Асыл ердің белгісі – аз сөйлеп, көп тыңдар…

Қазақ – бірауыз сөзге батпандай салмақ салып, дауды шешкен халық. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» (Абай) деп үйрететін жұрт. Ұлтымыздың «Өнер алды – қызыл тіл» деп өнер атаулының алдына көркем тілді қоюы тегінболмаса керек. Себебі қазақтың пайымынша, «Тіл – көңілдің айнасы», «Қызыл тіл – жанның мияты, Абырой – ердің қуаты», «Көңіл көзін сөз ашар, сөйлемесе кір басар», «Тіл – ақылдың өлшемі».

Өзара сөйлесу, тілдесуді қарапайым қазақ қатысу деп атайды. «Қатысым» сөзі сөздік қордағы «қатыс», «қатысу» сөзінен алынған. «Бір-бірімізбен араласпай қалдық, байланыспай қалдық» деген ұғымды білдіргісі келсе, «көптен қатыспай қалдық» дейді. Демек, «қатыс» – қазақтың байырғы сөзі, «байланыс, қатынас» дегеннің баламасы, ал -ым оған жалғанған сөзжасамдық жұрнақ. Демек, қатысым қағидалары дегеніміз – адамдардың тіл арқылы бір-бірімен түсінісу, пікірлесу, ой алмасуына қойылатын жалпы талаптар, заңдылықтар дегенді білдіреді. Ал сол заңдылықтар мен қағидаларды қазақтың мақал-мәтелдерінде көптеп кездестіреміз.
Жалпы сөз құдіреті мен қасиеті туралы түйінді ойларға мақал-мәтелдерде көбірек орын берілген. Солардың бірнешеуін келтіре кетейік: «Сіз-біз деген жылы сөз — тіршіліктің ғанибеті», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тіл қылыштан өткір», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді», «Жақсы сөз – жарым ырыс».
Тілді қолданушының, яғни сөйлеушінің пайым-парасаты, білімі, таным-түсінігі оның сөз саптауынан байқалады. Оны қазақтың мақал-мәтелдері өзі-ақ айтып тұр: «Адам тілінен жазалы, мал мүйізінен жазалы», «Шешен сөз бастар, батыр қол бастар, көсем ел бастар», «Артық тұз асқа залал, артық сөз басқа залал», «Ине көзінен сынады, шешен сөзінен сынады», «Жүзден біреу – шешен, мыңнан біреу – көсем», «Аузы жаман ел былғайды, аяғы жаман төр былғайды», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Асыл ердің белгісі – аз сөйлеп көп тыңдар», «Өзі шынашақтай, сөзі келсаптай», «Ойы түзу адамның, сөзі қисық болмайды»… Сөз қадірін, тіл қасиетін ұғындырар бұл мақалдар сөз саптаушыға қойылар талаптармен қатар оған сөз сапасын, яки сөз тазалығы, дәлдігі, дұрыстығы, байлығы, сапасы, бедері туралы түсінік бере отырып, сөз сөйлеудің қағидаларын үйретеді.
Ел есінде жатталған «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» аз сөзге көп мағына сыйдыруды, сөз бояуы қанық болып, тыңдаушының есінде сақталуын міндеттейді.
Тіл мәдениетін арнайы зерттеген профессор М.Балақаев былай деп атап көрсетеді: «Айтқан сөзің қысқа әрі тұжырымды болсын. Аз сөзбен айтуға болатын ойды керексіз көп сөздермен езгілеп, өзгенің уақытын алып отыратын, тыңдаушысын әбден ығыр қылатын адамды қазақ «көкмылжың» дейді. Мылжың, көкмылжыңдардың сөзін өзгелер ешуақытта зейін қойып тыңдамайды. Ондай жаман атқа ілінбеу үшін, шешендік кәсібіңе кір келтірмеу үшін, артық сөздерді айтып лағып кетпе. Құраған сөйлемің ықшамды, ұғынуға оңай, қолданған сөздерің жұртқа таныс әрі мазмұнды болсын. Аз сөзбен көп нәрсе айтуға тырыс». Ал осындай ғылыми тұжырымды халық нақылдары былайша түйіндейді: «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», «Көп сөздің азы жақсы, аз сөздің өзі жақсы», «Санаулы сөз салмақты», «Ақылы қысқаның – тілі ұзын», «Ұзын тілдің ойы шолақ», «Ұзын тіл жыланға барабар, ауыздан шақса мойынға оралар», «Ұзын тіл өмірді қысқартады», «Сөздің азы жақсы, Қыздың назы жақсы», «Пышақ жетесінен, сөз келтесінен», «Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық», «Сөзшеңді үндемеген жеңеді», «Көп сөйлеген көптен айырылар»…
Тіл мәдениетіне қойылатын келесі шарт – сөз барысында ой жүйелілігі мен қисынын бұзбау, белгілі бір логикалық байланыс­ты сақтау. «Жүйелі сөз белгілі бір мазмұнға, өзара тығыз байланысты желіге құрылады. Бір ойды айтып, екінші ойға көшерде берік байланыс болмай, әрдененің басын бір шалып айтқан сөзде де табан тірер тиянақ болмайды, ондайды тыңдау да қиын». Дана халқымыз осы талаптарды сөз мәйегі – мақал-мәтелдерде былайша нақылдайды: «Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар», «Аузынан сөзі түскеннің қойнынан бөзі түсер», «Сөз жүйесін тапса, Мал иесін табар», «Икемді тіл инеден өткір», «Сөздің жүйесі – ойдың иесі», «Сөз қисынын жүйесі білер», «Өз иесін тыңдамаған ит жаман, Сөз жүйесін танымаған би жаман».
Шаршы топ алдында жақсы сөйлеудің басты шарты – даярлық. Даярлықсыз сөз саптаған адам аңдамай сөйлейді. Ал «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі». Ой шашырап, сөздің әрі қашпас үшін сөйлер сөзді алдын ала ой елегінен өткізіп, дайындық жасау орынды. Қайда? қашан? кімге? қарата сөйлеріңді ой елегінен өткізіп алған ләзім. Себебі «сөйлей-сөйлей шешен боларсың». Шешендік қандағы қасиетпен келеді десек те, ойды өсіріп, тілді шыңдамай оған қол жеткізу мүмкін емес. Даярлықсыз сөйлеген сөздің көбіне кесек шығатыны туралы мына төмендегідей мақал-мәтелдер «дәл тауып айтады»: «Жаман сөз – жанға кірген тікен», «Құлақтан кірген суық сөз көңілге барып мұз болар», «Жақсы сөйлесе, аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе, аузынан жын төгіледі», «Сөзін жоғалту – өзін жоғалту», «Жақсы тауып сөйлейді, Жаман қауып сөйлейді», «Жаманның тілі – ащы, Көк мияның гүлі ащы», «Жаманның тілі өз аяғын шалар», «Жаманның тілі тигенше, қылыштың жүзі тисін», «Сөзің қисық болса, ағайынға өкпелеме, бетің қисық болса, айнаға өкпелеме», «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман», т.б.
Қорыта келгенде, сөз саптаудың негізгі ережесі, қағидасы, мәдениеті қазақтың мақал-мәтелдерінде айқын көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер даурықпа, бос сөзге жаны қас қазақ үшін сөз бен істің үйлесімділігін тү­сіндіреді, сөз мәдениетін сақтауды талап етеді. Тілдің қадіріне жеткеннің, сөз мәдениетін сақтағанның, орамды, ойлы сөз айтқанның «Туар адам, өлер өзі – ат қалар, Кеткендердің сонда сөзі жатталар» деп Ж.Баласағұни айтқандай, сөзі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала берері даусыз.

Әдебиет
Балақаев М.,Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Оқулық –Алматы, 2006. -140 б.

Қ.Мұхамади
С.Демирел атындағы университеттің доценті,
филология ғылымының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.