Үйленетін болдық, келеміз» деп атама телефон шалған едік. Ағайындар біздің келуімізді күтіп, тойға дайындалып жатқанда бәрі де аяқастынан өзгерді. Бұл жағдайды естісе, атам қандай күйде болатынын білмеймін.
Екінші уайымым: сірә, нәрестелі болатын шығармын. Әсетке әзірше айтпаған едім. Енді оның білмегені де дұрыс қой. Әсетті ренжітпе. Ол үй болып, қызмет істегеннен кейін мықты азамат, мықты экономист болады. Балалықтың бәрін ұмытады. Ал мына шарапты атам беріп жіберген екен, той алдында достарымен ауыз тисін деп. Біздің елдің дәстүрі солай. Енді бұл сәлемдеме сіздерге бұйырды. Бақытты болыңдар. Шынайы ықыласпен, Медико».
Хат аяқталысымен Әсем көз жасына ерік берді. «Апырмай, не деген жақсы жан». Ол хатты кеудесіне басқан бойда мазасыздана түседі. Жанарынан жалын атып тұрған Медиконың бейнесі көз алдынан кетер емес. Басқа түскен осынша қайғы-мұңмен жалғыз арпалысып қалған ер көңіл қыздың жан жарасы Әсемге ауыр соққы болып тиді. Медикодай қыздың жақсы қасиетіне қайран болған ол:
– Апырмай, қыз басымен не деген ер көңіл жан, – дей берді. – Жанындай жақсы көретін болашақ жары өзін тастап бара жатқанда, маған жалғыз бауырын табыс еткендей, бақытты болуымызды тілеп кете берді-ау. Не деген тамаша жан!
Таудың тәкаппар қызының жақсы қасиеті, жақсы қылығы Әсемді қатты тебірентті. Сағат сайын оның басындағы ауыртпалық өз басына түскендей қиналуда. Ол өзін дүниенің асылын көзімен көрмей, жүрегімен сезінбей, бәрін де күл-талқан ғып келе жатқан зұлым жандай сезінді.
– Жо-жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Біреудің құрғалы тұрған отбасын күйретіп, бақытты болуым керек пе?
Әсет сол құлаған бойда әлі жатыр. Көзі жұмулы, көңілі ояу. Ол да ауыр ой құшағында. Медикомен өткен күндер көз алдында экрандағыдай тізбектеліп, өтіп жатқан сияқты. Күнде ертемен сабаққа барар алдында есік қағып, оятып алатын Медиконың сыңғырлаған үні, өзіне деген ерекше мейірімі осы бір сәт көңілін жаулап алғандай. Өткен күндердің небір қимас, қымбат сәттері бірінен соң бірі тізбектеліп қайталана берді.
Әсемнің келуі Медиконың тағдырына балта шапқандай болды. Оңаша жатып ойға батқан Әсет өзінің не істеп, не қойғанын енді аңғарғандай. Түнімен дөңбекшумен жатып, таң алдында ғана шаршап ұйқыға кеткен ол түс әлетінде бір-ақ оянды. Купе ішінде Әсем көрінбейді. Басқа екі жолаушының бірі ол оянысымен Әсем қалдырған хатты қолына ұстата салды. Хат асығыс жазылған сияқты. Кейбір жолдары сызылып қайта жазыла берген.
«Әсет! Сенен жеделхат келгенде жүрегім тас төбеме шықты, зәре-құтым қалмады. Мәскеуге қалай жеткенімді де білмей қалдым. Сен автомобиль апатына ұшырап, отқа күйіп жатқанда мен қалайша елде тыныш жатамын? Қолымнан келгенше көмегімді берейін деп, жиған-терген қаражатымды ала келген едім. Құдайға шүкір, бәрі де жақсы болды. Сен аман екенсің. Саған жұмсаймын деп, әкелген ақшамды қалтаңа салып кеттім. Сен мені шын сүйсең, сыйласаң, айтқалы отырған өтінішімді орында. Қанша дегенмен, екі жас үлкендігім бар ғой. Ұйқыдан оянысымен, Медикоға тез жет, оны тез ­тауып ал. Екеуміздің бұл ісіміз – үлкен қиянат. Біреуге қиянат жасап, ешкім бақытты бола алмайды. Көз алдымда бір мектепте оқып-өскен, сені жақсы білемін. Сенің қолыңнан кісіге қиянат жасау келмейді. Өтінішімді орында.
