Бөкей хан

Қазақ тарихында Бөкей атанған тарихи тұлғаларды шатастырып алатындар бар. Алғашқы Бөкей хан ол, Ә.Бөкейхановтың  төртінші атасы, кезінде Ташкентті билеп, Есім ханның қолынан қаза тапқан Тұрсын ханның немересі, Барақ ханның баласы болып келеді. Бұл өзі жеке баяндалатын тарих. Ал келесі, біз әңгімелейін деп отырған Бөкей (суретті салған автор – Т.О.), 1812-1815 жылдары Бөкей Ордасының ханы атанған тұлға. Ол әйгілі Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның ұлы болып табылады. Бөкейдің тарих сахнасына шығуы Кіші жүзде жайылымдық жерлердің тарыла түсуінен, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайының әлсіреуі салдарынан елде қалыптасқан ауыр ахуалмен тығыз байланысты. 

Қарауындағы өзіне сенген халықтың қамын ойлаған ол, патша шенеуніктерімен жақсы қарым-қатынастарын және Кіші жүздегі Айшуақ ханға ақыл айтатын Хан кеңесінің төрағасы екендігін пайдаланып, олармен кездесуде осы мәселені көтерумен болды. Осындайда онымен әрқашан достық қатынаста болып келген Астрахан казак әскерлерінің командирі, полковник П.С.Попов оған Жайық пен Еділ арасындағы бұрын ноғайларға қараған, кейініректе қалмақтардың қарауына өткен, ал олардың үлкен бөлігі шығысқа қоныс аударған соң, 1771 жылдан бері шын мәнінде иесіз жатқан алқапты қазақтарға беруді патша ағзамнан өтініп сұрау туралы кеңес берді. Қисынды логикаға негізделген бұл ақылды қабыл алған Бөкей сұлтан Кавказ линиясының командирі, өзімен тығыз байланыс ұстап келген генерал-лейтенант К.Ф.Кноррингке хат жолдап, одан өзінің жаңа жайылымдық жер сұраған өтінішін императорға жеткізуді өтінді. Ол сұлтанның өтінішін жеделдете Ресей астанасына жеткізді. Жауап көп кешікпеді. Арада бір ай өткен соң, яғни 1801 жылдың 11 наурызында император І Павел К.Ф.Кноррингке Бөкей сұлтанды қол астындағы қазақтарымен Ресей қол астына қабылдау және олардың көшіп-қонуларына арнап Жайық пен Еділ арасындағы Нарынқұм төңірегіндегі аймақтан жер бөліп беру туралы тапсырма берді.
Иә, көріп отырғанымыздай, орыстар қазақтардың Нарынқұмға көшіп барулары оларды орыстандыруға жол ашады деп те ойлады. Алайда бұл ой қисынсыз болып шықты. Жайық асып, ішке көшіп келген қазақтарды Бөкей орыстардың билігіне бере қойған жоқ. Оларды ол, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі хандық билік жүйесімен өзі басқарды. Ол Каспий жағасында Дамбай деген жерде хан ордасын орнықтырды. Мұнда исламдық ұстанымдар үстемдік алды. Үлкен мешіт салынды. Орыстар мешітті бұрынғы Ақмешіт деп аталған мешіттің іргетасына қайта тұрғызуды ұсынды. Мұның өзі отаршылдардың ойынша «жабайы қырғыз­дарды тыныштандырып, орыстармен жақын­даса түсуге» көмектесуі тиіс еді. Сондай-ақ аймақтағы сауда-саттықты жандандыру, қазақтардың малдарын астыққа айырбастап алуларына мүмкіндік беру үшін Ахтүбе өзеніне жақын маңнан жаңа базар ашылды. Алайда патшалық биліктің Кіші жүздегі хандық басқару мәселесіне жергілікті халықтың пікірін ескермей араласуы Кіші жүз аймағында, соның ішінде Бөкей Ордасында саяси ахуалды ауырлатып жіберді. Кіші жүз ханы қартайған Айшуақтың тақтан өз еркімен бас тартып, өзінің орнына ұлы Жантөрені хан сайлауды орыс билігінен өтінуі және нәтижесінде орыстардың қолдауымен Орынбор маңында 1805 жылы қыркүйекте Жантөренің хан болып сайлануы, оған көптеген Кіші жүз сұлтандары мен рубасыларының қатыспай қалулары ел арасында наразылық туғызды. Қазақтың игі жақсылары қалыптасқан дәстүр бойынша хан тағына Айшуақтың ұлдары емес, Нұралы ханның ұлдары отыруы керек деп есептеді. Бұл жағдайды хан тағынан дәмелі Қаратай Нұралыұлы, яғни Бөкейдің туған бауыры пайдаланып қалуға күш салды. Оның Жантөреге қарсы әрекетін бірқатар Кіші жүз рулары қолдады.
