ҮРЕЙЛІ ТҮН

Мақсат РСАЛИН,
ҚР Мәдениет қайраткері

Ел соғыстан енді-енді есін жия бастаған кез. Құрттай құжынап, қойдай өріп, күні-түні ерсілі-қарсылы ызғып жүрген қазіргідей машина атаулы жоқ. Бұйрат-бұйрат шағыл құмдардың ортасындағы шағын ауылдағы жалғыз техника – «полуторка» деп аталатын жүк машинасы. Үсті-басы қара майға былғанып, машина астында топыраққа аунап жатса да, Есқайыр ауылдағы сүт бетінің қаймағындай игі жақсылар қатарында. Өйткені қалаға арнайы барып, көлік жүргізуді, жөндеуді оқып-үйреніп келген, яғни темір сәйгүліктің сырын білетін жалғыз адам тек сол.
Үлкен-кішінің аузында жүрген, бүкіл ауыл бетіне қарап отырған, аяқ басқан сайын ауыл-үйдің бар итін өре түрегелтіп, шабалана үргізетін, ізінен қою шаң мен сасық түтін бұрқыраған жансыз тұлпар күні-түні тек Оспан «басқарманың» тақымында (Ол кезде ұжымдық шаруашылықтың басқарма төрағасын былайғы жұрт құрметпен «басқарма» деп атайтын). Аядай ауылды бір шыбықпен өргізіп-тұрғызатын жарықтық Осекең айында-жылында жоғары жаққа шаруашылықтың жай-күйі жайлы есеп беруге барады. Алдымен, Есқайырдың машинасымен ауылдан жүз шақырым жердегі теміржол станциясына жетіп, сосын аудан орталығына баратын пойызға отырады. Бұл жолы да таң құлқын сәріден машинамен жолға шыққан Оспан «басқарма» түс ауа әдеттегідей станция басындағы жақын туысының үйіне тоқтады. Дастарқан басындағылар ащы қуырдаққа тойып, шайға қанып, Осекеңнің аман-сау оралуына, қанжығасын қандап қайтуына тілектестік лебіздерін білдіріп, «жол аяқ» деп құйған жынды судан жұтыңқырап отырған. Ішінде шопыр Есқайыр да бар.
«Беу, шіркін-ай, ол кездегі көлік жүргізушілер бақытты ғой! Қазіргідей ала таяғын шошайтып, жол жиегін торуылдап жүретін «туысқандары» жоқ, ешкімнен қорықпайды!» деп ойларсыз ішіңізден. Қорықпайдыңыз не, ойбай, жұмыр басты пенде емес пе, қорыққанда қандай?! Сәл шыдаңыз, бәрін басынан бастасам, өзіңіз де түсінерсіз.
…Ауыл мен станция арасындағы қара жол қалың бейітті қақ жарып өтеді. Қанша дегенмен, моланың аты мола. Жастайынан аруақ, жын-шайтан жайлы қорқынышты әңгімелер құлағына сіңген жалғыз адамға түн ішінде өлілер тыныштығын бұзудан өткен үрейлі не бар!?. Алайда басекең жанындағы жас жігітке жаны ашып: «Қарағым, станциядан ауылға күн көзі жарықта қайт, қараңғыға қалу қауіпті. Шығарып саламын деп несіне әуре боласың. Пойызға өзім-ақ міне беремін ғой, қолымда ауыр жүгім де жоқ» деп өлсе де айтпас. Сосын қауіп-қатерге толы әнебір тұстан ештеңе ойламай, зу етіп өте шығу үшін, яғни батылдық шақыра ма деп, Есекең сол шіркінге зауқы соқпаса да, ащы арақтан басып-басып алмағанда қайтеді…
Ақаңды суша сімірсе де сыр бермейтін бастығын қас қарая шығарып салған ол, жалғыз өзі, жанын шүберекке түйіп ауылға тартып кетті. Қара жолдың шаңын бұрқыратып зымырап келеді. Екі көзі жолда. Жыландай иретілген бәлекет түнде тіпті ұзарып кете ме, қайдам, күндіз әп-сәтте жетіп келетін ауыл түгілі, жол ортасындағы қалың қорым да оңайлықпен көзге шалынар емес. Қарауыта мүлгіген молаларға таянған сайын көңілге еріксіз үрей кіретін әдеті… Кебінін сүйреткен арса-арса қу сүйектер көрден шығып, анталай қол созып, бұның шалғайына жабысатындай. Онсызда өкпесі сырқылдап баяу жүріп келе жатқан жүк машинасына жын-жыпыр таласа өрмелеп, ағаш қорабына топырлай мініп жатқан сияқты ма, қалай. Тіпті ашық терезеден ішке еніп, жанына отырудан тайынбас.