Жазықсыз қыздың көз жасы екеумізді де оңдырмайды. Қиянаттың арты қорлық екенін түсінуің керек. Анаңды ойласаң, ол кісі жалғыз емес. Сенен де басқа ұл-қызы бар ана жалғыз болмайды. Елге алаңдама. Медикодай асыл қызбен ғана сен бақытты бола аласың. Алла тілегімді қабыл етсін. Әмин! Ә, иә, сүйінші! Құдай қаласа, сен әке болғалы тұрсың, Медикодан білдім. Бақытты, ұрпақты болыңдар. Сәлеммен, Әсем».
Әбден шаршаған Әсет Мәскеу-Сухуми ұшағына отырысымен, көз жұмып тыныстамақшы болса да, ұйқы келер емес. Көзін жұмса болды, тағы да отты жанары жарқыраған Медико алдынан шыға келгендей болады да тұрады.
Әсет Сухуми әуежайына келісімен, сап түзеп қатар тұрған таксистердің бірінен Орджоникидзе көшесіндегі 62-үйге қалай жетуге болатынын сұрай бергенде, қасында тұрған ақ волганың иесі елең етіп, Әсетті көзімен бір шолып өтті де:
– Сіз Луко Аргвляни атаның үйіне бармақшымысыз?– деп сұрады.
– Иә,– деді Әсет таңырқауын жасыра алмай. Волга иесі таныспақшы ниетпен оған қолын созып:
– Мен шалдың көршісімін. Ол кісілерді жаңа ғана осында – әуежайға әкелдім. Сіз кім боласыз?– деді.
– Мен шалдың немересі Медикомен бірге оқыған едім,– деді Әсет. Шалдың көршісі жұлып алғандай:
– Ә, иә, сіз тойға келген екенсіз ғой. Қап, той енді болмайтын болды…
– Неге?
Шалдың көршісі сағатына қарап алды да:
– Олар қазір бір сағат ішінде Сухуми-Мәскеу бағыты бойынша ұшатын ұшаққа отырады. Өзіңмен бірге оқыған немересі Медико ауырып қалыпты. Жүрекке пышақ тиген және білектің күре тамыры қиылып, көп қан кетіпті. Ол студенттер жатақханасының қасындағы ауруханада жатыр деді.
Мына хабарды естісімен Әсет әуежайға қарай құстай ұшты. Бұлар ауруханаға келгенде медицина қызметкерлері науқастың халі нашар деп, келгендерді ішке кіргізер емес. Жалғыз немеренің тағдыры жанына батқан шал қол-аяғы қалтырап келе жатса да, кедергі жасағандарды итеріп тастап, немересі жатқан бөлмеге кіріп кетті. Әсет те палатаға олармен бірге кірді. Сырттан топырлай келген медицина қызметкерлерінің ішінде үлкен қасқа бас кісі зарланып жатқан шалды бірден құшағына алып, жұбату айтып, қайта-қайта жалына түседі.
– Қызыңыздың өмірін қалайда сақтап қалуға тырысамыз. Жүрегі аман, жарақатын емдеп жатырмыз. Көп қан кетіпті. Әзірше тыныштық сақтау керек,–деп келгендерді үгіттеумен сыртқа зорға шығарды.
Келгелі өткен төрт күннің өзі әбден жүйкені жеп, созыла түскендей. Осы уақыт ішінде жатақханадағы бір бөлмеде жатқан үш еркек бір-бірімен жөнді тілдескен де емес. Бәрінің де ойында Медиконың тағдыры. Сағат санап аһылап-уһілеумен әбден қажыған шалдың жағдайы да ауыр. Бірге еріп келген жиені Дәуқара шалдың ауырып қалмауын ойлап, қас-қабағына қараумен жүр. Әсет отырған бөлмеге Дәуқара кіріп келді:
– Еркек болсаң, шыныңды айтшы, осы оқиғаға кінәлі сенсің бе?– деді.
Әсет аяқастынан не сылтау айтарын білмей, үнсіз басын изеді. Анау бұрыннан дайындалып келген болуы керек, беліндегі пышақты шапшаң суырып сілтеп қалғанда, Әсет жалтарып үлгергенше өткір пышақ оң жақ білегін осып өтті. Ол екінші рет сілтей бергенде, жанұшырған Әсет бар пәрменімен оны бұттан теуіп құлатты. Бала кезден футбол ойнап өскен Әсеттің тепкісі оңай болмады. Жанды жеріне тиген тепкіден Дәуқара өкіре құлап жатқанда, айғайын салып шал кіріп келді.
– Тоқтатыңдар! Не сұмдық?! Медико өлім аузында жатқанда бұларың не?