Осы тұста хан кеңесінің төрағасы болған Қаратайдың бауыры Орман сұлтан да Жантөреге жаулық бағыт ұстанды. Сұлтандар деңгейінде орын алып отырған бұл жанжал орыс билігіне ұнамады. Өйткені Қаратай мен Орман сұлтан бастағандардың іс-әрекеттері шын мәнінде орыстардың саясатына қарсы бағытталған еді. Өздерінің дегені болуы үшін орыстар енді Бөкей сұлтанның сұлтандар арасындағы беделін пайдаланып қалуды көздеді. Бөкей Кіші жүз сұлтандары арасында жасы жағынан ең үлкені және жікшілдік жанжалдарға араласпаған абыройлысы да еді. Осындай мақсатпен Орынбордың әскери губернаторы Г.С.Волконский 1807 жылы 17-шілдеде Бөкейге арнайы хат жазып, одан Қаратай мен Орман сұлтандарды Шерғазы ханмен татуластыруды өтінді. Алайда осы хатта орыстардың Бөкейдің бауыры Қаратайға деген жаулық ұстанымы ашық айтылғандықтан, Бөкей бұл істе белсенділік көрсете қойған жоқ. Ақырында орыс билігінің Қаратай мен Жантөрені татуластырмақ болған әрекеті нәтижесіз аяқталып, 1809 жылы қарашада Қаратай бастаған сұлтандар мен батырлар Жантөре ханды өлтіріп тынды. Осы қанды оқиғадан соң Кіші жүздегі қазақ қоғамын билеушілер негізінен екіге бөлінді. Бөкей әрине, Айшуақтың балаларының емес, өзінің бауыр­ларының, яғни Қаратайды жақтаушы­лардың жағында болды. Мұндай күрделі ахуалда орыс билігі жағдайды тұрақтандыруға шын мәнінде дәрмәнсіз еді. Негізінде орыс билігі қазақ жерінде хандық басқаруды жойып жіберуге мүдделі болды.
Алайда бұл қазақтардың тегеурінді қарсылығын туғызатын еді. Сондықтанда Петербор сарайындағылар бұл мәселені біршама ұзақ талқылады. Нәтижесінде Ресейдің ішкі істер министрлігі 1810 жылдың 25-сәуірінде Кіші жүзде жаңа хан сайлау туралы шешім қабылдап, бұл туралы қазақ даласын кеңінен хабардар етуді астанаға барған Орынбор әскери губернаторына тапсырды. Алайда мәселені талқылау барысында Кіші жүзде екіге бөліну айқын байқалды. Тамыз айында Ембіден ары қарайғы Сыр бойы қазақтары бұрын өлтірілген хан Жантөренің туған бауыры Шерғазы Айшуақұлының бастауымен Орынборға қарай жылжып, одан жүз шақырымдай қашықтықтағы Елек өзені маңына келіп тоқтады. Ал Нұралы ханның балаларын жақтайтын екінші топ атақты Бөкей Нұралыұлының бастауымен Астрахан даласынан бері жылжып, жолшыбай қазақ даласындағы өздерінің туыстары Қаратай Нұралыұлын және т.б. қосып алып, Орынбор төңірегіне келді. Алғашқылардың ханды өлтірген кейінгілерге деген жаулық көзқарастары айқын байқалып тұрды. Ал енді Орынбор төңірегіне хан сайлау үшін көшіп келген қазақтардың жалпы сандары он мың адамға жетті. Орынбордың әскери губернаторы Г.С.Волконский көшіп келгендер басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізіп, оларды өзара татуласып, орталарынан бір ғана хан сайлауға көндіруге күш салды. Алайда Шерғазы сұлтанның тобы мұндай үгітке көнбей, Бөкей сұлтан бастаған қазақтардың шын мәнінде Жантөре ханды өлтірген, қолын қанға малған Қаратаймен сыбайлас екендіктерін алға тартты. Жағдайдың ауырлығын байқаған Орынбор әскери губернаторы жауласушы екі жақтың әрқайсысының өздеріне хан сайлап аламыз деген шешімдеріне көнуге мәжбүр болды. Алайда губернатор хан сайлаушы екі жаққа мынаны ескертті: сайланатын хандарды бұрынғыша ақ киізге отырғызып көтермелеуге әзірше болмайды. Мұны Петербордағы патша ағзамның нақты шешімі бекіп келген соң ғана жасауға болады.