Бағана күндіз келе жатқанда қапырық ыстыққа шыдай алмай, самал соқсын деп терезе әйнектерін ашып қойған. Жапқалы бұрыла бергені сол еді, екі көзі тас төбесіне шықты. Дәл жанында ақ киімді әйел отыр. Дереу мастығы тарқап кетті. «Қорыққанға қос көрінеді», бәлкім көзіме елестеген болар деп, Есқайыр өзін бір сәт сабырға шақырды. Көзін тез-тез уқалап жіберіп қайта қарап еді. Жоқ, елестемепті. Кәдімгі әйелден аумайды. Қаннен-қаперсіз, түк білмегендей тымпиып қана отыр. Қазір тарпа бас салып, күре тамырына күрек тісін батырып, ыстық қанын сорпылдата сорудың орайлы сәтін күтіп отырмасына кім кепіл?!.
Оңайлықпен жан берсін бе, дереу машинаны тоқтатты да, кабинаның есігін серпіп ашып жіберіп, Есқайыр сыртқа секірді. Көзге түртсе көргісіз қара түн. Алды-артына қарамай, басы ауған жаққа безе жөнелді. Есілген құм аяққа оратылып, алға басқан қадамы артқа кетіп, ащы тері көзіне құйылып, жүрісі мандыр емес. Екі шекесі солқ-солқ. Дүрс-дүрс ұрған жүректің соғысы мен алқына дем алған ырс-ырс дыбыс қана сүттей ұйыған тылсым тыныштықты бұзғандай еді.
Кенет шырқырай жалынған нәп-нәзік қыз үні құлағына шалынды: «Аға-а! Тоқта-а-ңыз-шы-ы, аға-та-ай! Мені-і жалғ-ы-ыз қайда-а тас-та-а-п бара-а-сы-ы-з?». Іштей егесіп алған бұл да: «О, сайқал, албасты! Тап бір екі туып бір қалғанымдай, ағалауын көрдің бе, мүләйімсіп? Жылы-жылы сөйлеп, алдап-арбап, қанды тырнағына ілмек қой! Сиқырына оңай түсетін ақымақты тапқан екен!» дейді екі құлағын қолымен баса, жандәрмен ышқына алға ұмтылып. Не дегенмен, албастының аты, албасты емес пе… Әп-сәтте өкшелей қуып жетіп, ұстауға таянды. Сірә, ол шіркіннің адамнан айласы да, күш-қуаты да басым-ау!
Үрейден бойы қалшылдап кетті: «Астапыралла, пісміллә» деп, үлкендерден естіген бірдеңелерді жанталаса күбірлемек еді, тілі икемге келсеші. «Қайыршыға жел қарсы» демекші, қалбалақтай қашып келе жатып, ағаштың түбіріне шалынды да, мұрттай ұшты. Шыбын жаны шырқырап, мұрнының ұшына бір-ақ тірелді. «Біттім, біттім! Қазір анау жезтырнақ улы шеңгелін салады. Әп-сәтте бұтымды-бұт, қолымды-қол етіп, пырым-пырымымды шығарады да, ып-ыстық қызыл қанымды сорғалата, анау апандай көмейіне атып ұрады. Артымда балам түгілі, жұрттыкіндей молам да қалмастан, о дүниеге өтем де кетем! Бітті, бәрі де бітті!» деп ойлап үлгерді. Одан соңғысы есте жоқ.