Ашулы шал қолындағы таяғын сілтеп қалғанда Дәуқара жасқанып үлгере алмай таяқ тура шекесіне тиіп, қан саулап қоя берді.
Әсеттің бұлшық етін зақымдап, күре тамырын қиып кеткен екен, қан көп кетті. Дәуқараның жарақаты жеңіл. Ол басын таңғызып шығысымен Әсеттің жағдайын ойлап, оған қан құю керек деген соң өз қанын беріп бәйек болуда. Келесі күні Әсеттен қызбалықпен жіберген ағат ісіне кешірім сұрай келген Дәуқара оны құшағына алып:
– Екеуміздің қанымыз араласты, енді біз ағалы-інілі болдық. Екінші жақ­сы хабар – Медиконың да жағдайы жақ­сы. Оны басқа палатаға шығарды,
кешке шалды ертіп кіріп шығайық, – деді де, асығып шығып кетті.
Төрт күнді төрт айдай ғып сағат санаумен, тағаты таусылған шал қуанышты хабарды естіп, ауруханаға асыға жетті. Келген бойда арқасын кереуетке сүйеп отырған немересін көрген шалда ес қалмады. Әбден зарыққан қария жалбарынған дұғасын қайталаумен ұзақ отырды.
Ұзақ отырыстан кейін көңілі орнығып, мауқы басылғандай болған қария есік жаққа бұрылып, Әсетке «жақында» дегендей ишарат қылды. Имене басып, Әсет қасына келгенде, оны өз жанына отырғызып:
– Балам, менің қазақтармен досты­ғым Отан соғысында басталған еді.
Қанды майданда от кешіп жүргенде, қос­та­най­лық Ахметжан, шымкенттік
Тұрсынбай деген жігіттер қасымда болды. Майдан даласында қансырап өлім
аузын­да жатқанымда екеуі кезек арқалап, мені госпитальға жеткізіп жанымды
алып қалған да осылар. Тәңірдің берген сыйы осы шығар сол екеуінің
арқа­­сында тоқсаннан асып, көз алдарыңда тірі отыр­­мын. Соғыстың аты соғыс. Кейін майдан даласында екі досым да, туған інім Бадри де қаза болды. Ахметжан өнерлі жігіт еді. Оның қолынан менің чунгриім түспейтін еді. Чунгри мен домбыра ұқсас болғандықтан қолы бос уақыттарда қазақтың талай күйлерін, әндерін орындап, жерлестерінің көңілдерін көтеретін. Сол аяулы досымның чунгриге пышақпен ойып жазған «Луко+Ахметжан» деген естелік жазуы әлі күнге дейін өшірілген жоқ. Оның сол ойып жазған жазуы жүрегімде мәңгі ұмытылар емес. Өзің де сол Ахметжанның елінен Қазақстаннан екенсің, Тәңір ием жар болсын. Ендігі айтарым, аман-сау тойларың өткен соң, қайда барасыңдар, қайда жұмыс істейсіңдер – мен үшін алаң болмаңдар, – деді де, шал батасын беріп, шығып кетті.
Оңаша қалған екеуінде үн жоқ. Бар кінәні өзінен көріп, басы салбырап отырған Әсет дәл қазір не айтарын білмейді. Оның қиналып отырғанын сезген Медико әлсіз саусақтарымен Әсеттің таңулы білегін сипап отырды да, бар күшін жинап, алғаш тіл қатты:
– Таудың асау табиғатынан, күркіреген дауылынан аман қалдық-ау,– деді ол, ажал аузынан қалған тағдырды әзілге айналдырып.
– Иә, Медико, бәрі де қара дауылдай күркіреп өте шықты. Біз аманбыз. Енді жарқыраған бақыт күні туатын шығар.
– Әмин,– деді Медико.
Ата Заң дәстүрін бойларына бекем сіңіріп өскен, Сванетия тауының тәкаппар қызы сүйген жарының алдында езіліп-мұқалуды ар көріп, қанша намысқа тырысқанымен, оның ұзын қою кірпіктерінің астында пайда болған мөлдір тамшыларды Әсеттің көзі шалып қалды. Ол Медиконың шарасы мол жанарында тұнып қалған моншақтарды өпкен үстіне өбе берді. Осынша уақыт жаны қиналып жатқанда, Әсеттің өзіне деген ыстық ықыласын пәк сезімін зарыға сағынған қыз, әйелдерге тән нәзік сезімге бой алдырып үнсіз егілуде.

Тұрсынбек ТОКИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.