Сонымен хан сайлау 1811 жылдың 25-қыр­күйегіне белгіленді. Осы күні қазақтардың белгіленген жерде хан сайлау рәсімін бақылау үшін генерал-майор Гердценберг бастаған орыстар келді. Алайда жауласқан қазақтардың екі жағы орыстардың үгітін көзге ілместен, ашу жетегімен біріне бірі тап берді. Араға киліккен орыстар кек алудан туындаған қазақтар арасында қан төгістің орын алуын әзер дегенде тоқтатты. Ойлағандары орындалмаған, қанды кекті қайтара алмаған Шерғазы Айшуақұлын жақтайтын қазақтар орыстардан қол үзіп, далаға кетіп, Шерғазыны өз беттерінше ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Ал орыстармен бірге қалған қазақтардың екінші тобы қарсылығына қарамастан Бөкей сұлтанды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге әрекеттенді. Де­генмен, ел тыныштығын ойлаған Бөкей айт­қан­ға көнбеген еді. Алайда белсенді сұлтандар бұған мән бермей, келесі күні оны бәрібір хан сайлады. Ал енді мұны орыстар қалай қабылдады дегенге келер болсақ, өз дегендері болмаса да олар, Кіші жүзде екі ханның пайда болуынан да өздеріне пайда іздестірді. Мұның өзі шынында да қазақтарды жікке бөліп, олардың орыстарға қарсы ұйымдасуларына мүмкіндік қалдырмады. Сондықтанда патша далада сайланған хандарды бекітті.
Бөкейдің қалыптасқан жағдайда отаршыл саясатты қазақтардың жағдайын жақсартуға пайдалануға тырысқан әрекеті айтарлықтай жемісті болды. Алғаш ол, Жайықтың арғы бетіне көшкенде, оған бағынатын қазақтар отбасы бес мың ғана болған болса, ал 1825 жылы олар 10490 үйге жетті. Ол қазақтарға көрші, тілі де, діні де бөлек Жайық казактарымен, ата жау Еділ қалмақтарымен, татарлармен, отаршыл орыс жер иеленушілерімен қарым-қатынастарда қол астындағы қазақтардың мүддесін қорғайтын ақылды да, бейбіт саясат ұстанды. Көршілермен сауда-саттықты өркендету қазақтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға игі әсерін тигізді. Сондықтанда көптеген сұлтандар, рубасылары Бөкейге сеніп, оған адал қызмет жасады. Олардың арасында әйгілі Исатай Тайманұлы да бар еді. Алайда Жаратушы белгілеген күн де келді. Шемен ауруы әбден меңдеген, өзінің әділетті саясаты арқасында халықтың да отаршылдардың да көңілінен шыққан Бөкей хан да төңірегін қайғыға бөктіріп, бұл дүниеден өтті. Бұл қасірет 1815 жылы мамыр айында орын алған еді.

Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы

кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҰҒА Құрметті академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.