Серке ұстаған қамшы

Театр – бұл үлкен өнер. Театрға келген қалың жұртшылық қойылымды дүниеге әкелуде тек артис­тер мен режиссерден бөлек сахна сыртында қаншама адам тынымсыз еңбек ететінін біле бермейді. Ал қойылымның көрерменнің көңілінен шығып, сәтті болуы көп жағдайда сахна сыртындағы қызу тіршілікке байланысты болып жатады.

Осы орайда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры қара­­шаңырақтың 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында ақпарат өкілдеріне арнап баспасөз-тур өткізіп, театрдың 24 цехымен таныстырды.
Бізді отыз жылдан аса осы жерде қызмет етіп келе жатқан қойылым бөлімінің жетекшісі, суретші Ерік Әдісбек бастап алып жүрді. Ең әуелі декорация жұмысымен таныстық. Бұл цех қазір Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты дайындық үстінде. Театрдың ең үлкен цехы да осы. Суретші декораторлар Ботагөз Асықова, Талғат Есімбаев, Ақмарал  Орынбаева – нағыз өз ісінің шеберлері. Сахнаның бет-келбеті осы кісілердің еңбегімен дайындалады. Бұдан кейін гримдеу, әрлеу бөлімінің жұмысымен таныс болдық. Гример Назгүл Базарбаева өз өнерін көрсетті. Осылайша жас жігіттің бояу мен әрлеудің арқасында бес минут ішінде ақсақалдық кейіпке келгендігінің куәсі болдық.
Келесі бағытқа бет алғанымызда, ки­ім це­хының жетекшісі Гүлсім ­Ті­лепал­дие­­ва күтіп алды. Бұл цехта 2130 ки­ім сақтаулы екен. Репертуар ­бойынша көр­сетіліп ­жат­­қан спектакльдерде киілетін киімдер төрт  қоймада сақталған. Ол ерлер және әйелдер бөлімі болып екіге бөлінген. Осы екі бөлімнен театрдың 85 артисі киініп шығады. Бөлім жетекшісінің айтуынша, артистердің киімін осы маусымнан келесі маусымға дейін таза және бүтін күйінде сақтап отыру да маңызды. Спектакль бас­талардан екі сағат бұрын әр артистің грим бөлмесіне киіп шығатын киімі жеткізіледі. Себебі артист киімін киген сәттен-ақ кейіпкер образын сезіне бастайды.   Әр спектакльдің киімі жеке-жеке шкафтарда сақталады. Әрбір жаңа спектакль кезінде әр актерге киім арнайы тігіледі. Ескі киім өте сирек пайдаланылады екен. Ал осы киімдер тігін цехында тігіледі. Тігін цехында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойылатын спектакльге костюмдер дайындалып жатыр екен. Бүгінгі таңда батырлардың 30 сауыты дайындалып, 200 киім тігілуде.
Бізді ерекше таңғалдырған нақты бұйымдар цехы. Бұл цехтың байырғы маманы Бәкіман Ысқақов театр алғаш Ақмешіт қаласында құрылған кездегі 1926 жылы жасалған қамшыны көрсетті. Серке Қожамқұлов ұстаған екен. Жалпы бұл цехта әр заманда, әр спектакльге байланысты жасалған қамшының бірнеше түрі сақталған. Осындағы қай дүниені алып қарасаңыз да, өткеннен сыр шертеді. Елубай Өмірзақов пен Қапан Бадыровтардың домбыралары да ертеректе жасалғанымен ерекше көз тартады. 1930 жылдары «Амангелді» спектаклі үшін арнайы алынған қосауыз, шиті мылтықтар да кездеседі. Сонымен бірге әртүрлі қойылымдарға байланысты жасалған қылыш, қанжар, найза, семсер секілді сан түрлі қарулар да осында.
Шамдары самаладай болып жанатын сахнаның, сырт жағына келдік. Мұндағы монтерлер мен жарық берушілердің жұмысы жөнінде монтаждау бөлімінің меңгерушісі  Жеңіс Матқасымов  айтып берді. «Театр пайдалануға берілген 1980 жылдары мұндай ғимарат тек екі қалада: Одесса мен Алматыда ғана болған. Соңғы үлгідегі су жаңа театрдың сахнасында Әзірбайжан Мәмбетов спектакльдерін қоя бастағанда, біресе тау болып, біресе сай болып, ішіне де, сыртына да қатар айналатын трансформер сахна көрерменнің көзайымы болған. Бұл сахна – бірінші дәрежелі сахна, Қазақстанда басқа баламасы жоқ» деп ол сахнаның ерекшелігіне тоқталып өтті. Ал жарық беру бөлімінің меңгерушісі Мұхит Қасымбеков өз сөзін былай өрбітті. «Жарықты дұрыс беру арқылы спектакльдің мазмұнын жеткізуге атсалысамыз. Мұнда бір секунд те қателесуге болмайды. Әр уақыт есептелген. Соңғы жылдардағы жаңалық деп заманауи шам жарықтарын орнатқанымызды айтуға болады. Бұл бір жағынан дыбыссыз, яғни ешқандай кедергісіз жарық беруге көмектеседі».
Келесі аялдағанымыз мұражай болды. Мұражай бөлімінің жетекшісі Наргиз Асанжанова өмірден озған сахна саңлақтарының, белгілі артистердің киген киімдері мен пайдаланған бұйымдарын көрсетті. Шәкен Аймановтың «Асауға тұсауда», Сәбира Майқанованың «Шоқан Уәлихановта», Хадиша Бөкееваның «Абайда», Фарида Шәріпованың «Қобыландыда»,  Шолпан Жандарбекованың «Айман-Шолпанда» киген сахналық киімдерінің бүгінгі күнге дейін сақталуы таңдандырды. Театрда жұмыс істеп кеткен, бүгінгі күні еңбек етіп жатқан актерлердің өмір дерегі, сахнадағы, өмірдегі фотосуреттері, олар туралы баспасөз материалдары мен құжаттар осында сақталып, ұрпаққа мұра болып қалуда.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.