Көзін ашса, таң арайланып атып келеді екен. Үріп ауызға салғандай бір жас қыз бетіне төне қарап, әлсін-әлсін кеудесіне құлағын тақап, біресе, жұп-жұмсақ салалы саусақтарымен бұның көптен қайшы-тарақ тимеген, киіздей тұтасқан сабалақ-сабалақ шашын, маңдайын сипап, біресе, білегінің тамырын ұстап, жанында отыр екен. Үстінен әдемі бір хош иіс аңқиды. «Бала кезімде кемпір-шалдардан кісі қолынан шейіт болған адамның жаны жұмақта болады дегенді құлағым шалып еді. Сірә, жын-шайтан өлтіргендердің де орны жұмақта болғаны ғой. Мынау әлгі үрдің қызы-ау, шамасы!» деп Есқайыр байғұс өзінше тұжырым жасап та үлгерді ішінен. Жын-шайтан бұның жанын азаптап, қинамай, тез өлтіре салғаны қандай дұрыс болған, «Өзекті жанға бір өлім». Ерте ме, кеш пе, адам баласының бәрі де ажалдан қашып құтыла алмайды, ақыры, түптің-түбінде, бәрібір өлетіні анық. «Өлмейтін тек шайтан ғана» демей ме….Менің ештеңем кеткен жоқ, жаным пейіштен бір-ақ шықты. Бәрінен байғұс шешеме қиын болды-ау, қартайғанда баласының артында қалуды Құдай басқа салмасын!». Жоқтау айтып, зарлап отырған анасы елестеп еді, сай-сүйегі сырқырап, төбе құйқасы шымырлап кетті.
«Түу, аға-ай, адамның зәресін алдыңыз ғой. Қараңғы түнде қалың моланың ортасына жалғыз тастап қашқаныңыз не? Басқарманы пойызға мінгізіп жіберген соң, қайтарда ауылға ала кетермін деп адам құсап келіскен өзіңіз емес пе?!» дейді қарақат көздері жасқа толып. Иә, иә, бәрі дұрыс. Фельдшерлік оқуды бітіріп, жолдамамен бұлардың ауылына келе жатқан қыз екені еміс-еміс есіне түсті. Алайда оны машинаға қашан, қай жерде отырғызғаны Есқайырдың есінде жоқ…
«Ұялған тек тұрмас» демей ме, бейтаныс қыздың алдында қояндай қорыққанын сездірмес үшін, орнынан атып тұрды да, қыпша белінен қапсыра қысып алып, шыркөбелек айналдыра: «Ой, қарындас, қорқақ-батырлығыңды байқайын деп, әдейі істеп едім. Өзің шынымен, жүрек жұтқан қыз екенсің!» деп шек-сілесі қата күлсін бір. Тылсым тыныштықты бұзған шат күлкі таң қараңғысын серпіп, күллі дүниені ұйқыдан оятып жібергендей болды.
Есқайыр өзінің өлмей аман-сау қалғанына, жарық дүниені әлі де жалпағынан басып жүре тұратынына жүрегі жарыла қуанғанын аңқау қыз қайдан білсін!.. Бір қорқып, бір қуанған жігіт те дәл сол сәтте ел қатарлы шаңырақ көтеріп, перзент сүюге мұрша берген Жаратушы Ие иен далада болашақ жарын кездестіргенін сезген жоқ. Түні бойы үрей тұтқыны болған жас қыз көзінен мөлдір моншақтар домалап, сыңғырлай күліп жіберді. Күлгенде қандай сұлу! Арайлап атып келе жатқан таң шапағымен ажары астасып кеткендей тіпті.
Әшейінде, ауылдың қара қыздарына көзінің қиығын да салмастан, қалың шаңға көме, тұстарынан машинасымен салдыр-гүлдір өте шығатын Есқайыр пейіштің қызын көргендей көзін ала алсашы! Кім көрінгеннің қолы жетпейтін тылсым сырлы темір көліктің тілін тапқан жігітке қыз жүрегіне жол табар сөз айту да қиын болып па:
– Жарайсың, бұл сыннан жақсы өттің! Төрінен көрі жуық қарт анам қуанатын болды-ау! Оған он шақты батыр немере керек… Өзің сияқты жүректі қыз кездеспей жүр еді келін қылуға. Айтпақшы, атың кім еді сенің? – деп қойып қалды. Құлағына дейін қызарып кеткен қыз:
– Адам сөйтіп те сынай ма екен, – деді көзін ұяла төмен салып…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.