КЕШЕГІГЕ ТАЛДАУ, ЕРТЕҢГЕ ҰМТЫЛЫС

Жанат САМҰРАТОВА,
Ақтөбе облыстық білім
басқармасының басшысы

Қай кезеңде де жаңа істі қолға алмас бұрын кешегіге шолу жасаған артық етпейді. Осы ретпен қарағанда 2014 – 2015 оқу жылын Ақтөбе облысындағы білім беру ұжымдары біршама табыстармен қорытындылады. Мектепке дейінгі 570 мекемеде 43800 жуық бала тәрбиеленді. Соңғы үш жылда мектептерде мемлекеттік тілде білім алатын шәкірттер саны бес мыңға артып, барлық мектептердің 64,5 пайызы бірыңғай қазақ тілінде оқытуы – егемен еліміздің керегесі нығая түскеніне дәлел. 

Облыстың білім жүйесін қаржыландыруға бюджеттен бөлінген қаржы 2013 жылмен салыстырғанда 2,9 миллиард теңгеге көбейді. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 350 маман ауылдық жердегі білім мекемелерінде жұмысқа кірісті. Өзінің кәсіби іс-әрекетін эксперименталдық тәртіпте жүзеге асыратын ұстаздар қызметі жандануы нәтижесінде оқу-тәрбие саласында ілгерілеу байқалып отыр.
Бірыңғай ұлттық тестілеу сынағына дайындық пен өткізу шаралары жан-жақты ұйымдастырылды. Алғаш рет Алға, Қарғалы және Мәртөк аудандарында Бірыңғай ұлттық тестілеу пунктері ашылды. Орта білім алған түлектердің 71,86 пайызы мемлекеттік маңызы зор осы сынға өз ынтасымен қатысқанын айтқан жөн. Мектеп-интернаттар арасында қазақ-түрік лицейі, ауылдық мектептерден Бөгетсай және Шұбарқұдық гимназиялары, қала мектептерінен Хромтау қаласындағы №5 және №2 гимназиялар жоғары көрсеткіштерге ие болды. Хромтау, Алға, Ойыл, Мұғалжар, Шалқар аудандары топ бастады. «Алтын белгіге» үміткерлер арасында 156 түлек өз білімдерін дәлелдеп шықты.
Республикалық бюджет есебінен инвес­тициялық жоба бойынша екі мектеп ғимараты Ақтөбе қаласының іргесіндегі Жаңақоныс ауылында, Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында салыну үстінде, екеуі де таяу уақытта пайдалануға беріледі. Бұдан өзге үш мектеп және мектепке дейінгі үш мекеме ғимараттары жергілікті бюджет есебінен салынып жатыр, олар да жақын арада шәкірттерге есігін ашады.
Қуантатын жағдай – облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 42 колледж­де оқушылардың осы замандық қажеттіліктер шеңберінде мамандық меңгеруге талпынысы артып келеді. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 4184 адам оқуға қабылданбақ. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқу әдебиеттерін алуға және жеткізуге 184,9 миллион теңге бөлінді, бұған қоса 22,9 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Тағы бір жаңалық – Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар ауданына 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Негізінен «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап» және «Арман-ПВ» баспаларында шығарылған кітаптар жеткізілді. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – республика бойынша 12 жылдық оқу жүйесі енгізілетін отыз мектептің қатарында Ақтөбе қаласындағы 2 білім беру мекемесі – Жаңақоныс орта мектебі мен №9 мектеп-гимназия эксперименттік түрде жұмысын бастайды.
Облыстағы білім беру мекемелерін жоғары және орта білімді, білікті мамандармен қамту мәселесі шешілуде. Осы және басқа жайлар ертең Ақтөбе қаласында өткізілетін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде жан-жақты сарапқа салынады, жаңа оқу жылын ұйымшылдықпен өткізу сөз болады. Сонымен бірге «Орта білім беретін үздік ұйым» атты республикалық байқау жеңімпазы атанған бір мекемеге, осы аттас облыстық байқау жеңімпазы болып танылған үш мекемеге арнаулы білім гранттары тапсырылады. Оқу жылының қорытындысы және Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижесі бойынша үздік көрсеткіштерге жеткен мектептер мен колледждердің директорлары, таңдаулы ұстаздар облыс әкімінің Дипломдарымен, Алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.